Аймақтың тазалығын сақтау – баршаға ортақ міндет: «Таза бейсенбі» акциясы аясында өңірлерде мыңдаған көшет отырғызылды

Аймақтың тазалығын сақтау – баршаға ортақ міндет: «Таза бейсенбі» акциясы аясында өңірлерде мыңдаған көшет отырғызылды
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында «AMANAT» партиясы ел аумағында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Басты мақсат – экологиялық мәдениетті дамыту, азаматтардың қоршаған орта тазалығына және елді мекендерді абаттандыруға деген жауапкершілігін арттыру.

Ақтөбе облысының Хромтау ауданында «Таза бейсенбі» акциясы Ақжар ауылдық округінің Жазық ауылында өтті. Тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары мен «Ақжар» бастауыш партия ұйымының мүшелері қатысып, жаңа мектеп аумағына 50 көшет отырғызды. Мұндай экологиялық іс-шаралар ауданда жүйелі түрде өткізіліп келеді. Тек биылғы тазалық жұмыстары аясында 25 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.

Атырау облысының Құрманғазы ауданында өткен акцияға 30-дан астам адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері мен белсенді жастар бар. Акция қатысушылары саябақ аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.

Аудандық филиал төрағасы Ерлан Хисметуллин ауданның тазалығын сақтау – баршаның ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Тазалық мәдениетін қалыптастыру арқылы біз табиғатты қорғап қана қоймай, келер ұрпақ үшін таза әрі жайлы орта қалыптастырамыз. Осындай бастамалар арқылы «AMANAT» азаматтарды табиғатқа ұқыпты қарауға және қалалар мен ауылдардың тазалығына үлес қосуға шақырады», – деді ол.

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданының Амангелді ауылында акция аясында кең көлемді абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2400 ағаш отырғызылды. Іс-шараға бастауыш партия ұйымының мүшелері, ауыл мекемелері мен мектеп ұжымдары, аудандық бөлімдердің өкілдері қатысты.

Шымкент қаласында экологиялық акцияға қалалық және аудандық филиал қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, коммуналдық қызмет өкілдері және тұрғындар атсалысты. Тазалық жұмыстары Еңбекші ауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларында және көшелерінде өтті.

Қалалық филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысовтың айтуынша, «Таза бейсенбі» – экологиялық мәдениетті қалыптастырып, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру жолы. Басты мақсат – Шымкентті таза, жайлы және әсем қалаға айналдыру.

Жамбыл облысының Тараз қаласында партияның облыстық филиалының бастамасымен «Таза бейсенбі» акциясы Ұлы дала шағын ауданында өтті. Қатысушылар Телжан Шонанұлы көшесінің бойын тазалады. Жыл басынан бері акция облыстың барлық аудандарында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында 36 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 2 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Акцияға шамамен 3 мың адам қатысты.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында тазалық жұмыстары Аманжолов ауылдық округіне қарасты Талды ауылында өтті. Іс-шараға қатысқан депутаттар мен ауыл белсенділері шамамен 1 тонна қоқыс шығарды.

 «Біз үшін маңыздысы – тек тазалық сақтауға шақыру емес, оны өз ісімізбен көрсету. Осындай акциялар адамдарды біріктіріп, туған жерге деген жауапкершілік сезімін қалыптастырады», – деді партия белсендісі Ұлан Райымбеков.

Қызылорда облысының Жалағаш кентінде тазалық жұмыстары Жеңістің 50 жылдығы көшесінің бойында өтті. Акцияға 60-тан астам адам қатысты. Олардың қатарында депутаттар, партия мүшелері, еріктілер және жастар бар. Іс-шара барысында шамамен 3 шақырым аумақ тазартылып, 4 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева атап өткендей, «Таза бейсенбі» – бұл бір реттік акция емес, бұл – ортақ жауапкершіліктің және тәрбиенің көрінісі.

«AMANAT» партиясы «Таза Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырып отырған «Таза бейсенбі» экологиялық бастамасы – қоғамдық ынтымақтастықтың және азаматтардың өз қаласы мен ауылына деген жеке жауапкершілігінің символына айналды. Партия алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары