ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫРЫ АТАНҒАН ҚАЗАҚ
ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫРЫ АТАНҒАН ҚАЗАҚ
Таяуда "Қазақстан" баспасынан 1965 жылы шыққан "Майдан жолдары" атты кiтап қолыма түстi.
Жеңiстiң 20 жылдығына орайластыра шығарылыпты. Кiтаптың алғы сөзiн майдангер жазушы, Совет Одағының батыры Мәлiк Ғабдулин былайша аяқтапты:
…"Асау арнадай тоқтауды бiлмейтiн өмiр – өзен жылжып өте берер. Бiрақ Ұлы Отан соғысы ерлерiнiң қаһармандық ерлiк бейнесi ешқашан да ұмытылмақ емес. Ол ұрпақтар есiнде мәңгi сақталмақ".
Осы жинақта басқа да майдангерлермен бiрге гвардия подполковнигi Бәйдiлдә Доскеновтың "Қазақ дивизиясы майданда" атты естелiк мақаласы енген. Ол кiсi өзiм жақсы бiлетiн Нәзипа Дәуренбекованың туысы болып келедi екен.
Бәйдiлдә Доскенов ауылда туып, ауылда ержеткен. Бүгiнгi Қызылорда қаласына жақын Қызылөзек елдi мекенiнде 1902 жылы туған. 5 жасында ата-анасынан айырылып жетiмдiктiң зарын шегiп өсiптi. Ауылдағы молда алдынан оқып, зерек бала атанған екен.
Перовскi уезi басшылығының ұсынысымен (комсомолдық жолдама) Саратов қаласындағы темiржол құрылысына жұмысқа жiберiледi. Ол жұмыс iстей жүрiп осындағы бастауыш мектептi бiтiредi.
1926 жылы өз еркiмен Қызыл әскер қатарына жазылып, солдаттық, сарбаздық қызметi зейнеткерлiкке шыққанша жалғасқан. Досекең өзiнiң: "Мен сарбаз болып тудым, әскери болып өстiм, солдат болып өлемiн" деген қағидалы сөзiн өмiрiнiң соңына дейiн адал атақара бiлген командир.
Ол 1931 жылы Омбы қаласындағы 3 жылдық әскери училищеде оқып, оны қызыл дипломмен бiтiргесiн арнайы бұйрықпен Чита облысындағы әскери бөлiмге жiберiледi.
1938-1939 жылдары Хасан көлiндегi ұрыста жараланады. Осы ұрыстағы батырлығы ескерiлiп, "Қызыл Жұлдыз" орденiмен марапатталады. Мұнан кейiн ол Батыс Украинаны жаудан босатуға және Ленинград қаласы түбiнде финдермен болған соғысқа қатысады әрi осында ауыр жарақат алады. Осы жолы омырауына екiншi рет "Қызыл Жұлдыз" орденiн тағады. Емделiп шыққан соң ол Харьков жоғары әскери училищесiнде оқиды. Бiршама уақыт Алматыдағы дәрiгерлiк институтта сабақ берiптi. Ұлы Отан соғысы басталған шақта Кушка қаласындағы әскери бөлiмде эскадрон командирi болып Орта Азия әскери округының қолбасшысы генерал Курбаткиннiң бұйрығымен Қазақстанда ұйымдастырылып жатқан 105-iншi Қазақ ұлт атты әскер дивизиясының 2-шi полкiне командир етiп бекiтiледi. Әскери тiлмен айтқанда, полк командирi ең қиын әрi қауiптi мiндеттердi атқаратын.
Алматыда жасақталған дивизия жауынгерлерiне 1942-жылы тамызда майданға аттанар алдында қарт ақын Жамбыл Жабаев ақ батасын берiп, шабыттандырады.
Ұрыс барысында дивизия қайта жасақталып, №6 гвардиялық әуе-десанттық дивизияға айналады.
1943 жылғы өзi басқарған батальонның ұрысын сипаттап жазған Б.Доскенов: "Бiздiң батальонның тар бағытының өзiнде 50-дей ауыр зеңбiрек пен он шақты гвардиялық минометтер ажал оғын шашып тұр. Құлдилай ұшқан бомбовоздар, сыпырта зымыраған штурмовиктер снарядтары мен миналарын түйдек-түйдегiмен тастап, жаудың бекiнiстерiн қаусатып барады…" Бұл қан майданның iшiнде болып қана қоймай, сол ұрыстарға басшылық жасаған әскери командирдiң көзiмен көргенi.
Бәйдiлдә Доскенов басқарған батальон жауынгерлерiнiң ерлiгi жайлы "Отан абыройы үшiн" атты газеттiң 1943 жылғы 13-тамыздағы санында: "Капитан Доскеновтың гвардияшылары талай километр жердi басып өттi. Олар Украина жерiне үздiк ендi, олар әлi де iлгерi ұмтылып барады" деп жазған-ды. Сол сияқты КСРО-дағы бас газет болып табылатын "Правда" газетiнiң 1943 жылдың 13-тамыздағы санында: "Капитан Доскенов бастаған атқыштар батальоны асқан ерлiкпен тiке шабуыл жасап, жауды бiрнеше маңызды бекiнiстерден қуып шықты" – деп жазған. Курскi шайқасына қатысқаны жөнiнде жазушы Федор Селиванов "Курск шайқасы" (1956 ж) атты кiтабында: … "Қазақтар өз қанын төгiп азат еткен Украин жерiн басып келедi" – деп қазақ жауынгерлердiң ерлiгiн мақтаныш сезiммен жазған.
Майдан даласындағы асқан ерлiгi үшiн Б.Доскенов "Қызыл ту" орденiмен наградталады. Курскi шайқасынан соң Б.Доскеновты Москваға алдыртып, ол М.И. Калининнiң қабылдауында болады. Бүкiл Ресей ақсақалы атанған Калинин және әскер басшылығы арнайы тапсырма жүктеп, Қытай асады. Қытайда Б.Доскенов Азаттық армиясының бас штабында дивизия кеңесшiсi, кейiннен дивизия командирi болып тағайындалады.
Ол жаңа үкiмет – Қытай Халық Республикасының Синцязнь-Ұйғыр автономиялық облысында жаңа өкiметтiң құрылуына атсалысты. Қытай республикасында Б.Доскенов басқарған дивизияны "Синцзяндағы аз ұлттардың революциялық шағын дивизиясы" деп атаған. Ол басқарған дивизия қытайдың Тұрпан, Қашқар т.б. аймақтарында жаңа демократиялық мемлекеттiң орнауына әсер еткен ықпалды күш болды десек артық айтқандық болмас.
Жанқиярлық ерлiгi мен ұйымдастыруышылық қабiлетiн таныған Қытай демократиялық қозғалысы Орталық комитетiнiң қаулысымен Б.Доскеновке "Қытай демократиялық халық армиясының батыры" деген атақпен қоса Қытай әскерiнiң жоғары қолбасшысы алтын қылыш пен алтын сағатты ескерткiшке ұсынған.
Бiзге де Б.Доскеновтың Қытайда болған кездерi белгiсiз болып келдi. Өмiр-деректерiнде бұл турасында қысқа қайырып, "майданда болдым" деген сөзбен ғана шектелген.
Бәйдiлдә Доскенов 1946 жылы желтоқсан айында Алматыға оралады. Осы жылы оған подполковник әскери шенi берiледi. Алматы облысының Ұйғыр, Жамбыл аудандарының әскери комиссары болып, жас ұрпақты ел сүйгiштiкке, ұлтжандылыққа баулиды. Оның көп жылғы еңбегi еленiп, 1948 жылы Ленин орденiмен наградталған. 1957 жылы оны Волгаград қаласының әскери комиссары етiп тағайындайды. Мұнда ол өзiнiң негiзгi қызметiмен қатар "Волга-Дон" каналының да құрылысына араласып, суармалы егiншiлiктi жақсартудағы еңбегi ескерiлiп "Қызыл-Ту" орденiн алады.
1963 жылы құрметтi еңбек демалысына шыққанымен қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, халықпен бiрге болды. Тiптi, Б.Доскеновтың атақты "Қыз-Жiбек" кинофильмiне әскери кеңесшi болғанын, Бекежан жасағының бiрi болып ойнағанын көпшiлiк бiле қоймауы ықтимал.
Б.Доскеновты көзi көргендер, ұрыс даласында бiрге болғандар "Доскен батыр" атандырған.
Жарты ғасырға жуық өмiрiн әскерге арнаған гвардия подполковнигi, бес орденнiң иегерi Бәйдiлдә Доскеновтiң есiмiн қайта жаңғыртып, оның ерлiгiн бүгiнгi ұрпаққа таныстыру оны бiлетiндердiң басты борышы. Егемен елiмiздiң батыр ұлдарының бiрi болған Б.Доскеновтiң өмiр жолын насихаттап қана қоймай, оның есiмiне көше, мектеп аттарын берiп, ұлықтауымыз қажет. Жеңiстiң 65 жылдығы мерекесiне орай, ол туған, қызмет атқарған өңiрлерде Б.Доскенов құрметiне игiлiктi шаралар ұйымдастырылса ержүрек, майдангерге танытқан құрметiмiз болар едi.
Тынышбек Дайрабай, зерттеушi