"БАУЫРЖАН КҮНI" БОЛСА ДЕЙМIЗ...

"БАУЫРЖАН КҮНI" БОЛСА ДЕЙМIЗ...

"БАУЫРЖАН КҮНI"  БОЛСА ДЕЙМIЗ...
ашық дереккөзі
236

"Елдiң атын ер шығарады". Аталы сөз. Сондай ердiң бiрi әрi бiрегейi Батыр – Бауыржан Момышұлы. Ол – ұлттық рух! Ол – ұлттық намыс! Көзiнiң тiрiсiнде-ақ аты аңызға айналған жан. Бала кезiмiзде-ақ бiз оны бүгiнгi күннiң Қобыландысы көретiнбiз. Бәрiмiз соған ұқсап бақтық. Баукеңдей ұлтын жан-тәнiмен сүйетiн батыр болғымыз келдi. Оның қан майданда қалың қол бастаған ерлiгi әрi тапқырлығы, бейбiт өмiрдегi қарапайым тiршiлiгi, тоталитаризм қысымынан қаймықпай тiл үшiн күресi баршамызға үлгi едi. Шығармаларын сүйiп оқыдық. Ол өзi туралы бiр шумақ өлеңiнде былай дейдi:

Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен,

Менде ой бар, пiкiр бар жан тербеткен.

Халқымның қарапайым бiр ұлымын,

Жанымды арым үшiн құрбан еткен.

Алайда, сондай асыл жанға Алматыдан жеке мұражай үйiнiң ашылмауы, ескерткiшiнiң орнатылмауы көңiлге қаяу салады. Ой жеткен жерге, қол жетпесе амал қанша. Халықтың қалауын Үкiмет мақұл көрiп құптамаса, бәрi де бекер екен. Тiптен Бауыржантанушы ғалымдар Мекемтас Мырзахметов пен Мұхамеджан Кәтiмханның айтуына қарағанда, Тараздағы педагокикалық университетке Баукеңнiң атын бергiзу де қиынның қиынына айналған. Әкiмшiлiктегiлер оны да Баукеңнен көп көрiптi.

Иә, профессор Мырзахметовтың жетекшiлiгiмен құрастырылған отыз томдығы көңiлге демеу. Бiрақ, Баукеңнiң шығармашылығы сол отыз томдыққа сыймаса керек. Әлi жиырма томды құрайтын дүниелерi еш қозғаусыз жатыр екен. "Бұларға Баукеңнiң өнегелi өмiрi туралы жазылғандарды қосатын болсақ, онда жүз томдық кiтапты құрастыруға болады", – дейдi Мырзахметов. Бұл – бүгiнгi мен келешек ұрпақтарға жетер асыл қазына! Мiне, баға жетпес рухани байлығы! Баукеңнiң өмiрi мен еңбегi ұлттық патриотизмнiң үлгiсi. Тiптен бiз аңсап жүрген Ұлттық идеологияның бiр бөлiгiнiң жүгiн көтерерi кәмiл. Өкiнiштiсi сол, Үкiмет, Баукеңнiң жүз томдығына келгенде қаражат тапшылығын желеулетiп, сараңдық танытып жатса не үмiт, не қайыр. Контодор бiр күндiк атақ әкелсе, Бауыржан тағылымы өскелең ұрпаққа мың жылдық ұлттық рух пен ұлттық тәрбие берерi анық. Сонда, бiз бұны неге ескермеймiз?

Жуырда "Ел шежiре" қоғамдық қоры және "Түркiстан" газетiнiң ұйымдастыруымен бiр шоғыр Бауыржантанушылар редакцияда бас қосып, пiкiр алысты. Сол отырыста Баукеңнiң 100 жылдық мерейтойына дайындық барысы сөз болды. Олар дайындықтың жақсы жақтары мен көңiл толтырмайтын "әттеген-айларын" да ашып айтты. Дөңгелек стол материалдарының ықшамдалған нұсқасы газеттiң 5-тамызда жарық көрген №31 санына жарияланған болатын. Сонда жазушы-публисист Дидахмет Әшiмханұлы ұлттың ұлы тұлғасының туған күнi 24-желтоқсанда "Бауыржан күнi" деп жыл сайын атап өтудi мәселе етiп, газет ұжымы атынан көтерiп, тиiстi орындарға ұсынуды ортаға салған едi. Бауыржантанушылар мұны жөн көрiп, бiрден мақұлдады.

Ал газеттiң бұл ұсынысына сiздер қалай қарайсыздар, ағайын?

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары