ЖҮРЕ БЕРСЕҢ, КӨРЕ БЕРЕСIҢ
ЖҮРЕ БЕРСЕҢ, КӨРЕ БЕРЕСIҢ
Саяхатшы-жазушы Серiк БАЙХОНОВ пен қаламгер Бодаухан ТОҚАНҰЛЫНЫҢ әңгiмесi
Жиһанкездер әлем елдерiнiң тарихында, әсiресе алып державалардың қалыптасуы мен кемелденуiнде ерекше iз қалдырған. Қазақ хандығы құрылған кезде Жерұйықты iздеген Асан Қайғының ұлан-ғайыр даламыздың әрбiр киелi түкпiрi туралы айтқан толғаныстары – ауыз әдебиетiнiң жауһар үлгiсi. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, белгiлi жазушы Серiк Байхоновтың есiмi де елкезбелiгiмен, әрбiр елдi мекен, бұлақ-бастау, тау-тастың тарихын терең бiлетiндiгiмен көпшiлiкке жақсы мәлiм. Оның тартылған Сырдария туралы жазылған "Сал үстiндегi маусым" кiтабы қазақ әдебиетiндегi бұрын-соңды кездесе қоймаған үлгi десек асырып айтпағанымыз. Газетiмiздiң оқырмандарының назарына ұсынылып отырған бауырымыз Бодаухан Тоқанұлымен әңгiмесi жазушының алтын Алтайды жырлауы, онымен қоштасуы сияқты оқылады…
– Секе, әлемдiк атақты жиһангерлердiң бiразын бiлемiз, шынымды айтайын, қазақта кiм бар десе, мен әуелi Асан Қайғы бабамызды, сосын Шоқан мен Әлiби Жангелдиндi атар едiм. Тағы десе, өзiңдi қоспасам басқа ешкiмдi де бiлмейдi екенмiн.
– Рахмет… Бұрын да менi сол қияли шалмен салыстырушылар болған… Бiрақ Асан атамыз саяхатшы емес, саясатшы болған ғой. Оның үстiне осы саяхат ұғымының өзi саясатпен астасып жатыр емес пе?! Өзiң айтқан Әлiби мен Шоқанды қоспағанда, қазақта кәсiби саяхатшы болмаған деп айта аламын. Дәруiштер, елкезбелер, жеркезбелер болса, болған да шығар… Өйткенi саяхатшылар мен жиһанкездердiң көкейiн тескен тiптен басқа нәрсе екенiн мен өзiмнiң "Саяхат әлiппесi" деп аталар кiтабымда егжей-тегжейлi жазғанмын. Нағыз жиһанкез деп Ескендiр Зұлқарнайын мен Шыңғысханды, Магеллан мен Христофор Колумбты айтса болар. Ал қазақ ата баласы ешқашан өзгенiң жерiне көз алартқан емес. Өзiмiз өмiр бойы ұлы саяхатшылар санап жүрген шетелдiк ағайындардың көпшiлiгi кәдiмгi жаулаушылар мен барлаушылар болып шыққанын бәрiмiз де бiлемiз.
Асан Қайғының iзiмен бүкiл Қазақстанды шарлағаным тұрғысында айтсаң жарайтын да шығар, өйтпегенде мен өзiмдi жиһанкез деп те, саяхатшы деп те есептемеймiн. Саяхатшы болу үшiн кереметтей батылдық, ержүректiк, тәуекелшiлдiк керек. Бұрынғы заман саяхатшыларының iшiнде бастарын өлiмге тiккендерi аз емес. Кәдiмгi қазiргi ғарышкерлер секiлдi. Өйткенi ол заманда жиханкез болу елден ерекшеленудiң, өзiн-өзi танытудың жолы болатын. Мысалы аса қауiптi Қашқар сапарынан қайтқан Шоқанның алдында Ресей зиялылары құрақтай жапырылса, Петербург салондарындағы сұлулар ғашықтықтан естен танған ғой. Тибет сапарынан кейiн Пржевальскийдiң көрген құрметi де солай. Жер шарын айналып шыққан ұлы саяхатшылар болды. Олар батылдық тәуекелге барды. Бастарын өлiмге тiктi. Мен өзiмнiң саяхат-сапарларымда ондай батылдықтарға барған жоқпын. Оның үстiне бүгiнде жер бетiнде адам аяғы тимеген тобықтай да жер қалды ма екен өзi?.. Сондықтан менi жай турист немесе елкезбе десең де жетер. Турист болғанда көп нәрсе бiлетiн турист, қазiргi тiлмен айтқанда туроператор деген секiлдi. Осыдан он шақты жыл бұрын бүкiл Қазақстанды менен жақсы бiлетiн төрт-бес кiсi бар секiлдi едi, дәл бүгiнгi таңда жалғыз өзiм қалдым ба деп қорқамын. Дегенмен сол ескi дәстүрдi ұстанып жүрген ағайындарымыз да жоқ емес. Мысалы орыстардан Шпаро мен Конюхов, өзiмiзден велошабандоздар Түгелбек Қасымұлы мен Темiрхан Момбекұлы Түркiстан секiлдi.
