ЕУРОАЙМАҚҚА ҚАУIП ТӨНДI

ЕУРОАЙМАҚҚА ҚАУIП ТӨНДI

ЕУРОАЙМАҚҚА ҚАУIП ТӨНДI
ашық дереккөзі
167

Еуропаның қарызы көбейiп барады. Неге?..

Банктерде қордаланып қалған қарыздардың кесiрiнен инвесторлар сенiмiне сызат түсуi, нарықтағы аласапыран, бюджеттiк тапшылық көлемiнiң күрт артуы, экономикалық ахуалды ушықтырып жiберген түрлi шығындар еуроаймақты құрдымға кетiруi мүмкiн. Еуропалық Одақтан аса iрi көлемде қаржылық көмек алған бiрқатар елдiң әлi күнге қиындықтарын шешуге қауқарсыз болуы кәрi құрлық экономикасын ушықтыра түскен.

Соңғы кездерi еуропалық мемлекеттердiң қарыздық мiндеттерi уақыт өткен сайын өсiп, мақтаулы еуроның бағамы төмендеп, инвесторлардың жарқын келешекке деген күмәнi сұйыла түскен. Егер Еуроодақ құрамындағы бай мемлекеттер қаржылық ахуалы ушығып, экономикасы шатқаяқтаған елдерге қаржы құюдан үзiлдi-кесiлдi бас тартса, қарыздары қордаланған мемлекеттер дефолтқа ұшырап, қоғамда қаржылық тұрақсыздық белең алуы мүмкiн. Оның соңы әлеуметтiк тәртiпсiздiктер мен саяси қақтығыстарға әкеп соқпақшы. Бүгiнде инвесторлардың бағамы төмендеп бара жатқан еуродан гөрi анағұрлым сенiмдi салымдарға иек артуы еуроаймаққа ауыр соққы болуда. Осы себептi, үкiметтер несиелiк нарыққа деген сенiмдi нығайтып, әлемдiк экономиканың өсуiне ықпал ететiн сауда мен қаржы салалары арасындағы тепе-теңдiктi орнатса ғана халi мүшкiл тартқан еуроаймаққа көп көмек болары анық. Бiрақ әлемдiк экономиканың "тамырын басып, бал ашатын" халықаралық сарапшылар қауымына бүгiнде оптимизмнен гөрi писсимизм тән. Мәселен, жуырда болашаққа болжам жасаған Citigroup кәрi құрлықтағы бастарына бұлт үйiрiлген елдердi дербес дефолттан аман алып қалу үшiн 2 трлн. еуро қажет екендiгiн айтты. "Еуроодақтың Дағдарысқа қарсы күрес қорына бөлген 750 млрд. еуро жеткiлiксiз" деп мәлiмдеген Citigroup-тың бас экономисi Уилиям Буйтер: "Алдағы 5 жылда қауiп аймағында тұрған Грекия, Ирландия, Испания, Италия мен Португалия өте шапшаң өсiп бара жатқан қарыздардың кесiрiнен банкротқа ұшырайды дейдi. Қазiргi таңда сарапшылар арасында экономикасы сыр берген мемлекеттер еуроаймақтан шығуы керек деген пiкiрдi ұстанғандар да кездеседi. "Кәрi құрлықтың банк жүйесiне өте үлкен көлемде шығын келтiрмес үшiн Грекия, Португалия, Ирландия мен Испания еуропалық аймақтан өз ерiктерiмен бас тартуы тиiс" деп мәлiмдеген Вашингтондағы Америкалық кәсiпкерлiк құрылымның сарапшысы Десмонд Лахман жоғарыда аталған төрт елдiң кез келгенiнде орын алуы мүмкiн дефолт Еуропалық Одаққа мүше елдердiң барлығына бiрдей қауiп төндiретiнiн, осының кесiрiнен, төрт ел бәрiбiр ЕО құрамынан шығуға мәжбүр болатынын айтады: "Бұл елдердiң қарызға қатысты проблемалары әлдеқашан ушығып кеткен. Қазiр олар қаржы бөлудiң арқасында ғана әупiрiммен аман отыр. Егер ақша құю тоқтатылса, құрдымға құлап, бүкiл еуропалық жүйенi өздерiмен бiрге ала кетедi". Оның пiкiрiнше, шыққан шығыны орасан зор төрт мемлекетке ұлттық валюталарын девальвациялау да көмектеспейдi. Өйткенi, төл ақшаны құнсыздандырса, сыртқы жағымсыз әрекеттерден қорғануға сеп болатын экспорт мәселесi қиындайды. Оның үстiне, экономиканы жақсартуға бағытталған мемлекеттiк бағдарламаларға бөлiнетiн қаражат көлемi де жыл сайын қысқара түскенi тағы бар.

Грекия, Ирландия, Испания мен Португалияның мемлекеттiк қарыздарын өшiруге Еуропалық Одақ пен Халықаралық қаржы қоры рұқсат етпейтiнi анық. Негiзi аймақтан шығу туралы мәселенi осыдан бiраз уақыт бұрын Португалияның Сыртқы iстер министрi Луиш Амаду көтерген едi. Ол егер үкiмет басындағы партия мен оппозиция ортақ коалицияға бiрiге алмаса және оппозиция шығындарды қысқартуға қатысты бюджеттiк жобаны бекiтпесе, Португалияның еуропалық аймақтан кетуге мәжбүр болатынын мәлiмдеген. Алайда, бiрде бiр елдiң еуроаймақтан өз еркiмен кетпейтiнiне, өйткенi, мұндай қадам кез келген ел үшiн "экономикалық тұрғыда өлiмге" тең болатынына сенiмдi сарапшылар қауымы: "Бұған ЕО-ның өзi де жол бермейдi. Өйткенi, iргесiн жылдар бойы кеңiтумен келе жатқан Еуропалық Одақтың келешегiне күмән келтiретiндер санын көбейтедi" дейдi.

Осыдан екi апта бұрын Страсбургте еуропалық депутаттар алдында есеп берген Еуропалық орталық банк жетекшiсi Жан-Клод Трише 2011 жылы Еуропалық Одақ пен еуроаймақтың тағдыры шешiлетiнiн мәлiмдеген: "Алдағы жыл ЕО мен еуроаймақ үшiн аса маңызды. Өйткенi, басқару реформасы жүргiзiлiп, қаржы саясатына қатысты пiкiрталастар қыза түспек". Үстiмiздегi жылдың қарашасында Еуропалық Одақтың кезектi саммитiнде Еуроодақтағы экономикалық басқаруға байланысты өзгертулер енгiзу туралы бастаманы ұйымға мүше елдер түгел құптаған болатын. Осыны көлденең тартқан Трише 2011 жылы Еуроодақтың басты келiсiмдерiне түрлi дағдарыстар мен келеңсiздiктерге төтеп беру мақсатында өзгертулер енгiзу процесi орын алатынын жеткiздi. Өткен аптада еуроаймаққа мүше 16 мемлекеттiң ЖIӨ көлемi 2010 жылдың соңында 1,7 пайызға тең болатынын, ал 2011 жылға қарай бұл көрсеткiш 1,5 пайызға төмендейтiнiн мәлiмдеген Еуропалық комиссия 2012 жылы еуроаймақтың экономикасы 1,8 пайызға қайта өсетiнiн болжап отыр. Үстiмiздегi жылдың көктемiнде аталған көрсеткiштi 0,9 пайызбен шектеген Еурокомиссия арада алты ай өткенде есептеулердi екi есеге дейiн көтердi. Кәрi құрлықтағы экономикалық проблемаларды шешуге бiлек сыбана кiрiскен басты мемлекет – Германия. Оның ЖIӨ көлемi биыл 3,7 пайызға тең, ал келесi жылы 2,2 болмақ. Ал Одаққа келесi жылы мүше болатын үмiткерлер арасындағы Эстония 2011 жылы экономикалық қауқарын 4,4 пайызға дейiн күшейтсе, Финляндия – 2,9%, Словакия – 3%. Жағдайы қиындағандар қатарындағы Португалияның экономикасы келесi жылы 1 пайызға дейiн төмендесе, 2012 жылы 0,8 пайызға артпақ. Ал экономикасы 3 пайызға дейiн қысқаратын Грекияға қарыздық мiндеттерi тұсау. Еуропалық Одақ, Еуропалық орталық банк, Халықаралық қаржы қорынан 85 млрд. еуро көлемiнде қаржылық көмек алғалы отырған Ирландия 2011 жылы экономикалық қуатын 0,9 пайызға өсiрудi көздеп отыр. Еуроаймақтағы 16 ел бюджет тапшылығымен алысып жатқанда Еуропалық Одақ ұйымға мүше мемлекеттерге 2014-2015 жылдарға дейiн қаражат тапшылығын ЖIӨ-нiң 3 пайызын арттырмау туралы жаңа талап қойды. Өйткенi, банктер мойнындағы қарыздық қордалануы салдарынан, экономикалық ахуалы ушыққан Ирландияның бюджет тапшылығы ЖIӨ-нiң 30 пайызына тең. Қаражат тапшылығын қысқартып, 15 млрд. еуроны үнемдеуге уәде берген Ирландия ЕО мен ХҚҚ-дан қарыз сұрауға мәжбүр болды. Ирландықтардың экономикалық талаптарды күшейте түскенiне наразы инвесторлар кезiнде Еуропалық Одақтан 110 млрд. еуро көмек алған Грекияның сәтсiздiктерiн мысалға келтiре отырып, "шығындарды қысқарту стагнацияға немесе экономикадағы рецессияға әкеп соғады" деген қауiп айтуда. "Жығылғанға – жұдырық", ЕО-дан қаржылық тұрғыда көмек алған Венгрия, Латвия мен Румыния да әлi күнге бюджеттiк тапшылық мәселесiн реттей алмай отыр. Қомақты көлемде қаражат бөлiп, қиындыққа тап болған мемлекеттердi құтқаруға жанталасқан Еуропалық Одақ мұндай қадамға дағдарыстан ендi ғана ес жиып келе жатқан әлемдiк экономиканы қолдау мақсатында барды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары