Сан-Францискодағы Preventive стартапы жасанды интеллект пен геномдық инженерияны біріктіріп, адам эмбриондарын генетикалық тұрғыда өзгерту технологиясын дамытып жатыр. Жоба ресми түрде тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға бағытталғанымен, сарапшылардың айтуынша, бұл технология болашақта «баланың генетикалық параметрлерін баптауға» – интеллект деңгейін, бойын, көздің түсін, тіпті темпераментін таңдауға мүмкіндік беруі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
Компания АҚШ-та мұндай тәжірибелерге заңмен тыйым салынғандықтан, зерттеулерін шетелде жүргізіп отыр. The Wall Street Journal дерегінше, жобаға OpenAI басшысы Сэм Альтман мен Coinbase негізін қалаушы Брайан Армстронг инвестиция салған.
Preventive қазіргі таңда шамамен 30 миллион доллар инвестиция тартқан. Лаборатория эмбриондармен жұмыс істеу кезінде CRISPR технологиясының жетілдірілген нұсқасын қолданады. Бұл әдіс арқылы ДНҚ тізбегіндегі ақауларды түзету немесе белгілі қасиеттерді күшейтуге болады.
Ғалымдар мұндай тәжірибелердің этикалық салдары туралы дабыл қағуда. Олардың пікірінше, генетикалық «жетілдіру» болашақта әлеуметтік теңсіздікті күшейтіп, адамзаттың табиғи эволюциясына кері әсер етуі мүмкін.
Preventive әзірге ресми түрде «генетикалық өңделген бала дүниеге келді» деп жариялаған жоқ, бірақ компания өкілдері бұл мақсатқа жақын екенін мойындайды.
Зерттеу айналасындағы пікірталастар ғылыми және этикалық шектеулердің қайда аяқталып, коммерциялық мүмкіндіктердің қайдан басталатыны жайлы жаһандық сұрақтарды қайта көтерді.