ӨКIНIШ

ӨКIНIШ

ӨКIНIШ
ашық дереккөзі
214

"Арылу" атты көлемдi публицистикалық жинақтың баламасы – тазару.

Ерен журналист, көсемсөздiң шеберi, публицист Александр Тасболатов осы жинағына қазiргi қоғамның зәру проблемаларын көтерiп, оны оңтайлы шешудiң жолдарын меңзеген.

Нағыз қаламгер – қоғамның тамыршысы. Кеселден, кесепаттан сақтаушы.

"Арылу" осы сипаттағы кiтап. Жолы болсын!

Шерхан МҰРТАЗА, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi,

Халық жазушысы.

Iшкi әскердiң бұрынғы қатардағы екi жауынгерi орны толмас қылмыс жасап, тордың iшiнен көздерi жасаурай қарайды. Қалайша адам өлтiрiп, қандықол атанғандарына өздерi де түсiнбейтiндей мең-зең бiр халде. Ойлап қараса сұмдық жағдайға тап болыпты. Ендi одан шығар түрлерi жоқ. Үрей мен қорқыныш меңдеген сайын бойдағы қалған күш-қуат та сарқылып барады.

Бұрынғы қатардағы жауынгерлер Жұбан, Ыдырыс және Юсуп (марқұм) әскерге бiр мезгiлде шақырылғандар едi. Тiптi Юсуп пен Жұбан екеуi Шымкенттен болған соң бiрiн-бiрi жерлес деп сыйлайтын. Олардың арасында пәлендей кикiлжiң болып та көрмеген. Үшеуi бiр мезгiлде шақырылғандықтан өзара ым-жымы бiр дегендей бiрге тұрып, бiрге жүрiп жатқан. Юсуп – Түркiстаннан болса, Жұбан – Шымкенттен, Ыдырыс – Торғайдан едi. Тап осыларды бiр-бiрiне жұдырық ала жүгiрiп, қырқысады деп ешкiм ойламаған да шығар.

Желтоқсан айының 31-i күнi кешкiсiн өзге де төрт жауынгермен бiрге Жұбан өз бетiмен бөлiмдi тастап, қалаға шығып кетедi. Олардың iзiн ала бiр-екi сағаттан кейiн қатардағы жауынгер Юсуп та екi жолдасымен бiрге өз беттерiмен бөлiмдi тастап, кетiп қалады. Бiрақ олар сол күнi түн ортасы ауа бөлiмге қайтып оралады. Әрине, әскери тәртiп бойынша жарғы талабын бұзған мұндай жандарға шара қолданылатыны белгiлi. Сол үрдiспен қатардағы жауынгер Юсуп қасындағы екi сарбазбен уақытша ұстау орнына қамалады. Ал онда 29 желтоқсаннан берi қатардағы жауынгер Ыдырыс жаңадан келген жас сарбаздарға әлiмжеттiк, жуан жұдырық көрсеткенi үшiн қамалып жатқан едi.

Юсуптан бұрын кеткен Жұбан тобы бұл түнi бөлiмге қайтып оралмады. Қатардағы жауынгерлер Юсуп пен Қуантайдың олардың қайда жүргенiн көрсетемiз дегенi бойынша жүргiзiлген iздестiру шарасы нәтиже бермедi. Дегенмен ол екеуiнiң осы ниетi уақытша қамау орнынан ертерек босатылуына әсер етсе керек. Сонан қаңтар айының 1-i күнi кешкiсiн сарыла iздеткен бесеу мас күйiнде бөлiмге келдi. Әлбетте, олар да тәртiптi бұзғаны үшiн уақытша қамау орнына жiберiлдi.

– Менi қамағанда онда Юсуп пен Қуантай болған жоқ, оларды шығарып жiберiптi, – дейдi кейiн темiр тордың iшiнде отырған бұрынғы қатардағы жауынгер Жұбан, – оны неге ерте бiзден бұрын шығарды? Неге қалғандарын, яғни онымен бiрге болғандарды босатпайды да тек екеуiн ғана босатады деп ойладық.

– Ал мен, – дейдi бұрынғы қатардағы жауынгер Ыдырыс, – менi неге босатпай жатқанын бiзден бұрып шығып кеткен Юсуп бiлетiн шығар деп ойладым. Өйткенi менi мұнда тектен-текке қамады ғой, мен ешқандай жаңадан келген сарбаздарды ұрғаным жоқ, сол себептен осының бәрiне жауап тапқым кеп ротаға барғым келдi.

