Бүгін Париж қаласында (Франция) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өз жұмысын бастады. Екі күндік іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.
Агенттік төрағасы өз баяндамасында ЭЫДҰ-ға 17 жылдық ынтымақтастығы үшін алғысын білдіре отырып, «ЭЫДҰ-ның Қазақстандағы қоғамдық адалдық жөніндегі шолуы» жариялануын осы ынтымақтастықтың маңызды нәтижесі деді. Бұл құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктердің тұрақтылығын бағалайды және 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды кезең болып табылады.
«Біз құндылықтар жүйесін формалды орындаушылықтан саналы қызмет етуге көшіріп жатырмыз», – деді Дархан Жазықбай.
Өз сөзінде Агенттік төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқару мәдениетін өзгерту бағытына бастама көтергенін атап айтты.

Бұл жұмыстың негізгі элементі – барлық деңгейде адалдық жүйесін қалыптастыру. Мектептерде «Адал азамат» бағдарламасы енгізілуде, жоғары оқу орындарында академиялық адалдық модульдері оқытылуда, ал мемлекеттік қызметшілер үшін әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша үздіксіз оқыту міндетті негізде жүзеге асырылуда.
Адалдық қағидаттарын дамыту мемлекеттік басқарудың технологиялық жаңғыруымен қатар жүруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық прогрестің жаңа кезеңіне көшуді айқындады. Алдағы үш жылда ел интеллектуалдық, технологиялық және институционалдық тұрғыдан барлық салаларда жаңғыруды қамтамасыз етіп, цифрлық трансформацияның жаңа сапалы деңгейіне шығуы тиіс. Бұл бағыт мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырумен және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетумен тікелей байланысты.
Цифрландыру адами факторды болдырмауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік беретін маңызды құралға айналды. Бүгінде мемлекеттік қызметке қабылдау процесінде цифрлық іріктеу жүйесі жұмыс істеп жатыр, ол үміткерлерге тең мүмкіндік береді. Мыңдаған ведомстволық ұйымдар мен білім беру мекемелерін қамтитын Бірыңғай кадр жүйесі құрылып, автоматтандырылған. Бұл – еңбекке қабылдау кезінде мүдделер қақтығысын еңсеру мен тәуекелдерді азайтудың маңызды тетігі.

Сондай-ақ, Орталық Азияда алғаш рет мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллект дағдыларына оқытуға арналған AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды.
Агенттік 2025 жылғы желтоқсанда Парламентке енгізілетін «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң жобасын дайындады. Заңда адамға бағдарлану және мемлекеттік қызметшінің мінсіз беделі қағидаттары бекітіледі.
«Қазақстан сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуден оның себептерін алдын алуға бағытталған жүйелі трансформация жолына түсті», – деп атап өтті Агенттік төрағасы.
Баяндамада атап өтілгендей, Қазақстан ЭЫДҰ Кеңесінің қоғамдық адалдық жөніндегі ұсынымына қосылуға мүдделілік танытып отыр. Бұл біздің Республикамыздың БҰҰ, ЭЫДҰ және ГРЕКО ұстанымдары мен халықаралық стандарттарын қолдайтынын айғақтайды.
«Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастық әділдік пен сенім сияқты ортақ құндылықтарды ілгерілетудің берік негізі болып қала бермек», – деп түйіндеді Дархан Жазықбай.