ТАҢБАЛЫ ТАСТА ТАРИХ БАР...

ТАҢБАЛЫ ТАСТА ТАРИХ БАР...

ТАҢБАЛЫ ТАСТА ТАРИХ БАР...
ашық дереккөзі

"Нұр Отанның" этнографиялық – экспедициясы" өз жұмысын "Өлкетану елдiгiмiздiң тамыры", "Қола дәуiрге саяхат" деген аттармен бастады.

Осы iс -шаралардың барлығы дерлiк Ә. Марғұлан атындағы археологиялық институт директорының мiндетiн атқарушы тарих ғылымының докторы, профессор Б.Байтанаевтың, ОҚО мәдени мұраларды сақтау бөлiмiнiң бастығы А.Н. Грищенконың, зерттеушi-археолог М.Е. Диканның жас археологтардың қатысуымен және "Нұротандықтықтармен" бiрлесе отырып жасалынды.

Алғашқы маршрутымыз ортағасырлық Жуантөбе қаласының орны "От үйi" (Храм огня) болды. Қаланың орны Арыс өзенiнiң сол жағалауынан оңтүстiкке қарай 1 шақырым жерде Шымкент – Арыс тас жолының бойындағы "Көлтоған" ауылында орналасқан.

Ал, одан бiрнеше жүз метр жерде Арыстың сол жағын бойлай Бөрiжар қорымы созылып жатыр. Бұл жерде адамдарды жерлеу рәсiмдерi де өзгеше болған екен. Тiптi, мәйiт үшiн арнайы үй көтерген.

Қазiргi кезде А.Н. Грищенконың пiкiрiнше, III-V ғасырларға жататын мәдени қабаттар зерттелуде. Қала кейiнгi Кангюй кезеңiнде бой көтерiп, ал құлдырауы араб шапқыншылығына тұспа-тұс келедi. Қала iрi салт-жоралғылық мәдени орталығы болған көрiнедi. Менi таңқалдырған оқиғаның бiрi, ұршықтың басын тауып алғаным болды. Табысымды жақсы ырымға жорыдым….. "Алдағы өмiр жолдарымыз ұршықша үйiрiлген оңтайлы сәттерге толы болғай," деп iштей үмiттендiм. Ал, қазба жұмыстары жүрiп жатқан жерден керамикадан жасалған астық сақтайтын құмыраның ашылмаған күйiнде табылуы экспедиция мүшелерiн ерекше таңдандырған жәйт болды.

Жасыратыны жоқ6 Елбасымыздың "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында қараусыз қалған көптеген тарихи-мәдени ескерткiштерiмiз қалпына келтiрiп, мемлекет қамқорлығына алынғаны белгiлi.

Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттiң күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен iс-әрекетiн дүниеге әкелген материалдық құндылықтар десе, туған жерiмiздiң тарихын қастерлеу үшiн арнайы экспедициялар ұйымдастыру арқылы бабаларымыздан мирас болып келе жатқан тарихи құндылықтарды қалпына келтiру мен сақтауға қомақты үлес қосып, жастардың бойында елiмiзге, жерiмiзге, мәдениетiмiзге деген ұлтжандылық сезiмiн күшейтудi мақсат ұстандық.

Әрине, патриотизмдi жастардың бойына сiңiру жөнiнде әдiстемелiк нұсқаулықтар шығару, отансүйгiштiк қасиеттердi оятудың жолдары қалай деген сауалдар әркiмдi де ойландырады. Партия бағдарламасын орындауда патриотизмдi және жоғарғы азаматтық белсендiлiктi қалыптастыруға көмегiн тигiзетiн, оны ұлттық салт -дәстүрлермен үндестiрiп отыратын осындай iс-шаралар өткiзу өте маңызды екенiне осы сапарымызда көзiмiз анық жеттi.

Экспедиция мүшелерi әлемге әйгiлi Арыстанбабта да болып, кесене тарихымен, ондағы көне жәдiгерлермен де танысты.

Отырардағы алғашқы қазба жұмыстарын археология әуесқойлары А.К. Кларе, А.А. Черкасов 1904 жылы бастап, 40-шы жылдары профессор А.Н. Бернштамның археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жасаған. Жүйелi ғылыми қазба жұмыстары 1969 жылдан ұйымдастырылып содан берi жалғасын тауып келедi.

Көне Отырарда 60-тан астам төбелер бар. Әр төбенiң өзi бiр тарих.

Қалалардың аттары айналысқан кәсiпке байланысты қойылған. Мәселен, Құйрықөтөбенi қасапшылар мекендеген.

Экспедициядағы ғалымдар керамика сынықтарындағы өрнектерге, әр бояудың түсiне қарап, оның қай ғасырға жататынын анықтап түсiндiрдi.

Әлемге әйгiлi, ЮНЕСКО -ның қарауына алынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң құпиясы көп.

Экспедиция мүшелерi Ежелгi Түркiстанның аңызға айналған жетi қақпалы хан ордасының қазба жұмыстарымен танысып, Қылует-жер асты үйiнде – Қожа Ахмет Ясауидiң 63 жастан кейiн өмiр сүрген "ҒАР" бөлмесiнде, тарихи моншасында болды. Жастарымыз Қ.А.Яссауидiң "Диуани Хикметi" осында дүниеге келгенi туралы Б. Байтанаевтың әңгiмесiн тыңдады.

Үлкен қақпаға кiре берiстегi жерге төселген тастардағы ескiше жазулар тарихтан сыр шертедi.

Деректер бойынша XV-ғасырдың бiрiншi жартысында Жошы ханның кезiнде Сауран тiптi Ақ Орданың орталығы болған. Қалада 1320 жылы Ақ Орданың патшасы Сасыбұқа жерленген деген деректерде бар.

Ақын-жазушы Васифидiң еңбектерiнiң бiрiнде Саурандағы тербелмелi екi мұнара жайлы айтылған. Мұнараның Күмбезiнiң астына орналастырылған бөрененi (чуб) шынжырмен бекiткен. Егер бөрененi қатты қозғаса, шынжыр тербелiп қарама-қарсы тұрған адамға мұнара құлап кететiндей көрiнген. Ал бұл – әлем ғажаптарының бiрi.

Күрделi инженерлiк құрылымдардың бiрi – кәрiздердiң көне Сауранда болғаны да үлкен дамуды көрсетедi. Тау беткейлерiнен тартылған бұл жер асты ирригациялық құрылымдары жер қабаттарының түзiлiсiн, ерекшелiктерiн бiлудi ерекше қажет еткен. Саурандағы кәрiз жүйесiнiң болуы бiздiң елiмiзде суармалы егiншiлiктiң дамығандығының айқыны.

… Мен айналама ұзақ қарап, әжем айтқан аңыздағы қырық қыздың соғысқан жерiн iздедiм. Бәлкiм қырық қызға бас болған ер жүрек Тұмар қыздың сүйегi де осында жатқан шығар? Сауран топырағын басып тұрып, әжем айтқан аңыздардың елiңдi сүюге, өжеттiкке баулығанын ендi түсiнгендеймiн. Қайран әжемнiң, әр әңгiмесiнiң астарында үлкен тәрбие жатқан екен-ау…

Ендiгi бағытымыз – Бәйдiбек ауданы, Боралдай елдiмекенi, Теректi аулынан 5-6 шақырым қашықтықтағы таңбалы тастар (петроглифтер) болды. Осы жерден ортағасырлық қала орны табылған және тас мүсiндер де кездескен, ол тау етегiнен басталып, Боралдай өзенiнiң жоғары жағасына дейiн созылған. Сондықтан бұл сапарымызды "Қола дәуiрге саяхат" деп атадық.

Боралдай петроглифтерi туралы өткен ғасырдың басында Түркiстандағы археология әуесқойлары үйiрмесiнiң мүшесi П.И. Қамаров көп жазған екен. Алайда сол маңайдағы ауылдардың тұрғындары тастағы таңбалар мен суреттер қалмақтардан қалған деп те есептейдi.

Кейбiр тастардағы петроглифтер күннiң көзiне күйiп жылтырап қара қошқыл темiрге ұқсап кеткен. Ғалымдар бұл қара қошқыл реңдi таңбалардың осыдан 4000 жылдар шамасындағы дүние деп қола дәуiрге жатқызған, ал қоңыр реңдi петроглифтер сақ дәуiрiне саяды.

