АТА ЗАҢ – МЕМЛЕКЕТТIЛIГIМIЗДI АЙҒАҚТАЙТЫН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ

АТА ЗАҢ – МЕМЛЕКЕТТIЛIГIМIЗДI АЙҒАҚТАЙТЫН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ

АТА ЗАҢ – МЕМЛЕКЕТТIЛIГIМIЗДI АЙҒАҚТАЙТЫН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ
ашық дереккөзі
257

Тәуелсiз Қазақстан мемлекетiнiң даму тарихында ерекше орын алатын елеулi оқиғалар аз емес. Соның ең негiзгiсi – елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының басты кепiлi болып табылатын Ата Заңға 15 жыл толып отыр.

Айтулы мерекеге орай, елiмiздiң жер-жерiнде Ата Заңды ұлықтауға байланысты мәдени-рухани шаралар жалғасын тауып жатыр. Бұл тарихи күндi ұмыт қалдырмайтын Алматы қаласы әкiмшiлiгi "Конституция – мемлекеттiң демократиялық дамуының негiзi" атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Әсерлi де мағыналы жиынды ашып берген Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов жиналған қауымды Ата Заңның 15 жылдық мерекесiмен шын жүректен құттықтады. Қала әкiмi өз сөзiнде: "Ата Заңымыздың 1995 жылы бүкiлхалықтық референдумда талқыланып, тәуелсiздiгiмiздiң алтын бесiгi – Алматыда қабылданғанына куә болғанбыз. Одан соң 2007 жылғы Ата Заңға енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар елiмiздiң қоғамдық саяси дамуына жаңа серпiн бердi. Осылайша елiмiз тарихи байламды шешiм қабылдап, жасампаз жаңа дәуiрге қадам басты. Конституциялық реформа Парламент пен саяси партиялардың, азаматтық қоғам институттарының рөлiн арттырды. Заң мен құқық ауқымы кеңiп, азаматтық қоғамның ары қарай дамуы үрдiсiн кепiлдендiрдi. Елбасы атап өткендей, Ата Заңды толықтыру iшкi және заманауи шарттарға тиiмдi жауап беру үшiн қажет. Ал, бiздiң Ата Заңымыз бұл талаптарға толығымен жауап бере алады", – дедi. Бұдан соң, кезектi сөздiң ретiн елiмiздiң Ата Заңы iргетасының қалануына айтарлықтай еңбек сiңiрген арқалы азаматтар алды. Қазақ елiнiң өткенi мен бүгiнгiсiне шолу жасаған Ұлттық ғылым академиясының академигi Салық Зиманов Ата Заңның 15 жыл iшiнде жемiстi жұмыс iстеуiне Елбасының салиқалы саясаты серпiн бердi десе, академик Сұлтан Сартаев Ата Заңның 15 жылдығын үлкен тарихи оқиғаға балайды. "Бiз конституциялық кеңiстiкте өмiр сүрiп жатырмыз. Ал, Конституцияны ешкiмнiң бұзуға қақысы жоқ. Сондықтан да болар, бiз өзiмiздiң Конституциямызды өте құрметтеймiз, оны бағалаймыз. Әрине, бұл жерде Елбасының рөлiнiң маңыздылығын атап өткiм келедi. Неге десеңiз, осыдан 15 жыл бұрын халықаралық кеңiстiктегi Қазақстан жайлы ешкiм бiлмейтiн едi", – дейдi академик. Ол сондай-ақ, елiмiздiң бүгiнгi күнге жеткен баспалдақтарына көпшiлiктiң назарын аударды. "Ата Заңды қабылдау оңай болған жоқ. Ел тiзгiнiн жоғарыдан бақылап отырған кезеңде мұндай шешiмге келу қиынның қиыны едi. Халық Президенттiк басқару жүйесiн таңдауға келгенде еш қателескен жоқ", – дейдi өткенге таразы жасап.

Сол кезде қазақ тiлiнiң – мемлекеттiк тiл дәрежеге көтерiлуiне қарсылық танытқан азаматтар да болыпты. Бұл тұрғыда академик Сұлтан Сартаев: "Ел-жұрт болып, қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл, орыс тiлi – ұлтаралық қатынас тiлi болсын" дегенде, жаны мен қаны қазақ азаматтардың кейбiрi: "Орыс тiлiн қазақ тiлiмен қатар қояйық" деген ұсыныс жасады. Бiрақ "Тiл туралы" Заңды қабылдау кезiнде Елбасы көрегендiлiк танытып, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi болатындығын мойындады. Ол қазақ тiлiнiң одан әрi дамуы мен өркендеуiне жол ашып бердi" деп ағынан жарылды. Бiр айта кетерлiгi, сол сәтте орыс тiлiн қолшоқпарына айналдырып, қазақ тiлiнiң өзiндiк мәртебе алуына қарсылық танытқан мүйiзi қарағайдай ғалымдарға Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджан тойтарыс берiптi. Тiлге жанашырлық танытқан жазушы-драматургтiң кезiндегi "Социалистiк Қазақстан" газетiнде академик I.Кеңесбаевқа ашық хат жариялап, қазақ тiлiнiң мерейiн асырғанын қазiр бiреу бiлсе, бiреу бiлмес.

Сөйтiп, осыдан 15 жыл уақыт бұрын егемендiгiне нықтап ие бола бастаған Қазақстан халқы жаңа конституциялық құжатын бiрауыздан мақұлдап, дауыс бердi. Ата Заңды бекiту арқылы әлеуметтiк-құқықтық мемлекет ретiнде адал қоғам құруды қолға алдық. Сол кезден берi ел болашағы үшiн жасалған тарихи таңдау өз өмiршеңдiгiн әлi де сақтап келедi. Кез келген азаматтың сенiмi, еркiн көзқарасы, таңдау жасау мүмкiндiктерi мен лайықты өмiр сүруi Ата Заңда жан-жақты көрiнiс тапқан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елiмiздiң алтын дiңгегi – Ата Заң туралы айтқан сөзiнде: "Егемен елiмiздiң мемлекеттiлiгiн, тәуелсiздiгiн, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын бiрден-бiр құжат – бұл Конституция. Ата Заңның алдында бәрiмiз де бiрдей жауапты, бәрiмiз де бiрдей мiндеттiмiз" деген едi. Шынында да, бүгiнде елiмiздiң көш бастаған басқа мемлекеттермен қатар иық теңестiрiп, маңызды мәселелердi талқылауға келгенде өзiндiк ұстанымын паш етуiне Ата Заңымыз зор мүмкiндiк берiп отыр. Демек, тәуелсiздiгiмiздiң тiрегiне айналған Ата Заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтiк реформалардың iлгерi басуына жасалған алғашқы қадам десек артық айтқандық емес.

Бiр қарағанда, Қазақстанның Ата Заңы әлемдегi ең жас Конституциялардың бiрi болып саналады екен. Расында, бүкiл мемлекеттiк құрылымды айғақтайтын, елдiктiң бастауы болып табылатын құжат 15 жасқа ендi ғана толды. Бiрақ осы аз уақыттың iшiнде екi рет түзету енгiзiлген Ата Заң бүгiнгi заман талабына сай жасақталғанын дәлелдеп келедi. Елiмiз өз шаңырағын тiктеп, бөлек мемлекет ретiнде қазығын қаққаннан кейiнгi, яғни, 1993 жылы қабылдаған алғашқы Конституциясы тәуелсiз ел тарихындағы ең демократияшыл құжат ретiнде саналды. Бiрақ, басты құжаттың кейбiр заңдық баптары бүгiнгi күнге iлесе алмағандығынан, 1995 жылы қолданыста жүрген қазiргi Конституцияны қабылдауға түрткi жасады. Бұл жөнiнде Елбасы "Қазақстандық жол" атты кiтабында: "1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшiн бұрыннан жинақталған тәжiрибелердi, сондай-ақ, бiздiң жағдайымызға сәйкес келетiн ең прогресшiл шетелдiк тәжiрибелердi барынша толық пайдаланған едi. Сондықтан да, кiмде-кiм елiмiздiң негiзгi заңының рухы мен маңызын терең түсiнгiсi келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы бiлуi керек" деген болатын.

Ал, бүгiнде 15 жыл толып отырған Ата Заңымыз несiмен ерекшеленедi? Бұл әуелi Елбасы негiзге алған төрт ұстаныммен астасып жатыр. Бұл, бiрiншiден, қоғамдық келiсiм және саяси тұрақтылық, екiншiден, экономикалық даму, үшiншiден, қазақстандық патриотизм, төртiншiден, маңызды мәселелерге референдум жасау және парламентте дауыс беру арқылы шешу. Бұндай позицияларды енгiзуге сол кезде бiрқатар заңгерлер де қарсы болса да, Елбасы осы төрт мәселенi Ата Заңымыздың бiрiншi бабына енгiзу арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуының принциптерi ретiнде қарастырды.

Бағыт-бағдары айқын елдiң болашағы да зор. Ата Заңына небәрi 15 жыл толып отырған Қазақстан тәуелсiз мемлекет ретiнде қарыштап, дамып келедi. Конституцияда мемлекеттiң бастауы – адамға, елдiң байлығына, республиканың басты құндылықтарына қатысты мәселе әрқашан алдыңғы орында қала бермек. Осы тұрғыда Елбасы Н.Назарбаевтың: "Бiздiң ендiгi мiндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзiмiздiң елiмiздi, өзiмiздiң тарихымызды, өзiмiздiң жетiстiктерiмiздi қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай бiлмесе, оның талаптарын мүлтiксiз орындай алмасақ, онда қоғамдық келiсiмге, тәртiпке, бейбiтшiлiкке және тыныштыққа жету мүмкiн болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелi болашағы туралы айтудың да қажетi жоқ" деген пiкiрi әрбiр азаматтың жүрек түкпiрiнде маздап жатса, бұл бiздiң осы үдеден шыққанымыздың белгiсi болар едi.

Серіктес жаңалықтары