АДАЛ КӘСIП ПЕН АҚИҚАТ СЕНIМ
АДАЛ КӘСIП ПЕН АҚИҚАТ СЕНIМ
Еңбек – адамзат қоғамын алға жылжытушы негiзгi фактор. Дәстүрлi дiндердiң еңбекке қатысты қағидалары осы ақиқатты қолдап-қуаттамаса, терiске шығармайды. Кезiнде кеңестiк билiктiң "Адамды адам еткен – еңбек" деген қағиданы эволюция iлiмi тұрғысынан сәттi пайдаланғаны баршаға мәлiм. Ал осы қағиданың рухани маңызы қандай қоғамда болса да кемiп көрген емес.
Барлық дiндердiң негiзiн құлшылық пен сенiм мәселесi құрайды. Бiрақ бұл мәселе еңбектiң маңызын төмендетпейдi. Өйткенi құлшылықтың өзi тiршiлiкке, тiрiлерге тән нәрсе. Ал тiршiлiк еңбек пен кәсiп арқылы ғана мүмкiн болады. Ислам дiнiнiң еңбекке қатысты негiзгi ұстанымы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.): "Мәңгi өмiр сүретiндей бұл дүниенiң, ертең өлiп кететiндей ақыреттiң қамын ойла" деген хадисiнде жақсы түйiнделген. Яғни ислам екi дүниенiң қамын бiрдей ойлауды насихат етедi, дүние iстерi мен дiн iстерi бiр-бiрiне кедергi жасамайтынын анықтап көрсетедi. "Түстiк өмiрiң болса, кештiк мал жина" деген қазақ мақалының мәнi де осыған саяды.
Ислам дiнiнде адал еңбек ету, маңдай терiмен мал табу мәселесi басты орында тұрады. Адал еңбекпен табылмаған ас адамның жан дүниесiн, болмысын ластайды, оның адамдық деңгейiн төмендетедi деп саналады. Исламдағы адал, арам және шүбәлi (күмәндi) деп саналатын нәрселердiң сапасын анықтаудағы басты өлшемдердiң бiрi – еңбек. Маңдай терiмен табылмаған ас – арам, оны iшiп-жеу – күнә деп саналады. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы, алғашқы төрт әдiл халифтiң бiрi – хазiретi Омар жайлы мынадай хикая бар: Бiр күнi кешкiсiн Омар халифаның диуанына (кеңсе) жақын достарының бiрi келедi. Онымен амандасқан халифа Омар: “Сәл күте тұрыңыз”, – деп жанып тұрған шамды өшiрiп, басқасын жағады. Бұл iсiне таңғалған досына халифа: “Сiз келгенде жанып тұрған шам мемлекеттiң қазынасына сатып алынған шам едi. Оны тек мемлекет iстерiмен айналысқанда жағамын. Ал қазiр жанып тұрған шам – өз ақшама алынған шам. Жеке мәселемен шұғылданғанда, достарыммен сұхбаттасқанда соны жағамын. Мемлекет мүлкiн жеке мақсатқа пайдалануға болмайды", – деген екен.
Исламның тақуалық жолын тұтынған сопылар маңдай термен табылмаған ас iшуден сақтанып, әмiршiлер сарайына қонаққа бармаған. Тақуалығына сенiм жоқ басқа адамдардың да үйiнен ас iшпеуге тырысқан. Адал еңбекпен күнелту үшiн сопылар көбiне-көп қол өнерiмен, ұсталық, зергерлiк кәсiптермен шұғылданған. Көптеген қолөнер бiрлестiктерi, ұста дүкендерi сопылардың күшiмен құрылған. Қазақ халқында ұста дүкендерiнiң киелi саналатынының астарында да дүкен иесiне деген құрмет сезiмi жатыр. Түркi сопылығының негiзiн салған Қожа Ахмет Яссауи де ағаш ұстасы болған, ал жұбайы пәренжi тоқумен айналысқан. Сопылар өз маңдай терiмен табылған асты ғана iшiп, өздерiне сыйға, зекетке берiлген дүниенi кедей, кембағал жандарға таратып беретiн болған.
Еңбектi дұрыс бағалау, кiсi ақысын жемеу мәселесiне де исламда ерекше мән берiледi. "Кiсi ақысын жеген жанның барар орны – тозақ" делiнедi.
"Кiмде-кiм адал кәсiппен мал тауып, оны өзiнiң, Тәңiрiнiң және өзгелердiң жолында сарп етсе, соның бәрi оған сауап болып жазылады" деген Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) хадисi адамның жеке басының адалдықпен күнелтуi тек күнәдан аулақ болудың жолы ғана емес, екi дүниеде де қайтарымы, қайыры бар iс екенiн көрсетедi. Ал адал дүниесiн Тәңiрiнiң және өзгелердiң жолында сарп етудiң жеке бастың қамымен салыстырғанда әлдеқайда сауапты iс екенi белгiлi. "Адал ризық табу – әрбiр дiнге сенушiнiң парызы", "Ризық несiбенi адал жолмен табуға талпыныңдар. Ешкiм өз несiбесi таусылғанша өмiрден өтпейдi. Сондықтан тiршiлiкте оң жолда жүрiп, адалдыққа ұмтылыңдар, арамдықтан аулақ жүрiңдер" деген хадистер де ислам дiнiнiң адал еңбекке деген көзқарасын, оның рухани қасиеттермен байланысын айқын танытады.
Адал еңбекпен байлыққа қол жеткiзу де исламда айыпталмайды, керiсiнше құптарлық iс саналады. "Мирасқорларыңызды кедей-кембағал күйде қалдырып кеткенше, байлық-дәулетi жетерлiк жағдайда қалдырып кеткен жөн. Тәңiрi жолындағы әрбiр iсiң, тiптi әйелiңнiң аузындағы бiр түйiр дәм үшiн де бұйырар сауап бар" деген Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) хадисi – соның дәлелi.
Ислам дiнiнде сондай-ақ еңбектi лайықты бағалауға, еңбек етушiнiң ақысын толық қайтаруға үлкен мән берiледi. Шаруаға өз жұмысын iстетiп, ақысын толық өтемей қою – кешiрiлмейтiн күнәнiң бiрi саналады. "Кiсiнiң малын нахақ жеуге әуес адамдар қиямет күнi тозаққа барады", "Екi iстi, яғни жетiмдер мен әйелдердiң ақын жеудi сiздерге арам етемiн" делiнген хадистерде.
Басшы адам өз қарамағындағылардың еңбек ақысына ғана емес, жеке басына да қиянат жасамауға тиiстi. Хадисте айтылғандай: "Қайсы бiр елдiң басшысы өз қол астындағыларға қиянат жасаса, алдағы қиямет күнi оның барар жерi – тозақ". Басқарушы сондай-ақ қызметкерлердiң тағдыры үшiн де жауапты. "Сiздердiң әрқайсыларыңыз шопанға ұқсайсыздар және өз қол астыңыздағылар үшiн жауаптысыздар. Патша – өз бұқарасына, ер адам – үй iшiне, әйел – ерiне, үйге, қызметшi – қожайынның мал-мүлкiне, перзент – ата мұрасына жауапкер. Демек бәрiңiз де жауапты адамдар боп саналасыздар". Исламдағы адами қарым-қатынас пен жауапкершiлiк мәселесi осылай белгiленген. Мұндай қарым-қатынас шегiнде "еңбексiздiк" деген ұғымға орын жоқ. Өйткенi жауапкершiлiк ұғымы сөзсiз әрекет етуге жетелейдi.
Ислам – ақиқаттың, адалдықтың дiнi. Дiни iлiмдердi толықтырушы, аяқтаушы дiн. Сондықтан адам өмiрiне ұстын боларлық негiзгi ұстанымдар мен ұғымдардың барлығы ислами қағидалардан орын алған. Ол қағидалар әрбiр ұлттың ғасырлық тәжiрибелер негiзiнде жинақталған рухани мұрасымен үндеседi. Ата-бабаларымызды сан ғасырлар бойы тәрбиелеп келген рухани iлiмдер бүгiнгi буынның да сұранысына сай келерi, келешек ұрпақтың да қажетiн өтерi сөзсiз. Бiрақ ұмытылмау үшiн iлiмнiң жаңғыртылып және насихатталып тұрмағы ләзiм. Ол – ең алдымен сол рухани iлiмнен хабардар жандардың адамгершiлiк парызы.
Айнұр ӘБДIРӘСIЛҚЫЗЫ, ҚР Мәдениет министрлiгi Дiни iстер комитетi Мәдениеттер мен дiндердiң халықаралық орталығының Дiни орталықтарды зерттеу бөлiмiнiң бастығы