ҚАНСОНАРДА БҮРКIТШI ШЫҒАДЫ АҢҒА...

ҚАНСОНАРДА БҮРКIТШI ШЫҒАДЫ АҢҒА...

ҚАНСОНАРДА БҮРКIТШI ШЫҒАДЫ АҢҒА...
ашық дереккөзі
312

Қырғызстандағы салбурын, тазы (тайған) жүгiрту өнерi жөнiнде

Қазақ пен қырғыздың туысқандығын тайға таңба басқандай танытып тұрған ұлттық салттардың бiрi – салбурын. Екi тiлдегi аталуының өзгешелiгiн грамматика тiлiмен түстегенде говорға келедi, қырғызшасы – салбурун. Сөздiң шығу төркiнiне үңiлiп қарасақ, өте қарапайым, "бұрын сал!" дегенге келетiн сияқты. Негiзiнен, тiл ғылымында көне ұғымдардың қарапайым болып келетiнi бар. Жазушы-этнограф Сейiт Кенжеахметұлы жазған "Қазақ халқының салт-дәстүрлерi" деген кiтапта бұл туралы: "Салбурын (салт). Бұл –аңшылық сауық. Аңшы, саятшы жiгiттердiң топ болып, бiрнеше күн бойы аңға шығуын "Салбурын" деп айтады. Мұны аңшылық мерекесi десе де болады. Салбурын – аңшылардың ерлiгi мен ептiлiгiн, азаматтығын сынайтын жол",– деп жазылыпты. Қырғыз халқының "Манас" эпосында да жауынгерлердiң салбурынға шығу салты кездесiп отырады.

Қырғыздар тайғаншылықты (тазымен аң аулау) ежелден әздек тұтып, ғасырлар бойы атадан балаға мирас етiп келген. Бұл өнердi құрметтегендер қазiргi кезде таза қанды тазылардың тұқымы азайып кеттi, оны қалыбына келтiрудi мемлекеттiк тұрғыда қолға алу керек деп есептейдi. Мамандардың айтуынша, зерттеушiлерге дүние жүзiндегi тазылардың 16 түрi белгiлi. Кейбiр деректерде тазылардың жиырмадан астам түрi бар деп те айтылып жүр. Қырғыздың тайғаны, қазақтың тазысы, орыс тазысы, поляктың хорты, ағылшындардың грейгаунды, ирланд тазысы, ауғанның фараон деп аталған тазысы әрдайым мамандардың қызығушылығын тудырып келуде.

Соңғы жылдары Қырғызстанда таза қанды тазылар азайып кеткен. Ал ендi будандасқан тазылардың саны – бiршама. Көне дәстүрдi қалпына келтiрiп, қырғыз жүйрiк иттерiнiң тұқымын сақтап қалуды мақсат тұтқан "Салбурун" аңшылық федерациясының президентi Алмаз Акун қырғыз тайғанының өзгешелiктерi, артықшылықтары және оны баптаудағы ерекшелiктер жөнiнде былай дейдi:

– Қырғыз тайғанының 67 өлшемi бар. Қазiр дүниежүзiнде таза қанды асыл тұқым қырғыз құмайларының 120-сы ғана тiркеуде тұр. Оның iшiнен қырғыз жерiнде 60-қа жақыны ғана бар. Қырғыз тайғанымен будандасқан түрлерi мыңнан астам. Қырғыз тайғанының тұқымын сақтап қалу – қазiргi мезгiлде ұлттық мәдениетiмiздiң ең көкейкестi мәселелерiнiң бiрi. Қырғыз тайғандары жер жағдайына жақсы бейiмделiп, тау-таста ма, далада ма, тоғайда ма, барлық жерде жылдамдық, шапшаңдық, икемдiлiк, күштiлiк және көкжалдық қасиеттерiмен өз тектестерiнен ерекшеленiп келген.

Алмаз Акун ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы күнделiктi тiршiлiгiнiң қажетiне орай дамыған салбурын өнерiн жас буынды денсаулығы мықты, қайратты, ептi, шыдамды етiп тәрбиелеу үшiн пайдалансақ әбден жақсы болар едi деп армандайды. "Сондай-ақ, салбурынды қырғыз туризмiнiң брендi ретiнде алып шығуға мүмкiндiк бар. Монғолия ежелгi мәдениетi және салт-дәстүрiмен, Испания коррида өнерiмен әлемдiк туристердi өздерiне қызықтыруда. Бiздiң салбурынымыз ешкiмдiкiнен кем емес", – дейдi федерацияның басшысы.

Қырғызстанда мергеншiлiктi, аңшылықты кәсiп еткен бiрен-саран адамдар мұндай тазыларды үйлерiнде ұстап бағып-қағады. Олар халықаралық жарыстарға да қатысып жүр. Шет өлкелерде өткен сайыстарда қырғыз тайғаны бiрнеше рет жүлделi орындарды иелеген. Бес-алты жыл бұрын Англиядағы халықаралық тазы жарысында қырғыз тайғаны мәреге бiрiншi болып келiп, дүниелiк рекордты жаңартты.

Қазiргi кезде үйiнде бес тайғанды баптап, бағып жүрген қырғыздың танымал суретшiсi, Бiшкек қаласы гербiнiң авторы Майрамбек Асанқожаұлы кейбiр қырғыздардың тайғанның жағдайын бiлмей, оның аң аулау қасиеттерiне нұқсан келтiрiп, үй күшiк етiп жiберетiнiне өкiнiшiн бiлдiрдi.

"Тайғанды 6-7 айлығында-ақ аңға алып шығамыз. Оларды аң аулауға үйретудiң ешқандай қиындығы жоқ. Өйткенi аңшылық олардың қанында бар, арқар-құлжа алуға олар табиғатынан бейiм болып келедi. Кәнiгi, алғыр тайғандарды жанында көбiрек алып жүру керек. Бәзбiр қалалық iскерлер тайғанды ақша табудың көзiне айналдырып, әйтеуiр тұқымын көбейтiп, сатып, оны аңшылық қасиетiнен ада етуде. Қазiр Ыстықкөлдiң Шалта ауылында кiшiгiрiм тайғанхананы ұстап отырмыз, оларды мемлекеттiк деңгейдегi тайғанханаларға айналдыра алсақ, құба-құп болар едi. Бүгiнгi таңда тайғанның тұқымын көбейте алдық, ендi сапасына көңiл бұрудамыз. Нарын облысында Элчибек, Марс деген жiгiттер тайғанды қасқырға салып жүр. Талас облысында Бекен және Белек атты жiгiттерiмiз сонау бала кезiнен тайған баптап келедi. Кара Балта өренiнде Салмоор және Мику, Нарынның Қошқар ауданында Нияз және Сагын, Ыстықкөлде Баатырбек, Элдос және Азат, Шу облысында Бекмырза, Бекжан, Толкун, Чоро және Мирлан деген тайғаншыларымыз бар. Өткен күзде Таласта "Соноор" (Сонар) деген фестиваль болып, сонда бүркiт, ителгi ұстаған саятшылар, тайғаншылар басымыз бiрiгiп, "Санат-Құмай" федерациясын құрдық. Ұлттық өнердi қадiрлеген "Дәсмия" кәсiпорнының жетекшiсi Тұрысбек Мамашовты федерацияның президентi етiп бекiттiк. Ендi iсiмiз алға басады деген ойдамыз", – дейдi Майрамбек.

Белгiлi қоғамдық қайраткер, саяткер Кемелбек Ашыралиев өзiнiң тәжiрибесiн былайша баяндады: "Тайғанды күшiк кезiнен ұрмай, жалтаңдатпай тәрбиелеу керек. Тайған өзi – ерке жануар. Сылап-сипап еркелете берсең, мысық сияқты қылжың болып қалады. Ұрып, қағып-сiлкiп қойсаң, жалтаң болады. Сондықтан, балаңды қалай өсiрсең, сондай мәпеле, берiк, қайратты етiп тәрбиеле. Жуынды берiп бақсаң, кейiн сол қалған-құтқанды алып келедi, шикi ет берiп бақсаң, елiк-теке алады. Күшiк кезiнен жанынан мылтық атып, соның үнiне де көндiру қажет. Әралуан жаттығу жасатып, ордан секiртiп, жүйрiк атпен жарыстырып, түлкi қудырып, жасынан баптаған дұрыс.

Ата-бабаларымыздан қалған ұлттық ойындарды тұрмысымызға сiңдiрiп, жандандырсақ, ұрпаққа жалғастырсақ, керемет емес пе? Менiң әкем саятшы болған едi, сондықтан бүркiт салуды да жақсы бiлем. Қазiргi уақытты техниканың, компьютердiң заманы десек те, ата-салттарымыз, оның iшiнде, саяткерлiк-бүркiтшiлiк өнерi өне бойымызда бiзбен бiрге өмiр сүрiп келедi, соны оятып, өнердiң, өнер болғанда да спортпен жымдасқан өнердiң бiр түрi ретiнде өркендете алсақ, онда ұлттық болмысымыз өз нәшiн табар едi".

Шу облысының Кемiн ауданында тұратын әрi саятшы, әрi ұста Ислам Исраилов: "Тайған ит сияқты еш уақытта малды, не үйдi күзетпейдi. Үйiңе кiм келсе де, оған бәрiбiр. Жаратылысы сондай. Ол аң аулау үшiн жаралған. Жүгiрiп, аңға шапқанда оған аттылы адам iлесе алмайды. Бос жiберсең, бiр қарасаң ана шоқының, екiншi қарасаң басқа шоқының басында жүргенiн көресiң. Он шақырым алыстағы арқар-құлжаға бiр пәсте жетедi. 12-13 жыл өмiр сүредi. 8-9 жасында да күшiнде болады. Бұрын қызға бергенде, тайған қосып берсе, қыздың мәртебесi көтерiңкi болған", – деп сыр бөлiстi.

Түсi жағынан қырғыз жерiнде төрт түрлi тазыны (тайған) ұшыратуға болады. Қара тайғандар көбiрек. Қу(ақ), көк, күрең түстiлерi де бар. Қырғыз тайғандарының көзi қызыл күрең, кеудесi кең, белi жiңiшкерек, құйрығы шиiрiлген, жүнi түбiт, артқы екi аяғы имегiрек болып келедi. Бойының биiктiгiне онша мән берiлмейдi, орташасы – 65-70 сантиметр, дегенмен, таза қанды тайғандардың бойы – 70-80 сантиметр, көкiрегi жазық, салпиған құлақтары жүндi болады. Бауырын, бақайларын жүн басқандары да табылады.

Саятшылардың пiкiрiнше, қырғыз тайғандарынан басқа тазылар аңға бiр жолы шыққанда-ақ шаршап, жүре алмай қалады екен. Қырғыз тайғаны күн сайын бабында болып, қатарымен 7-8 күн бойы шалдықпай, аңға шыға бередi. Ол қасқырға тайсалмай қарсы барып, оны алып тынады. Жердiң қатал шартына, азынаған суыққа шыдап, кейде бiр-екi тәулiк дәм сызбай жүре алады. Тағы бiр өзгешелiгi – аңның iзiне түсiп, иiскеп табады. Басқа тазылардың көпшiлiгi iз кеспейдi, кессе де олжасы тасаға жасырынып, көрiнбей қалса, артынан қумай қояды.

Ел арасында бұрынғы замандарда бiр қырғыз ауылын бiр ғана жақсы тайған баққан деген аңыз әлi күнге дейiн айтылып жүр. Тазысы бар малшыға қасқыр да жоламаушы едi дейдi ауылдық қариялар.

Жаугершiлiк заманда қырғыздың Балбай деген батыры Ақтабан атты тайғанын бiр ердiң құнына сұраса, бермей қойыпты.

Iлгерiде қазақтың ханы Кенесары Шу өзенiнiң бойындағы қырғыздың Бүрге атты батырының Қалша деген ұлын қолға түсiредi. Қырғыздар тұтқынға түскен жiгiттi құтқаруға Кенесарыға көп мал тарту бермекшi болады. Сонда Кенесары: "Мұндай мал өзiмде де бар. Егер баланы қайтарып алам десеңдер, онда қырғызда Көкдолы деген бiр шапқанда 9 қасқырды алған тазы бар. Соны алып келiңдер" деген екен. Көкдолы тазыны көргенде, Кенесары хан сүйiнгенiнен отырған орнынан атып тұрыпты.

Қазiр де құмайлардың құны жоғалған жоқ. Күшiгiнiң бағасының өзi – жылқыныкiмен бiрдей. Тайғанға шетелдiктер, әсiресе, арабтар, қазақтар қызығып, бағасына қарамай, жасырын сатып алып кетуде. Өйткенi тайған Республиканың Қызыл кiтабына енгiзiлген.

Жыл сайын күз аяғында Ыстықкөл облысының Тоң ауданының орталығы Бөкенбаев ауылында қырғыздың тайғаншылық, мүнүшкерлiк (саяткерлiк) және садақ ату өнерлерiн өркендету мақсатында халықаралық "Салбурын" фестивалiн өткеру әдетке айналуда. Былтырғы алтыншы фестивальге Қазақстан, Ресей, Түркменстан және Тәжiкстанның өкiлдерi қатысты. Былтыр 30 қазанда осындай iс-шара Бiшкек қаласындағы "Аққұла" ат майданында (ипподром) да өттi. Қырғыз Республикасының Президентi әкiмшiлiгiнiң демеуiмен өткен бұл фестивальде ұлттық өнердiң басқа түрлерiмен қатар "Бүркiт салу", "Қыз қуу", "Тайған салу" және "Садақ ату" ойын-салттары бойынша жарыс ұйымдастырылып, бәйгелер берiлдi.

Өлкеде қырғыз тайғанының тұқымын сақтап-көбейту, әрi оны мергендерге таратып тұру үшiн арнайы база ашу керек деп мәселе көтерген жанашырлар пайда бола бастады. Салбурынды ұлттық ойын ретiнде ЮНЕСКО-ға тiркетiп алғанымыз абзал деген пiкiр де айтылуда. ЮНЕСКО демекшi, өткен жылы "Манас" дастаны дүниежүзiлiк құндылық ретiнде Қытай Халық Республикасының (Қытайда этникалық қырғыздардың iшiнде манасшылар баршылық) атынан тiркелiп, Қырғызстан ендi оны өз атынан тiркетуге әрекеттенiп отыр.

Кабыл МАКЕШ, Қырғызстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетiнiң баспасөз хатшысы;

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi.

Серіктес жаңалықтары