Iштегi қайнаған ыза-кектерi шектен шыққан ол екеуi қаңтардың 4-нен 5-iне қараған түнi өзге де сарбаздармен қосылып 4 шыны арақты iшiп тауысады. Арақтың буына әбден бөккен соң Жұбан мен Ыдырыс "5-ротаға барып, Юсуппен сөйлесейiк" деген шешiмге келедi. Бiр таңдандыратыны: уақытша қамауда жатқан жандардың емiн-еркiн жиналып арақ iшуi, екiншiден еш кедергiсiз түн ортасында шығып кетуi дер едiк. "Әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ" жер ме дерсiз.

Сөйтiп, арақты iшiп, қызып алған бұрынғы қатардағы жауынгерлер Жұбан мен Ыдырыс түн жамылып, зулап отырып түзеу мекемесiн күзететiн 5-ротаға жетедi. Бұл рота өзi бөлiмнен бiр шақырымдай қашықтықта орналасқан болатын. Сондықтан ондағы тiрлiктiң негiзгi уақ-түйегi көбiне көрiне бермейтiн. Жұбан мен Ыдырыс келгенде ротаның iшкi есiгi құлыптаулы тұр екен. Оны қарауылды тексеруге кеткен кезекшi сыртынан шынжырмен байлап, кiлттеген көрiнедi. Ендi кiлт болмаса есiк ашылмайды, әрине, есiк ашылмаса бұлар Юсуппен сөйлесе де алмайды. Ендеше, "бұзып кiру керек" деп ойлады екеуi. Саналарын жолдастарына деген ыза-кек кернеп бара жатпаса олар мұндай шешiмге тоқталмас та едi. Өйткенi "Юсуп пен Қуантай бiздi сатып кеттi, офицерлерге айтып қойған" деп екеуi дүлейлене есiктi жұлқылады. Бiрақ есiк ашыла қоймады.

Содан олар кезекшiге дауыстап Юсупты оятып, шақыруын сұрайды. Iшкi кезекшi қатардағы жауынгер Уәли айтқанды екi етпей Юсупты оятып, ертiп келедi. Амандасып болған соң:

– Юсуп, сұқпа пышағыңды бершi, мына шынжырды қияйық, – дейдi Жұбан.

Юсуп ойында ештеңе жоқ, сұқпа пышағын ұстата салады. Тепсе темiр үзетiн екi жiгiт қойсын ба, шынжырды сұқпа пышақпен қиып жiбередi. Онан соң iшке кiредi. Сонан үшеуi жуынатын жерге шылым шегуге барады. Бәрi де әуелгiде жайбарақат едi. Ескi казарманың iшiндегi қаз-қатар тiзiлген керуеттерде сарбаздар пысылдап ұйықтап жатыр.

Үшеуi жуынатын бөлмеге келген соң, әрине, әңгiме төркiнi кiлт бұзылады. Олардың Юсупты және Қуантайды ұру үшiн келгендерi бiрден байқалды. Бойын ыза-кек кернеген Ыдырыс iштегi бар ашуын, әйтеуiр, бiреуден алуы керек едi. Өйткенi, жаңа жылды қамауда қарсы алған оның көңiл-күйi нiлдей бұзылып, бұған бiреу кiнәлi деп есептедi. Ол шын негiзiнде Юсуп пен Қуантайдың жаңа жылды өз беттерiнше қарсы алғанын қызғанды. Оның үстiне олардың уақытша қамау орнына түсiп, артынша лезде босап шыққанына iшi қыз-қыз қайнады. Ал Жұбан болса өздерiнiң бөлiмнен кетiп қалғанын айтып қойған тап осы Юсуп деп ойлады. Сондықтан арақ iшiп, түнделетiп ротаға келген екеуi оған бiраз "дәрiс" оқып, жөнге салмақшы болды.

Iшкi әскердiң жауынгерлерi құқық қорғау саласының қызметкерi болып табылатыны белгiлi. Олар қашанда заңдылық пен тәртiптi сақтау үшiн күреседi. Елдiң тыныштығын сақтау үшiн ауыр қылмыс жасаған жандарды қамауда ұстап, күзетедi. Ендеше адамдардың бейбiт өмiрi үшiн жарғы талабы мен заңдылыққа сүйенiп қызмет ететiн олардың тәртiптен аттап өтуi iшкi әскер әскери қызметшiсi үшiн екi есе қылмыс болып табылады. Өйткенi олар осы әскери қызметтерiн бастарда әскери жарғы талаптарының бәрiмен танысып, түзу жолдан таймауға ант-су iшкен.

…Юсупты жуынатын бөлмеге кiргiзiп оңашалап орталарына алған соң Жұбан мен Ыдырыс ойларын жүзеге асыруға кiрiстi. Ыдырыс Юсуптың жер-жебiрiне жете сөгiп "неге айтпай шығып кеттiң, бiздi сатып кеттiң" деген секiлдi сөздермен әбден ар-ұятына тиедi. Әрине, бұдан арғы жағы белгiлi, ойыннан өрт шығады дегендей, төбелес бұрқ ете қалады. Әр адамда да намыс бар, жанға батар сөзге Юсуп та шыдай алмаған шығар, кiм бiледi, әйтеуiр Ыдырыстың соққыларына жауап қайтаруға кiрiстi. Дәл сол арада екеуiнiң өзiн өлiмшi етiп сабап, о дүниеге аттандыратынын бiлгенде марқұм Юсуп қарсыласпас па едi, әлде қашып құтылар ма едi. Бiрақ тырнақтарынан қан сорғалаған Жұбан мен Ыдырыс ештеңеге қарамады: екеулеп кезекпе-кезек ұра бердi, ұра бердi. Юсуп сонда ғана олардың өзiн өлтiруге келгенiн бiлдi, бiрақ кеш едi. Өйткенi кеңiрдектен тиген соққы өңешiн жабыстырып тастады. Сөйлемек түгiл бiр жұтым ауаға зар болған ол соңғы күшiн жинап, есiкке ұмтылды. Мұны көрсе, рота сарбаздарының бiрi болмаса, бiрi көмекке келедi деп ойлады. Көз алдарында мына екеуiне адамды өлтiртiп қоймайтынына сенiмi бар едi. Обалы не керек, рота кезекшiсi кiшi сержант өзiнiң әскери мiндетiн, кезекшiлiк жауапкершiлiгiн сезiнiп, жарғы талабы бойынша төбелесiп жатқандарды сабасына түсiргiсi келген, бiрақ олар мұның өзiне тас түйiлген жұдырықтарын ала жүгiрiп ұрып, теуiп жiберген соң бас сауғалап кете барды. Денеге соққы тиген жақсы емес, дегенмен кiшi сержант кезекшi едi ғой, ол ротадағы кез келген жағдайға жауап беруге тиiс, бiрақ кiшi командир жолдасының өмiрi үшiн кеудесiн төсеп, араға түсе алмады. Оның құқы да, хақы да бар едi, амал не…

Араға түсiп, қойыңдар деп айтатын одан басқа да ешкiм табылмады. Самсап жатқан сарбаздардың бiрi қозғалмады. Кеңiрдегi жабысып дем ала алмай қырылдап, сынған қабырғасының ауырғаны жанын көзiне көрсеттi. Сонда да жарық дүниемен қоштасқысы келмедi. Мына екi қанды қолдан құтылса өмiрi өзiне қайтадан бұйыратындай көрiндi. Оның өмiр сүргiсi келетiн, жас едi. Әскерден кейiн Атыраудағы педагогикалық университетке оқуға барам деп армандап жүрген. Ондағысы жоғары бiлiм алып, мұғалiм атанып, шәкiрттердi тәрбиелегiсi келетiн. Ол арманының жүзеге асуы алыс та емес едi, өйткенi әскери қызметiнiң аяқталуына төрт айдай уақыт қалған, төрт ай деген не тәйiрi! Сол үмiтiнiң үзiлмеуi үшiн Юсуп қан қақсаған денесiн әрең көтерiп, шыбын жанын шүберекке түйiп, ажал тырнағынан құтылып кеткiсi келген, бiрақ оның маңдайына қалған өмiрдi жазбаған екен: кеудеден төмен тиген етiктiң тастай өкшесi соңғы соққы болды. Аузынан қан аралас ақ көбiк аққан ол бүк түстi. Соңғы соққыны жұмсаған Ыдырыс едi.

Арақтың ащы дәмi саналарын жаулаған Жұбан мен Ыдырыс адам өлтiрдiк-ау деп қарамады. Одан сайын елiре түстi. Жұбан ендi ұйықтап жатқан Қуантайды теуiп оятты. Оны да жуынатын бөлмеге әкелiп, ұра бастады. Бiрақ осы кезде бiреу Юсуптың дем ала алмай жатқанын айтты. Лезде оны алып шығып төсекке жатқызып, жүрек тұсына алғашқы ем-дом көмегi жасалынды. Дәрiгер де шақыртылды. Дегенмен, амал нешiк, сол соңғы соққыдан қатардағы жауынгер Юсуп о дүниеге аттанып кеттi.

Мұны естiген екi қанды қол тез естерiн жиып, ротадан қашып шығып, туысқандарының үйiне тартады. Онда барып киiнiп ап, сол маңайдағы бiр жертөлеге жасырынады. Арақтың уы бiрте-бiрте тарап, онымен бiрге өздерi де: суықтан ба, қорқыныштан ба, үрейленiп дiрiлдей бастайды. Осы кезде нақты не iстеп қойғандары саналарына жетедi. Екеуi де ешқайда қашып құтылмасын түсiнедi. Бiр-ақ жол бар: қайтып ротаға бару, қолмен iстегендi мойынмен көтеру. Тәттi өмiрлерiн қор еткенiн анық бiлдi. Сондықтан амал жоқ, олар бөлiмге қайтып оралды. Қолдарынан келсе бәрiн басынан қайтадан бастағылары келдi, сөйтiп бөлiмнен өз беттерiмен кетпеудi, командирлердiң айтқанын екi етпей тыңдауды, арақ iшпеудi, төбелеспеудi, жарғыға сай қызмет етудi ойлады, шiркiн, бәрi қайталанса тап осылай iстегiлерi келдi. Бiрақ уақытты керi айналдыру мүмкiн емес. Қандай өкiнiштi!

Сотталушы бұрынғы қатардағы жауынгер Жұбан: "Адам өлтiргiм келген жоқ, менде ондай ой болған жоқ. Мен емес Юсупты өлтiрген, оны өлтiрген Ыдырыс. Мен қатты өкiнемiн өз iсiме, мен тек онымен сөйлесейiн деп едiм. Ыдырыс Юсуппен төбелестi, оны тептi, мен тек арашаламақ болдым, әттең, бiлмей қалдым", – дейдi.

Сотталушы бұрынғы қатардағы жауынгер Ыдырыс: "Бiз адам өлтiретiн болсақ басқа жерде де өлтiрер едiк қой. Сондықтан мен бiреудi өлтiрем деп ойлағаным жоқ. Әрине, қатты өкiнемiн, бұлай болады деп кiм ойлаған …"

Қазақстан Республикасы әскерлерiнiң әскери соты үкiм шығарды: бұрынғы қатардағы жауынгер Ыдырыс 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы режимдегi түзеу мекемесiне жiберiлдi.

Бұрынғы қатардағы жауынгер Жұбан 7 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы режимдегi түзеу мекемесiне жiберiлдi.

Осымен бұл мақалаға нүкте қоя салуға болар едi. Бiрақ марқұм Юсуп ендi қайтып бұл өмiрге оралмайды, ал Ыдырыс пен Жұбанның ендiгi тағдыры не болмақ? Бiздiң ұғымымызда да, жалпы қай адамнан сұрасақ та әскерде темiрдей тәртiп пен тәрбие бар деп айтады. Ал темiрдей тәртiп пен тәрбие бар жерде әлiмжеттiктiң өзi болмауға тиiс едi ғой. Сонда қалай, бұл бөлiмде мұндай жұмыстар жүргiзiлмеген бе, әлде жауап беретiн адамдар болмағаны ма?! Қалай десек те орны толмас жан түршiгерлiк оқиға болып өттi. Бұл үш бiрдей отбасына қайғы әкелдi. Бiр отбасы ұлынан мәңгiге айырылып, жер сипап қалды, мына екеуi ата-анасын жерге қаратып, масқара жағдайға түсiрдi. Ендi олардың темiр тордың ар жағындағы күндерi не болмақ? Өмiрде бiр-ақ рет берiлетiн мына жарық дүниенiң қызығын көру үшiн бостандыққа қашан, қалай, қандай күйде шығады? Сау бастарына неге тiлеп алды мұндай бейнеттi. Қай жерде болмасын тәртiп бұзып, қылмыс жасаған жан жазасын алып, сазайын тартады. Мұны ешуақытта естен шығармау керек. Әскерге келген екенсiң, тәртiптi сақтап, дұрыс жүр. Жарғыны бұзады екенсiң, ешқандай аяушылық жоқ, оған жоғарыдағы үкiм толық дәлел.

Александр ТАСБОЛАТОВ

Серіктес жаңалықтары