214
АЛАШ ЖУРНАЛИСТЕРIНIҢ АБЫЗЫ
АЛАШ ЖУРНАЛИСТЕРIНIҢ АБЫЗЫ
Қазақтың маңдайына бiткен тұңғыш Университеттiң журналистика факультетiнiң деканы, осы факультеттi өмiрiнiң соңғы демiне дейiн отыз үш жыл бойы кафедра меңгерушiлiгiн атқарған тұлға туралы айтар сөз көп.
Студенттер үшiн "Қазақ баспасөзi тарихының очеркi" аталып, жарық көрген оқулығында елең еткiзер талай-талай ойлар барына бiз куә. Мысалы: "Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов өзiнiң "Сот реформасы туралы" деген мақаласында алдымен реформаның жобасын жасайтын комитеттiң құрылымын сынады. Сөйтiп, ол комитеттiң қазақ халқының ұлттық ерекшелiгiн ескермей, бұқараның пiкiрiмен санаспай iс жасап отырғанын әшкереледi. "Қоғамдағы мерейi үстем таптың пiкiрiн халықтың шын мұқтажына қарсы пiкiрден қарау керек, өйткенi: қоғам iшiндегi атақты және бай адамдардың мақсаты – жоғары мәдениеттi елдердiң өзiнде де, көбiнесе бұқара көпшiлiктiң мүддесiне жат болады", – дедi. Бүгiнгiмiзден жүз қырық алты жыл бұрын ғұлама ғалым Шоқан жазған, отыз жылдан аса ертеректе баспасөз шежiрешiсi Х.Бекхожин қағидалаған сол жағдайды қазiргi кейбiр келеңсiз ситуациямен салыстыра алар ма едiк? Бiздiңше, оған толық мүмкiндiк бар… Атап айтсақ, бiр басында екi облыста 27 кәсiпорны, 700 мың гектардан аса ауыл шаруашылығына қолайлы жерi, 5 элеваторы, 4 нан зауыты, 2 мұнай базасы, 1 авиакомпаниясы, көлiктерге май құятын көптеген заправкасы бар холдинг иесi, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты, сондай жоғары мәртебелi мiнберден кiмнiң жоғын жоқтайды деп бiлер едiк? Мiне, бiр жарым ғасырға жуық ертеректе дуалы ауыздан шыққан, жарты жолда Х.Бекхожин жандандырған публицистика тiлiмен жеткен запыран идеяның қандай кейiпте, қайдан көрiнiс тауып отырғанын қынжыла мойындасақ керек. Ал, халықтың басты кредосы Шоқанша айтсақ: "Қазақтар үшiн әкiмшiлiк – көкейтестi мәселе, сондықтан оған немқұрайды, атүстi қарай алмайтынымызға билiктегiлердiң көзi жетсе ғой…" Осы ойды Х.Бекхожин қайта тiрiлтiп: "Бiздiң заманымызда, – деп көрсеттi ол, – халықтың мұң-мұқтаждарына тiкелей қатысы бар экономикалық және әлеуметтiк реформалар халық үшiн ең маңызды және оған ең тиiмдi реформалар деп саналады", – деп Шоқанды қайталап та қадап та жазғаны тап қазiр де күн тәртiбiмiзде бұлжымай тұрғаны анық. Шоқанның дүниеге көзқарасының қалыптасуына, бұқарашыл публицист болуына әсер еткен алдымен өз халқының, сонан кейiн шығыстың классикалық шығармалары ықпал жасағаны аян. Түптеп келгенде, қазақтың шетел мойындаған ресми тұңғыш ғалымы бола алғанын айғақтаған Х.Бекхожин. Қазақ журналистикасының бiрiншi профессорының зерттеу нысанына iлiккен екiншi тұлға – Ыбырай Алтынсарин "Дүниежүзi педагогика классиктерiнiң гуманистiк идеяларын басшылыққа алып, оларды қазақ даласында оқу-ағарту практикасына енгiзген тұңғыш педагог" (Қазақстан, Ұлттық энциклопедия. 1 т.) Х.Бекхожиннiң "Алтынсариннiң "Қазақ хрестоматиясын" жұрт газет, журналдың орнына пайдаланды, өйткенi, ол кезде мерзiмдi баспасөз жоқ едi. Оның бұл кiтабы әрi оқулық, әрi көпшiлiкке арналған публицистика және көркем әдебиет шығармаларының жинағы, халыққа әртүрлi бiлiм беретiн энциклопедияның рөлiн атқарды", – деп куәландырады. Х.Бекхожинның кiтабының "Ыбырай Алтынсарин – журналист" аталатын тарауында: "Қазақ халқы қарапайым. Бiз қарапайымдылықтың өзiнен де көп жақсылық табамыз. Қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бiрақ оқымаған халық. Мәселе оны ағартуда болып отырған деп баса айтылуы "қазақтар сотқар, қанқұмар" деушiлерге соққы берiп, ұлт намысын қорғады" – дей келе, ұлы педагогтың өмiр кредосына айналған бiр қазықты пiкiрiн, өкiнiшке қарай, атүстi баяндап өте шыққан. Бұл жерде мәселе 21 жасар Алтынсариннiң 1860 жылы Қазан университетiнiң профессоры, белгiлi миссионер Н.И.Ильминскийге жазған бiр хатында болып отыр. Онда Хайрекең келтiрген жолдар түпнұсқада: "Қазақ даласын үш жыл аралағанда қазақтар тапқыр, ақылды, қабiлеттi, бiрақ бiлiмсiз халық екен" дегенiңiз әбден дұрыс. "Қазақтарды оқыту бастықтардың ойына да кiрiп-шықпайды, бекiнiстерде училищелер салудан гөрi үйiнiң онсыз да қып-қызыл шатырын сырлауды, онсыз да аппақ қабырғаларын ағартуды артық санайды" (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1 т. – 305-306 бб.) – деген-дi. Тұңғыш қазақ мұғалiмiнiң жiгерлi қызмет жасап жүрген кездерiнде, яғни 1868 жылы "Орынбор және Батыс Сiбiр генерал-губернаторының дала облыстарын басқару жөнiндегi уақытша ережеге" пiкiр бiлдiргенде: "Бүгiн бiр халықтың өмiр салтын күшпен өзгерту нағыз қабiлеттi халықтың өзiн де енжар, селсоқ халыққа айналдырып жiберуi мүмкiн… Шындығында табиғаттың заңында жас баланы бiрден естияр адамға айналдыруға болмайды ғой…" (Қазақ совет энциклопедиясы. 1 т. – 1972. -308 б.), дегенi бар. Ол "Очерктiң" назарынан тыс қалыпты. Алайда Ы.Алтынсариннiң сол пiкiрiн тап бүгiндерi еске түсiру оңды секiлдi. Тарих ғылымының журналистика саласындағы алғашқы докторы Х.Бекхожин ХIХ ғасырдың бiр ғұламасы Абай хақында өз ұстанымын айқын бiлдiрiп кеткенiн бүгiндерi көрiп отырмыз. "Қазақ елiне капиталистiк элементтердiң енуiн, осыған байланысты бұған дейiнгi тәртiп пен идеология шайқала бастағанын өз көзiмен көрген" Абайдың "творчествосының басты тақырыптары халықтың тағдыры туралы, адамның жеке басының қасиетi мен борышы туралы, пайдалы еңбек және оқу-ағарту болып келетiнiн" саралаған. Бұл тұста басты қаперге алатын сәт – хакiмнiң "Ғақылия сөздерiн" зерттеушi Х.Бекхожин тек жалынды да зерделi публицистика жанрына қойылатын талап-тiлек тұрғысынан ғана қарастырған. Мұндай ғылыми-зерттеу әдiсi автор үшiн өте сәттi де ұғымды жай болғанын атап өтуге ұлықсат етiңiздер… Бiр тұста сол кездегi саңлақ доцент Бекхожин: "Абай "Бiрiншi сөзiнде": "Осы ойыма келген нәрселердi қағазға жаза берейiн, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кiм де кiм iшiнен керектi сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегi жоқ десе, өз сөзiм өзiмдiкi дедiм де, ақыры осыған байладым, ендi мұнан басқа ешбiр жұмысым жоқ", – деген жолдарды нысанаға алады. Соның артын ала, бiр сөйлемнен кейiн неге екенi қайдам, өзi де айта алатын "оның әлеуметтiк қарқыны халық өзiнiң қамқорлығына түсiнер, сөйтiп, қараңғылықтан, надандықтан арылар деген үмiтпен ұштасып жатыр", деген М.И.Фетисовтiң пiкiрiн қайталаған… "Тарихтың басты қасиетi – қайталана беретiндiгi" дегенiмiздi тағы да еске түсiргiмiз келедi. Қазiргiден отыз жылдан аса уақыт бұрын Х.Бекхожин үшiн сол "Бiрiншi сөз" қажеттiлiк қылған шығар. Ал, маған болмысымызды болжаған секiлдi: "Байлар, олар өздерi де бiр күн болса да, дәулет қонып, дүниенiң жарымы басында тұр. Өзiнде жоқты малымен сатып алады. Көңiлдерi – көкте, көздерi – аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, бiлiм – ешнәрсе малдан қымбат демейдi. "Мол болса, Құдай тағаланы да паралап алса болады" дейдi. Оның дiнi, Құдайы, халқы, жұрты, бiлiмi, ұяты, ары, жақыны – бәрi мал. Сөздi қайтiп ұқсын, ұғайын десе де қолы тие ме?.. Онша-мұнша қой жүндi қоңыршалар күнiн де көре алмай жүр. Аналар анадай болып тұрғанда, бiлiм, ғылым, ақылды не қылсын? Және де бiлiм, ғылым кедейде жоқтай-ақ…" – дегенiн көрегендiк үлгi есебiнде ұсынар едiм… Осы жерде қиялгерлiк қасиет танытқан дана Абайдың кiмдерге мегзеп отырғанын және "Сегiзiншi сөздiң" тап қазiрде басымызға түсiп отырғанын өздерiңiз менен артық түсiнесiздер ғой… Саналы өмiр жолында жазған Хайрекеңнiң жалғыз оқулығы бiздi жоғарыдағыдай еркiн де болса, көңiлсiз ойларға жетелейдi. Қолына қалам ұстағандардың бүгiнгi таңдағы қазiргi жұрт пайдалануға үйiрсек сөзi – "имиджiн" жарық көрген таралым санымен өлшейтiндер бар. Ресми дипломы бойынша менiң бiр әрiптесiм – журналист, бiрақ қауiпсiздiк мекемесiнiң майоры әскери дәрежесiне жеткен, марқұм досымның: "Сенiң кiтабыңның тиражынан шәкiрттерiңнiң саны әлдеқайда асып түседi", – дегенi бар. Осы пiкiр – мен үшiн ең мақтаулы баға. Өмiрден озғанына отыз жыл болған, ал жалпы жасы бiр ғасырға толған менiң де ұстазым Хайыржан Нұрқожаның ұлы Бекхожиннiң жазғанынан гөрi оқытқан дәрiстерi шәкiрт дәрежесiнде мақала авторын жоғарыдағыдай бүгiнгi күннiң бiтеу жара мәселелерiнiң шет-жиегiн сәл-пәл түруге итермелеген едi…
Абдул-Хамид Ф. Мархабаев,
филология ғылымдарының докторы, профессор