ЖАБАЙЫ САУДАНЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ
ЖАБАЙЫ САУДАНЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ
Алматының қақпасы iспеттес "Алтын орда" базарына күнiне жүздеген жүк таситын көлiк кiрiп-шығады. Науқанның нағыз қызған шағында олар базардағы алыпсатарларға қауын-қарбызды дер уағында жеткiзiп тұруға пейiлдi. Егер мiнiс көлiгi жекеменшiк болса, жүргiзушi қауын-қарбызды шашау шығармай әкелгенi үшiн қомақты ақша алады екен.
Елiмiздiң оңтүстiк өңiрi жемiс-жидек пен көкөнiс өсiруге қолайлы мекен. Көктемi ерте шығып, жазы қайнап кететiндiктен де, мұнда қауын-қарбыз ерте пiседi. Оның қандай жолмен пiсiп жатқанына көз жеткiзбесек те, маусым айынан-ақ Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне жөнелтiлiп жатқанына куә боламыз.
Дәл қазiр базарда қауын-қарбыздың саудасы қызып-ақ тұр. Түнде келген жүк көлiгiндегi тауар ертең кешке дейiн сатылып кетiп жатыр. Қаладағы ондаған базар мен дүңгiршек нүктелерi де осы базардың тiкелей көтерме алыпсатарлары. Ал, бiр күнiн зая кетiрмейтiн қауын жеткiзушiлер ұрылған-соғылған қауын-қарбызды көшенiң әр бұрышында немесе жол үстiнде жабайы саудамен нәпақасын айырып отыратын сатушыларға арзан бағамен берiп те жiбередi. Мiне, осындай бұзылған қауын-қарбызды сатып алған тұтынушының уланып қалмайтынына ешкiм кепiлдiк бермейдi.
Базар өзiндiк бөлек әлем. Аяқ алып жүретiн жер жоқ. Қауын сататын арнайы алаңқайда қатар-қатар тiзiлген жүк көлiктерi. Маңайы қаптаған сатушы. Сенi анадайдан көргеннен-ақ қауын-қарбызын жарнамалай жөнеледi. "Бiзге келiңiз… бiздiкi свежий, таңертең ғана әкелген. Ал, мыналардың қарбызы кешеден қалған…". Саудада бәсеке деген бiрiншi орында. Жанына келген алушыдан айрылып қалмаса, бұл бәсекелестiктiң биiк шыңы. Яғни, ол қалай болғанда да, сенi уысынан шығарып алмауға барынша тырысады-ақ. Қақ ортада тұрған аузы-мұрны лық толы қоқыс жәшiктерiнен айналып өту мүмкiн емес. Әрине, ұзақ жолдан жеткiзiлген қарбыз шiрiмей тұрмайды. Сатушылар оны байқатпай әлгi жәшiктерге салып жатыр. Ал, соның өзiн пайдасына жаратқысы келген бәзбiреулер жәшiктiң iшiндегi қарбыздарды сұрыптап әлек. Бәлкiм, олар мұны аңқау бiр алушыға сатуы да ғажап емес.
Әрi қарай жүре берсеңiз, ыстық күннен қайда қашарын бiлмеген сатушылардың көлiктегi қауын-қарбыздың үстiн паналап отырғанын көресiз. Тiптi, кейбiрi аяқ киiмiн шешпей-ақ, ұзыннан түсiп, қорылға басқан. Өз көзiмiзге өзiмiз сенбей тұрып қалдық. Әрине, оларға "мынауың не?" деп пәлендей ештеңе айта алмайсың. Ондайда беретiн жауабы да дайын: "Ұнамаса, бар, басқадан сатып ал!" дейдi қасқайып.
Өзiн Дәурен деп таныстырған сатушы қазiр қарбыздың көбейiп кеткендiгiн айтады. Бiрақ сонда да баға әзiрге түспей тұр. Бұрын тамыз айларына таман қарбыздың келiсi 15 теңгеге дейiн түссе, қазiр 20-25 теңгеден төмендеген жоқ. Ал, "базарға кiрген көлiктегi тауарды арнайы СЭС мамандары тексере ме?" деген сауалымызға сатушы Дәурен миығынан күлiп қана тiл қатты. "Сiз қызық екенсiз! Кiм сонша көлiктi тексерiп жатады дейсiз. Тiптi, қаншама тонна қауын-қарбыздың қайсысының дәрiсi көп екенiн кiм бiледi? Бiр бiлетiнiм, Алматыға жеткенше жол бойындағы МАИ қызметкерлерiне ақша берумен боламыз. Әр қадам аттап басқан сайын тұратын оларға ақшаның шетiн көрсетсең болды, әрi қарай жол ашық. Тура сол сияқты, базарға кiргенде де әжептәуiр ақшасын беремiз де, өтемiз. Қалғанында шаруамыз жоқ" деп күнделiктi өмiрлiк тәжiрибесiнен сыр бөлiстi. Ә дегендегi екпiнмен бiраз жайтты айтып салған ол iле-шала "Оны не iстейсiз? Менiң атымды алты алашқа жайып жүрмеңiз" деп қылжақтай бастасын.
Бұдан кейiн қалай қорықпайсың? Алда-жалда уланып қалсаңыз, кiмнен көресiз? Кiмдi кiнәлайсыз? Дәрiгер-мамандар күнi кешеге дейiн қарбызды жеуге әлi ерте екенiн ескертiп жатса да, жұрттың көпшiлiгi мұны әсiресақтық, орынсыз даңғаза, дабыл қағу деп қабылдауға етi үйренiп алған. Оның үстiне көз көрiп тұрғаннан кейiн нәпсiңдi тыя алмай, сатып алу үшiн безек қағатының тағы белгiлi. Қазiр қауын-қарбыз қаладағы кез келген бұрышта сатыла бередi. Тiптi, әрi-берi көлiк заулап жатқан жол бойында да тiзiлiп тұр. Кейбiреулер жол жиегiндегi шаңға көмiлiп тұрған қауын-қарбыздың лас екендiгiне қарамастан, арзандығына қызығып саудаласады. Олардың арнайы санитарлық кiтапшасы бар ма, жоқ па, ешкiм сұрамайды. Ал, қарапайым халықтың аңғалдығын пайдаланған пысықайларға саудасын дөңгелетсе болғаны.
Жабайы саудамен айналысатындарға қарсы күрес шаралары күнделiктi жүргiзiлсе де, нәтижесi байқалар емес. Турасын айтсақ, олардың көпшiлiгiнде сатуға рұқсат етiлген құжаты жоқ. Сол себептен әзiрге Алматы шаһарының әр бұрышын жайма базарға айналдырғандар 5 айлық көрсеткiш көлемiнде айыппұлмен құтылып жүр. Бiрақ мамандар жабайы саудаға қарсы жазаны күшейту керек екенiн әркез айтып келедi. Жақында Алматыда жабайы сауда орнынан сатып алынған қауыннан үш бала уланып, ауруханаға түстi. Дәрiгерлер 7, 4 жастағы және 8 айлық балалардың орташа дәрежедегi инфекциялық ауруға шалдыққанын растады. Санэпидемиологтар дер кезiнде бау-бақша өнiмдерi саудаланған орынды жауып, тиiстi шаралар атқарған. Ал жабайы сауда орнынан алынған 65 дана қарбыз бен қауынның көзi жойылды. Бiр айта кетерлiгi, бүгiнге дейiн Алматы қаласында эпидемиологтар 45 рет бау-бақша өнiмдерiнен сынама алып, оның iшiнде 7 жағдайынан шамадан тыс нитрат тапқан. Мамандар азаматтардан арнайы дүкен немесе базардан тыс аумақтардан қауын-қарбыз сатып алмауға кеңес бередi. Ал ондай өнiмдi саудалап тұрған азаматтар санитарлық кiтапшасы мен сатып алынған тауарға фискальдық чек ұсынуы тиiс.
Жабайы саудаға жаппай тосқауыл қою Алматы облысы сатушыларына да әсерiн тигiзген сияқты. Қауын-қарбыз сатушылар Алматы-Өскемен тас жолын жауып, жол бойында сауда жасауға салынған тыйымға қарсы екендiктерiн бiлдiрдi. Жетiген ауылдық округiнде жол қатынасын он минутқа жапқан 60 шақты сатушы өнiмдердi жолға жақын жерде сату ыңғайлы екендiгiн айтқан. Жетiген ауылдық округiнiң әкiмi Еркен Жақашев жолды жауып тастау көлiк қозғалысына нұқсан келтiретiнiн, әкiмшiлiк наразылық тудырушы сатушыларға арнап базардан 107 орын берiлгенiн мәлiмдедi. Алайда, күн сайын 700 теңгеден салық төлеу сатушыға оңай тимесi анық. Естерiңiзге сала кетсек, Көкшетау қаласында жергiлiктi базардың 12 сатушысы аштық жариялап, базар орнын коммуналдық етудi талап еткен болатын. Қалай болғанда да, әкiмшiлiк қызметкерлерi бұдан былай жабайы саудаға жол жоқ екендiгiн баса айтты.
Қаланың көркiн сұрқай етiп көрсететiн жабайы саудамен тек әкiмшiлiк қызметкерлерi ғана күресiп жатқан жоқ. Алматы қалалық санитарлық эпидемиологиялық сараптама орталық мамандарының да мұрындарына су жетпей жатыр. Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның бас дәрiгерi Бауыржан Байсеркин мырзаны сөзге тартқанымызда, қалаға келетiн жемiс-жидек пен көкөнiстiң барлығы арнайы лабораториялық тексеруден өтетiндiгiн жеткiздi. "Қазақстан бойынша қауын-қарбыздан улану оқиғасы тек Алматы қаласында ғана тiркелiп отыр. Оның өзi жабайы сауданың кесiрiнен орын алды. Ал, базарға кiрген КАМАЗ-дың бiр партиясын сол базардың ауылшаруашылық-ветеринарлық мамандары тексеруi керек. Ақша берiп қана өтiп кететiн болса, дағдарысқа қарсы кеңеске айтуы тиiс. Әрине, бәрiн қадағалау мүмкiн емес. Тауардың қайдан келгенiне, сертификатына көңiл бөлген дұрыс", – дейдi ол.
Қазақстан – жұқпалы iшек ауруы кең тараған аймақ. Бұл ауру ересектерге қарағанда, балалар iшiнде 3 есеге өскен. Елiмiзде жыл басынан бүгiнгi күнге дейiн 5 жасқа дейiнгi балалар арасында 11 мың 257 асқынған жұқпалы iшек ауруы оқиғасы тiркелген. Сондықтан да, улану жағдайы жиi болатын жаз айларында баланың денсаулығына жiтi көңiл бөлген абзал.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