ХАЛЫҚ ЗАҢ ЖОБАСЫНАН БЕЙХАБАР
ХАЛЫҚ ЗАҢ ЖОБАСЫНАН БЕЙХАБАР
Жақында Алматы қалалық мәслихаты қалада тұрақты тiркелудiң жаңа Ережесiн қабылдады. Бұл Ереже бойынша Алматы қаласының тұрғындары тұрғын үйдегi бiр адамға 15 шаршы метр аумақта тiркелуi керек. Яғни, 60 шаршы метрлiк 3 бөлмелi пәтерiң болса, 4 адамнан артық тiркелуге болмайды. Алматы қаласы мәслихаты, бұл ретте үй иесiнiң жақын туғандарын тiркеуiне мүмкiндiк беретiндiктерiн айтады. Олардың қандай дәрежелi туыстар болатындығы заңдық актiде көрсетiледi.
Ресми есеп бойынша, қазiр Алматыда 1,5 миллион адам тұрады екен. Ал, көшi-қон полициясының деректерi бойынша, 1 миллионнан астам адам тiркеусiз жүрген көрiнедi.
Қазiр Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнде "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң жобасының талқыланып жатқаны белгiлi. Онда тiркеудiң жаңа тәртiбiне арнайы тоқталатын бап бар. "Қоныстың" өткен санында жазғанымыздай, тiркеусiз жүрген азаматтар 15 жұмыс күнiнiң iшiнде, ал ауылды жерде тiркеуi бар, бiрақ қалаға тұрақты тұруға келген адамдардың 30 жұмыс күнi iшiнде тiркелуi мiндеттi. Бұл тәртiпке бағынбағандар үшiн айыппұл салынады. Ол айыппұлдың мөлшерiн Үкiмет өзi анықтамақ. Бұл заң жобасы өмiрге жолдама алатын болса, Қазақстан азаматтарының ел iшiнде еркiн жүрiп-тұруы қиындамақ.
Өткен аптада Алматыға арнайы ат басын бұрған Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықоваға осы мәселе жайында әңгiме қозғап, заң жобасында осы баптың қайта қаралуын сұраған едiк. Министр ханым бұл мәселенiң iшкi көшi-қон үрдiстерiн реттеу, еңбек ресурстарын теңестiру мақсатында қолға алынып жатқанын айтты.
Не дегенмен бiр нәрсе айқын – қарапайым көпшiлiктiң осы бiр заң жобасының Мәжiлiсте қаралып жатқанынан бейхабар екендiгi. Қарапайым тұрғынның көпшiлiгi ауылдан нәпақа iздеп келiп, пәтер жалдап, базар жағалап күн көрiп жүр. Көбiнiң қалада тiркеуi жоқ. Былтырғы санақ нәтижесiне қарағанда, ауылда тұратындардың үлес салмағы 43% қалпында қалған. Шын мәнiсiнде ауылдардың көбi бүгiнде қаңырап бос қалды. Халықтың басым көпшiлiгi – iрi мегаполистерге қарай ағылды. Тiркеуi ауылда, күн көрiсi қалада жүрген жандардың нақты санын жалпыұлттық санақ та айқындап бере алмады. Сол себептен де, базарда сауда жасап жүрген қарапайым ауыл адамынан осы заң жобасы жайында пiкiрiн бiлу мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiнiң студенттерi сауалнама жүргiзген едi. Сауалнама негiзiнен базардағы саудагерлерден алынды. Көбi ауылдан қалаға келiп нәпақасын айырып жүрген жандар. Бұлардың ешқайсысы аталған заң жобасынан бейхабар. Бiрiншiден, олардың әрқайсысына заң жобасы жайында түсiндiру қажеттiгi туды. Екiншiден, олардың осыған орай пiкiрлерiн бiлдiк. Назарларыңызға осы сауалнаманы ұсынып отырмыз:
Қасым, киiм сатушы:
– Мұндай заң егер қабылданатын болса, онда бұл адам құқығына қайшы келедi. Сондықтан, оның өмiрге жолдама алуына қарсымын. Қазақстан Республикасының азаматтары ел аумағында бiр облыстан екiншi облысқа барып жұмыс iстеуi үшiн ешқандай "прописканың" қажетi жоқ. Өйткенi, бүкiл ел боп қабылдаған Конституцияның 21-бабы бойынша ел азаматтары Қазақстан аумағында емiн-еркiн жүрiп тұруға және қалаған жерiнде тұруына құқылы.
Сәуле, көкөнiс сатушы:
– Менiңше, тiркеудi реттеген жөн. Егер, сiз айтып отырған заң жобасы қабылданатын болса, барлық аймақта тәртiп орнайды. Ал, тәртiп бар жерде қылмыстың түрлерi азаяды. Мәселен, қазiр тұрақты тiркеусiз жүрген қаншама адам қылмыс жасап қашып кетедi. Олардың қайда жүргенi бiр құдайдың өзiне қана аян. Егер, заң қабылданар болса, ондайларды тұрғылықты мекенi арқылы қолға түсiру оңай болар едi.
Наркез, делдал:
– Менiңше, бұл заң қабылданса халық наразы болады. Олай дейтiн себебiм, бүгiнгi күнде қаншама ауыл тұрғыны бала-шағасын асырау үшiн қалаға келiп, өз нәпақаларын табуда. Мәселен өз басым сол нәпақа iздеп келгендердiң бiрi болам. Ендi сол Шымкенттегi тiркеуiмнен шығып келiп, Алматыға тiркелейiн десем кәдiмгiдей үлкен қаражат сұрап отырған жайы бар. Мен олардың сұрап отырған қаражатын қайдан табам? Қазiргi кезде өзiм осы қаладан үй жалдап тұрып жатырмын. Мiне, ендi қолға алған iстi амалсыз тастап қойып отырмыз.
Болат, сатушы:
– Мен бұл заңның қабылдануына қарсымын. Өйткенi бiзде сен осы қалада тудың, осы қаланың тұрғылықты тұрғынысың, тiркеуiң де осында, сен ендi осы жерден басқа жаққа аттап басуыңа болмайды және жұмыс iстеуiңе де құқың жоқ деген заң жоқ.
Бегәдiл Саймасаев, аспаз:
– Жамбыл облысының Құлан ауданы, Көгершiн ауылынан келген едiм. Алматы қаласында "пропискасыз" жүргенiме 13 жыл болды. Бұндай заң жобасынан бейхабар екенмiн. Дегенмен егер де осындай заң қабылданса, бiз басқа мемлекетке көшiп, жұмыс iстеуге мәжбүр болатын шығармыз.
Раушан Тажiмбетова, жеке кәсiпкер:
– Тараз қаласының тұрғынымын. Алматыда тұрып, жұмыс iстегенiме 8 жылдай болды. Қазiргi таңда пәтер жалдап тұрамын. Алматылық тiркеуге ақылы түрде тiркелдiм. Айына 7 мың теңге төлеймiн. Менiңше, қазақстандық азаматтар Қазақстан бойынша еркiн қозғалып, тiркеусiз жүруге құқылы болу керек.
Гүлзира, газет сатушы:
– Мен мұндай заң жобаларын ойлап тапқан адамдарға таң қалам. Бұл халықты тонау ғой. Қарапайым халық қалаға жетiскенiнен келмейдi ғой. Ақшамыз болмаған соң, бала-шағамызды асырау үшiн, күнкөрiс қамы үшiн келемiз. Егер, бұл заң жобасы қабылданса, онда қарапайым халық жеп отырған нанынан айрылады, ол күнә ғой.
Самал, жемiс-жидек сатушы:
– Менiң мұндайға бас қатырғым келмейдi. Өйткенi, оны ойлауға уақытым да жоқ. Балаларымның тамағын табу мен үшiн ең маңызды мәселе, қалғанын бiлмеймiн.
Айжан, ыдыс-аяқ сатушы:
– Мен ауылдан көшiп келдiм. Ауылда жұмыс жоқ, жағдайымыз жаман. Күнiмiздi көру үшiн қалада жұмыс iстеуге тура келдi. Өзiм бiреудiң бiр бөлмесiн жалдап тұрып жатырмын. Мұнда менi тiркеуге тұрғыза қоятын туысқаным да жоқ. Ал, мынандай заңның қабылданғалы жатқанын естiген де емеспiн. Естiгенмен қайтемiз, бiздiң үнiмiз кiмге жетiп жатыр?
Лариса, шемiшке сатады:
– Шынымды айтсам,бұл заңды не үшiн шығарайын деп жатқандарын түсiнбей отырмын. Мен өз ауылымнан тiркеуден шығып осында келiп тiркеуге тұрсам балаларыма төлеп отырған мемлекеттiк жәрдемақыдан айырылам емес пе? Жоқ,бұған мен келiспеймiн. Базарда тұрған адамдардың тiркеуi бар ма, жоқ па, кiм тексередi дейсiң…Мен өз басым ешқандай тiркеуге тұрмаймын.
Ақмарал, саудагер:
– Ендi… тұр десе тұрамыз. Заңды аттап қайда барамыз?! Бiр қиындығы құжат жинау көп уақыт алады, жұмыс тоқтап қалады. Және де қалада туған-туысым жоқ, қай жерге тiркеуге тұратыным уайым болып тұр!
Әлiбек, арбакеш:
– Егер бұл заң қабылданса, бүкiл жұмысшы табы наразылық бiлдiредi. Ешкiм тiркеуге тұрмайды. Тұрғанның өзiнде 2-3 ай жұмыс iстеп,ауылына қайтқанда қайтадан тiркеуден шығып жүрген оларға ыңғайсыздық тудырады.
Сауалнамаға қатысқандар: Айзат Әбдiсамат
Айнұр Ерубаева
Айнұр Ақынбаева
Аида Омарова
Дана Жұмағұлова
P.S. Байқап отырғандарыңыздай, қарапайым тұрғындар бұндай заң жобасының қабылдануына үзiлдi-кесiлдi қарсы. Алайда, басым көпшiлiк ондай заңның дайындалып жатқанынан бейхабар. Сол себептi де, бұл заңды насихаттау, талқылау iсiне көбiрек маңыз берген жөн болар.