ПРЕЗИДЕНТТIК ИНСТИТУТҚА – 20 ЖЫЛ

ПРЕЗИДЕНТТIК ИНСТИТУТҚА – 20 ЖЫЛ

ПРЕЗИДЕНТТIК ИНСТИТУТҚА – 20 ЖЫЛ
ашық дереккөзі
179

Ғалымдар мен саясаткерлер айтулы оқиғаның сабақтары жөнiнде ой бөлiстi

Қазақстандағы Президенттiк институттың қалыптасқанына 20 жыл толыпты. Осыған орай, Алматыда 22-23 сәуiр аралығында «Қазақстан Республикасындағы Президенттiк институт: тарихы және қазiргi кезеңi» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өттi.

Бұл жиынның сәуiр айының соңында өткiзiлуiнiң тарихи себебi бар: 1990 жылы 24-сәуiрде Қазақстанның Жоғарғы Кеңесi ҚР Президентi лауазымын бекiткен болатын. Сол оқиғаның куәгерлерiнiң айтуынша, бұл да оңай қадам болмаған сияқты.

Конференцияны ұйымдастыруға ҚР Конституциялық Кеңесi, Алматы қаласының әкiмдiгi және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситетi ұйытқы болған. Жиынға ҚР Сыртқы iстер министрлiгi, Байланыс және ақпарат министрлiгi, Бiлiм және ғылым министрлiгi, Д.Қонаев атындағы университет, «Заңгерлер әдiлеттi сайлау үшiн» қоғамдық бiрлестiгi және Құқықтық зерттеулер және талдау институты өкiлдерi де атсалысты.

Конференцияға Президент Әкiмшiлiгiнiң басшылары, Республиканың орталық мемлекеттiк органдары, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары, Қазақстанда тiркелген дипломатиялық өкiлдiктердiң басшылары, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам институттарынан өкiлдер, сондай-ақ, отандық және шетелдiк белгiлi ғалымдар қатысты.

Жалпы саны 180-нен астам делегаттың 30-дан астамы – шетелдiк қонақтар.

Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Конституциялық Кеңестiң төрағасы Игорь Рогов: «Форумның басты мақсаты – президенттiк институттың жұмысына ғылыми баға беру, барлық мемлекеттердiң конституциялық құқығын дамытуда, өркендеуiне ықпал ететiн қазақстандық және шетелдiк зерттеулердiң тәжiрибелерiн пайдалана отырып ортақ заңдылықтарды анықтап бiлу» дедi.

Президенттiң Қазақстанның халықаралық беделiн нығайтудағы ролiн Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов кеңiнен таратып баяндап бердi. Сенатор «Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуi осы ұйымның даму тарихындағы маңызды кезеңмен – Ванкуверден Владивостокқа дейiнгi ЕҚЫҰ-на мүше елдердiң барлығына тең құқық беру қағидасын жүзеге асырумен тұспа-тұс келдi. Басқаша айтқанда, Қазақстанның төрағалығымен, Шығыс пен Батыс арасындағы диалогқа жаңаша серпiн бiттi» дейдi.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық мерзiмiнiң басталғанынан берi 100 күн өттi. Көптеген сарапшылар, саясаткерлер мен дипломаттар Қазақстанның төрағалық етудегi алғашқы талпыныстарына оң баға берiп жатыр. Ал Қуаныш Сұлтанов бұл жерде: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шешушi рольге ие» деп түйдi сөзiн.

Конституциялық Кеңестiң мүшесi Виктор Малиновский: “ҚР Президентiнiң саяси-құқықтық статусы үздiксiз эволюция жағдайында” деп атап көрсеттi. Оның айтуынша, президенттiк билiктiң барлық құзыреттерi толықтай орындалған емес, уақыт өте келе бiртiндеп жүзеге асуы мүмкiн. «Қазақстандық Президенттiк лауазымның құрылғанына 20 жыл ғана өттi. Осы жылдың тамыз айында бiз 1995 жылы қабылданған Конституцияның 15 жылдығын тойлайыз, халық арасында бұл құжат «Назарбаевтың Конституциясы» деп аталады, шындығында да солай» дедi.

Осы Конституцияны жасаушы ғалымдардың бiрi, заң ғылымының докторы, ҰҒА академигi Ғайрат Сапарғалиев Президенттiң конституциялық функциясының мәнi жайында баяндама жасады.

Конференция аясында екi бiрдей кiтаптың тұсаукесерi жасалды. Бiрi – Сауд Арабиясының король Фейсал атындағы Ислам зерттеу орталығының шеф-редакторы Мәжид бен Әбдел Әзиз ат-Түркидiң осыдан екi жыл бұрын шыққан «Свет власти в Казахстане: Президент Нурсултан Назарбаев» атты еңбегiнiң «Қазақстандағы билiк нұры – Нұрсұлтан Назарбаев» деп аталатын қазақша нұсқасы. Тәржiмалаған – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң ректоры Бақытжан Жұмағұлов бастаған ғалымдар.

Ал екiншi еңбек – ресейлiк саясаттанушы Юрий Солозобовтың «Президентская власть в Казахстане – 20 лет успеха» деп аталатын кiтабы.

Профессор Дон Уоллес АҚШ мемлекетiндегi Президент пен Конституцияның ролiне қатысты баяндама жасады. Құрылымы жағынан президенттiк болып саналатын Америка құрама штаттарындағы Президенттiң ролi мен құзыреттерi туралы баяндамада заңгерлер үшiн ой түйер жайттар да айтылды. Професор өз баяндамасын АҚШ-тың Жоғарғы Сотының бұрынғы төрайымы Сандра Дэй О’Конордың «Президенттiң қолында билiк бар, бiздiң қолымызда да билiк бар, бiрақ президетттiк билiктiң өзегiн бiз айқындаймыз» деген сөздерiмен тұйықтады.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары