МИНИСТР УӘДЕ БЕРДI

МИНИСТР УӘДЕ БЕРДI

МИНИСТР УӘДЕ БЕРДI
ашық дереккөзі
188

Өткен жұмада Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова ханым Алматыға арнайы iс-сапармен келiп, Көшi қон комитетiнiң Алматы қаласы бойынша департаментiнде әр жылдары алыс-жақын шетелдерден келген қазақтармен кездестi.

Кездесуде сыртқы және iшкi көшi-қон мәселелерi талқыланды. Мәселен, "Балдырған" журналының қызметкерi Ауыт Мұқибекұлы Қытайдан қазақ көшiнiң тоқырап тұрғаны жайында өз ойымен бөлiстi.

– Қытайдан қоныс аударғаныма 12 жыл болды. Мына "Нұрлы көш" бағдарламасымен арғы беттегi елдiң бәрi таныс. Көбiнiң осы бағдарлама бойынша көшiп келгiсi келедi. Бiрақ, соңғы бес жылда Қытайдан келетiн көш тоқтап тұр. Бiрен-сараны туысшылап қана келуде. Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан ондаған отбасын көшiрiп алып, өз ауылына қоныстандырмақ болып едi. Бiрақ, оған мүмкiндiк болмады. Қытай жағы жiбермейiн деп отырған жоқ, бiрақ, Қазақстан тарапынан ресми органдардан шақыру болуы керек екен. Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Қабылсаят Әбiшев мырза "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша 1400 отбасын көшiрiп алуға мүмкiндiк бар деп баспасөз арқылы баяндаған едi. Сондықтан 65 отбасы, 191 адамның тiзiмiн Қабылсаят Әбiшевке табыстағанмын. Содан берi 5 ай өттi, ресми шақыру қағазын ала алмай жүрмiн. Ал, қалың ел көшiп келгiсi келiп бiзге алаңдайды. Егер, шақыратын болса, қара күзге қалдырмай жазға дейiн шақыру керек едi. Өйткенi, күзден кейiн қыс келедi, халықтың мұнда келiп орнығуы қиынға түседi. Осыны тездетуге болмас па екен? – дедi ол.

– Осында келiп орналасқан, азаматтық алған туысқандары шақыру жiберуге болмас па екен? – деп сауал қойды министр.

– Жоқ, егер ондай шақырулар жiберiлсе, 18 жасқа толмаған балаларын жiбермейдi.

Оралмандардың "Жебеу" республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң атқарушы директоры Рахым Айып Қытайдың қазақтардың Қазақстанға оралуына кедергi болып отырғаны халықаралық нормаларға қайшы дегендi айтты:

– Қытай өзге де мемлекеттер сияқты халықаралық бiрнеше келiсiмге қол қойған. Соның бiрi – Хельсинки декларациясы. Онда бөлiп-жарылған отбасылардың бiр-бiрiне қосылуына кедергi келмеуi тиiс. Бiз өз туыс-туғандарымызды осы заңға сүйенiп шақырып алған едiк. Шақыруды бiз Қазақстан тарапынан жiберетiнбiз. Алайда, соңғы екi жыл бойына осы шақыру тоқтап тұр. Бiздiң прокуратура оны заңсыз деп тапқан екен. Бiрақ, неге заңсыз екендiгiн айтпайды. Ал халықаралық пактiлер бiздiң заңдарымыздан жоғары тұр ғой. Демек, Қытайдағы қазақ көшiнiң тоқырауына өзге емес, Қазақстан өзi кедергi келтiрiп отыр. Егер Қазақстанның құзырлы органдары шақыру беретiн болса, Қытай оған бөгет болғалы отырған жоқ. Бұған дейiн бiз шақыруды былай жасап келдiк: Мен әкемдi шақыртар болсам, оған өз басым кепiлдiк бола алам. Яғни, формальды түрде болса да, мен отбасыма өзiм қамқор бола алам деген кепiлдiк берем, оны Көшi-қон комитетi растап, Сыртқы iстер министрлiгi заңдастырып берушi едi. Қытай жағы Сыртқы iстер министрлiгiнiң мөрi тұрғаннан кейiн, оны заңды деп танып, қазақты көшiруге рұқсат ететiн. Сөйтiп, сан мыңдаған отбасы келдi. Бұл аяқасты тоқтатылды. Қандай себептермен, оған жауап жоқ.

