ҚАЗЫНАҒА ҚОЛ СҰҒУШЫЛАР НЕМЕСЕ ҚҰРЫЛЫС ҚОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ҚИҒАШ ҚАДАМЫ
ҚАЗЫНАҒА ҚОЛ СҰҒУШЫЛАР НЕМЕСЕ ҚҰРЫЛЫС ҚОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ҚИҒАШ ҚАДАМЫ
Жуырда экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттiгiнiң арнайы өкiлi Мұрат Жұманбай елдегi "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша 87 қылмыстық iс қозғалғанын мәлiмдедi. Бұл көрсеткiш жарты жылдың еншiсiне ғана тиесiлi.
Елiмiздiң экономикасы мен әлеуметтiк жағдайын жақсарту үшiн үкiметте түрлi бағдарламалардың қабылданғаны белгiлi. Бұл бағдарламаларға миллиардтаған сома бөлiнiп, басым бөлiгi iске жарады да. Бiрақ, жымқырған сома Қазақстанның алшақ аймақтарында қайсiбiр құрылыс компаниясының қоржынын толтырыпты. Республикалық бюджеттен бөлiнген қаражаттың қайда кеткенiн экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттiгi анықтап отыр.
Елбасының ұсынысымен жүзеге асырылып жатқан "100 мектеп, 100 аурухана" әлеуметтiк бағдарламасы бойынша қылмыстық iстiң қозғалғаны жалғыз бұл емес. "Үкiмет арнайы қабылдаған бұл әлеуметтiк бағдарламаның төңiрегiнде 87 қылмыстық iс аштық. Ал осы заңбұзушылықтардың нәтижесiнде мемлекетке 1 миллиард 600 мың теңге шығын келiп отыр", — дедi М.Жұманбай.
Әсiресе, Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша заңбұзушылықтар өте жиi орын алып отырған. М.Жұманбайдың айтуынша, әзiрге ТОО "Saulet Enbek" құрылыс компаниясының директоры бес жылға бас бостандығынан айрылды. Ол өз кезегiнде Ленгер қаласындағы мектеп құрылысына бюджеттен бөлiнген 120 миллион теңгенi алаяқтық арқылы өзiне аударып алған. Мұндай жолмен ақша табу бұрындары да тiркелген. Ал үкiметтiк бағдарлама бойынша тендердi жеңiп алып, нәтижесiнде құрылыс та, қаржы да жоғалып кету әрекеттерi де көп деп отыр қаржы полициясы.
Былтыр күзде Елбасы Н.Назарбаев аудан және облыс әкiмдерiмен кездесу барысында "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасының жүзеге асырылуын тездетудi тапсырған. Себебi, бағдарламаның аяқталуы 2009 жылға жоспарланған болатын. Алайда, сол жылдың соңына қарай Оңтүстiк Қазақстанда — 14 мектептiң, Қызылорда облысында — 4, ал Астана қаласында — 1 мектептiң құрылысының аяқталмағаны белгiлi болды.
Дәл осындай жағдайға ауруханалар да душар болды. Бағдарлама толығымен аяқталуы тиiс 2009 жылдың соңында аурухана құрылысына бөлiнген соманың 64 пайызы ғана игерiлген болып шықты. Сонда қалған сома иә игерiлмегенi, иә бiреудiң қапшығында кеткенi белгiсiз. Десе де сыбайлас жемқорлық қылмысының басым бөлiгi құрылыс саласында болып отыр. Қаржы полициясының мәлiметi бойынша, бюджеттiң қаржысына тұрғызылып жатқан құрылыс нысандарының мердiгерлерiне қатысты 246 қылмыстық iс қаралып жатыр. Әсiресе, әлеуметтiк құрылыс нысандарына келгенде кез келгеннiң құлқыны ашылып кететiн көрiнедi.
Бiрнеше жылдар бойы Алматы қаласының ойдым-ойдым, үңiрейген жолдарына арнайы қаржы бөлiнiп, оны игеру жекеменшiк жол құрылыс компанияларына тапсырылады. Әйтсе де, автомобиль жолдары әлi күнге дейiн дұрыс жөндеу көрген емес. Бiр ғана мысал: Жақында опырылған жолдардың бiрi әл-Фараби даңғылы "ГорДорРемСтрой" компаниясына жүктелген. Бұл көшенiң 5 шақырымдай бөлiгi күрделi жөндеудi қажет етiп тұр. Бұл қашықтыққа 2 жарым миллион теңге бөлiнедi. Мiне, осы жерде тағы бармақ тiстейсiң. Алайда бұл қаржы әдеттегiдей толық игерiлмеген болып шықты. Бұл iс бойынша қазiргi таңда қылмыстық iс қозғалып, тергеу жүрiп жатыр. Жауапқа бөлiмше бастығы Корячк пен Кнауб мырзалар тартылып отыр.
Мемлекеттiк айыптаушылардың сөзiне сенсек, "Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары" басқармасының бөлiм бастығы Батыр Дадамырзаев мердiгер компаниялардың есiруiне ерiк берген көрiнедi. Бүгiнде ол қызметiне салғырт, немқұрайды қарағаны үшiн iстi болып отыр. 2006-2007 жылдары жұмыс iстеген Б.Дадамырзаевтың жауапсыздығынан қазынаның қыруар қаржысы ысырап болды. Себебi, бөлiнген қаржыны игеруде олқылық танытқан жалғыз "ГорДорРемСтрой" ғана емес, Алматы қаласында тiркелген басқа да мердiгер компаниялар бар. Мәселен, "СК Инжинеринг", "Нұржан-Маржан" сынды мекемелер құжаттың бәрiн тап-тұйнақтай қылады да, жөндеу жұмыстарына келгенде қол қусырады, ал кейбiрi жолдардың бетiн сипап қана өткен. Осыған байланысты тексеру жүргiзген прокуратура лауазымды тұлғалардың жауапсыздығы бюджеттiң тоналуына себепкер деген қорытындыға келдi.
Бұл топқа Қрасный Яр өлкесiндегi "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша үй салған "Сарыарқа" әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы мен "Көкшетауқұрылыс" ЖШС-ын да жатқызуға болады. Жақында белгiлi болғандай, көзге көрiнеу ақ шаңқан үй тұрғызғанымен, сапалық жағдайы мүлде сын көтермейтiн болып шықты деп зар жылап отыр үй қожайындары. Ал арнайы аударылған қыруар қаржыны ұстай отырып, арзанқол құрылыс заттары қолданылғаны тағы бiр шикiлiктiң шетiн шығарып тұрғандай…
Қолды болған ақшаның бiраз бөлiгi "Жол картасы" бағдарламасына тiкелей қатысты. Бұл бағдарламаға миллиардтаған қаржының бөлiнгенi рас. Бағдарлама мектеп, ауруханамен ғана шектелiп қалмаған. Әлеуметтiк нысандар, аймақтық жолдар, су құбыры құрылысы, қалалық мекемелер мен жұмысқа тұру да кiрiстiрiлген-дi. Бiрақ, бұнда да заңбұзушылық орын алған. Мәселен, Жамбыл облысында желтоқсан айында осы бағдарлама төңiрегiнде шу шықты. Облыстық прокуратураның мәлiметi бойынша, базбiр мекеме өзiнiң еңбеккерлерiн жұмыстан босатады. Бұдан кейiн жұмыссыз ретiнде тiркелген қызметкерлер өз мекемесiне қайта жұмысқа тұрады. Мiне, осылай республика көлемiнде мыңдаған адамдар жаппай жұмысқа орналасты.
Жалпы әртүрлi сала бойынша 2009 жылы елiмiзде 1600-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленген. Анықталғаны осыншалық болғанда, бiз бiлмейтiнi қаншама? "Биылғы жылдың желтоқсан айының ортасына қарай "Жол картасын" жүзеге асыру кезiндегi заңбұзушылықтарға қатысты арнайы отырыс өткiземiз. Осыған байланысты Қаржы министрлiгiне бөлек тапсырма берiледi", — деп едi үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов. Бiрақ, оған дейiн бұл бағдарлама орындалып, жаңасы дүниеге келер. Ал заңбұзушылар ебiн тауып қайта аяқтан шала бастауы ықтимал.
Ақниет ОСПАНБАЙ