Жалпы, осындай саяхаттардың жан-жақты тәрбиелiк мәнiнiң күштiлiгiн айтпаса да түсiнiктi. Кейбiр таңбалардың тұсында бiреулер өз аттарын жазып тастапты. Бұл балалардың тiрлiгi екенiн айтпай-ақ түсiндiк. Әйттеген-ай, әлде де болса, түсiнiгiмiз жетiспейдi-ау! Бiреу тарихты зерттесе, бiреу оны бүлдiредi.

Боралдай өзенiнiң жағасында, таңбалы тастардан бес шақырымдай төменде орналасқан Теректi ата әулиесiнде де құпия сырлар тұнып жатқаны …

Ну ормандай қалың терек-талдардың арасында қатарласып үш түрлi бұлақ ағып жатыр. Оның жоғарғы жағына шырақшының үйi орналасқан. Жергiлiктi тұрғындар қалың терек-талдардың қурап қалған ағаштарына да қол тигiзбейдi екен. Теректердi отын ретiнде, не басқалай қажеттiлiкке пайдалануға болмайды деп киелiлiгiне қатты сенедi.

Таңбалы тасқа-тауға шығып келiп, тамақтанып, демалып жатқанда, бiз уақыт тауып, әулие атаның басына бардық. Шырақшы апаны жолбасшы етiп ертiп алдық. Айналаңды қоршаған қалың ағаштар мен қаулап өскен шөптердiң арасымен жалғыз жарым адам жүрудiң өзi қорқынышты. Шырақшы апаның атын да сұрамаппыз. Өзi жып-жинақы, жанарының нұры әлi тая қоймапты.

Теректi атаның басына барып, үш бұлақтың жағасында отырып шырақшы апа құран оқыды. Осы кезде менiң көзiм бұлақ iшiнде жүзiп келе жатқан ұзын, жiңiшке жыланға түстi. Iштей тiлiмдi кәлимаға келтiрдiм де, көргенiмдi жайлап сыбырлап қана қасымдағы жазушы қызға айттым. Ол "қане, қане?!" – деп шошып кеттi. Бiр кезде ол да көрдi. Шырақшы апа "Ай, айналайы-ы-ы-ы-н жарықтық-ай, қайта ғой", -дедi. Жылан кiлт бұрылып, артына қайырылып жоқ болып кеттi…

Шырақшы апа "Бұл жарықтық – осы жердiң иесi ғой. Ниеттерiң қабыл болды", – дедi.

Ананың айтуынша, әлi ешкiм аяқ баспаған екi үлкен үңгiр бар екен. Бiрақ, оған жету үшiн тау асып бiраз жол жүру керек болды. Үңгiрдiң қабырғаларында таңбалар ғана емес ескiше жазулар да бар дейдi.

– Мен ескiше оқымағанмын осылардың сырын ашуға септiктерiң тиер бәлкiм, – деп ана ойындағысының бәрiн ғалымдарға тәптiштеп түсiндiрiп жатты.

Бұл сапардың ерекшiлiгi – жастарды ғана емес, үлкендердi де туған жердiң табиғат ғажайыптары тәнтi етiп, ерекше сезiмге бөледi…

Туған елге, туған жерге деген махаббат осындай тағлымдық тағзымдармен есте қалатыны ақиқат. Бәлкiм, ата-бабаларымыз өздерiнiң ойларын осы таңбалар арқылы келер ұрпаққа жеткiзгiсi келген болар.

Бiз аралаған Боралдайдағы Таңбалы тастар тарихы әлi көп зерттеудi қажет етедi.

"Киелi мұрамызға тағзым" акциясы аясындағы жұмыстарымыз мұнымен бiтпек емес, бастаған iстi ары қарай жалғастыру "нұротандықтардың" еншiсiнде екенiн экспедиция мүшелерi сезiнiп қайтты.

Ендiгi сапар аңызға бай сырлы Созақ жерi, Қаратау елi.

Мемлекетшiл болғың келсе, тарихыңды таны.

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА, "Нұр Отан" ХДП Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары