МАНСАП МАДАҚҚА ТОЙМАЙДЫ
МАНСАП МАДАҚҚА ТОЙМАЙДЫ
Өзге әрiптестерi сияқты, Жақау Дәуренбековтың жазушылық жолы да жорналшыдан басталған.
Газетте жүрiп, небiр көкейкестi мәселелердi қозғап, көптеген тақырыптарға көсiлте қалам тербеген жорналшы Жақау жазушылық кәсiпке түбегейлi ауысқан кездерi де тосылған, тоқыраған жоқ. Өз тақырыбын тауып, өз жазу мәнерiн — қолтаңбасын қалыптастыруға айрықша көңiл бөлдi, сөйтiп iзденiсi iзгi мақсатына жеткiздi.
Жақау әуелгi еңбектерiн деректi проза саласына арнап, бiршама кiтап жазды. Одан iле-шала көркем әдебиетте күшiн байқатып, жасөмпiрiмдер тақырыбын таңдап, әлденеше шығармалары "Жазушы", "Жалын", "Өнер", "Ана тiлi" баспаларынан жарыққа шығып, өз оқырмандарын тапқан талантты туындылары республикалық әдеби бәйгiлерден атын оздырды. Жақаудың жазушылық абырой-беделiн асырған "Бөгенауыл балалары", "Шұғылалы шақ", "Саяқ", "Күн ұясы", "Бiр нәзiк сәуле", "Қала үстiндегi ақша бұлттар" деген кiтаптары айрықша атап өтуге лайық, көркемдiгi келiстi кемел шығармалар санатында. Қарымды қаламгердiң аталмыш кiтаптары әдеби сында да, әрiптестерi ортасында да жақсы аталып, жылы лебiздерге бөленгенi де бiздiң пiкiрiмiздiң ақиқаттығына айғақ дәлелдер.
Жазушы Жақауды жаңа қырынан танытқан кезектi бiр кiтабы "Ойдауа". Осынау өмiр-тiршiлiктiң сан торабынан көңiлiне түйген сонар ойлары, мөлтек әңгiмелерi, есте сақтарлық эсселерi мен сан алуан сипаттағы жазбалары топтастырылған жаңа жинақ көкейге қонымды, оқуға жеңiл, оңаша отырып ойланып-толғануыңа жол ашатын еңбек екен.
Алдымен, кiтапқа аты берiлген бiрiншi бөлiмдегi ойдауаға тоқтала кеткен жөн. Бұл өзi өмiрде жақсы-жаманды көрiп, бiлiп, естiп өскен естияр азамат-жазушының жадына жазып, көңiлiне тоқып, толғандырып, ой түйдiрген соң барып, қағаз бетiне көшкен жазбалар. Ойды да оқи бiлу керек қой. Сондықтан парасатты ойлардың пәлсапалық түйiндерi жаныңды байытып, iзгiлiкке бастайтын iзашарлық қасиетiмен құнды. Өмiр құбылыстарына парасатты пайымдаулар жасап, санаңа сiңiру үшiн, оның ұлағатын ұғынып, кiсiлiгiңнiң кәдесiне жарату үшiн өзiң де бiлiм-бiлiгiң, болмыс-бiтiмiң биiкте болуы шарт. Жақаудың ойдауасын бойына дарыту, түсiнiп-түйсiну үшiн оқырманға да осындай қадыр-қасиет керек. Сөз ләмiне түсiнбей ой тереңiне түйсiнуiң екiталай. Өз ой-пайымдауларын қалың оқырман жүрегiне жеткiзудi көздеген қаламгер мейлiнше сөз мәйегiн терiп, оны орнымен қолдануға барынша күш салған-ақ екен. Оны кiтапты оқыған адам бiрден байқары, сезерi сөзсiз.
Жә, сонымен Жақаудың ой сапарына көз жүгiртiп, қаламгердi толғандырған қандай-қандай түйiндi мәселелер екендiгiне көңiл қоялық. Осы ретте жазушының: "Өз ойың — өзiңмен ғұмыр бойы өмiр сүретiн өз кейiпкерiң" деген дуалы сөзiне бiрден құлақ қоясың, шүбәсiз шындық екендiгiне сенесiң. Ғұмыр-бақи ойына сөзiн серiк етiп, шығарма жазатын жазушының кәсiбi екенi яғни басты кейiпкерi екендiгi рас қой. Сол сан алуан өмiр құбылыстарына өз ой-пайымын бiлдiру мақсатындағы қаламгердiң ой-толғамдарының тұщынтқан тұстарының кейбiрiне ғана болса да тоқталып өтпесек, сөзiмiз далаға айтылғандай болар. Сонымен…
Тәуелсiздiк тұсында өткенде өшi, қайтпаған кегi бар қазақ тарихы бiршама жазылып жатыр. Бiрақ соның бәрi төл тарихымыздың шындығын, шырайын шығара жазылып жатпағаны ақиқат. Ендеше Жақаудың: "Тарих кейде жасырып та айтады, асырып та айтады. Ешкiмнiң дәлелдей алмасын бiледi" дегенi дереккөздерiне арқа сүйемей, сүйкей салған тарихи жазбаларға берген әдiл бағасын терiс дей аласыз ба?
Иә, болмаса, торқалы той, топырақты өлiм үстiнде дәм қайырып, дастарқанға бата сұраған сәтте, бүгiнгi қарттар батаның орнына ұзынсонар сөз сөйлеп, жұртты мезi ететiн кездерi аз ба? Ол және ұлағатты сөзiмен елдi ұйытқан кешегi ұлтымыздың батагөй ақсақалдары салған сара жолдан тайып, сөзiмiздiң сұйылғаны емес пе? Соны сезiнген де ашынған жазушының "Бас ұстасаң батаң бәтуалы болсын" деген қанатты сөзiне қалай сүйсiнбессiң.
Иә, болмаса, өмiрдiң өзiнен ойып алған мына бiр ұшқыр ой сөз төресi емес деп кiм айтар?! "Күшiктiң қасқырға айналуы мүмкiн емес, пысықтың тақсырға айналуы әбден мүмкiн".
Иә, болмаса, "Данышпанның сөзi – дәуiрлерге дәрiс" деген ойы айна-қатесiз ақиқат қой. Қазақ баласының ата-бабадан қалған осындай қағидалы өсиет сөздермен өсiп-өнiп келе жатқаны – нақ осы ойда тамаша тауып айтылған-ақ қой.
Иә, болмаса, "Жала жалықтырса, Шын шынықтырады","Жоқшылық қолды байлайды, Молшылық жолды майлайды" деген сөздердiң халық мақалынан несi кем?
Иә, болмаса, екi де екi төрт дегендей, тауып айтылған ақиқат сөз де ойыңа орала кететiн тапқырлықтың жарқын мысалы ғой. Оған келтiрер дәлелiмiз мына "Ойдауада" өте көп. Соның кейбiрi: "Тiлалғышта ақыл болмайды, мақұл болады", "Көзiне шұқып айтқаннан санасына сiңiрiп айтқан тиiмдiрек", "Байқайсыз ба, ақыл ақырын аңдап басады, өтiрiк күн санап бiр бел асады", "Тұлпар ду туғызады, Тентек шу туғызады", "Тарықпау үшiн жалықпау керек", "Ат үстiндегi адам жер үстiнде келе жатқанын сезбейдi", "Сәлем бергенге иiл, Сәлемдi алмағаннан жиыл", "Мансапқа мас болғанның бәрi елге бас бола алмайды", "Мансап мадаққа тоймайды", "Адам мен адамды кездестiретiн өмiр, бiрiмен бiрiн жұғыстыратын көңiл", "Сезiм алдайды, сөз арбайды", "Жолдан адаспау үшiн күн жарығы емес, жан жарығы керек", "Ақылмен өмiр сүру қиын, Ақшамен өмiр сүру оңай", "Адамның мiнезiн өзгерткiңiз келсе – қызметiн өсiрiңiз", "Кейбiр саясаткерлердiң өзi бiр бөлек, сөзi бiр бөлек. Суфлерi бар артист сияқты", "Дипломатия тура сөйлемейдi, турап сөйлейдi", "Өтiрiк мақтаудан жарыс өткiзгiң келсе – той жаса","Шындық үшiн – шекара жоқ", "Алтын… Алтынды да ақшаға сатып алады", "Дақты өшiруге болар, бiрақ даңқты өшiре алмайсың, өйткенi оның ғұмыры елдiң аузында".
Иә, сонымен, салиқалы ой, тұщымды тұжырымы әсте мол мысалдар мүлде көп. Бәрiн тiзiп айтып шығу мүмкiн де емес, қажет те емес. Оны ойлы, зиялы, зейiндi оқырман өзi қолына алып оқуы керек. Қысқаша қайырғанда "Ойдауа" осындай өмiрмен үндес, ғұмырлы ғақлия ой-толғамдарға толы тосын тақырыпқа жазылған толымды туындылар тiзбегi, пәлсапалық парасаты биiк толғам-толғаулар. Сөзi сұңғыла, ойы өткiр әдеби этюдтар.
Аталмыш кiтаптың екiншi бөлiмiне түгелдей, авторы атап көрсеткендей, алақандай әңгiмелер топтастырылған. Бұл өзi шындығына келгенде алғашқы бөлiмдегi ойдауаның жалғасы. Айтса айтқандай, мұндағы мөлтек әңгiмелер көлемi 10-30 жол аралығында. Әр әңгiменiң өз тақырыбы, өз сюжетi, өз түйiнi бар. Айталық, бiрiншi әңгiмеде шырағдан, майшам, прожектор бiрiнен соң бiрi өз жарықтарын мадақтап, асыра мақтанады, кенет таң атып, сөйтсе бәрiн айғай-шусыз сабасына түсiрiп Күн шығып келе жатыр екен. Түйiнiне тәнтi боласың. Келесi бiр әңгiме "Шын мен шың" аталыпты. Екеуiн салыстыра сипаттаған жазушы ойын былайша қорытыпты: "Шың басына тек қырандар ғана қонақтай алады; шынды да тек қыран тектес жандар айта алады". Ақиқат сыры осылай ашылған. Тағы бiр әңгiме "Қарыз" аталыпты. Бүгiнгi күннiң белгiлi көрiнiсiн айғақтайтын ақиқаттың астарлы сипаты. Әкiмнiң үйiне келген сайын қонағы баласына "ой, батырым" деп бес жүз доллар ұстатып кетедi екен. Соның мәнiсiн түсiнбеген бала соның себебiн мұғалiм ағайыннан сұрайды ғой баяғы. Туралап айтудан қысылған ұстазы: "Е-е, ол әкеңнен алған қарызын қайтарғаны ғой, деп жуып-шайды. – Сонда әкеме қарыз ба бәрi? – десе ұстазы: Әкеңе емес, әкiмге, әрине" – деп құтылады. Шындықты тұспалдап әрi ретiн келтiрiп айтудың әдемi үлгiсi емес пе бұл? Әдемi әдiбiн тапқан, оқырманын ойлантатын келесi бiр әңгiме – "Жансерiк" екен. Ауруханаға жетiп, өлiм аузынан аман қалған қарт кiсi дәрiгердiң сауалына кемпiрi қайтыс болып, балалары өз беттерiмен кетiп қалғанын айтады. Жүрегi ауыратын адамның жалғыз қалғаны қиын болатынын айтқан дәрiгерге қарт: "Мен жалғыз емеспiн" дейдi. Сөйтсе, қарттың жансерiгi итi екен. Дәрiгер қартқа қарайды. Сөйтсе, ақылды итi телефон тұтқасын тiстеп әкелiп бермесе, оның жедел жәрдемге хабарласуы мүмкiн емес екен. Қарттың жалғыз емеспiн дегенi соны меңзегенi екен. Ал түйiн сөзi мынау: "Ол жылап жатыр едi. Жалғыздығына емес, балаларының ит құрлы болмағанына". Ал "Ақылдың портретi" әңгiмесiндегi шешiмiн таппай дағдарысқа түскен жас суретшiге өмiр көрген қарт кiсiнiң бiр ауыз сөзi қиялына қанат бiтiрiп, сұрағының жауабын табанастында тауып бередi: "Көзсiз батыр болса да, көзсiз ақыл болмайды деушi едi, қайдам…" деп күмiлжидi. …Сәлден соң үлкен полотноның ортасында жанары жайнаған екi көз қарап тұрды. Ақыл көз бейнелi екен. Бар сезiмге бас-көз". Әрi қарапайым, әрi ұлы шындық. Түйсiксiздiктi, ұлтсыздықты алып та, шалып та жыққан мына бiр әңгiмеге күрсiнбеуiң де, сүйсiнбеуiң де мүмкiн емес. Әрине, санаңда ұлттық салт-дәстүрдiң сәулесi болса. "Иесi көз жұмды да, үкiлi домбыра, қалы кiлем қабырғаға iлiндi. Содан әлi тұр. Бұл үйде домбыра ұстар бiреу болмады. Бәрi көршi бөлмедегi теледидардың алдынан шықпайды… Кенет домбыра тосыннан "дың!" ете қалды… Қос iшектiң бiрi үзiлiп кетiптi… Ол мәңгiлiк үнсiздiкке шыдамаған едi". Ұлттық саздың, ұлттық музыкалық аспаптың қадырын қашырған адамдарға бұдан артық, бұдан ащы қандай уәж айту керек. Жазушының жан ауыртқан, санаға сабақ болатын титтей әңгiмесiнiң салмағының өлшемi өлшеусiз екендiгiне келiспеске шараң да, шамаң да жоқ қой, жоқ… Өмiр шындығын – көркем шындыққа ұластырудың үлгiсi осы әңгiмелерде.
Мен қазақпын деген адамның ұйқыдағы ойын оятып, санасына сәуле түсiрiп, жайбарақат жандүниесiн дүр сiлкiндiрер мағналы, мақсатты, көркем кестелi тiлмен әрлендiрiлген мұндай ғұмырлық ғибраты мол, ал көлемi шағын әңгiмелер жазған Жақауға шексiз ризалық бiлдiруге асыққан жөн.
Ал ендi үшiншi бөлiмге топтастырылған эсселер де күн тәртiбiнде тұрған толғақты мәселелердi тереңiнен қозғап, жерiне жеткiзiле жазылуымен ерекшеленiп тұр. Оның "Қаламгер және кiтап" атануы да бекер емес, жазушы Жақау кейiнгi жиырма шақты жыл iшiнде баспагерлiк кәсiптiң қазанында қайнап келедi. Баспадағы басшылық қызметтiң ащы тәжiрибесiне негiзделген бұл эсселер бүгiнгi күннiң шындығын бүкпесiз баяндап, кiтап шығару мен оны таратудың қиын кезеңiнiң түйiнiн шешудiң тура жолдарын ортаға салуымен, әрiптестерi мен мемлекеттiк орындардың iс-қимыл, әрекетiне ақыл қосуымен қымбат. Жазушы-баспагер рухани құндылықтың қайнар көзi, iлiм-бiлiмнiң бастау бұлағы – сан жанрлы, алуан тақырыпты кiтаптарды шығару мен оны оқырманға жеткiзудiң түрлi тиiмдi тәсiлдерi мен жолдарын айтып, қоғамдық маңызы орасан зор саланың сан қилы мәселелерiн көтеруi арқылы ұрпақ тәрбиесiнiң ұмытыла беруiн жаны күйiп, өзегi өртенiп жазған-ақ! Бiр ғажабы, жазушы аталмыш эсселерiнде кiтап пен ана тiлiмiздiң бiрге жаралып, бете қайнасқан егiз ұғым ретiнде қарастырып, бiрiне-бiрiн жалғастырып, салғастырып, саралап, даралап пайымдайтындығы дер едiк. Қазақ тiлiнiң болашағы мен өркендеуiнiң түп қазығы, терең тамыр жаюы тiкелей кiтапқа байланысты екендiгiн де Жақау тамаша талдап, түсiндiрген. Оның үстiне, айтқан пiкiрлерi, түйген ойлары құрғақ сөз емес, кiлең көңiлге қонымды байыпты, байсалды мысалдармен шегеленген.
Сөз соңында, "Ойдауа" сынды суреткерлiк сипатымен, толғақты мәселелер көтеруiмен ойлы оқырмандарының жандүниесiн байытып, бiлiм-бiлiгiн ұштай түсетiн керектi, құнды, бағалы кiтапқа сыншылар тарапынан дер кезiнде пiкiр айтылып, ел есiне салудың ретi келмегенi өкiнiштi-ақ демеске амалым жоқ. Жанға дәру, сөзге зәру қазақ оқырманы осы бiр кiтапты зейiн қойып, зерделей оқыса құба-құп болар едi.
Қуанышбай Құрманғали, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi