ӘРУАҚ САЛЫСТЫРЫП, АЛАШҚА ПIР БОЛҒАН

ӘРУАҚ САЛЫСТЫРЫП, АЛАШҚА ПIР БОЛҒАН

ӘРУАҚ САЛЫСТЫРЫП, АЛАШҚА ПIР БОЛҒАН
ашық дереккөзі
341

Соңғы уақытта Сыр бойында бiрсыпыра имани және дiни-мәдени шаралар жүзеге асуда. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың үлкен бабасы Бақсайыс бабаның жатқан орыны мен Алпамыс батыр жырындағы Байбөрi бабамыз бен бәйбiшесi Аналықтың Алпамыс пен Қарлығашты жылап-еңiреп тiлеп алған, өз кезiнде Орта Азия мен Қазақстанға имандылық шырағын жаққан, Сыр бойына Ислам дiнi мен мәдениетiн алып келген ұлы тұлға – Хорасан әулие баба сүйегi жатқан жерi Қағба көрiнiсiмен аббаттандырылды. Әулие жайлы Орта Азия мен Қазақстан ғалымдары басын қосып, Жаңақорған мен Қызылордада ғылыми-теориялық конференция өттi.

Бұған қосымша Қызылорда қаласында Тұран жолбарысы Жалаңтөс Баһадүрге қойылған биiктiгi 11,5 метрлiк келiстi, еңселi ескерткiштiң ашылу рәсiмi елдiң есiнен кетпесi сөзсiз. Қала орталығында бұл ескерткiштiң бой көтеруi ел рухын асқақтатты. Осы ескерткiшке "Мәдени мұра" бағдарламасынан 59 миллион теңге бөлiнiптi. Бұл келешек жастарды ұлттық имани рухта тәрбиелеуде мәнi зор, құптарлық жұмыс болды.

Тек осы шараларды iске асыру барысында елiмiз үшiн әсте ұмытуға болмайтын, Әйтеке бимен аралас-құралас, қатар ғұмыр кешкен, қазақ тарихында өзiндiк орны бар, қасиеттi бiр ұлық бабамыздың есiмiнiң назардан тыс қалып қоюы ерiксiз қынжылтады. Ол тұтас қазақтың Ары мен Намысы болған, Әйтеке өмiрден озғанда:

"…Әй, тойымсыз қара жер-ай, дара туған дарағымды алғанда қойным толады дедiң бе! Бетiмдегi беделiмдi алғаның – Алатауымды аласартқаның емес пе! Арқамдағы сүйенiшiмдi алғаның – исi қазақтың атакүлдiгi – Қаратауымды құлатқаның емес пе! Алты Алаштан аты асып һама Әсияға аты мәшһүр аталымды алғаның қайткенiң! Ниетi құлап, бет сипаса, талай жанның бағын жандырған баталымды алғаның неткенiң! Жұлдызы биiк жаралған жан едiң-ау! Асып туған абызым-ай, мына соңыңда қалған бiз ендiгi жалғанда тiрi жетiм емеспiз бе?! Өзгелерден асып туған, қазағына, елiне нұр сипатын шашып туған, бағаналы бәйтерегiм-ай, сен өлдi дегенге қайтiп сенейiн?!." (М. Есламғалиұлы, "Әйтеке би", Тарихи-философиялық диалогия, 364 бет) – деп, елiне күңiрене өз жоқтауымен басу айтатын, айтулы бидiң сүйегiн арулап жуып, жаназасын шығаратын, Әйтекенiң әз досы, қазақтың тұңғыш пiрi, аузы дуалы абыз, дiн көсемi Мүсiрәлi сопы Жәдiкұлының назардан тыс, осы күнге дейiн атаусыз қалып келгендiгi.

Қазақ халқы тұңғыш рет өз хандығын жариялаған кезiнде аса маңызды дiни ағартушылық және қоғамдық-қайраткерлiк қызмет атқарған, тарихта Тәуке ханның "Жетi Жарғысы" атанған алғашқы Ата Заңға мұсылманшылық қағидаларын дала дәстүрiне бейiмдеп ендiрген хазiретiмiз, ел тарихындағы алғашқы дiнбасыларымыздың бiрi – Жәдiкұлы Мүсiрәлi сопы әзiз қазiр 370 жасқа келiп отыр. Солай бола тұра не дiни орындар, не республикалық заң орындары жұмған ауыздарын ашар түрi жоқ.

1680 жылы Күлтөбедегi үлкен жиында Тәуке хан болып сайланған соң, Үш жүздiң бас билерi сынақтан өткiзгенде, ерекше ұлық қасиетiмен бүкiл қазақтың тұңғыш пiрi болып ақ киiзге отырғызылған, қазақ елi тарихындағы алғашқы дiнбасы Әжiқожа Жәдiкұлы Мүсiрәлi сопы әзiз туралы жазып отырған бұл – менiң екiншi мақалам. Алғашқы мақалам "Қазақ елi" газетiнiң бетiнде 2000 жылы "Бас мешiтке Мүсiрәлiнiң, Астанадағы мешiтке Ғылманидың есiмдерi берiлсе…" деген тақырыппен жарияланып, сол жылы осы мақалаға орай "Түркiстан", "Қазақ әдебиетi","Ана тiлi" және "Егемен Қазақстан" газеттерi беттерiнде " Жақсының өзi өлсе де, аты өлмейдi", "Алғашқы дiнбасы", "Пiр тұтып, қол тапсырған талай адам…","Сыннан сүрiнбей өткен шәкiрт", "Киелi пiр иесi", "Тәуке ханды тәнтi еткен Мүсiрәлi", "Пiр болғанды қор қылмайық", "Жетi өлiкке жан бiтiрген", "Мүсiрәлi Қосым сыры","Бас мешiтке Мүсiрәлiнiң есiмi берiлсе…", "Орынды ұсыныс орындалса.." атты қызылордалық ел ағаларының бiрi С.Далдабаев бастаған бiрсыпыра қарттардың қуаттау мақалалары жарық көрген болатын. Тiптi, осы мақалалардың басын жинап бiрiктiрген Құрманғали Ашанов деген кәсiпкер азаматтың демеушiлiгiмен бүгiнде марқұм болған, ҚР Ғылым Академиясы жанындағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, академик Манаш Қозыбаевтың "Пiрге құрмет – елге құрмет" деген тақырыптағы алғы сөзiмен "Мүсiрәлi абыз" деген атпен жеке кiтапша болып та шықты.

Қазақ хандығы алғаш қалыптасқанда, әсiресе Әз Тәуке ханның тұсында сайланған, ең алдымен елдiң дiни сенiмiн нығайтуда дiн қайраткерiн, ел танып мойынсұнған пiр ұстау мәселесiн шешкен болатын. Өйткенi пiр мәселесiн шешу, Құран Кәрiмде жазылған тәртiп негiзiнде ел басқару Жарғысын дайындау үшiн өте қажет едi. Далалық заң "Жетi Жарғының" бiрiншi жарғысы "Халықтың ханы, сұлтаны, пiр әзiретi қастан өлтiрiлсе, олардың әрқайсысы үшiн жетi кiсiнiң құны мөлшерiнде құн төленсiн" деп жазылуының өзi пiр әзiреттiң кiм екенiн ұғындырса керек. Сол кезде Әйтеке би ұсынған, әулиелiгi, тақуалығы және көрiпкел-пiрадарлығымен Тәуке ханды тәнтi еткен Мүсiрәлi абыз өзiнiң 40 жасында қазақтың тұңғыш пiрi болып тағайындалды. Және Тәуке ханның "Жетi Жарғысының" негiзгi авторы болды. Бүкiл идеологиясы атеистiк тәрбиеге негiзделген Кеңес үкiметi кезiнде шықса да, "Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы" 1 томының 644 бетiнде Әжiқожа Жәдiкұлы Мүсiрәлi сопы әзиз туралы: "Пiр, дiндар, азан шақырып қойған аты – Мүсiрәлi. Руы Керейт болғанымен дiнге шын берiлген сопылығымен тақуалығына орай Әжiқожа, ал оның ұрпақтары Керейтқожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәуке ханды сайлағаннан кейiн, артынша пiр таңдалды. Бүкiл қазаққа пiр болу үшiн үш арыстың пiрлерiне жетi сұрақ берiлiп, үш шарт қойылады. Осыдан сүрiнбей өткен Әжiқожаны (Мүсiрәлiнi) билер бүкiл қазақтың пiрi деп жариялайды да, оны ақ киiзге отырғызып, хан сарайына көтерiп апарады", – деп жазған.

Энциклопедиядағы бұл дерек өткен ғасырдың отызыншы жылдары жарияланған "Әдебиет майданы" журналынан алынса, абыз қарттың пiр болып сайланғандығы туралы деректер ХIХ ғасырдағы көрнектi түрколог-ғалымдар Ә.Диваев пен В.В.Радлов еңбектерiнде де молынан кездеседi.

Осы құжатты толықтырар тағы да екi дерек айтқалы отырмыз.

Бiрiншiсi, бабамыздың туылған жерi профессор Жауғашты Ахметовтың айтуынша, Тамды ауданының Кербұлақ елдiмекенiнде. Бабамыздың кiндiгiнен өрбiген өзiнен кейiнгi төрт-бес ұрпақтың мүрделерi осы елдi мекеннен үш шақырым қашықтықта орналасқан "Бассай" қорымында жатыр. 2000 жылы өзi сияқты ерекше қасиетке иелiк еткен перзентi Дәуiтқожаның 100 жылдығына сол елде үлкен ас та берiлген. Жауғаштың кiндi қаны да осы Мүсiрәлi құдығының маңында тамған. Әкесi Ахметов Байназар Дәуiтқожадан үш жас үлкен болса да қатар өскен, оның әкесi 1900 жылы өмiрден өткен, ел сыйлаған Бердiсүгiрдiң де талай әңгiмелерiн естiген жан көрiнедi…

Екiншiсi – 1752 жылы өмiрден өткен Мүсiрәлi Сопы әзiздiң ұлы Сауранбайдың Құл Қожа Ахмет Яссауи кесенесiне жерленуi. 2006 жылы "Алаш" тарихи зерттеу орталығынан жарық көрген "Керейт" жинағындағы "Мүсiрәлi пiр туралы" (304 бет) мақаласында ол кiсiнiң тiкелей ұрпағы Дәуiтқожа айтты деген ауызекi деректерге сүйенiп, Мүсiрәлiден Сүгiрәлi, одан Ер Уәлi, одан Ұлан, одан Жолан, одан Бердiсүгiр, одан Дәуiттi таратыпты. Бұл Мүсiрәлi бабамыздың қалмақ тоқалынан туған Қосым баласынан тараған Дәуiтқожаға дейiнгi ұрпақ шежiресi болуы мүмкiн. Мүсiрәлiнiң кезiнде екi-үш әйел алғандығы туралы дерек бар. Кiтапта бәйбiшесiнен туылған төрт баласынан тараған ұрпақтарының шежiресi де көрсетiлмептi… Ал Мүсiрәлiнiң Баба Түктi Шашты Әзиздiң жанына өз аманатымен жерленуi туралы айтатын болсақ, өзi пiр болған Мүсiрәлiнiң тiршiлiгiндегi өз пiрi, желеп-жебеушiсi Баба Түктi Шашты Әзиз әулие болған. Мүсiрәлi сүйегiнiң өз ұрпақтары жатқан "Бассай қорығына" жеткiзiлмеуi, не өз ұлы Сауранбай сияқты Қожа Ахмет Яссауи кесенесiне қойылмауы – былайғы қара жұрт түсiне бермейтiн, киелi әруақтардың өзара тылсым байланысының қорытындысы…

Мiне, осы деректер Алматыдағы Бас мешiтке немесе қазақ өз алдына ел болғалы астана болған үш қаланың бiрiнде орналасқан ең үлкен мешiттердiң бiрiне алғашқы пiрiмiз Мүсiрәлiнiң атын беруге сұранып тұр емес пе?!.

…Керейттен қожа шықты Қосым атты,

Кiсi екен әруағы мол, кәрi қатты.

Қарадан қалай қожа шығады деп,

Есiткен елдiң бәрi таңырқапты.

Жан берген жетi өлiкке Мүсiрәлi,

Көрсеткен көп iшiнде кәраматты.

Үш жүздiң кеңесiнде Күлтөбеде

Шешiмiн Тәуке ханның ел ұнатты.

Кiшi жүз Әйтеке би қасына алып,

Пiр болып Қаракесектен дәмiн татты.

Керейттен шыққан пiрдiң күманы жоқ

Нандырған нәмi қазақ уалаятты"

– Бұл – Сыр ақыны Шоңбайдың "Шежiресiнен" үзiндi.

"….Бұл кез келгеннiң емес, айрықша қасиетке ие болып жаралған әруақты адамдардың – абыздардың ғана қолынан келедi деп есептелдi. Ондай қасиеттерiмен көзге түскен адамдардан халық билiк иелерiнен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, пiрге табынды… Хан ауысса да, пiр ауыспады. Сондықтан кейде билiктi әулет саяси үстемдiкпен қоса рухани үстемдiктi де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл әсiресе шығысқа тән едi. Мәселен Тәуке, оның балалары Жәңгiр, Болаттардың Лхастағы "киелi үйге" жiберiлiп, бiрнеше жыл тәрбиеленуi тек көршi елдердiң геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгiндей iш есебiнен де өрбiп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пiр де сайланып, үш ұлыстың пiрлерi жұрт алдында әруақ салыстырысып, Керейт Сұпы Әжiнiң (Мүсiрәлi) жеңiп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейiнгi барлық ханға пiр болған Сұпы Әжi (Мүсiрәлi) дүние салғаннан кейiн жалпықазақтық пiр сайланған емес", – дей келiп, "Ескi дала үрдiсiнде қауымға билiк жүргiзетiн хандар мен әскерге билiк жүргiзетiн сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пiрлер аттарына лайық қасиеттерiмен қапысыз танылып, жұртты тегiс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманында үш ұлыстың үш пiрiнiң жұрт алдында әруақ салыстыруына келсек, ол да түптеп келгенде, сайлау емес, өз қасиетiнiң басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылды. Мұны кие, әруақ туралы ғылым – агиалогия "таңғажайып сайыс"– деп атайды. Бұл – тек дiнге дейiнгi нанымдар заманында ғана емес, әлемдiк дiндер үстемдiк құрған тұстарда да орын алған үрдiс".

– Бұл жазушы, Еңбек Ерi Әбiш Кекiлбаевтың жазған пiкiрi.("Үш пайғамбар. Ә.Кекiлбаев. 1992 ж).

…Текетiреске түскен төрелердiң ендi ешкiмнiң кеңесiн тыңдамайтынын сезген жасы егде Мүсiрәлi қожа бiр күн өмiрiм болса да Баба Түктi Шашты Әзиз әулиенiң басына барып, шырақшы болып, Алладан халқымды қанды аласапыранның қырғынынан құтқаруын тiлеп, дұға оқиын, таңда машқар күнi күнәмдi жеңiлдетуiн сұрайын деген ойдың жетегiнде Созақ жерiндегi Жылы бұлақтың басында Баба Түктi Шашты Әзиз зиратына 1719 жылы бiржола көшiп барады. Қожа Ахмет әулиенiң жолымен тәулiгiне бiр жұтым су мен бiр тiстем нан жеп, Алладан халықтың амандығын, босағасының бүтiндiгiн тiлеп, дұға оқып, әулиеге шырақшы болған Мүсiрәлi қожа 1721 жылы күзде 82 жасында Алланың аманатын тапсырып, мәңгi дүниеге жол тартады. Халық айтып кеткен өсиетi бойынша оның денесiн Баба Түктi Шашты Әзиз әулиенiң оң жағына, сәл төменiрек жерлейдi. Ислам дiнiнiң тәртiбi бойынша басына саз балшықтан төрт құлақ белгi салады…" ("Тәуке ханның бас хазiретi". Қарақалпақстан.). Бұл – зерттеушi Ж. Мұратбаевтың пiкiрi.

Осы үзiндi пiкiрлермен-ақ Мүсiрәлiнiң қазақ үшiн қаншалықты имани ұлы тұлға болғандығын ұғынуға болар.

Құран Кәрiмнiң "Тәубе" сүресiнiң 18-аятында "Алланың мешiттерiн шынайы түрде Аллаға, ақырет күнiне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кiсi жасайды. Мiне, солардың тура жол табушылардан болулары үмiт етiледi",– деп ескертiлсе, 17-аятында "Кәпiр қалiнде тұрып, Алланың мешiттерiн жасауларына болмайды. Олардың ғамалдары жойылған. Олар тозақта мүлде қалады", – деп анық тұжырым берген.

Сондықтан мешiт салып, оған ат бергенде, "ауылға – атасының, көшеге – көкесiнiң"атын қойып жүрген қазiргi шолақ ойлы белсендiлер бұйдасы жетегiнде кетпей, Исламның осы талабы үнемi есте сақталса, имандылық жұмысы өнегелi өрiсiн табар едi.

Мен де бүгiнге дейiн өз егемендiгiмiздi алған соң, Алматыда салынып, бүгiнде ел аузында Бас мешiт аталып кеткен үлкен мешiтке қазақтың тұңғыш пiрi Мүсiрәлiнiң ғана есiмi лайықты деп келгенмiн. Соңғы кезде Қызылорда қаласында бұдан да үлкен мешiттiң құрылысы аяқталғанын көрдiм. Қызылордадағы осы мешiтке жерлестерi неге Мүсiрәлiнiң атын бермеске?!. Тiптi мешiттiң алдына пiрiмiзге арнап ескерткiш қойылып жатса, тiптен сауапты iс болар едi… Мұндай жұмыстарды "Жетi Жарғының" авторы ретiнде республика заң орындары мен қазақтың хандық тарихында пiр елдiң негiзгi бас министрi дәрежесiнде болғандығын ескерiп, Үкiметтiң өзi де қабаттаса тiкелей қолға алып жатса, еш артықтығы болмас едi ғой…

Қызылорда да осы жаңа мешiтке Мүсiрәлiнiң есiмiн беру мәселесi шешiлiп жатса, оның ашылу рәсiмiнде арнайы республикалық танымдық конференция өткiзу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, шама келiп 2008 жылы қайта салынып бiткен Баба Түктi Шашты Әзиз әулиенiң күмбезi қасына қойылған, бүгiнде осы күмбездiң қабырғасының астында қалып қойған хазiреттiң кесенесiн сол жерден қайта көтерiп, қалпына келтiру мәселесiн қолға алып жатса, мұсылмандығымызға абырой болар едi.

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ, Жазушы, "Қазақстан қажылары"

дiни бiрлестiгiнiң төрағасы

Серіктес жаңалықтары