Жандарбек БҰЛҒАҚОВ: БАБАЛАРЫМЫЗ АҢСАҒАН АЗАТТЫҚТЫ БIЗ ЖЫРЛАУҒА ТИIСПIЗ

Жандарбек БҰЛҒАҚОВ: БАБАЛАРЫМЫЗ АҢСАҒАН АЗАТТЫҚТЫ БIЗ ЖЫРЛАУҒА ТИIСПIЗ

Жандарбек БҰЛҒАҚОВ:  БАБАЛАРЫМЫЗ АҢСАҒАН АЗАТТЫҚТЫ БIЗ ЖЫРЛАУҒА ТИIСПIЗ
ашық дереккөзі
429

Жандарбек Бұлғақовты айтыс өнерiнде жүрген жүйрiктердiң iшiндегi ең кенжесi деуiмiзге де болады. Жандарбектiң талай айтыстың дүлдүлдерiн баптап шығарған осынау киелi өнерде жүргенiне көп те болған жоқ. Тәуелсiздiкпен бiрге дүние есiгiн ашқан жас айтыскердiң ойы да еркiн, сөзi де азат. Жас ақын қазiр Астанадағы Е.Гумилев атындағы университетте оқып жүр. Тәуелсiздiктiң 20-жылдығына орай, тәуелсiздiктiң құрдасымен аз-кем тiлдесудiң сәтi түстi.

– Жандарбек, айтыстың саған әкеден қонған өнер екенiне дауым жоқ. Бiрақ өнердiң де қанға сiңбесе, дамымайтыны белгiлi… Айтыссыз өмiрiңдi елестете алар ма едiң?

– Ақындық – Алланың маған берген нығметi ғой. Менiң несiбiмдi осы өнерден берген екен. Айтыссыз өзiмдi елестетiп көрмеппiн де. Сондықтан өмiрiм өнермен, оның iшiнде айтыспен тығыз байланысты. Екi жыл бойы айтыс жабылып қалғанда, айтыстың өмiрiмдегi мәнiн түсiндiм. Ол тек материалдық жағдайдан ғана емес, сахнаны, шын айтысты аңсаудан туған ойым.

– "Тiл кеспек жоқ" деген айтыста айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовпен, яғни әкеңмен айтысыңды жұртшылық әлi аузынан тастамай айтып жүр. Қалың көпшiлiктiң алдында өз әкеңмен айтысатыныңды бiлдiң бе?

– Әрине, бiлдiм. Әуелi Жүрсiн ағам әкеме хабарласып: "Жандарбекпен айтысасың ба? Жаңалық болсын. Екi жылдан берi сахнаға шықпадық" деп айтқан екен. Әкем бiрден ат-тонын ала қашыпты. Кейiн мен айтысуға көндiрдiм. Жаман айтыс болмаған секiлдi.

– Айтақын Бұлғақов социализмнiң өкiлi ретiнде "өткен күндi" аңсады, сен тәуелсiз елдiң ұрпағы ретiнде бүгiндi мақтадың… Тәуелсiздiкпен бiрге дүниеге келдiң. Тәуелсiз ұрпақ ретiнде сенiң әуелi танығаның не? Байқағаның ше?

– Азаттықты қалай жырласаң да татиды! Себебi талайлар арман еткен азат таңға бiз жетiп отырмыз. Бiз жырламай кiм жырлайды оны?! Бiрақ Мұхаметжан ағам айтып едi. “Уранмен бiрге шыққан у секiлдi, мың пәле азаттықпен бiрге келдi” деп. Сол айтқанындай, тәуелсiз таңда ұлттық құндылықтарымызды және оның жойылып кетпеуiн де тiлге тиек етiп отырған жөн деп бiлемiн.

– Октябрят болған жоқсың, пионерлiк алқызыл галстуктi тақпадың… Коммунистiк қоғамнан азатсың. Жалпы, ойың азат па? Еркiндiк бар ма сенiң құрдастарыңда?

– Жоқ, еркiндiк деген атымен жоқ. Қазiр менiң курстастарымда, жалпы замандастарымда екi ғана жол бар. Айтарыңды айт та, жұмыстан не оқудан шығып кет. Немесе жағымпаз болып "көргенiңдi көрмедiм" деп, ақты қара, қараны ақ деп өзендi терiс ағызып, өмiр сүр. Жалпы, қазақтың санасы да әбден құлданған ғой. Қазiр кез келген ата-ананың баласына айтатын бiр ғана сөзi бар: "Ой, нең бар. Үндемей, жүре бер. Бәлесiнен аулақ" деп үйретедi. Ол бала сондай тәрбиенi санасына мықтап сiңiрген соң, ертең билiктiң бiр жандайшабына айналады. Оның қоғамның дамуына қас және көп жағымпаздың бiрi болатынына мен жүз пайыз кепiлдiк беремiн.

– Айтыс та, айтыскер ақындар да саған жат болмаған шығар. Туғаныңнан айтысты бiлген шығарсың деп ойлаймын. Алғаш айтысқаның есiңде ме? Неше жаста едiң?

– Ең алғаш 6-сыныпта айтыстым. Оған дейiн мектепте сыныпаралық мүшәйраға қатысып жүретiнмiн.

– Бала кезде шығарған алғашқы шумақтарыңды бiлесiң бе?

– Алғашқы шығарған өлеңiм есiмде қалмапты.

– Қарсыластарыңнан сөзден тосылған сәтiң болды ма?

– Айтыста сөзден тосылып тас-талқан болып ұтылмасақ та, өзiңнiң жеңгенiңдi немесе өзiңнiң жеңiлгенiңдi iштей сезу оңай ғой. Ақынның ақындығы сонда, тығырыққа тiрелгенде шыға бiлу ғой. Айтыс сонысымен қызық, сонысымен құнды.

– Айтақын ағаны қарсыластарының көбi "бақсыға" теңеп жатады. Сенiң сахнадағы отырысыңа қарасақ, әкеңе мүлдем ұқсамайсың. Бұл табиғатпен келетiн мiнез бе?

– "Бақсы" дегенде, кезiнде әкем "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" киносында бақсы рөлiн сомдаған. Содан берi "бақсы" деп айтыста әзiлдеп ақындар айта бередi. Айтыста әкемнiң ол мiнезi маған қонбапты. Тiптi айтыстардағы стилiмiз де ұқсамайды. Алғаш айтысқа шыққанымда әкем бағыт-бағдар бердi, бiрақ мен уақыт өте келе өз сипатымды қалыптастырып алдым.

– Айтыстағы қадамың жаңа басталса да, жұртшылық сенi бiле бастады, тани бастады. Айтыс сенi танымал ете бастады деп ойламайсың ба? Жалпы, танымалдылық деген не?

– Иә, бәрiмiздi қазаққа танымал еткен айтыс. Оны мойындаймыз. Айтысты үзбей көретiн адамдар аттан түсiп, сәлем берiп жатады. Ал қаладағы шала қазаққа құнымыз көк тиын ғой. Танымалдылықты тек орынды пайдалана бiлсек игi едi. Өйткенi жұрттың бәрi қарайтын болғасын, өнерге жаңа қанат қаққан жас таланттарға үлгi болған соң, оларға оң тәрбие берген абзал. Мысалы менiң әкемнiң заманында ақындар ащы судан ауыздары босамайтын, тiптi сахнаға солай шығып кететiн. Мен оны өзiм көзбен көрдiм. Сонда ақындық деген осы екен, елдiң еркесi болып жүредi екен, қыз-қырқын, iшiмдiк, өмiрдiң бар қызығы осында екен деп ойлайтынмын. Ал өзiм айтысқа шыққан сәтте Алла содан сақтады деп басып айта аламын. Намазхан ақындар көбейiп, сөзiмiз түзелiп қалды. Бақталастық атымен жойылып кетпесе де, бәсеңдедi. Егер танымал адам түзу жүрiп тұрса, оның соңынан ерген бiраз адамның түзу жүрiп тұруына себепкер болатынына көзiм жеттi. Ол ақын болсын, әкiм болсын, әншi болсын, ел қарайтындай адам болса, тура жолдан адаспауға мiндеттi. Себебi ахиретте бәрi сұралады.

– Ақынның айтар мұңы – елдiң мұңы… "Халқымның жоқтаушысымын" деп санайсың ба өзiңдi?

– Мен оны өзiме iштей мiндеттеймiн. Қандай айтыс болса да, бiр шумақ болсын, елдiң түйткiлдi мәселесiн айтуды жөн көремiн. Халық өзiнiң мұңын билiкке жетiзе алмайды. Содан кейiн бе, әйтеуiр жоғымызды жоқтайтын ақындар бар екен ғой деп сабыр етiп қояды. Оның өзi көңiлге медеу.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары