Сенат депутаты Қуаныш СҰЛТАНОВ: МЕМЛЕКЕТТIК РӘМIЗДЕРДIҢ САҚТАЛУЫ – ОТАНШЫЛДЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ КӨЗI
Сенат депутаты Қуаныш СҰЛТАНОВ: МЕМЛЕКЕТТIК РӘМIЗДЕРДIҢ САҚТАЛУЫ – ОТАНШЫЛДЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ КӨЗI
Өткен аптада Жоғарғы палатаның жалпы отырысында Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов республика Премьер-Министрi Кәрiм Мәсiмовке сауал жолдаған болатын. Онда былай делiнген:
Құрметтi Кәрiм ҚАЖЫМҚАНҰЛЫ!
Сауалым – Мемлекеттiгiмiздiң 20 жылдығы қарсаңында бiрден-бiр ескерiлуге тиiстi маңызды шаралар қатарынан саналатын мемлекеттiк рәмiздер туралы конституциялық заңының орындалу барысына байланысты болмақ.
Үстiмiздегi жылдың қаңтар айында ол заңға соңғы өзгерiстер енгiзгенiмiзге бес жыл толады. Заңда рәмiздерге құрмет көрсету арқылы қазақстандық азаматтардың өз Отанына деген құрметiн, сүйiспеншiлiгiн, патриоттық рухын тәрбиелеу бағытында Үкiмет, әкiмдердiң нақты шаралар қабылдап, жүзеге асырылуы көзделген.
Көп игiлiктi жақсы iстер атқарылып жатқанын көрiп жүрмiз.
Алайда күнделiктi өмiрде рәмiздерге байланысты әртүрлi келеңсiз жағдайлар да ұшырасып жатады.
Көптеген азаматтар әлi күнге дейiн мемлекеттiк Гимннiң мәтiнiн бiлмейдi. Көпшiлiк жиналған салтанатты жиындарда бұқара көпшiлiктiң, тiптi мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының студенттерi де өз дауыстарымен қосылып Гимндi айтуға үйренбеген, әдеттенбеген. Барлық ұжымдарда, ел жиналған көпшiлiк шараларда таспаға жазылған фонограмма ойнатылады. Көпшiлiк, тiптi ант беретiн мемлекеттiк қызметкерлердiң өздерi де Гимнге жәй "ән" деп қарайды. Олардың iшiнде кейбiреуi заңды не мүлде оқымаған, не мойындамайды. Мәселен бiр iрi шенеунiк өзi қатынасып отырған мәртебелi жиынның ашылуында Гимн ойналған сәтте, қолын кеудесiне қоюды парыз санамағанын өз көзiммен көрдiм. Сол шенеунiктердiң "күшейiп" кеткенi соншама – олар өздерiн заңнан жоғары қойғысы келетiн болуы керек.
Жақында Қазақстанның гандболшы (қол добы) қыздары Азия чемпионатында жеңiске жетiп, көрермендердi қуантты. Өкiнiшке орай, олардың құрметiне Гимн орындалғанда жеңiмпаз қыздар қатар тұрып, заңның талабына сәйкес не Туға мойын бұрмады, не қолдарын жүрек тұсына қоймады. Сол кезде ғана олардың сатылып, басқа елден келген спортшылар екенiн түсiнiп, көп жанкүйер төмен қарады. Олардың құрметiне Қазақстан Республикасының Гимнi орындалған сәттегi сурет баспасөзде жарияланды. Онда Дәулет Тұрлыханов, тағы екi-ақ адам қолдарын кеудесiне қойып, қалған 23 адам өз беттерiнше тұр. Бұл жағдай, әсiресе, қазақ елiнде өтетiн қысқы Азиада ойындарының қарсаңында көпшiлiк көңiлiн алаңдатары хақ.
Бiздiң елiмiздiң Туы астында спорттық бәсекеге қатынасатын спортшылар қандай шартпен Қазақстан атынан жарысқа түседi? Мемлекеттiң спортқа бөлген қаржысының қандай бөлiгi жалданбалы спортшыларға кетедi? Жас ұрпақты, жас спорт шеберлерiн отаншылдыққа, өз Отанының патриоты болуға қалай тәрбиелемекпiз?
Президенттiң Жаңа жылдық құттықтауынан кейiн түнгi сағат 24.00-де телекомпаниялар өз жұмыстарын Гимн орындаудан бастаса да орынды болар едi. Ресей каналдары үнемi осылай етедi.
Ежелден Америка азаматтарының өз гимндерiн сөзiмен айтып, жүрек тұстарына оң қолдарын қойып, мақтанышпен тұратындарын бүкiл әлем бiледi, әрi соған құрметпен қарайды. Бұл рәсiм Бразилия, тағы басқа елдерде қалыптасқан. Баспасөзде Қырғызстанда, Өзбекстанда өз заңдарына осындай элемент кiргiзгендерiн отаншылдық сезiммен жазды.
Осыған байланысты мемлекетiмiздiң 20 жылдығы шараларында мемлекеттiк рәмiздердiң пайдаланылуы, олардың халықты, әсiресе, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуде Үкiметтiң нақты жұмысы туралы ақпаратты "Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" Конституциялық Заңның 27-бабы, 4-тармағына сәйкес жазбаша түрде жауап беруiңiздi өтiнемiн.
Сауалға депутаттар Қуаныш СҰЛТАНОВ, Өмiрбек БАЙГЕЛДИ, Әдiл АХМЕТОВ, Оралбай ӘБДIКӘРIМОВ, Қуаныш АЙТАХАНОВ, Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, Қожахмет БАЙМАХАНОВ қол қойды.