– Жарайды, ат басын әдебиетке бұрайық. Шығармашылығың жайлы сөз қозғасақ, жиқангерлiк мен сұрамай-ақ сабақтаса-тынына сенiмдiмiн. Жуықта ғана көптомдығың жарық көрдi. "Бiрiншi кiтап – Ақжайық, екiншi кiтап – Ақжайық, Ақжайықтан – Ақжайық, суға кетiп қалмайық" деген сияқты шығармашылығыңа ден қойсақ, бiрiнен соң-бiрi туындап жатқан жиһангерлiк хикаяттар. Аяқталу бола ма?
– Менiң негiзiнен көркем проза, одан қалды жасырып өлең жазатынымды бiлесiң ғой. Жарты өмiрiмдi жұмсаған шығармашылық тiрлiгiмнiң бастысы – "Ғажапстанға саяхатты" аяқтап кетсем, арман не?.. Сенiң қолыңдағы көптомдықтың екi томы – осы саяхат. Жалпы сол көптомдықтың өз тарихы бар. Жазушылардың шалқып жүрген кезiнде Бердiбек аға Соқпақбаевтың "менi асырап жүрген өкiмет те, партия да емес, Қожа деген қара бала" деген сөзi есiмде қалыпты. Сол ағамыз айтпақшы, соңғы қиын-қыстау нарық кезеңiнде менi асыраған осы – "Ғажапстанға саяхат" қазақшасы бар, орысшасы бар төрт рет жарық көрiптi. Өйткенi, халық қазiр көбiне танымдық дүниелерге ден қояды емес пе?! Бiр күн Алтай, бiр күн Атырау деп шапқылап жүргенде, жазған-тергенiм шашылып қала ма деп, барымды жинақтап жүргенiмде, осы "Ғажапстанға саяхаттың" екi томдығы мемлекеттiк тендердi ұтып, азды-көптi қаржы бөлiндi. Өзiме белгiленген қаламақымды салып, бiр томдық қостым. Баспагер Қонысбек Ботбай бiр том қосты. Пржевальскийдiң Тибет сапары жайлы жазылған "Алтай асу" деп аталар романым мен Алтай жайлы элегияларымды iркiп отыр едiм, Несiпбек Дәуiтаевтың өтiнiшi бойынша "Жамбыл" журналына бердiм. Қазiр сол журналда басылып жатыр. Ақын Байбота Серiкбайұлы Қошым Ноғайдың: "Тәуелсiздiк жылдары жазылған таңдаулы шығармалардың бiрi екен", – деген бағасына арқаланып қалдым. Соңғы сапарым – "Алтай асуларын" әлi қағазға түсiре қойғаным жоқ. "Ғажапстанға саяхатты" осымен бiтiрем бе деген едiм, дегенмен қасиеттi Маңғыстау өңiрi жайлы жазбасам, өзiң айтқан Асан Қайғы бабамыздың аруағынан ұят болар.
Менiң саяхат-сапарларымды жазар алдында алдымен деректi фильмдер түсiрiп, көпшiлiк назарына ұсынатын әдетiм бар. "Сал үстiндегi маусым", "Аралға – араша", "Бетпақдала – шөл емес", басқа да шығармаларым осылай дүниеге келгенiн бiлесiң. Осы "Алтай асудың" алты сериясын түсiрiп, видеооқулық ретiнде мұғалiмдер мен оқушылар назарына ұсындым. Кәдiмгi тарих пен география оқулығының видеодағы түрi. Жалпы осы "Ғажапстанға саяхат" атты видеооқулық алпыс сериядан тұруы тиiс едi. Егер осы жұмысымды аяқтап кетсем, арманым жоқ.
– Жалпы жиһангер жазушы болудың әлiпбиi қайдан басталды?
– Мен құмда тудым, құмда өстiм. Бала кезiмнен далабезер, қаңғыбастың өзi болсам керек. 1983 жылы "Сал үстiндегi маусым" атты экспедиция ұйымдастырдым. Үш жылға жалғасты. Онда қазақ теледидарында iстеп жүрген болатынмын. Суы тайыздап бара жатқан Сырдарияны салмен бойлай жүзiп өттiк. Кино түсiрдiк. Артынан деректi повесть жаздым. Осы шығарманы Ұлттық сыйлыққа ұсынатын жиында өзiмiздiң тағы бiр "қаңғыбас" ағамыз Қалмұқан Исабай: "Мына шығарма бiр ғылыми институт жасаған жұмыстың жүгiн көтерiп тұр", – деп қолдау көрсеткен болатын. Мiне, қызығушылық осылай басталды. Жыл сайын күн жылына "Ғажапстан қайдасың?" деп тартып кететiн болдық қой. Сол кездегi басшымыз Камал аға Смайылов мен жолдан келген сайын дүйсенбi күнi өтетiн лездеме кезiнде: "Қалай, ел аралап, аунап-қунап келдiң бе?" – деп жұртты күлдiрушi едi. Шыжып тұрған ыстықта Аралды, Бетпақдаланы, әйтпесе Қызылқұмдағы көне арналарды жағалап жүрiп кино түсiру оңай емес әрине, дегенмен бұл сапарларды жиһанкездiк дей қоюға келе қояр ма екен? 1996 жылы қазақ теледидарынан қуылып, Алтайға келiп тығылып жатқан кезiмде жатпай-тұрмай "Шежiре" атты жоба жасадым. Жоғарыда айтқан алпыс сериялық видеооқулықтың жобасы. Бiр вице-премьер, бiрнеше министрден мақтау естiп едiм, түсiнiксiз себептермен мемлекеттiк қолдау болмады. Содан соң өз қаржыммен, демеушiлердiң көмегiмен жүзеге асыруға бел будым. Өткен жылы Алтайдағы Қалмаққорғаннан (Аблекетка) бастап, Марқакөл өңiрiне дейiнгi 1800 шақырым жолды басып өттiк. Жаңағы айтқан "Алтай асу" сол. "Өскемен– Қазақстан", "Семей-Қазақстан" телеарналары видео түсiруге көмектестi. Әр аудан, ауылдан жер жағдайын, тарихын жақсы бiлетiн адамдарды ертiп жүрiп, тарихи ескерткiштердiң басында әңгiме шерттiк. Алматылық Темiрхан Түркiстан, шығысқазақстандық Түгелбек Қасымұлы бiзге шайтанарбамен iлесiп жүрдi. Бұрын телеарналардан ешқашан көрсетiлмеген табиғаттың небiр керемет көрiнiстерiнен тоғыз жарым сағаттық бейнетаспа түсiрдiк. Қазақ, орыс тiлiндегi ықшамдалған нұсқасы телеарналардан берiлдi. Көрермендер жылы қабылдады. Алғыстарын бiлдiрiп жатыр. Жақында осы оқулықтың видеодискiсi жарық көрдi. Бiрнеше мектептерде болып, тарих, география мамандарының, оқушылардың назарына ұсынып едiк, таңданыстарын жасыра алмай жатыр. Тәуелсiз қазақ елiнiң образын видеооқулық арқылы беру идеясы – осы. Менiң "Ғажапстанымды" көрген адам қазақ жерiн өзi айналып шыққан секiлдi әсер алса болғаны. "Жаяудың шаңы шықпас" дейдi қазақ. Жалғыз болсам да, осы жұмыстың шаңын шығармай тоқтамаймын.
– Өнер адамының мақтаншақтау болатынын бiлемiз ғой. Елiмiздiң ұшқан құстың қанаты талатын Алтайынан Атырауына дейiнгi барлық өңiрiн аралап шықтым деп айта аласың ба?
– Өнер адамы өнерден ақша тауып, абырой-атақ алып жатпаған соң, өзiн-өзi мақтамағанда қайтсiн. Оның үстiне мақтану да жарнаманың бiр түрi. Оқуға уақыты жоқ адам, сол жарнамаға сенетiн болды ғой. Әрине, жай емес, мақтанышпен айта аламын. Атырау мен Алтайды былай қойғанда, сен екеумiз сонау Моңғолияның Байөлкесiнде таныспап па едiк. Қазақстанның жағырапиясын менен артық бiлетiн кiсi жоқ десем артық айтқандық болмас. "Ғажапстанға саяхатты" толық оқып шыққан адам, менi түсiнедi, Қазақстанның ұлан-ғайыр даласын да толықтай көз алдынан өткiзедi. Тарих жөнiнде де солай. Қазақстанның шын тарихы КСРО тарихында да, қазiр том-том болып шығып жатқан шежiре кiтаптарда да емес, Ресей пен Қытай архивтерiнде, сондай-ақ қазақ жерiне келген жиһанкездердiң күнделiк жазбаларында жатыр деп бiлем. Күнделiк жанры ғылымға да бiр табан жақын. Күнделiктерде саясаттың ауанымен басшыларға жағу үшiн өңдеу мен әсiрелеу деген болмайды.
– Екеумiз жолдас болғалы жиырма жылға таяпты. Мен бiлетiн Серiк армансыз, мұңсыз секiлдi көрiнедi. Iшiңде кетiп бара жатқан арман бар ма деп сұрасам…
– Арман деген шартты ұғым ғой… Жалпы "Тұяғы бүтiн тұлпар жоқ" демеушi ме едi… Өткен жылы елiмiз тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығына орай Қазақстанның шығыс нүктесi Шындығатайдағы әскери бекеттен батыс нүктесi Форт-Шевченкоға дейiнгi аралықты көне Жiбек Жолының бойымен жүрiп өтудiң жобасын жасаған едiм. Өз түсiнуiмше, бұл өте маңызды жоба болатын. Сондай-ақ шекарамызды нақты белгiлеп, бекемдегенiмiз кеше ғана. Сол шекараны ала бағанның бойымен жүрiп, бiр айналып шықсам деймiн. Өкiнiшке қарай бұл жобалардың жүзеге асары әзiрге неғайбiл.
– "Мәдени мұра" бағдарламасынан қайыр болмады ма?
– Президентiмiз: "Мәдени мұра" бағдарламасына бөлiнген қаржыны анда-мында шаша бермей, бiр мақсатқа салыңдар, ел мен жерiмiздiң екi құрлықты жалғаған көпiр екенiн танытыңдар", – дегендi айтқан, бiрақ көп жағдайда бұл бағдарламаға бөлiнген қаржы орынсыз жұмсалып жатқаны өтiрiк емес. Шекараны көршi екi ел мынау менiң жерiм болсын деп тегiннен-тегiн картадан қарап отырып, қарындашпен сыза салмайды. Шекараны тарих қатпарында жазылған тау сiлемдерi, тарихтың сарғайған парағындай сар дала, айдын көл, асқар белдер, яғни табиғи бөгеттер бөлiп тұрады. Экватор сызығының жартысына пара-пар Қазақстан шекарасы – нағыз бай тарих. Билiк басындағылар мұны бiлмейдi, бiлгенi бүгiнгi тарих қана деп ойлап, мәдени мұраға жатқызғысы келмейтiн шығар. Шыңғысхан заманындағы ат лау жолын (әлемдегi пошта жүйесiнiң негiзiн айтып отырмын) бiздiң халқымыз ғасырлар бойы сақтады. Сондағы сiлем әлi бар. Соңғы жылдары елiмiз көне Жiбек Жолының сорабымен аса үлкен жоба, яғни Еуропа мен Шығыстың арасын жалғастыратын күретамыр жол жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл жобаның бiз үшiн қаншалық маңызды екенiн бiлу үшiн Өскеменнен шығып, Ақтөбе қаласына дейiн жүрiп өтсеңiз бiлер едiңiз. Бұл өзi ғасыр жобасы деп ойлаймын. Менiң "Жасампаз, жарқын жиырма жыл" деп аталар саяхатым осы жобаны насихаттауға бағытталса деп едiм. Шығыс Қазақстан облысы мен Маңғыстау облысы әкiмдерi тарапынан қолдау болып жатса, осы саяхат-сапарды бастап та кетер едiм. Болмай жатса…
Өз басым ел басшылары география пәнiн тереңiрек бiлгенiн қалар едiм. Болмаса да ұқсап бағуы керек… Мен жалпы ел басқаратындар саясаткерлер, экономистер емес, географтар болған жөн деп санаймын. Мемлекет әдебиеттi, тiлдi, математиканы емес, география пәнiн тереңдетiп оқытуы керек. Шетелмен қандай бiр келiсiм жасаушы лауазым иесi туған елiнiң әр тасына дейiн бiлетiн болса ғана қателеспес едi-ау. Жаңа ғана етек-жеңiн жинақтап жатқан елге керегi – сол.
– Бүгiнгi таңда көпшiлiк көркем әдебиеттен гөрi тарихты дендеп оқитын сияқты. Қалай қарайсың?
– Мен жоғарыда айттым ғой, географиямен салыстырғанда, тарих та, әдебиет те осалдау. Дүние бiр қалыпта тұрмайды, ықылым заманнан берi жер бетi бөлiске талай рет түстi. Түсе де беретiн шығар. Қазiр екiнiң бiрi – тарихшы. Бiрақ екiнiң бiрi географ емес. Тарихшылар ренжiсе де айтар едiм, тарих дегенiмiз – саясаттың соңынан ерiп келе жатқан сайқал. Нақты шынайы, шын тарихты хатқа түсiргендер саусақпен санарлықтай. Ал екеумiз күн көрiп жүрген әдебиет, көркем әдебиет дегенiмiз – қисық айна. Ол да дұрыс көрсетпейдi.
– Өзiңе тән ерекше қасиетiң?
– Түсiнбедiм…
– Шығармашылық зертхана мағынасында… Жазудағы тәсiлдерiң…
– Менде тәулiктi күн-түн деп бөлу болған емес. Таңға жақын оянып кетiп, қайта ұйықтаймын, сол кезде өң мен түстiң арасында басыма идеялар келедi. Осы кезде түрлi-түстi түстер көремiн. Шығармаларыма сол идеяларды арқау етемiн. Бiр байқағаным, таң ата келген идеяны жүзеге асырған кезде ұтылмаған секiлдiмiн. Ал саяхатнама кiтаптарымды жазу үшiн сол жерге әуелi бiрнеше рет барып қайтамын. Екiншi рет мұқият аралаймын, елмен сөйлесемiн, артынан бейнетаспаға түсiремiн, тарихи кiтаптарды парақтаймын, сосын барып қолыма қалам аламын.
Бiреудiң жетегiнде жүргiм келмейдi. Басқаның iстегенiн қайталап iстегiм келмейдi. Жұрт әрдайым жаңа дүниенi таңсық дүние ретiнде жақсы қабылдайды. Кемшiлiгiн де байқамай қалады. Сондықтан жаңа идеялар iздеймiн, қолымнан келсiн-келмесiн жаңа дүниеге ұмтыламын. Анам менi жас күнiмде "Еңбек туған күнi туған балам-ай" деушi едi. Еңбектенуден жалықпаймын. Ең жек көретiн күнiм – сенбi мен жексенбi. Бiрақ жалықпағанның бәрi табысқа жете бермейтiн шығар. Кейде өзiме қарап, "ерiнбеген – етiкшi болады" дегенге сенемiн Өмiрде басы ашық шындық жоқ екенi рас болса, адам болғасын оның басында кереғар пiкiрлер болуы заңды да шығар.
– Кереғар дегеннен шығады, қазiр дүние мүлдем кереғар болып кеткен жоқ па?
– Ол да шындық шығар. Жалпы адамдарды психологиялық категория бойынша жұмыс iстейтiндер, жұмыс iстемейтiндер деп екiге бөледi. Жұмыс iстейтiндердiң өзi iшiнен iстей алатындар, iстей алмайтындар деп бөлiнедi. Қазiр жұмыс iстетпейтiндер деген үшiншi топ пайда болды. Олар халық пен өкiмет берген мүмкiндiктi халықтың өзiне қарсы жұмсайды. Бюджеттен алынған кабинет, машина, компьютер, интернет олардың ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық жасауы үшiн қызмет жасайтыны өкiнiштi. Оларға ешкiмге бөгет болмауы үшiн тегiн ақша берiп, үйiнде отырғызып қойған тиiмдi ме деп ойлаймын. Сол сияқты бүгiндерi жұмыс iстейтiн бiр адамның артында жұмыс iстемейтiн жиырма адам жүредi, жиырма жазушының бiрi ғана жазады, қалғандары далақтап босқа жүр. Сол сияқты бiр жазушы жақсы көркем шығарма жазғанымен ол жазушы атана алмайды, керiсiнше соған солақай сын жазған бiреу дырдай жазушы атанады. Кереғарлық емей немене?!
– Ұзақ жасауға қалай қарайсың?
– Менiң бала кезiмде елудегiлер шал сияқты сезiлетiн. Қазiр сексенге таяғандарды қарттар қатарына қосу қиын. Бiрақ мен өзiмдi қартпын деп есептеймiн.
– Неге?
– Қазақ "көп жасағаннан сұрама, көптi көргеннен сұра" дейдi. Әуелi көп дүние көрдiм, сосын көп еңбектендiм. Өмiр бақи үш немесе төрт адамның жұмысын қабат атқардым. Қатарынан үш-төрт жерде жұмыс iстеген кездерiм көп болыпты. Сондықтан көп, тiптен көп өмiр сүрген сияқтымын. Ендi маған қайтадан жиырма жасқа келгiң келе ме десе, "жоқ" деп жауап берер едiм. Себебi еңбек жолындағы, өмiр жолындағы бастан өткерген қиындықтарды қайта кешкiм келмейдi. Жақсы болсын, жаман болсын, жанымдағы немерелерiмнiң орнына басқа немере келгенiн қаламаймын. Оның үстiне адам қанша денi сау болғанмен, психологиялық жағынан шаршайды ғой.
– Секе, туған жердiң қадiрiн сенен артық ешкiм бiлмес, ал Отан дегеннiң өзi – осы туған жер, Отан мен туған жер – егiз ұғым. Бiрақ мен сияқты шетелде туып өскендер үшiн туған жер – бiр басқа, Отан – бiр басқа. Қазақ болып жаралғандықтан қазақ Отаным үшiн от кешуге әзiрмiн. “Әркiмнiң туып өскен жерi – Мысыр шаһары, кiндiк қаным тамған балалық, жастық дәуренiм өткен туған жерiм – санамдағы сағыныш. Мен қайсысын артық сүюiм керек?
Көзбен көрмеген көп адам Моңғолия десе, көз алдына Гоби шөлiн елестетедi. Ол Моңғолияның төрттен бiр бөлiгi ғана. Қалғаны нағыз жерұйық, асқар тау, арынды өзен, ну орман, кең сахара бәрi тоғысқан. 2 миллион 600 мың адамға соның қайсысына болмасын қоныстануға жер жетедi. Сөйте тұра гобилықтар Гобиынан қусаң да кетпейдi. Мұның сырын көзбен көрген мен бiлемiн, Қызылқұмда туған, Бетпақдаланың сырын түйген сен бiлесiң. Нағыз рахат өмiр сонда ғой, Гобиға барып қайтпаймыз ба? Тағы бiр керемет туынды өмiрге келер едi. Әлгi өзiң жазған Пржевалскийдiң жылқысы да осында. Қалай қарайсың?
– Моңғолия бармай жүрген жер емес қой. Менiң Моңғолия көлдерi жайлы жазуды армандап жүргенiмдi бiлген соң айтып отырсың ғой… Ендеше, тәңiр жазса, сол көлдердiң жағасында ұшырасып та қалармыз.