Сондай-ақ, Қазақстанда көшi-қонды ұжымдық түрде көшiрiп алу iсi жолға қойылмаған. Қазiргi Көшi-қон комитетiнiң жұмысы көшiп келгендердi тiзiмдеп квотаға енгiзуден аспайды. Ал, шеттегi қазақтар Қазақстан туралы нақты ақпаратты бiлмейдi. Сол үшiн "Нұрлы көштi" жарналамау мәселесiн қолға алып, арнайы ақпарат құралдарын ашқан жөн. Егер, насихат дұрыс жүретiн болса, Солтүстiк облыстарға көшiп келуге ынталылардың саны арта түседi.

Қайрат Бодауханұлы, Оралмандардың "Асар" республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы:

– "Нұрлы көш" бағдарламасы басталғаннан берi оралмандар арасында күдiк көбейiп кеттi. Жақында бiз Үрiмшiде болып қайтқан едiк. Сондағы қазақтардың көбi "Нұрлы көш" бағдарламасымен барсақ, бiзге үй берiледi екен деген түсiнiкте. Бiз бұл үйлердiң тегiн емес, несиеге берiлетiндiгiн түсiндiрумен болдық.

"Нұрлы көш" бағдарламасының алғашқы жобаларының сәтсiздiкке ұрынуы, Қызылжардағы үйлердiң бiр қысқа төтеп бере алмауы – жақсы бастаманың аяқсыз қалуына алып келетiн түрi бар. Мiне, көш басталғалы 20 жыл болды, осы жиырма жыл iшiнде бiз өзгенiң тәжiрибесiнен емес, өз қателiгiмiзден үйренетiн деңгейге жеттiк қой. Көшi-қон комитетiнiң құзыры өте төмен. Бiз көшi-қон проблемаларын шешудiң нақты тетiктерiн "Халықтың көшi-қоны туралы" заң жобасынан күткенбiз. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бұл заң жобасы бұл талаптардың ешқайсысына жауап бере алмайды. Қазiргi ең үлкен мәселе – баспана мәселесi. Егер, баспана мәселесiн бiржақты ететiн болсақ, бұл қазiргi туындап жатқан көптеген әлеуметтiк мәселелер шешiмiн табар едi. Өйткенi, көшiп келген қазақтардың басым көпшiлiгi кез келген салада жұмыс iстеп жатыр.

Талғат Мамырұлы, Оралмандардың Республикалық "Жебеу" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы:

– Көшi-қон заңдарын қабылдаған кезде, әр жылдары алыс-жақын шетелдерден келген қазақтардың өкiлдерiнен жасақталған жұмыс тобы болса, олар проблеманы айқын көрсете алар едi.

Ерлан Қойлан, "Керуен" қоғамдық ұйымының төрағасы:

– Екi-үш ай бұрын Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында болдым. Онда көшiп келуге ынталылар өте көп. Бiрақ, соңғы кездегi жұттың салдарынан жұтап қалған ағайындардың көбiнiң Қазақстанға көшiп келетiн мүмкiндiгi болмай қапты. Сондай-ақ, Ресей территориясымен 1800-дей шақырым жол жүредi. Ол үшiн виза алу керек. Виза әрбiр адамға 85 доллар тұрады екен. Және оны Баян-Өлгийден 2000 шақырым қашықтықта жатқан Ұланбатырдан алу қажеттiлiгi туындайды. Оған визаға тапсырыс берген әрбiр адам өзi барып алуы керек. Баян-Өлгий мен Ұланбатыр арасында тек қана ұшақ қатынасы. Бұның барлығы көшiп келушi отбасыларға кәдiмгiдей күш. Сондықтан, олар бiр кездегiдей Қазақстан тарапынан ұжымдасқан түрде көшiрiп алса деген тiлек айтты.

Министр ханым айтылған пiкiрлердiң барлығын мұқият тыңдап, бұл түйткiлдердiң шешiлу мүмкiндiктерiн қарастыруға уәде бердi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары