Қазақстандық оқушылар Халықаралық олимпиадада тарихи жетістікке қол жеткізді

/
Қазақстандық оқушылар Халықаралық олимпиадада тарихи жетістікке қол жеткізді

Оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадалар – IChO, IMO, IPhO, IBO, IGeO, IOL және IOI қарқынды түрде жалғасып жатыр. Соның бірі – география пәнінен өтетін IGeO–2025 халықаралық олимпиадасы бүгін Таиландта өз мәресіне жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Үш кезеңнен тұрған білім бәсекесінде Қазақстан құрамасы ел тарихындағы ең жоғары нәтижені көрсетті. Жас зияткерлеріміз екі алтын, екі күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 2-орынды иеленді.

Алтын медаль иегерлері – Қарағанды облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Талғат Байбусынов және Қостанай облысындағы НЗМ-нің 10-сынып оқушысы Андрей Енбахтов. Күміс медальдар Жетісу облысындағы НЗМ-нің 12-сынып оқушысы Болат Ақжол мен Ақтөбе облысындағы НЗМ-нің 12-сынып оқушысы Әлихан Қалмағамбетовке бұйырды.

Олимпиаданың барлық кезеңдеріне дайындықты Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырды. Құраманың жетекшілері – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті Рустам Валеев және халықаралық, республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы Абай Дүйсен.

Айта кетейік, Қазақстан IGeO халықаралық география олимпиадасына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде қазақстандық оқушылар 5 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль жеңіп алған.  
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары