КӨКӨНIС ҚОРЫН МОЛАЙТУДЫҢ ҚАМЫ
КӨКӨНIС ҚОРЫН МОЛАЙТУДЫҢ ҚАМЫ
Таяуда облыс әкiмi Серiк Ахметов жұмыс кеңесiн өткiзiп, онда "AGS Project engineering" компаниясы ұсынған Абай ауданындағы "Топар" жылыжай кешенiн жаңғырту жобасы таныстырылды.
Қазiрде азық-түлiк бағасы, соның iшiнде Қытай мен Өзбекстан, Қырғызстан елдерiнен, республикамыздың оңтүстiк аймақтарынан келетiн жемiс-жидек көкөнiс өнiмдерiнiң құны күн сайын артып барады. Оның үстiне биылғы құрғақшылықтың дақпырты мен Қырғызстандағы жағдай да көкөнiс бағасын өртке май құйғандай өршiтiп кеттi. Ала жаздай келiсi 80 теңгеден түспеген картоптың күзгi жиын-терiн кезiндегi бағасы да жылдағыдан әлдеқайда жоғары 60-70 теңге көлемiнде болды. Қара күзде бұл баға қайтадан шарықтады. Жуа мен сәбiз, орамжапырақтың құны да удай. Облыстың басты қалаларында ұйымдастырылған кезектi жәрмеңкелер де жылдағыдай қолжетiмдi бола қойған жоқ. Демек, облыста көкөнiс мәселесi күйiп тұр.
Дегенмен қарағандылықтар қол қусырып қарап отырған жоқ. Көктем-қыс айларында қолданатын көкөнiстерiн күзгi бағасына көтере сатып алып, бұзбай сақтаудың тиiмдi жолдарын қарастыруды қолға алғалы бiраз уақыт болды. Осыдан екi жыл бұрын Қарағанды қаласының Майқұдық ауданында көкөнiс сақтайтын үлкен қойма пайдалануға берiлген болатын. Соның арқасында қала тұрғындарының бiраз бөлiгi жаздың ортасына дейiн бұзылмай сақталған көкөнiстi базардағыдан арзан бағаға сатып алып, тұтынуға қол жеткiзiп отыр. Сонымен бiрге қарағандылықтар даяр көкөнiстi сатып алу ғана емес өздерiнде өсiрiп, баптаудың да мүмкiндiктерiн қарастыруда.
Әкiм назар аударған "Топар" жылыжайына келетiн болсақ, аталмыш кешен Қазақстандағы ең iрi жылыжай шаруашылықтарының бiрi (жалпы аумағы 24 гектар) екендiгiне қарамастан кәсiпорынның қазiргi ахуалы өте мүшкiл деп айтуға болады. Сол себептi оны жаңғыртып, жаңарту қажеттiлiгi туындаған болатын. Кешен құрамында бүгiнгi күнi әлемнiң ешбiр жерiнде қолданылмайтын ангар типтi жылыжайлар, сондай-ақ заманауи технологияларды қолдануға еш мүмкiндiк бермейтiн, 1978 жылы ебедейсiз блоктардан тұрғызылған жылыжайлар бар. Ал, бұл өз кезегiнде ғимаратты жылытуға қиындық туғызып электр энергиясын көп шығындауға алып келетiндiгi айтпаса да түсiнiктi. Қысқы мерзiмде көкөнiс өсiруге де мүмкiндiк бермейдi. Нәтижесiнде өнiм көлемi орташа алғанда жылына бiр шаршы метрден 3,4 килограмм көкөнiс, ал жалпы 760 тоннаны ғана құрап отыр.
Ал, қазiргi заманғы жылыжай кешендерi бiр шаршы метрден 60-70 килограмм өнiм бередi. Бұл ретте "AGS Project engineering" компаниясының жобасы бойынша салынатын жалпы аумағы 6 гектар жылыжай корпустары жылына 4 мың тонна көкөнiс алуға мүмкiндiк жасайды. Жылуға кететiн шығын 7 есеге дейiн азаймақшы.
Кешендi жаңғырту екi кезеңнен тұрады. Бiрiншiсiнде ангарлы жылыжайлар заманауи тұрғыдағы блоктардан салынатын жайларға ауыстырылады. Жобада жылыжайларды өте берiк және жарықты жақсы өткiзетiн, жылуды ұстайтын поликарбонат материалымен қаптау көзделген. Ол жылу шығынын 40 пайызға төмендетуге мүмкiндiк бередi. Сонымен қатар табиғи түрде жоғарыдан желдету және ауаны ылғалдандыру, гидропоник, тамшылата суғару, тыңайтқыштарды автоматты түрде салу, жасанды жарықтандыру және басқа да озық технологиялар қолданылатын болады.
Таныстырылым қорытындысында облыс әкiмi "Топар" жылыжай кешенiн жаңғырту жобасын жүзеге асыру аймақ үшiн стратегиялық маңызға ие екендiгiн және аграрлы секторды дамытуға елеулi үлес қосатындығын атап өттi.
Аманжол АҚЫН,