ҚЫТАЙ ҮКIМЕТI ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIН ДАМЫТУҒА ҚАРЖЫ БӨЛМЕК

ҚЫТАЙ ҮКIМЕТI ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIН ДАМЫТУҒА ҚАРЖЫ БӨЛМЕК

ҚЫТАЙ ҮКIМЕТI ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIН ДАМЫТУҒА ҚАРЖЫ БӨЛМЕК
ашық дереккөзі
240

Келер жылдан бастап ҚХР Шынжаң ұйғыр автономиялы районының үкiметi жергiлiктi ұлттардың ана тiлiнде жазылған әдебиетiн қолдау үшiн 5 миллион юань және осы әдеби шығармалардың аударма қызметiн жандандыру үшiн 5 миллион юань, жалпы 10 миллион юань қаржы бөлмекшi. Қазақ, ұйғыр сынды ұлт жазушыларының үздiк туындыларын марапаттау және таңдаулы шығармаларды қытай тiлiне аудару, сонымен бiрге, қытай оқырмандарына таныстыру жұмысын жүйелi атқармақ. Осындай демеу мен шабыттандыру арқылы үздiк, әдеби жасампаздыққа толы шығармаларды iркiлiссiз кең оқырман қауымға жеткiзу, дүниеге бет алдыруды жүзеге асыру жоспарға алынған. Атап айтар тағы бiр жайт, экономикалық қолдау мен жоба ауқымы жыл сайын көбейiп, кеңейiп отырмақ. Бұл жаңалыққа Қытайдағы қалам ұстаған қандас бауырларымыздың көзқарастары қандай деген мақсатпен бiз хабарласқан азаматтардың пiкiрi төмендегiдей болды.

Мұрал ТОҚТАР, ҚХР Құмыл аймағында шығатын

маусымдық әдеби "Құмыл алқабы" журналының редакторы:

Шынжаң қазақ әдебиетi де жалпы қазақ жазба әдебиетiнiң негiзiн салушы хакiм Абайдан басталады. Қазақ жазба әдебиетiнiң өзге тiлдерге, соның iшiнде қытай тiлiне аударылу барысы да сол сияқты Абайдан бастау алып жатады. Бiзде одан берi қарай Ақыт Үлiмжiұлы, Әсет Найманбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Омарғазы Айтанұлы, Жұмабай Бiләлұлы болып жалғасар едi… Қытай азаттығынан берi қарай Шынжаң қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан қытай тiлiне аударылмағаны жоқтың қасы. Бәрi аударылды деп айтуға болды. Бiрақ толық, жүйелi емес. Бiр ақыннан 3-5 өлең, бiр жазушыдан 1-2 әңгiме аударылған. Бұл аударма саласындағы еңбек. Елу-алпыс жыл үшiн бұл салмақ көтермейтiн сан. Мысалы, Омарғазы Айтанұлы өз өмiрiнде 3-5 өлең, 1-2 әңгiме ғана жазған адам емес қой. Оның тұтас он томдық шығармалар жинағы – жеке бiр әлем. Оның бiр ғана "Ақ мысық" кiтабын алайықшы, олай жазу қай-қай қаламгердiң шалымына келе қоймайтын шаруа. Ол кiсiнiң он томдық шығармалар жинағы қолдан келсе, түгел болмаса да жартылай аударылуы тиiс. Сонда ғана бiз өз әдебиетiмiздi өзге ұлттың көз алдына, құлағының түбiне, тiптi жүрегiне дейiн жеткiзе аламыз. Бiрақ ұлы жазушы қанша саз жазса да, басқа шет тiлдерi түгiлi iргемiздегi қытай оқырмандарына да белгiсiз болып қала бердi. Талғампаздық керек. Аллаға шүкiр, қазақ қашанда талантқа тапшы болып көргенi жоқ, сол талантты тауып, талдап аудару керек. Осылай iстегенде ғана бұл iстiң нәтижесi болды, ал, қытай саясатын үгiттеу мақсатында болса, одан еш пайда жоқ. Мысалы, қытайдың әлдебiр егiншiлiк журналына қазақтың бiр жазарманының шығармасын аудару керек болды. Ол жазушы да сөзсiз дихан болуы керек. Аудармашы iздеп жүрiп, бiр диханның егiншiлiктен қолы қалт еткенде жазған бiр повесiн аударды делiк. Оның тасасында қанша талант көмiлiп қалды. Таза өнер алдында саясаттың ойынын әрқашан ұмытпаған жөн. Ал, бұл үрдiстiң шарттары да жетерлiк. Мысалы, жазушы жоқ дегенде Шынжаң Жазушылар одағының мүшесi болуы керек екен, сол себептi, Шәмiстiң шығармалары аударылды да, Омарғазы тағы аударылмай қала бердi. "Өзi жоқтың, көзi жоқ". Бiздiң журналдағы Жеңiс атты жiгiттiң повесi аударылды да, 1000 юань (22 мың теңге) көлемiнде қаламақы алды да, әдебиетiмiздегi құбылысқа пара-пар өзге повестер аударылмай қалды. Айта кетер тағы бiр жайт, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының құрылтайына қатысу үшiн бiр журналдың бас редакторы болуы керек деген шарт бар екен. Сонда қарапайым халық, халық арасындағы ел сөзiн бiлер естi азаматтар осындай шектеу, шарттардың құрбаны болып кете бере ме?

Какаша ТҰРСЫНХАНҰЛЫ, "Сен-қазақ" сайтының белсендi қолданушысы:

Қытай жазушысы Уаң Юе Уiннiң: "Әдебиет – ар-ұят, әсте саясаттың ойыншығы емес" дейтiн сөзi бар. Қытайдың Шынжаңдағы жергiлiктi билiгi мол қаржы төгiп, ұйғыр, қазақ тiлiндегi әдеби шығармашылықты "сүйемелдемек" болғанының астарында үлкен саяси мақсат жатыр. Жалпыға мәлiм болғанындай, соңғы жылдардан берi Шынжаңдағы аз ұлт зиялылары арасында қазiргi билiкке қарсы пиғыл белең алып келе жатыр. Мұндай "қауiптi үрдiстiң" өрiс алуына Қытай Орталық Үкiметi тiке қадағалап отырған ұйғыр, қазақ тiлдерiн құрдымға сүйреп бара жатқан аталмыш "Қос тiл саясаты" мен жергiлiктi халық өкiлдерiнiң құзырлы органдардан жаппай шеттетiлiп отырғандығы себептi, әрине, бұлардың бәрi ресми Бейжiңнiң Шынжаңдағы тұрғылықты халықты жалған автономиямен алдаусыратып, шын ассимиляция сойылымен шыңғыртып отырғанының дәлелi.

Идеология саласындағы тiзгiндi тiптi де тарта түсу үшiн, ұйғыр-қазақ зиялылары арасында ұлтшылдық пиғылдың күшейiп кетпеуi үшiн Қытай билiгi экономикалық тәсiлдер арқылы үйiрiп ұстауға ниеттенiп отыр. Қазақшалап айтқанда, тақымға түспейтiн түздiң тарпаңынан қораға байлап, жемдеп үйреткен есек әлдеқайда көмпiс келедi, әрине. Екiншi кезекте, былайғы жұртты сондай иiс пен дәмге және стилге үйрету үшiн әдемiлеп қораптап, зорлап жегiзе бастайтынына сенемiз.

Дайындаған Мейiржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары