ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
231

ҚОС КОРЕЯ ӘЛI ДЕ ҚЫРҒИ-ҚАБАҚ

Қос Кореяның арасы әлi күнге шиеленiсiп тұр. Бiр тоқтамға келе алмай жатқан екi елдiң басшылары ашуға мiнгенi соншалық, бiр-бiрiнен кек алуға кiрiсiп кеткен сыңайлы. Тiптi Оңтүстiк Кореяның Бiрлесу министрлiгi Солтүстiк Кореямен арадағы келiссөздерге iштей қарсы екендiгiн бiлдiрiп жатыр.

Бiрлесу министрлiгi өкiлiнiң айтуынша, Корей Халық Демократиялық Республикасы ең алдымен ядролық қарудан бас тартатынын ресми түрде жариялап, екi ел арасындағы шиеленiске себеп болып отырған мәселелердi реттеуге нақты қадамдар жасауы қажет. Солтүстiк Корея өзiнiң келiссөздерге дайын екенiн жақында ғана жариялаған болатын. Алайда Пхеньян Сеулге келiссөздерге шақыратын ресми хат жолдамаған болып шықты. Былтырғы жылы екi мемлекет арасындағы ахуал тығырыққа тiрелген едi. Оған наурыз айында Оңтүстiк Кореяның әскери кемесiнiң батып кетуi және қараша айында Оңтүстiк Кореяның Йонпхендо аралының зеңбiректерден атқылануы себеп болған. Бұл – екi елдiң арасындағы бiрлескен жобалардың тоқтап қалуына және Солтүстiк Кореяға азық-түлiк көмегiн беруге де кедергi болуда. Оңтүстiк Корея Бiрлесу министрлiгiнiң ресми өкiлi Чун Хе Сун: "Оңтүстiк Корея үкiметi Солтүстiк Кореядан келiп түскен ұсыныстарды және басқа да жағдайларды есепке ала отырып, бұл елдiң келiссөз жүргiзуге дайын екендiгiне күмәнмен қарайды. Соған қарамастан, Оңтүстiк Корея үкiметi Солтүстiк Кореяның ресми мәлiмдемесiн сараптап, барлық iс-шараларын бақылайтын болады", – деп мәлiмдедi. Мұнымен iс бiте ме, жоқ па, белгiсiз. Бiр белгiлiсi, талай жылдан берi бiр-бiрiне өшпендiлiк көзқараста келген қос Кореяның жақын арада бейбiт келiсiмге келуi – екiталай.

Айтпақшы, бiр-екi күндiкте ғана Сеулде ондаған адам АҚШ елшiлiгiнiң алдына ереуiлге шықты. Олар Оңтүстiк Корея, Жапония және АҚШ арасындағы әскери қатынастарды дамыту туралы үш жақты келiсiмнiң қабылдануына наразы. Ереуiлге шығушылардың пiкiрiнше, мұндай мәмiле Корей түбегiнiң бiрлiгiне нұқсан келтiруi мүмкiн.

ӨЗБЕКСТАН БИОМЕТРИКАЛЫҚ ТӨЛҚҰЖАТ ЖҮЙЕСIНЕ КӨШЕДI

Қазақстанда биометрикалық электронды құжат осыдан үш жыл бұрын енгiзiле бастады. Бұл тек шетелге шығатын азаматтар үшiн берiледi делiнген болатын. Тiптi сол кезде "төлқұжатта азаматтың ұлты көрсетiлмейдi, тек қана "Қазақстан Республикасы" деп жалпы атаумен жазылады" делiнген едi. Алайда қазақтiлдi БАҚ-тың дер кезiнде дабыл көтеруiнiң арқасында, төлқұжатта "қазақ" деп ұлтты анықтап жазу нақтыланған болатын.

Осы бастаманы Өзбекстан мемлекетi де қолға алмақшы. Әлемдiк сапа стандарттарына сәйкес, паспортты Өзбекстан үкiметiмен өзара келiсiм жасасқан француздық компаниялар дайындап бермекшi екен. Жобаның жалпы құны 75 миллион 100 мың еуроны құрайды. Ел азаматтарына жаңа үлгiдегi төлқұжат беру 2 кезеңнен тұрады. Кезек кестесiне сәйкес, биотөлқұжат алдымен министрлiктер мен мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерiне және шетелге шығатындар мен елден тысқары жүрген Өзбекстан азаматтарына, сондай-ақ кәмелеттiк жасқа толғандарға берiле бастайды. Өзбекстан басшысы Ислам Кәрiмовтiң жарлығына сәйкес, 2012-2016 жылдар аралығында Өзбекстанның өзге азаматтарының барлығы жаңа үлгiдегi төлқұжатты алып үлгеруi тиiс. Нақты деректер бойынша, өткен жылғы 1 қазанда Өзбекстан халқының саны 28 миллион 400 мың адамға жеткен, ал оның 60 пайызы – кәмелеттiк жастан асқан азаматтар.

ӨЗБЕКТЕР ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ ЕСКЕРТКIШТI ҚҰЛАТТЫ

Өзбек елiнде қазақтың тұңғыш генералы Сабыр Рахымовқа қойылған ескерткiш алынып тасталды. Осыдан бiраз уақыт бұрын Өзбекстан билiгi елдегi ұлттық нақышқа сай емес ескерткiштердi бұзып тастау туралы арнайы бұйрық шығарған едi. Қазiргi кезде бұл бұйрықтың бұлжытпай орындалып жатқандығына куә болып келемiз. Тiптi өзбектер биiктiгi төрт метрге жететiн қазақтың тұңғыш генералының ескерткiшiн де сүрiп тастапты. Оған дәл қазiр ләм-мим деп жатқан ешкiм жоқ. Қазақ генералы Сабыр Рахымовқа жасалған қиянатқа байланысты ешқандай ресми жауап берiлмедi. Ал қоғам қайраткерлерi батырымыздың ескерткiшiн құлату қазақтың рухын жаншумен тең деп отыр. Сабыр Рахымовтың ескерткiшi Ташкентте осыдан отыз жыл бұрын тұрғызылған екен. Тарихи жәдiгерге айналған тұғырдың осыншама уақыттан кейiн талқандалуы – мүлдем түсiнiксiз. Кеңес заманында "бiздiң ұлттан шыққан генерал" деп дәрiптеп келген өзбектер кенеттен неге шала бүлiндi? Бәлкiм бұған Сабыр Рахымовтың қазақ екендiгiнiң ашық айтыла бастауы әсер еттi ме? Не десек те, әзiрге Өзбекстан билiгi мұнысы үшiн ресми түсiнiк бермедi.

Белгiлi жазушы Дулат Исабеков өзбектердiң генерал Сабыр Рахымов туралы жақсы фильм түсiргенiн айтады. Оған тiптi көшенiң, метроның, ауданның атын да берген. "Кейiннен Рахымовтың өзбек емес, қазақ екенiн бiлгеннен кейiн бәрiн де сыпырып алды. Ең соңында ескерткiшiн алды. Мiне, өз ағамыздың iстеген iсi!" – дейдi жазушы ашынып. Ол сондай-ақ, Парламент депутаттары жоқтан өзгенi мәселе етiп көтергенше, осындай ұлттың намысына тиетiн жайттарды айтпайтынына налиды.

ИРАНДА ЖОЛАУШЫЛАР ҰШАҒЫ АПАТ БОЛДЫ

Иранның солтүстiк-батысында Iran Air авиакомпаниясының Боинг-727 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 100-ден астам адам болған. Ұшақ Иранның солтүстiк-батысындағы Орумие қаласының әуежайына апатты жағдайда қонған кезде жерге соғылып, бөлшек-бөлшекке бөлiнiп кеткен. Жергiлiктi БАҚ өкiлдерi ресми мәлiмет бойынша, 80-ге жуық адамның қаза тапқандығы туралы хабарлады. Қазiргi кезде апат техникалық ақаудың салдарынан болды деген жорамал жасалуда. Алайда алдын-ала болжам бойынша, ауа-райының қолайсыздығы да себеп болған көрiнедi. 70 сантиметрден асып жауған қар құтқару жұмыстарына кедергi келтiрген. Ұшқыштар ұшақтың кiнәраты туралы хабарлап үлгерген соң, қайта қонуға тырысқанмен, олар радарлардан жоғалып кеткен. Бұдан кейiн оның егiнжай алқабына құлағаны анықталды. Құдай сақтап, ұшақтағы 35 адам, оның iшiнде экипаж мүшелерiнiң екеуi тiрi қалды. Ал зардап шеккендер маңайдағы Орумия және Тебрiз қалаларының ауруханаларына жеткiзiлдi.

