ӨНЕГЕЛI ӨМIР

ӨНЕГЕЛI ӨМIР

ӨНЕГЕЛI ӨМIР
ашық дереккөзі
299

Адамзат баласының бойындағы адамгершiлiк, iзгiлiк, кiшiпейiлдiлiк және қарапайымдылық мiнездер мен қасиеттер жайында Қасиеттi Құран Кәрiмде жиi баяндалады. Ал көне қытай философы Конфуций өз еңбектерiнде осы аталған мiнез-құлықтарды тектiлiктiң, парасаттылықтың жарқын көрiнiсi деп санайды.

Өткен ғасырдың 1978-79 жылдарынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiне (ол кезде С.М.Киров атындағы мемлекеттiк университет) Куба Республикасы, Моңғол Халық Республикасы, Вьетнам, Лаос, Ауғаныстан елдерiнен бiр топ жастар келiп, философия, экономика, химия, филология факультеттерiнде бiлiм ала бастады. Алғашында оларға арналған жалғыз орыс тiлi кафедрасы және бiр ғана декан болды. Ара-тұра университетте шетел азаматтарына арналған дайындық факультетiнiң қажеттiлiк мәселесi iшiнара болса да айтылып жүрдi.

Алатаудың қақ баурайынан жүзге жуық гектар жердi алып жатқан университет қалашығының алғашқы бөлiгiнiң құрылысы аяқталған кез болатын. Экономика, заң, филология, тарих, журналистика, биология, география факультеттерiнiң оқу ғимараттары бой көтерiп, кiтапхана, тамақтану комбинаты, жатақханалар, оқытушылар мен университет қызметкерлерiне арналған баспана үйлер салына бастады. Бұған қоса 16 қабатты ректораттың бас ғимараты университеттiң айбынын асқақтата түскен. Мiне, осындай игi iстердiң жүзеге асуына, ұлт мүддесi жолындағы арман-мақсаттардың орындалуы үшiн аянбай тер төккен айбынды азамат, қоғам қайраткерi, академик Ө.А.Жолдасбековтiң еңбегi өлшеусiз екендiгiн мен ғана емес, барша көпшiлiк жақсы бiледi. Әрi оны ешқашан ұмытпақ емес.

Одақтың Бiлiм министрлiгi ұйғарымымен 1985 жылы 1 қыркүйектен бастап бiздiң университетте шетел азаматтарына арналған дайындық факультетi ашылатын болды. Мақсат – Орталық, Оңтүстiк Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Африка, Латын Америкасы елдерi үшiн бiлiктi мамандар даярлап шығару.

Сонымен не керек, жаңа факультетте қызықты да қиын кезең басталып кеттi. Сол тұста бiздер физиктермен аралас-құралас болдық. Нақтырақ айтсам, университет өмiрiнiң қазанында қатар қайнадық десе болады. Сондықтан Құралай Ахметқызы Аққошқарованың жалпы бiлiм беру кафедрасының меңгерушiсi болып тағайындалуына өз басым бек қуанышты болдым.

Айта кету керек, МГУ-дiң түлектерi В.А.Леонов пен В.А. Герман сол кездегi ректордың шақыруы бойынша келiп, жаңа факультеттiң декандық және кафедра меңгерушiсi қызметiне тағайындалған едi. Бұдан басқа факультетке 31 тәжiрибелi оқытушылар жұмысқа алынды. Солардың iшiнде Қ.А. Аққошқарова, Ж.С.Садықов, Л.С.Торохтий, Р.М.Есбулатова, Т.А.Шуховцова, Е.А. Катековтер күнi бүгiнге дейiн факультетте еңбек етуде.

Елiмiзде тәуелсiздiкке қол жеткiзгенге дейiн шетел азаматтарына арналған сабақ беру әдiстемесi, оқу құралдары мен оқулықтар жоқтың қасы болатын. Факультет деканы ретiнде Құралай Ахметқызы сол кезде ең алдымен осы күрделi мәселенiң түйiнiн шешудi қолға алды. Сөйтiп екi-үш жылдың iшiнде математика, физика, Қазақстан тарихы тағы басқа негiзгi пәндер бойынша материалдар Бiлiм министрлiгiнiң жоспарына сәйкес жарық көрдi. Осы арада тағы бiр маңызды нәрсенi айта кеткен жөн. Университетiмiздiң дайындық факультетiн бiтiрген түлектерiне Мәскеу арқылы сұраныс өте жоғары деңгейде болды. Бұған дәлел – факультетке қабылдануға тиiс 100 оқушының саны 187-ге дейiн жететiн.

Соңғы жиырма бес жылдың iшiнде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң шетел азаматтарына арналған дайындық факультетiнде әлемнiң 83 елiнен келген үш мыңнан астам жастар бiлiм алды. Бүгiнгi таңда факультетiмiзде әр елден келген 300-350, оның iшiнде 150 қазақ диаспорасының өкiлдерi оқиды. Бiлiм алушыларға қазақ, орыс тiлдерi, математика, Қазақстан тарихы бойынша 72 оқытушы дәрiс бередi. Мiне, шетел азаматтарына арналған дайындық факультетiнiң бүгiнгi күндегi жеткен биiгi осылай зор мақтанышпен айтатындай дәрежеде десек артық емес. Әрине келешекте университетiмiздiң беделiн тек республика көлемiнде ғана емес, бүкiл шартарапқа одан әрi арттыра түсуге ықпал ететiн, үлкен үмiт күттiретiн факультеттiң алар асуы әлi алда екендiгi белгiлi.

"Жалғыз ағаш орман емес" дейдi дана халқымыз. Дегенмен шетел азаматтарына арналған факультеттiң оңды нәтижелер мен жетiстiктерге қол жеткiзуiне профессор Қ.А.Аққошқарова көп үлес қосқандығын баса айтуымыз керек. Әрi ол елеусiз, ескерусiз қалған жоқ. Құралай Ахметқызы Аққошқарова – ҚР Инженерлiк Академиясының корреспондент мүшесi, "Ерен еңбегi үшiн", "Еңбектегi ерлiгi үшiн" медальдары, Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетiнiң, ҚР Бiлiм және Ғылым министрлiгiнiң және Алматы қаласы әкiмiнiң Құрмет грамоталарының иегерi.

Бүгiнгi таңда қоғамымыздағы ең өткiр проблемалардың бiрi – ұлттық тiл мәселесi. Мемлекеттiк тiл мәртебесi жөнiнде көптеген iс-шаралар атқарылып жатқанымен, тоқмейiлсуге әлi ерте деп ойлаймын. Құралай Ахметқызының ана тiлiмiздiң болашағына ұлт жанашыры ретiнде алаңдайтындығы ақиқат.Ол оқытылатын пәндер ғана емес, кафедра мәжiлiстерi мен түрлi деңгейдегi конференциялардың қазақ тiлiнде жүргiзiлуiне баса мән бередi. Бұған қоса Құралай Ахметқызы – Құдай қосқан қосағы, белгiлi жазушы С.Досанов шығармаларының алғашқы оқырманы екендiгiн айта кеткен жөн.

Құралай Ахметқызы – оқыған, көзi ашық, елдiң елеулiсi, халқының қалаулысы бола бiлген тектi ата-ананың ұрпағы. Әкесi Ахмет Аққошқаров КСРО-ның шетел iстерi Министрлiгiнiң Жоғары Дипломатиялық мектебiн бiтiрген. Республикамыздың әртүрлi мемлекеттiк салаларында жоғары лауазымдық қызметтер атқарған. Анасы Патшайым Тәжiбайқызы Тәжiбаева табиғи таланты мен табанды еңбегiнiң арқасында талай жетiстiктерге қол жеткiзген белгiлi ғалым. Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесi. Шығыс әйелдерi арасында шыққан тұңғыш геология-минереология ғылымдарының докторы.

Уақыт сынаптай сырғанап өтуде. Қара шаңырақ әл-Фараби атындағы ұлттық университеттi Құралай Ахметқызымен секiлдi ғылымға шыңдап берiлген, өз iсiнiң майталман шеберлерiнсiз көзге елестету мүмкiн емес. Сандаған мың шәкiрттерiнiң жүрегiнде ғылымның мәңгiлiк алауын жаққан аяулы ұстаз-ана Құралай Ахметқызы сынды ұстаздарсыз әл-Фараби атындағы ұлттық университет елiмiздегi жоғары оқу орындарының көшбасшысы атана да алмас едi.

Жасұлан САДЫҚҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары