ЯСАУИ КЕСЕНЕСIН АЯЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

ЯСАУИ КЕСЕНЕСIН АЯЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

ЯСАУИ КЕСЕНЕСIН АЯЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН!
ашық дереккөзі
179

"Түркiстан" газетiнде (24 желтоқсан, 2009 жылы) жарияланған "Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн қорғау" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы, Бақытжан Жүнiсовтың "Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне қауiп төнуде" деген мақаласы бiздi қатты толғандырды, ой салып қолымызға қалам алғызды. Не деген сұмдық, не деген қатыгездiк?

Таңқалдырғаны, Кеңес Үкiметi кезiнде кесененiң бойымен төбесiне жер суы мен тұз шығып кетпесiн деп Түркiстан қаласында бiрнеше артезиан қаздырғаны есiмiзде, ал Егемен ел болған шақта Үкiметтiң ұлтымыздың асыл мұрасына айналған киелi кесененi көзiмiздiң алдында құлауға дейiн барғанын көрмей отырғаны. Түрiк фирмасына Әмiр Темiр жобасының талаптарын өрескел бұзуға, яғни кесененiң ұлтанындағы мал қиы мен қамысты алып тастауға, бетон құюға кiм рұқсат берген? Неге горизонтальдi гидролизация жасалмаған? Осы кезде "Казреставрация" басшылары қайда қарап отырған? Немесе бұл әдейi кесененi құлатуға бағытталған әрекет пе?

Реставрация ережелерi бойынша көне ескерткiштер өзiнiң бастапқы қалпында қалыптасу керек. Бастапқы жобаға басқа бiреу еш уақытта өзгерiс енгiзе алмайды. Киелi кесенеге реставрация жасау үшiн "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша жыл сайын ондаған миллион теңге қаржы бөледi. Егер де Әмiр Темiр жобасы сақталмаса ол ақшалар қайда жұмсалып жатыр? Осы мәселелердi Бас прокуратура қоғамдық бiрлестiктiң мамандарымен бiрге тексеру ұйымдастырып, қорытындысын жариялауы тиiс.

Қоғамдық бiрлестiгiнiң алған бағыт – бағдарламасы өте дұрыс. Үкiмет, Қазақстан Еуропаның Қауiпсiздiк пен Ынтымақтастық Ұйымына төраға болып отырған тұста ЮНЕСКО – дан кесенеге реставрация жасатуға қаржы бөлдiрмесе, кейiн оны алу қиынға соғады. Кесененi қауiптi жағдайдан шығару үшiн қоғамдық бiрлестiк халықаралық тәуелсiз сараптамадан өткiзiп, әлемдегi үздiк реставратор компанияларға жасату керек деп дұрыс шешiм қабылдаған. Бұл – уақыт күттiрмейтiн жұмыс. Қоғамдық бiрлестiк өзi бастаған жұмысты Үкiметке тек қана бастама ретiнде көтерiп қоймай, жанашырлық көзқараспен бiтiруге толық атсалысу керек. Ол үшiн қоғамдық бiрлестiк реставратор мамандарымен бiрге әлемдегi реставрация жасап жатқан көне тарихи ескерткiштердi аралап, ең мықты реставратор компанияларды таңдап, Үкiметке ұсыныс жасау керек. Осы орайда, елiмiздiң Парламентi "Тайқазанға" түскен қаржының мақсатты жұмсалуы туралы құжат қабылдауы тиiс. Себебi, ай сайын "Тайқазанға" бес миллион теңгеге жуық ақша түседi. Оны кiм, қайда жұмсап жүргенi белгiсiз. Бұл қаражат негiзiнде Қожа Ахмет Ясауидiң мұрасы мен iлiмiн терең зерттейтiн ғылыми институтты, емделуге қаржыға мұқтаж мүгедектердi және әлеуметтiк жағынан қорғалмаған азаматтарды қаржыландыруға жұмсалуы тиiс. Қоғамдық бiрлестiк Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкiлi Олжас Сүлейменов пен ЮНЕСКО және ИСЕСКО – iстерi жөнiндегi Қазақстанның ұлттық комиссиясының төрағасы Иманғали Тасмағанбетов мырзаларға осы киелi кесенеге төнiп тұрған қауiптi ескертiп, оларды көмекке шақыру қажет.

Бiздер ұлы бабамыздың күмбезi халқына нұр-шапағатын төгiп, келер ұрпаққа мұрты бұзылмай жетуiне қамқоршы болып жүрген "Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн қорғау" қоғамдық бiрлестiгiне халық болып қолдау көрсету азаматтық парызымыз деп санаймыз. Нарық заманында қоғамдық бiрлестiкке атқарылатын жұмыстары үшiн қомақты қаражат қажет екенi бәрiмiзге аян. Осы орайда, "Түркiстан" газетiмен бiрге "Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн қорғау" қоғамдық бiрлестiгi 1 наурызбен 31 наурыз аралығында "Ясауидiң кесенесiн аялайық, ағайын" атты республикалық қайырымдылық акциясын өткiзудi ұсынамыз. Оған бүкiл қазақстандықтар, әсiресе ұлттық компаниялар, холдингтер, корпорациялар, қорлар, мекеме басшылары, бизнесмендер және киелi кесененiң болашағына немқұрайлы қарамайтын ұлтжанды азаматтар белсене атсалысады деген сенiм бiлдiремiз.

Рахманқұл Бердiбай – филология ғылымдарының докторы, ҚРҒА – мүшесi, академик;

Жарылқасын Әзiретбергенұлы – Түркiстан қаласының ақсақалдар алқасының төрағасы;

Елтай Бимаханбетұлы – жазушы, Түркiстан қаласының "Қазақ тiлi" қоғамының төрағасы;

Құлбек Ергөбек – ғалым, ХҚТУ-вице президентi;

Досай Кенжетаев – ғалым, Ғылыми орталықтың директоры, тағы басқа бiр топ азаматтар қол қойған.

Серіктес жаңалықтары