АВСТРАЛИЯ МЕН ГЕРМАНИЯ СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕГУДЕ

Австралияда соңғы 90 жылдағы ең жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 8 адамға жетiп, 72 адам iз-түссiз жоғалды. Жүздеген адам қауiпсiз жерлерге көшiрiлдi. Су тасқынына "Таша" дауылы әкеп соққан көрiнедi. Квин-сленд штатындағы 90 мың тұрғыны бар Тувумба қаласының көшелерiнде 8 метрге дейiн көтерiлген тасқын жүрiп, жол бойындағы адамдар мен көлiктер су астында қалды. Ағаштар мен үйлердiң шатырына шығып кеткен тұрғындарды құтқарушылар тiкұшақпен аман алып қалуда. 12 мыңнан астам тұрғын үй мен құрылыстар қирап, апаттан келген экономикалық шығын көлемi миллиардтаған долларға жеттi. Квин-сленд штатындағы көмiр шахталарының жабылуы әлемдiк бағаның күрт жоғарылауына ықпал еттi. Австралияға БҰҰ қол ұшын беруге және халықаралық қоғамдастықтан да көмек сұрауға дайын екендiгiн бiлдiрдi. Алдын ала есептер бойынша, жасыл құрлық бұл апаттан 9 млрд. доллар көлемiнде шығын шегiп отыр.

Ал Германиядағы су тасқынының салдарынан ажал құшқандар анықтала бастады. Қардың көп түсуi мен ауа-райының күрт жылынуы Мозель, Майн және Рейн өзендерiнiң арнасынан асып кетуiне әкелiп соқты. Жақында ғана Мозель өзенiнiң бойындағы 30-ға жуық елдi мекен су тасқынынан зардап шегiп, Кохем және Целль қалаларының көшелерiндегi су деңгейi 1,5 метрге жеткен болатын. Мозель және Рейн өзендерiнiң қосылған жерiндегi Кобленц қаласы да табиғат апатынан зардап шектi. Қаланың ең көрiктi орны "Немiс бұрышы", яғни екi өзеннiң қосылған сағасы 1 метрлiк су астында қалып, өзен жағасындағы үйлерге қауiп төне бастады.

40 МЫҢ МҰСЫЛМАН НАРАЗЫЛЫҚ ШЕРУIНЕ ШЫҚТЫ

Пәкiстанның бiрнеше қаласында мұсылмандардың шеруi өттi. Ереуiлшiлер Аллаға және Оның елшiсi Мұхаммед пайғамбарға тiл тигiзгендердi өлiм жазасына кесетiн заң талабын алып тастауға қарсы шыққан. Заңды жұмсарту мәселесi былтыр қараша айында пәкiстандық христиан әйел өлiм жазасына кесiлгеннен кейiн көтерiле бастаған-ды. Асб Биби есiмдi 5 баланың шешесi Мұхаммед пайғамбардың есiмiн қорлады деп айыпталған едi. Өлiм жазасын алып тастауды Пенджаб провинциясының губернаторы Салман Тасир де жақтаған болатын. Бiрақ 4 қаңтар күнi ол өзiнiң оққағарының қолынан қаза тапты. Салман Тасирге 29 рет оқ атқан оққағар өз бастығын заңды жұмсартуға қолдау бiлдiргенi үшiн атқанын мойындапты.

Қазiр – саяси және дiни қақтығыстар өршiп тұрған уақыт. Нигерияда губернаторлар сайлауы жақындаған сайын елдi тәртiпсiздiк жайлап барады. Елдiң солтүстiгiнде дiни қақтығыстар орын алуда. Өткен сенбiде басталған мұсылмандар мен христиандар арасындағы қақтығыстардан 11 тұрғын құрбан болған. Ал билiк болса, 500 адамның өмiрiн жалмаған былтырғы сұмдық жағдай тағы да қайталануы мүмкiн деп қауiптенiп отыр.

Дайындаған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары