ТӨЛ ТЕҢГЕДЕН – ТАРИХҚА ДЕЙIН НЕМЕСЕ СӘУЛЕТШIЛIКТЕН ҒЫЛЫМҒА БЕТ БҰРҒАН ДИЗАЙНЕР

ТӨЛ ТЕҢГЕДЕН – ТАРИХҚА ДЕЙIН НЕМЕСЕ СӘУЛЕТШIЛIКТЕН ҒЫЛЫМҒА БЕТ БҰРҒАН ДИЗАЙНЕР

ТӨЛ ТЕҢГЕДЕН – ТАРИХҚА ДЕЙIН НЕМЕСЕ СӘУЛЕТШIЛIКТЕН ҒЫЛЫМҒА БЕТ БҰРҒАН ДИЗАЙНЕР
ашық дереккөзі
220

Теңге… Бес-ақ әрiптен құралған осы бiр сөз айналысқа енгенде бөркiн аспанға атып, қуанбаған халық кемде-кем шығар, сiрә! Ұлттық теңге одан берi де талай өзгерiске ұшырады. Шоқан, Абай, Әбiлқайыр, Сүйiнбай, Жамбыл, Құрманғазы, Абылай бейнесiмен көмкерiлген ұлттық нақыштағы ұлттық валютадан бүгiнде ештеңе қалмады.

Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың ұлттық валюта жасау туралы құпия шешiм қабылдауынан кейiн, көп ұзамай, теңгенi жасау процесi басталып кеттi. Теңге жасалған сол бiр шақтарды еске түсiргенде, әуелi теңге авторларының бiрi, ұйымдастырушы — Хайрулла Ғабжалиловты да көпшiлiктiң еске алатыны сөзсiз. Сәулетшi, суретшi, тарихшы, қоғам қайраткерi Хайрулла Ғабжалилов бүгiнде алпысқа толып отыр. Алпыстың асуына келген ағамен әңгiмемiздi ұлттық теңге дүниеге келген сол бiр қызықты сәттерден бастаған едiк.

— Теңге жасауға мен кездейсоқ тап болдым, – деп бастады Хайрулла аға әңгiмесiн. — Кездейсоқтық деген де қызық нәрсе ғой. Мен осынау мiндеттi орындау үшiн ұзақ жылдар дайындалған сияқтымын. Сәулетшi болып жүрiп, ұдайы бiр нәрселердiң суретiн салып жүретiн едiм. Безендiргiш-суретшi болып мамандандым. Сонымен бiрге, өзiмнiң көркем жазу шеберлiгiмдi шыңдадым. Банкнот дизайнерiне осы екi машықтың керек екенi белгiлi. Ақша дизайны мен үшiн көркем шығармашылықтың мүлде тың түрi болды. Бiрақ, менi осынау мемлекеттiк тапсырысты орындай аламын деген сенiмдiлiк сезiмi баурады. Күндiз қолымыз бос емес, ал кешкiлiкте бiрде оның, бiрде менiң үйiмде кездесiп, болашақ қазақстандық ақшалардың алғашқы нобайларын, сұлбасын салатынбыз. Банкноттардың негiзгi идеясы мен құрылымын талқылап алып, бiз ұлттық банк төрағасы Ғалым Байназаровтың қабылдауына жазылдық. Сұхбат барысында бiз қаржыгерлердiң валюта әзiрлеуге тапсырысты қайта жалғастыруды белгiлеу үшiн Англияға, Испанияға, Алманияға барғанын бiлдiк. Өз кезегiнде банкноттардың нобайларын көрсеттiк, нәтижесiнде дизайнерлiк топ бекiтiлдi. Бiз iске кiрiсiп кеттiк. Жоғары Кеңестiң саяжайын жалға алдық, көшiрiп көбейтетiндi қойдық, бояуларды таптық, тарих пен археология бойынша кiтаптар мен альбомдарды жинап алдық. Ұлттық банктың кiтапханасынан бiзге бағдар үшiн "Дүние жүзiнiң валюталары" атты үлкен киiз кiтап берiлдi. 1992 жылдың 27 тамызында ақша айырбастауға бiр жыл қалғанда ҚР Ұлттық банкiнiң басқармасында теңге купюрларының үлгiлерi бекiтiлдi. Ал, келесi күнi бiз төрт қазақ суретшiсi Лондонға ұшып кеттiк. Осылай, теңгенiң дизайнын жасаған едiк.

— Аға, сiздi теңге авторларының бiрi ретiнде танығанымызбен, ең әуелi сiз сәулетшi мамандығын игерген адамсыз. Сәулетшiлiк жұмыстармен көп айналыстыңыз ба?

— Алпыс жасқа келiп отырмын. Алла тағала жасын берсе, жасай бересiң ғой. Қазақта: "Көп жасағаннан сұрама, көптi көргеннен сұра" деген сөз бар. Менiң өзiмнiң өмiрiм, менiң өзiме қызық болмаса, басқа ешкiмге қызық емес. Бiрақ, бұл өмiрге келгеннен кейiн, "Сен не iстедiң?" "Тек қара басыңа тiрлiк еттiң бе, халқыңа тiрлiк жасадың ба?" осыны ойлайсың. Әңгiменiң бәрi осыдан басталады. Артына өшпес iз қалдырған адамдар көп қазақта. Шоқан Уәлиханов, Саттар Ерубаев, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев… Айта берсең, тiзiм жалғаса бередi. Сол сияқты, кейде мен де: "Не iстедiм, не тiрлiк жасадым?" деп өткенiме ой жiберем. Сәулет өнерi мен суретшiлiк — бiр мамандық. Сол екi мамандықты да меңгергеннен кейiн, 1976 жылы Алматыға келдiм. Түрлi мекемелерде сәулетшiлiк жұмыспен айналыса бастадым. Төрт жылдан кейiн Орталық Комитетке жұмысқа бардым. Ол жерде де сәулет өнерiне қатысты бiрқатар шаруаларды атқардым. Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде салынған зәулiм ғимараттардың дизайнын жасадым. Өзiмнiң жеке бiтiрген еңбегiм деп, Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласын айта алам. Ол кезде ең үлкен фосфор орталығы Қаратауда болатын. Сол қаланың сәулетiн жасау маған оңай шаруаға түскен жоқ. Түрлi қиындықтар да болды. Кеңестiк идеология мықты едi ғой. Қатаң талаппен сурет салдыратын. Әсiресе, Лениннiң, Брежневтiң суреттерiн салатын едiк. Ол суреттерге өте көп ақша төлейтiн. Сол суреттердi салып жүрiп, қыруар қаржы табатынмын. Бiрақ, ол кезде ол ақшаны қайда жұмсарымызды бiлмейтiн едiк. Бүгiнгiдей еркiн сатылып жатқан ешнәрсе жоқ. Бар ақшаны жұмсай алмайтынбыз.

— Төл валютаның дизайнын жасау үшiн аз тер төккен жоқсыздар. Сiздер жасаған ұлттық валютадан әл-Фараби бейнесi ғана қалды. Өкiнесiздер ме?

— Өкiнiштi. Ұлттық валюта әлемдегi ең сапалы валюталардың бiрi болды. Қазақстан алғаш қаржыгерлер ортасында теңге арқылы әлемге танылды. Бiз жасаған теңгемiздi шын ықыласпен, шын ниетпен халық үшiн жасадық. Ұлттық валюта халыққа да үлкен серпiлiс алып келдi. Рухы көтерiлдi. Теңгенiң iшiнде ұлттық идеология да бар едi. Сол теңгенi құртуға көп адам атсалысты. Марченко теңгенiң бәрiн тиынға айналдырып жiбердi. Ар жағында теңгелер инфляцияға кеттi. Өзiмiздiң бiр том қазақ бауырларымыздың қолымен ұлттық валюта жоғалды. Ұлттық валютаны құрту арқылы олар қазақ халқына қиянат жасады. Бұрынғы теңгемен қарағанда, қазiргi теңгенiң сапасы да төмен. Идеология деген мүлдем жоқ. Кезiндегi Абай, Сүйiнбай, Шоқан бейнеленген банкноттар ескiре ме? Ескiрмейдi. Теңге елеусiз қалды деп ойлаймын. Мемлекеттiң тәуелсiздiгiн теңгемiзбен бейнелеп едiк ғой.

— Өздерiңiз жасаған алғашқы банкноттар сiзде қазiр сақталған ба?

— Бар. Өзiмнiң жеке архивiме сақтап қойғам. Ескерткiш ретiнде қарап отырам.

— Теңге туралы жиi айтып жүрсiз. Ал сiздiң Ақтөбеден мешiт салдырғаныңызды бiреу бiлсе, бiреу бiле бермейдi. Мешiт ашуыңыз мұсылмандық парызыңыз болып санала ма?

— Менiң атам Мұхаммедқазы Меңдiқұлов дiни бiлiм алған, дiни және қоғам қайраткерi болған екен. Ол кiсi жас кезiнде Бұқарада бiлiм алыпты. Оқуын бiтiрген соң, туған жерге келiп дiни-рухани салада қызмет етедi, насихат жұмыстарымен айналысады. Өресi биiк, көзi ашық, көкiрегi ояу азамат елiне, халқына қызмет етiп, ел-халқының сауатты, бiлiмдi болуы үшiн жұмыс iстейдi. 1905 жылы тамызда Орал-Торғай облыстарының құрамында он екi адамы бар делегациямен Петербургке барып қайтады. Патшаға кiрiп, Қазақстандағы дiн және жер мәселелерiн өткiр көтерiп, орын алған әдiлетсiздiктердi жою және болдырмау шараларын ұсынған жан. Алаш азаматтарының бiрi болды. Ақкемер ауылында өз қаражатын жұмсап, күйдiрiлген қызыл кiрпiштен, төбесi қаңылтырмен жабылған, көкшiл бояумен боялған сәулеттi мешiт, медресе салдырады. Бала оқытады. Тұрғындарды имандылыққа, адалдыққа, бiрлiкке үгiттеп, ауқымды жұмыстар атқарады.

1902-1903 жылдары ол кiсi Мекке, Мәдинаға қажылыққа барады. Мұсылмандық бес парыздың аса бiр құрметтi де, жауапты да, әрi азапты сапарын абыроймен орындап қайтады. Ол кездерi атамның 45 жасқа келген кезi екен. Кейiнiрек, қудалау жылдары басталған кезде атам да қуғын-сүргiнге ұшырап кетедi. Ол салдырған мешiт үйi бұзылып, кiрпiштерi бөтен ғимараттар салуға жұмсалып кетiптi. ХХ ғасырдың 30 жылдарында өзi де қудалауға iлiгiп, үй, дүние-мүлкi тәркiленедi. Сонан, бiр ретi келiп, өзi жасырынып, Қарақалпақ елiне кетедi. Арада екi жыл өткен соң, елге қайтып оралады. Бiрақ, өкiнiшке қарай, сол жолы НКВД-ның адамдары ұстап әкетiп, жалған жаламен "Халық жауы" ретiнде атылып кеттi. Әкем қашып жүрiп, Қарақалпақтың территориясында қалып, аман қалыпты. Дiндарлық бiздiң қанымызда бар нәрсе. Ақкемердегi мешiттiң құжаттарын тауып, сол жақтан маған бiр қария кiсi хабарласты. Ол кiсi менi әбден iздептi. Атам жасаған игiлiктi iстi ары қарай жалғастырайын деген ниетпен, аудан әкiмi Кенжетай Мұқановпен сөйлесiп, жер алдым. Әкiм де ойланбастан, қаланың ортасынан ойып тұрып, жер бердi. Құжаттарын реттеп, сол жерге үлкен мешiт тұрғыздым. Қазiр көпшiлiк сонда барып, жұма намазын оқып жүр. Ендi сол үлгiдегi мешiттi балам Шамалғанда салып, бiтiрiп қалды. Жақында ашылатын шығар.

— Ал өзiңiздiң дiншiлдiгiңiз қалай?

— Бiздiң жас кезiмiзде дiн туралы көп айтыла бермейтiн. Ондай дiни орта болған жоқ. 1992 жылдары шет елге барғанымда алғаш рет көрдiм. Барлық мемлекетте мешiт үйлерi бар екен. Ислам дiнiнiң әлемдiк дiн екенiн сол кезде ұқтым. Содан берi намазымды қаза қылғам жоқ. Меккеге де барып, қажы атанып қайттым.

— Сәулетшi мамандығын игере тұра, тарихты да жақсы бiлетiнiңiз көрiнiп тұр. "Алаш" тарихи-зерттеу орталығын да аштыңыз.

— Елiмiз егемендiк алғаннан кейiн, көп нәрсенi түсiне бастадым. Бiздiң тарихымыздың жоқ екендiгiн бiлдiм. Атам туралы құжаттар жинап жүрiп, талай дүниелерге көз жеткiздiм. Өзiмнiң руымның тарихын да iздедiм. Соларды iздеп жүрiп, бiзде, яғни қазақта тарихтың жоқтығына көзiм жеттi. Тарих институтына бардым. Академияға бардым. Тарихшыларға жолықтым. Өткенде бiр тарихшы келдi. 1989 жылы Қазақстанда өлкетану орталығын құрған екенбiз. Сонда мен: "Тарихты қайта жазайық" деген екем. Қарасам, сол бiр жылдардың өзiнде тарихқа деген өзгеше көзқарасым болыпты. Мен оқыған кiтаптардың барлығы баяғы кеңестiк дәуiрде жазылған саяси тарихи очерктер. Оның өзi орыс империясының нұсқауымен жазылған. Оның iшiндегi ең мықты дегенiмiз — Қазақстанның бес томдық тарихы ғана. Оның өзi қайта-қайта жұлмаланып, өңделген дүниелер. Сондықтан, көп ойлана келе, тарихты қайта жазу керек деген шешiмге келдiм. Сөйтiп, белгiлi тарихшыларды жинай бастадым. Арнайы орталық құрып, жиырма-отыз адамға дейiн айлық төлеп, осылай тарихи дүниелердi жинай бастадық. Солардың арасында отырып, әрқайсысына жекелеген тапсырма берiп жүрiп, қазiр отыз алты том шығардық. Арасында қанша адам келiп, қаншама адам кетiп жатты. Тарихты кiмнен сұрайсың? Бiзде мықты тарихшылар да аз екен. Әрине, бәрiне топырақ шаша алмаймын. Бiрақ, арасында кейбiр тарихшылардың қиянаттарын да көрдiм. Көптеген құнды кiтаптарымды алып кеткендерi де болды. Бұлар қиянатты маған ғана жасап отырған жоқ, қазақ халқына жасап отыр деп ойлаймын. Өз қаражатымды салып, уақытымды бөлiп жасаған дүниеме осындай қиянаттар жасалған кезде, адамға да қиын тиедi екен. Соған қарамастан, қазiр менiң қолымда төрт мыңдай дерек көздерi бар.

— Қазiр орталықтың жұмыстары қалай болып жатыр?

— Қазiр басқа тарихшылар жұмыс жасап жатыр. Терең зерттеулер жүргiзiлуде. Тарих деген не? Тарих — бұл бiздiң философиямыз. Тарих — бұл бiздiң саясатымыз. Тiптi, керек десеңiз, экономикамыз да тарихқа байланысты. Тарихи дүниелердi мектептерден бастап, оқыту керек. Тарихын бiлмеген адам ұлтының патриоты бола алмайды. Тарих деген — менiң Отаным. Тарих дегенiмiз — адамның рухын, патриоттық сезiмiн, отансүйгiштiгiн көтеретұғын әкелерiмiздiң, бабаларымыздың бастарынан кешкен қилы кезең, қилы заман, қиын жағдайлары мен өз дәуiрлерiнiң кезең-кезең баяндалуы. Мен мешiтке барам. Жұма намазымды қаза жiбермеймiн. "Мешiт — Алланың үйi" дейдi. Ол — Еуропада да Алланың үйi. Сол Еуропада да қазақтар мешiтке барып, намазын оқып жүр. Бiрақ, олардың отаны қайда? "Ит тойған жерiне, ер туған жерiне" демей ме қазақ! Ендеше, неге олар шетте жүр? Отаны қайда, жерi қайда?!

Бабаларымыз қасық қаны қалғанша, осы жердi аман қорғап, ұрпағына алып қалды ғой. Әрбiр ру осы жер үшiн күрестi. Қазақ тарихы ру-тайпадан тұрады. Әрбiр ру-тайпаны жеке-жеке зерттемей, тарихымыз жазылмайды. Ру-тайпаны зерттеген сайын, көне түркiлердiң де тарихына да бойлап барамыз. Әлемде қаншама халық бар. Олардың бәрi де ру-тайпадан құралған. Бiрақ, солардың iшiнде қазақ халқы ғана жетi атаға дейiн қыз алыспайтын болыпты. Соның арқасында қазақта қанның тазалығы мықты болды. Қалған халықтардың көбi осындай тазалықтан айрылып қалды. Көршi Өзбекстанды алайық. Қоңыраттың отыз атасы сол жақта. Бiрақ олар өзбек мемлекетi болды да, халқы өзбектенiп кеттi. Тiлдерi де өзбекшелендi. Олар қазiр "қоңыратпын" деп айтпайды, жерiнiң атын айтады. Бiзде ешкiм "атыраулықпын", "түркiстандықпын", "жамбылдықпын" деп айтпайды ғой. "Қай баласың?" дейдi. "Адаймын", "қоңыратпын", "арғынмын", "найманмын" деп айтады. Сонысына қарап-ақ, оның туған жерi қайда екенiн бiрден бiлесiң.

Жалпы баршаға мәлiм, қазақ — құрама халық қой. Қазақтың ұлы тайпалары бiрiгiп, ұйысып, қазақ хандығын, қазақ мемлекетiн қалыптастырған. Қазақ тайпалары өзбек мемлекетiнiң негiзiн құраған десе де болады. Қазақ тайпалары башқұрт елiнiң басын бiрiктiрген. Қазақ тайпалары бүгiнгi әлемге әйгiлi Осман түрiктерi секiлдi елдi тарихтың бетiне шығарған. Қазақтың iрi тайпалары қырғыздың, қарақалпақтың, татарлардың арасында да бар. Сол төрткүл дүниенiң төрт бұрышына тарап кеткен тарихын неге жинамасқа?!

— "Қазақтың тарихы жазылмаған" деп жатырсыз. Мырзатай Жолдасбеков ағамыз да: "Он бесiншi ғасырдан ары қарай, қазақтың тарихы жазылмаған" деп жүр. Сiздiң орталық тарихи деректердi қалай жинап жатыр?

— Жазылмағаны рас. Бiрақ, бiздiң тарихымыз туралы дереккөздерi бүкiл дүниеде шашылып жатыр. Қытай, араб, парсы деректерiнен табуға болады. Ежелгi ғасыр, орта ғасыр тарихы бiзде жоқ. Үлкен масштабта ойлайтын, кесек-кесек зерттеп жазылып жатқан дүниелер тағы жоқ. Бiзде жиналып жатқан дүниелердiң көбi сыртқы елдерден әкелiп жатыр. Кезiнде саяхатшыларымыз жазып қалдырған дүниелер. Елге келген әр елдiң саяхатшыларының жазбаларынан да кейбiр деректер табылуда. "Мәдени мұра" бағдарламасы қазiр жұмыс iстеуде. Сол бағдарламаның негiзiнде көптеген дүниелер атқарылып келедi. Түрлi тарихи институттар жұмыс iстеуде. Көптеген кiтаптар да шығарылып жатыр. Солардың бәрiн қарап, арасынан керек деректердi жинап, табылмағанын сырттан әкелiп, үлкен жұмыстар жасап жатырмыз. Дерек жинау да тарихшылар үшiн оңай шаруа емес.

— "Алаш" тарихи-зерттеу орталығы шығарған тарихи кiтаптар мектеп кiтапханаларына қалай таратылуда?

— Таратылып жатқан жоқ. Қазiр кiтапханалық қорлар бар. Сол қорларға ақша бөлiнедi. Сол ақша арқылы жаңадан шығарылған кiтаптар кiтапханаға жеткiзiлуi керек. Кiтапханалық қорлардан келiп, "сiздердiң кiтаптарыңыз керек екен, тарату керек екен" деп, бiр адам айтқан жоқ. Бұлардың барлығының көкейiн тесiп отырғаны — ақша. Ал бiздiң жазып отырғанымыз — халықтық тарих. Найманның, арғынның, басқа да рулардың тарихы. Бұл кiтаптар кез келген үйдiң төрiнде тұруға тиiс кiтаптар. Кейбiреулер бұл кiтапты тегiн алғысы келедi. Онсызда мен бұл кiтаптарды өз қалтамның ақшасымен шығарып жатырмын. "Шағын орталық шығарып жатыр" деп ойлауы мүмкiн, бiрақ бұл орталықтың iстеп отырған жұмысы бес-алты институттың жасайтын жұмысынан артық болып отыр.

— Аға, жоғарыда Жаңатас қаласының дизайнын өзiм жасадым деген едiңiз. Сол қаланың қазiргi кейпiне жаныңыз ауыра ма?

— Ауырады, әрине. Сол бiр жылдары жасалған қыруар еңбек далаға кеттi. Тоғыз қабатты ғимараттардың көбi қазiр бос тұр. Сол жердегi бос ғимараттардың көбiн бұзып, сатып жатыр екен деп естiдiм.

— Cәулетшi ретiнде бүгiнгi жаңадан салынып жатқан ғимараттардың көркiне қалай қарайсыз?

— Қазiр жеке адамдарды ғана тыңдау басталды ғой. Әкiм тапсырма бередi, сол бойынша жасап шығады. Әкiм маман емес. Қазiр бiзде бәрi Еуропаланып кеттi. Бәрi терезеден тұратын болды. Жалпы, жаңа ғимараттардың жұмысына сәулетшiлер жауапты болуы керек. Солардың қолтаңбасынан қазақтың ұлттық бейнесi сезiлуi қажет. Сонда ғана өзгешелiк болады.

— Сәулетшi ретiнде теңгенiң дизайнын жасадыңыз. Мешiт те салдыңыз. Тарихи құнды дүниелердi жинауда да ерiнбей еңбек етiп келесiз. Ендiгi мақсатыңыз қалай?

— Ең басты мақсатым — бастаған iсiмдi аяқтау. Бiр мемлекеттiң тарихын жаздыртсам деймiн. Оның ар жағында түркiлердiң тарихы жатыр. Қазақтың тарихи жүйесiн зерттеп шықсақ, соның негiзiнде қазақтың тарихы жазылса деп ойлаймын. Қазақтың әрбiр азаматының iстеген iсi елдiң бiрлiгiне, тәуелсiз мемлекеттiң мықтылығына, сол мемлекеттi басқаратын болашақ ұрпақтың тәрбиесiне қызмет iстесе, қазақтың келешегi мықты болады. Алла Тағала соған нәсiп етсiн!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары