ҰЛТТЫҚ МАМАН – ӨЗЕКТI МӘСЕЛЕ

ҰЛТТЫҚ МАМАН – ӨЗЕКТI МӘСЕЛЕ

ҰЛТТЫҚ МАМАН – ӨЗЕКТI МӘСЕЛЕ
ашық дереккөзі
734

Ұлттық жұмысшы тобын, бiлiктi де бiлiмдi мамандар қалыптастыру мәселесi талай биiк мiнберлерден аз айтылып жүрген жоқ. Соңғы жылдары бұл күрделi аса маңызды мәселе Қазақстан Үкiметiнiң басты назарында болып отыр. Осынау бiр шешiмiн көптен күткен өзектi мәселенiң, ел экономикасын арттыру саласындағы саяси мәнi де зор екенi белгiлi. Әсiресе, әлемдiк өркениеттi 50 елдiң қатарына қосылуды межелеп отырған кезеңде, ұлттық сауатты кадрларымыздың тапшылығы айқын сезiлуде.

Әнебiр жылдары Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты ретiнде, Жаңатас қаласындағы оқиғаға, яғни наразылық бiлдiрушi жергiлiктi жұмысшылар мен үлкен кәсiпорынды жалға алып, басқаруға келген шетелдiк инвесторлар арасындағы текетiрес, дау-дамайдың заң талабы шеңберiнде дұрыс шешiлуiне тiкелей араласқан да едiм. Сондағы көз жеткiзгенiмiз, жергiлiктi жұмысшы-мамандардың жалақылары 30 мың теңгеден аспаса, дәл осындай жұмысты атқаратын шетелдiк жұмысшы-мамандардың айлығы 150 мыңнан кем болмаған. Яғни, бес есеге жоғары. Мiне, көзге ұрып тұрған осындай әдiлетсiздiктер мен өрескел кемсiтушiлiктердiң салдарынан әбден шыдамдары таусылған жергiлiктi жұмысшылар ақырында аштық жариялауға мәжбүр болған едi. Тiптi, қайсы бiр өндiрiстi игеру үшiн де негiзiнен жұмысшыларды республикадан тысқары жерлерден топтап әкелу "модаға" айналды. Осындай бейберекеттiк пен немкеттiлiктiң салдарынан жергiлiктi тұрғындар арасында бiлiктi маман жұмысшыларды даярлау қажеттiгi мүлдем ескерусiз қалды. Осынау қиғаш кереғарлықтан лауазымды қызметтi бөлiсуде, еңбекке ақы төлеуде артықшылық жасау немесе кемсiтушiлiк орын алды. Мұның арты ұлттық жұмысшы тобының нарықты экономика жағдайында жаңа кедергiлерге ұшырауына, оны айтасыз, ұлт ретiнде даму келешегiнiң тығырыққа тiрелуiне әкелiп соқтырғаны да белгiлi жайт. Нақты деректерге жүгiнiп көрелiк. Республика халқының 60 пайыздан аз-ақ астамын құрайтын қазақтар арасында көмiр өнеркәсiбiнде еңбек ететiн ұлт өкiлдерi саналатын жұмысшылар 2,9-ақ пайыз, қара металлургияда 8,9, машина жасау және металл өңдеуде – 12,8 пайыз, жергiлiктi халықтың үлес салмағы мұнай өңдейтiн, түстi металлургия, химия және мұнай химиясы өнеркәсiптерiнде де көп емес. Керiсiнше, шалғай ауылды жерлерде жұмыссыз жүрген қазақ жастарының саны басым. Бұл деректердi салыстырмалы түрде келтiрiп отырған себебiмiз – жоғарыда атап өткенiмiздей, қазақ жастарын ауылдан ары асырмай, тек мал жайғызуға ғана ұрандалған "солақай саясаттың" әсерi деген ойымызды дәлелдей түсу. Алайда, осынау күрделi мәселе қазақ халқының осалдығынан, оның генетикалық әлсiздiгiнен немесе тағы басқа табиғи кемшiлiктерiне байланысты шешiлмей отырған жоқ, әрине. Қазақ халқының мұндай мүшкiл жағдайға түсуi кезiнде сталиндiк-хрущевтiк әмiршiл-әкiмшiл аппараттың қазақты ұлт ретiнде жойып жiберуге бағытталған, одан берi де Кеңес Одағының саяси, ғылыми, әскери және басқа қара күштерiн қатыстыра отырып жүргiзген қараниет әлеуметтiк эксперименттiң нәтижесi. Осындай эксперименттердiң кесiрi әлi күнге дейiн керi әсерiн тигiзуде. Осыған орай ендiгi жерде жұмысшы тобының ұлттық мамандарын даярлау және тұрақтандыру мақсатты көзқарасты талап етедi. Бұл мәселе "жұмысшы тобының ұлттық қорлары" деп аталатын арнайы Республикалық мақсатнама аясында шешiлуi тиiс. Республика, әрбiр облыс, аудан, кәсiпорын деңгейiнде жасалған осы мақсатнаманың аясында жергiлiктi ұлт өкiлдерiне артықшылық беретiн қағида басшылыққа алынғаны жөн. Олай етпейiнше бұрын да өткiр тұрған осы проблема нарықтық бәсекелестiк жағдайында тiптi күрделене түсетiнi анық. Сондықтан ана тiлiмiзде бiлiм беретiн кәсiптiк-техникалық мектептер санын арттырып, оларда бүгiнгi уақыт талабына сай, сұранысқа ие мамандықтар санын көбейту, әсiресе мұнай, газ, машина жасау, кен өндiрiсi сияқты салалар филиалдарын ашу артық болмас едi. Тағы бiр ойландыратын мәселе – нарықтық бәсекелестiк күннен күнге өрiстей түсетiн, экономикалық дағдарыс белең алған ендiгi жағдайда, кәсiби шеберлiктерi төмен ұлттық жұмысшы кадрларын шеттету салдарынан, олардың басым көпшiлiгi қысқартуға түсiп, жұмыссыз қалуы мүмкiн. Сондықтан әр салаға кәсiби жұмысшылар даярлайтын қысқа мерзiмдi курстар ашу да кезек күттiрмейтiн күн тәртiбiндегi мәселе. Бұл курстарда шетелдiк жаңа, озық технологиялық жабдықтарда жұмыс iстеуге қысқа мерзiмде үйретудi қолға алған жөн. Адам неғұрлым бiлiмдi болса, соғұрлым ол өзiнiң Отанына көбiрек пайда келтiргендiгiн ескерген үкiметiмiз, Президенттiң "Болашақ" бағдарламасымен шетелдерге бiлiм алуға жыл сайын ондаған дарынды жастарды аттандырады. Алайда, Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Стратегия департаментi директорының орынбасары Ақерке Абылайханның баспасөз жиынында хабарлағанындай, "Болашақ" бағдарламасымен шетелдерге бiлiм алуға соңғы 12 жылда аттанғандардың 29-ы өкiнiшке қарай, Қазақстанға оралмаған. Сондай-ақ, оған қосымша тағы "болашақтың" 25 түлегiнiң қайда қашып жүргенiнен еш дерек жоқ. Оларға бiздiң құқық қорғау органдары iздеу салуда. Ел бюджетiнен бөлiнген қаражатқа оқып алып, елде бiлiмдi мамандар жетiспей жатқанда, ел үмiтiн ақтайды деп жүрген бiлiмдi де саналы жастарымыздың шетелдерде қашып жүргендiгi өте өкiнiштi. Осы ретте Конфуцидiң мына бiр сөзi ерiксiз ойға оралады: "Ойсыз оқу қатер, оқусыз ой бекер". Оқусыз ой – надан ой. Ал ойсыз оқу, ақылсыз оқу, имандылық ойы жоқ оқу, адамгершiлiк астары жоқ оқу – елге үлкен қатер. Құзырлы ведомство басшыларының айтуынша, биыл да "Болашақ" бағдарламасына ел бюджетiнен 16 млрд. теңге қаражат бөлiнген. Бұл әрине қазiргiдей белең алып отырған дағдарыс жағдайында аз қаржы емес. Алайда, елiмiзде сұранымға ие, бiлiктi мамандар даярлау қажет болғандықтан да үкiмет осындай қадамдарға ерiксiз барып отыр. Дегенмен де, алдағы уақытта, Президенттiң "Болашақ" бағдарламасымен шетелдерге оқуға баратын талапкерлердi iрiктеу барысында, олардың өз отанына, елiне, жерiне деген патриоттық сезiмдерiне де баса назар аудару қажет-ақ. Олай етпейiнше, олардың шет елдерде қалып қоятындарының саны жыл сайын арта түсуi ғажап емес. Керiсiнше бiздiң елiмiзде АҚШ-тан, Канададан, Франциядан, Россиядан, Израильден, Кореядан, Қытайдан және тағы басқа елдерден келген жұмысшы мамандар қаптап, бiздiң жердiң байлығын еселеп өндiрiп, қыруар табыстарға кенеле беретiнi даусыз. Осынау кереғарлықты жедел қалпына келтiрмесек болмайды. Қашанғы келiмсектерге жiлiктiң майлысын ұстатып, өзiмiз мүжiк кемiрiп отыра бермекпiз. Қазiр Қазақстандағы жер иесi бола тұрып ең кедей ұлт – қазақтар екендiгi көкiрегi ояу, көзi ашық әр азаматты шындап ойлантуы тиiс. Қазақтың көнбiстiгi оның проблемасына айналып отыр. Бұл кейбiр "пысықайлар" айтып жүргендей, әсте, "қазақ баласының жалқаулығынан" да емес. Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн, осы орайда тағы да нақты деректерге жүгiнейiк. 119 шетелдiк компания Қазақстан жұмысшыларының құқығын өрескел бұзып, оларды алалауға жол берген. Осы ретте ағартушы-ғалым Шоқан Уәлихановтың "Халықтың, елдiң кемелiне келiп өркендеуi үшiн ең алдымен азаттық пен бiлiм керек", – деген сөзi ерiксiз еске түседi.
Болат ШАЙМАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары