ГЕРМАНИЯ – ГЭС САЛУДЫҢ ШЕБЕРI

ГЕРМАНИЯ – ГЭС САЛУДЫҢ ШЕБЕРI

ГЕРМАНИЯ – ГЭС САЛУДЫҢ ШЕБЕРI
ашық дереккөзі
289

Жер ресурстарын Қазақстан әлi де тиiмдi пайдалана алмай келедi. Кең байтақ территорияның басым көпшiлiгi шөлейттi аймақ болса да, өзен сулары мен желдiң өзiнен алынатын қуат көзiн шашау шығармай, там-тұмдап болса да iшкi қажеттiлiктердi қанағаттандыруға жетiп артылар едi. Алайда сарқыраған өзендерiмiз тұрып, көмiр кен орындары тұрып, электр энергиясын оңтүстiкте Қырғызстаннан, ал батыста Ресейден алатынымыз жанды күйдiредi.

Бұл саланың мамандары территорияның ауқымдылығынан, батысқа энергия жiбергенше, Ресейден тартып алу географиялық жағынан үнемдi дегендi алға тартып жүр. Оңтүстiкте де дәл осы жағдай. Сонда электр энергиясын гидро және жылу электр станцияларынан алатын мүмкiндiк бола тұрып, көрiнгенге қол созамыз… Иә, мүмкiндiк демекшi, шекарасы оймақтай Германия мен Корея жаңа технологияның көмегiмен қуат алудың барлық жолдарын қарастырған. Нәтижесi жаман емес, мемлекет iшiн электр энергиясымен өздерi қамтамасыз етедi. Тiптi, сыртқы нарықта да танылып, осы саланың көшбасшысы атанған.

ИМПОРТТЫҚ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ

Сонымен, бiз шетелден тасымалдамайтын не қалды? Ұлттық өнiм, ұлттық өндiрiстi шетелге шығару керек деп жатамыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, республика бойынша 200-ден астам өнiм экспортқа шығарылады екен. Оның басым көпшiлiгi шикiзаттық өнiм десек, керiсiнше шетелден әкелетiн өнiмдерiмiз шаш етектен. Иә, алдымен, өз көсегемiздi көгертсек те тәубе. Қазақстанның оңтүстiгiне электр энергиясы Қырғызстаннан алынатыны мәлiм. Өткен жылы Қырғызстанда болған ақаулардан Алматы облысынының кейбiр елдi мекендерiнде жарық сөнiп қалған-ды. Бәрiбiр тасымалдауды тоқтатқан жоқ. Жыл соңына дейiн Қырғызстаннан 1,5 миллиард кВт шамасында электр энергиясын аламыз. Бұл туралы Жаңа технологиялар және индустрия вице-министрi Дүйсенбай Тұрғанов хабарлаған едi. Ол да өз кезегiнде айырқалпақты бауырлардан келетiн электр энергиясының бiзге арзан түсетiнiн айта келiп, осы елге жәрдем ретiнде импорт көлемiн ұлғайтатынын айтты. Одан да неге өзiмiздегi өндiрiстi ұлғайтпасқа?

Ағымдағы жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша қазақстандық электр станцияларында өндiрiлген қуат 60 млрд. кВт құраған екен. Оның басым бөлiгi Қапшағай ГЭС-iне тиесiлi. Сондай-ақ бiр ғана Алматы облысында бiрнеше ТЭЦ жұмыс iстеп келедi. Сонда да болса iшкi қажеттiлiктi қамтамасыз ете алар.

НЕМIС ИНВЕСТОРЛАРЫНЫҢ ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСЫ

Елiмiздегi осынау қыңқыл-сыңқылы көп саланы германиялық инвестор Pure Nature Energy жетекке алмақшы. Олар қазақстандық гидроэнергетикаға 10 жыл iшiнде миллиард еуро салуды көздеп отыр. Оларға қарсы шыққан Үкiмет бұл инвесторларға жеңiлдiк жасап, салық бойынша жеңiлдiк және инфрақұрылымдық шығындар компенсациясын қарастырып бермек. Десе де "айдаладағы батпан құйрық" бiрден келе қоймайды. Әуелi құны 5 миллион долларды құрайтын бiр ғана жоба салынбақшы.

Қазақстанның оңтүстiк-шығыс облыстарына қуаты 5-тен 60 мВт-қа дейiнгi гидроэлектр станцияларын тұрғызуға инвестиция салынады. Экспорт және инвестиция бойынша Kaznex Invest ұлттық агенттiгi нелiктен дәп осы компанияға таңдау түскенiн таратып айтып та бердi. "Еуропадағы гидроэнергетикадан Германия алғашқы орында тұр. Сондықтан да әлемдiк қаржы дағдарысынан кейiнгi осы компанияның өнiмдiлiгi күрт артты. Сондай-ақ, шағын және орташа ГЭС құрылысы бойынша Германия мойындалған".

Аталмыш компания су-энергетикалық мүмкiндiгiн зерттей келе кең байтақ өлкеден 2,3 гВт электр энергиясын бере алатын 500 орынды тапқан. Немiс компаниясының зерттеулерiне сүйенсек, Қазақстанның гидроэнергетикалық потенциалы 4 гВт құрайды. Бұл дегенiңiз, Қазақстан импорттық электр энергиясын қысқартып қана қоймай, iрi экспорттық мемлекетке айналумен пара-пар.

Электр станцияларын әлi де көптеп салу керек, елiмiзде пайдаланылатын қуат көзiнiң 12 пайызы осы гидро станцияларда алынады. Ал құрылыс келiсiмшарттары бекiтiлiп, өндiрiстiң басталуы тек 2014 жылға белгiленiп отырса керек. Бұған дейiн бұл саланы жақсарту шаралары жүргiзiле тұрады. Атап айтсақ, Екiбастұз және Ақсу станцияларының қуатын арттыру, өнiмдiлiгi 1200 мВт-ты құрайтын Жамбыл ГРЭС-iн жағармаймен қамту, сондай-ақ, шағын ГЭС-тердi пайдалану. Бiрақ жаңа ГЭС-тiң салынуы электр энергиясы дефицитiн болдырмай, тарифтiк бағаны тұрақты ұстап тұрар ма едi… Ай сайын аспандап отырған жарық ақысы оған дейiн қанша теңгеге қымбаттамақ? Елдегi осындай жағдайларға қарамастан кейбiр ақпарат көздерi экспортқа 7-10 пайыз энергия шығарып отырғанымызды жарыса айтуда.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары