ҰЛЫЛАРҒА ҰЛ БОЛҒАН

ҰЛЫЛАРҒА ҰЛ БОЛҒАН

ҰЛЫЛАРҒА ҰЛ БОЛҒАН
ашық дереккөзі
266

Белгiлi ғалым, қаламгер Құлбек Ергөбекпен сыр-сұхбат

Түрiкшiлдiгiмен, ұлтшылдығымен, әдебиетке шыншылдығымен, ғылымға адалдығымен, табандылығымен танылған Құлбек Ергөбектi көпшiлiк қай жерде жүрсе де зиялыға тән зияткерлiгiнен танбай келе жатқан азамат деп бiледi. Соның бiр дәлелi — оның тiкелей мұрындық болуымен өткен жылы ғана қасиеттi Түркiстан шаһарында қазақтың әзиз ғалымы "Бейсембай Кенжебайұлының түрiктану музейi" және "Түркiтiлдес халықтардың кiтапханасы" ашылғанын алға тартсақ та жеткiлiктi. Кез келгеннiң қолынан келе бермейтiн рухани ерлiк! "Түркiстан" газетiнiң арнайы тапсырмасымен бiз таяуда аталған шаһарда болып, Құлбек ағамен әңгiмелескенiмiзде, оның ең алдымен, өзiнiң емес, өзгенiң жазған-сызғандарын, қара басының емес, халқының жай-күйiн ойлаған азамат екенiн және бұл қызметiнде айтары аз емес екенiн байқадық.

– Аға, әңгiменi әдебиеттану тарихындағы үлкен ұстаз Бейсембай Кенжебайұлынан бастасақ. Ол кiсi хақында өзiңiз "Қайырымсыз уақыттың қайсар ұланы" деп бiраз жайдың, шындықтың басын ашып көрсетесiз. Өмiрiнiң соңы, тiптi, жалпы ғұмыры қаншалықты қиын болғанын да сiз арқылы бiлдiк…

– Бейсекең – бала шағында жетiм өскен, кiсiге жалданып мал баққан, Ташкенде көше кезбе ұры бала атанған, қалып арқалап кiрпiш құйған, ақыры Ғани Мұратбаевтың қолына түсiп, жетiм балалар үйiне орналасқан бала, Алашорда өкiлдерiнiң тәрбиесiн көрiп өскен азамат. Тәуiр оқығанының арқасында Мәскеуге оқуға жiберiлген, И.В.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшiлерi коммунистiк университетiнде оқыған, В.Брюсов ашқан өнер институтында оқып жүрiп, қосымша аталған оқу орнында сабақ беретiн Мағжан Жұмабайұлының сүйiктi шәкiртi болған, үйiнде жиi болып ақыл-кеңесiн алып өскен бозбала. Қазақ әдебиетiне 20-шы жылдары ұлы Абай жайында жазған даңқты мақаласымен келген. 20 жасар бозбаланың мақаласы уақытында Бейiмбет Майлиндi, Мiржақып Дулатовты таңқалдырған ғой. Абайға жақындап кеткен жан ұлттық рух биiгiне көтерiлiп жүре бередi. Билiк Абай өлеңдерiн жылына бiр рет оқып отырса деп армандаймын…

Бейсекең үлкен идеяның адамы едi. Бiз университетке түскен 1970 жылы бiрiншi дәрiстi Бейсекеңнен тыңдадық. Ол жылдары бiрiншi дәрiстi қазақтың абыройлы тұлғасына оқыту дәстүрi бар болатын. Сонда өзiнiң жұмсақ дауысымен "Ұлтты сүйiңдер, ұлттың шын перзентi бола бiлiңдер" – деп сөйледi, жарықтық. Сөйтсек, Бейсекең қазақ әдебиетiнiң тарихы "Түрiк қағанатынан" бастау алуға тиiстi деп мәселе көтерiп жүредi екен сол жылдары. Осындай идея көтергенi үшiн замандастары Бейсекеңдi келемеждейдi екен. Кеңестiк қоғам Бейсекең идеясын қабылдамайды. Қазақтың азаматтық тарихын, соған сабақтас туатын әдебиетi тарихының байлығы Кеңес өкiметiне неге керек? Оларға керегi – бодан ұлттың тарихының кенжелiгi емес пе?! "Балаң елмiз. Сорлы ұлтпыз. Әкемiз – Қазан төңкерiсi"– деп құлағын салбыратып жүре берсе, Кеңес өкiметiне, орыс шовинизмiне керегi сол! Ұлттың патриот перзентiне керегi – қазақтың тарих тереңдiгi, рух байлығы. Бейсекең соны айтады да, заманына жақпай қала бередi. Партиядан шығарады. Жұмыстан қуылады. Қайтып келiп Бейсекең Алаш (Алашорда өкiлдерi) ағалары армандаған ескi әуенге сала бередi. Осы бағытта талай рет талас-тартыс туған. Мәселен, қазақ жазба әдебиетiнiң тарихын Қажым Жұмалиев XVIII ғасырдан бастаймыз деп қадап айтып, мектеп, жоғары оқу орны оқулықтарына енгiзiп, қағидаға айналдырып жiберген. Қажекең жарықтық қашан көзi жұмылғанша осы пiкiрiнен айнымады, ғылыми жұртшылыққа бой бермедi. Көне әдебиеттiң ұлттың рухын көтеретiн кенiш олжа екенiне көзi жеткен Бейсекең шәкiрттерi – М.Жолдасбековке "Орхон-Енисей тас жазуларын", М.Мағауинге "Хандық дәуiрдегi қазақ әдебиетiн", Қ.Сыдиықұлына "Ақын-жыраулар шығармашылығын", А.Қыраубаеваға "Алтын орда дәуiрiнiң әдебиетiн" зерттеуге берiптi. Замандасы – Ә.Қоңыратбаев пен iнi-шәкiртi Х.Сүйiншәлиевтi түркологияға бағыттап, өзi бақылап отырады. Өзi жылдарға созылған айтыс-тартыстан "инсульт"(миына қан құйылған), әрi жүрек ауру дертiне ұшыраған. Бiрақ айтқанынан қайтар емес. Ауру-сырқаулығына қарамастан идея жолында өлуге бар…

Бейсекеңдi бiз осындай сәтiнде көрiппiз. Осындай сәтте Бейсекеңнен жоғары оқу орнындағы тұңғыш лекцияны тыңдаппыз. Егер Б.Кенжебайұлындай әулие ұстазға тап болмасам әдебиетке келер ме едiм, жоқ па? Сондықтан Бейсекең әруағына бүкiл тағдырымызбен қарыздармыз, қарағым!

– Бейсекеңе бала болдыңыз. Ұлы ғалымның жұрағаты туралы әңгiмелесеңiз.

– Ол кейiн ғой. Ол он жыл кейiн. Бейсекеңнiң жары Меңжамал анамыз татар қызы. Меңжамал Мұхамедиярқызы үш құрсақ көтерген. Үлкен ұлы – Шыңғыс Бейсенбайұлы өзi жастай сұранып Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ұмытпасам ақын Тоқаш Бердияровпен бiр флотта шайқасқан. О, сондай бiр ұлы ақын болған қазақта. Оны Бейсекең Алматыда көркемсурет училищесiне түсiрген. Ол кейiн бейнелеу өнерiн тастап, ақын болып кеттi. Ш.Кенжебаев Москваның – Суриков атындағы Суретшiлер академиясын бiтiрген тұңғыш қазақ. Оның бiрiншi әйелi Волядан Фарида, Тимур деген балалары бар. Фарида – суретшi, Тимур – географ. Шыңғыс аға энциклопедияларға суретi енген, халықаралық сурет көрмелерiне қатысқан керемет суретшi. Шыңғыс Волямен ажырасып, Люда деген жас қызға үйленген. Людадан Шыңғыс, Фархад деген екi ұл бар. Шыңғыс Бейсенбайұлы 69 жасында жүрек талмасынан дүние салды.

Бейсекеңнiң Шыңғыстан өзге Шолпан, Гүлнәр деген екi қызы болды. Тамаша жандар едi. Шолпан әпкем Москвада Мұхтар есiмдi қырғыз жiгiтiмен қатар оқыған. Кейiн Қырғызстанның Москвадағы өкiлi, республика Әдiлет министрi болып қызмет iстедi. Шолпан сол жiгiтке тұрмысқа шыққан. Мұхтар дархан жiгiт болатын. Ерте қайтыс болып кеттi. Шолпан әпкемiздiң өмiрден өткенiне бiр жыл болды. Екiншi әпкемiз Гүлнәр Бектұрова-Кенжебаева 1942 жылы туылған. Химия ғылымының кандитаты, әйгiлi химик Әбiкен Бектұровтың келiнi, тамаша химик ғалым Есен Бектұровтың жары. Қайын енесi – профессор Райхан Сәтбаева. Қаныш Сәтбаевтың қарындасы… Олар дiн аман Алматыда тұрып жатыр. Жақында Түркiстанға арнайы келiп әкесiне ашылған музейдi көрiп, аралап, тамашалап аттанды…

– Бейсембай Кенжебайұлының баласы болуға неге сiздi таңдаған, басқа шәкiрттерiн емес? Ол кiсiнiң әрбiр шәкiртi кейiн тұлғаға айналған қазақтың марқасқалары емес пе?..

– 1979 жылы Меңжамал анамыз қайтыс болды. Өзi сырқат Бейсекеңе қарайтын кiсi болмады. Люда (Шыңғыс ағамыздың екiншi әйелi.) Бейсекеңе жағдай жасай алмады. Содан Шыңғыс ағамыз өзiнiң Асқар есiмдi суретшi шәкiртiн Бейсекеңнiң қолына кiргiзiп бердi. Ол жiгiт ұзақ тұра алмады. Кетiп қалды. Бейсекеңдi қыздары – апаларымыз бiрге тұруға шақырады. Бейсекең: "Сүйегiм кемпiрiм шыққан жерден шығады. Қыздарымның үйiнен шығатын тексiз емеспiн" – деп қасарысып отырып алды. Қыздары шарасыз. Не iстеу керек? Менi шақырды. Мен келiспедiм. Қиын ғой ауру кiсi баққан. Содан кейiн Зейнол-Ғабден Бейсенғалиға ұсыныс жасады. Досымыз. Жары – Жамал Манкеева – үлкен түрiктанушы. Екеуi де қазiр профессор. Ол кезде бастарында пәтерi жоқ, орыс кемпiрлердiң пәтерiнде жүретiн жастар ғой. Бiрақ, олар ақылдаса келе "Ақсақалға жағдай жасай алмасақ обал болады", – деп келiспедi бiрге тұруға. Бiрге тұруға шәкiртi – Құныпия Алпысбаевты шақырды. Ол да келiспедi. Шамасы сүрбойдақ едi. Ақбөпеге ендi қырындап жүрген шағы… Сосын қайтадан баласы Шыңғыспен бiрге тұрды. Бiрақ, "тентек су" әкелi-балалы екеуiнiң арасын ашты. Келiнi – Люда – орыс қызы. Өзi жас. " Келiнiм бiр борщты маған жиырма күн iшкiзетiн" деп отырушы едi Бейсекең әзiлдеп. Әбден Меңжамал анамыздың дәмдi тағамына үйренген адамға қиын ғой бұл. Меңжамал анамыз бүкiл өмiрiн жарына арнаған, оны аялай бiлген жан едi, марқұм. Әкелi-балалы екеуiнiң арасында "арам судың" кесiрiнен келiспеушiлiк туды. Сол кезде менi Темiрбек Қожекеев бастаған Бейсекең шәкiрттерi "Бейсекеңе бала қылып, байлап бердi." Бiз Баян екеумiз шарасыз келiстiк…

Қалауының маған түскенiн былай ойлаймын: бiрiншiден, менi "қай ауылдың баласысың?" – деп сұрап жатпай, бiрiншi курстың соңынан бастап тәрбиелей бастады. Оның үстiне мен сол жылдары Бейсекеңмен сұхбат жүргiзе бастаған едiм. Қазақ әдебиетiне қосқан зор еңбегi, өмiрдегi қуаныш-қайғысы турасында әңгiмелесiп жүретiнбiз. Содан кейiн ол менi өзiнiң рухани мұрагерi санаған шығар. Ортаға Қожекеевтi салып жүрiп менi бала қылып алды ғой, әйтеуiр. Бейсекеңе бала болып ұтылған жерiм – ол кiсiден ұзап, қызмет қуып кете алмадым. Ал ұтқан жерiм – бұл кiсiнiң барлық айтқан жақсы-жаман әңгiмесiн, баяғы Алашордадан бастап, бәрiн-бәрiн жазып алдым. Ғылымға баулыды, көне әдебиетке сүйрелеген едi, мен оған қиынсынып бармадым.

– Сөз бар ғой, "Мұхтар арқылы Абайды таныдық, Абай арқылы Мұхтарды таныдық" деген. Сол секiлдi әдебиеттану ғылымында Бейсембай Кенжебайұлы екеуiңiз бiр-бiрiңiздi танытқан сияқтысыздар…

– Iрi сөйлеп қайтемiз. Абай қайда – Бейсекең қайда?

Мұқаң қайда – мен қайда? Олар әулие тектес жандар ғой. Бiз адал еңбегiн емiп жер басып жүрген жұмырбасты пенделермiз… Абай шығармалары – қазақтың Конституциясы деп бiлемiн. Ұлы Әуезов Абай арқылы қазақ халқын әлемдiк аренаға алып шықты. Қалай мақтанбайсың?! Ал менiң жөнiм басқа. Мүмкiн кезiнде кеуде қағудан аулақ, ұлт әдебиетi тарихын ғасырлар қойнауына қарай тереңдетудi, ұлы тұлғаларын танытуды – ұлы мұратына айналдырған, кейiн елеусiз қағаберiсте қалып қойған әдебиетшi ғалымды таныту оңай да болмаған шығар. Бiрақ, Бейсекеңдi халқымен қайта табыстырушы, оны жан-жақты танытушы бiр мен бе екенмiн? Жолдасбеков Мырзатайдың ұстазға деген махаббат сөздерi, Мағауин Мұхтардың "МЕН" аталатын мiнездi мемуары, Кекiлбайұлы Әбiштiң, Нұрғали Рымғалидың, Келiмбетов Нәматтың зор ықыласы, Қыраубаева Алма марқұмның тамаша зерттеуiн Бейсекең рухына бағыштауы әкемiздiң кiм болғанын аңғартпас па?! "Арыстар мен ағыстар" атты алты томдығымның төртiншi томында "Қайырымсыз уақыттың қайсар ұланы" деген еңбегiм Бейсекеңнiң ғибратты ғұмырын жаңаша тануға мысқалдай үлес болып қосылса, өзiмдi бақытты санаймын. Бiрақ, бiз әлi де шын Бейсекеңдi таныта алмай келемiз-ау деп ойлаймын.

Ол 1953 жылы Сұлтанмахмұт үшiн партиядан шығарылып, Мұхтар Әуезовпен бiрге ҚазМУ-дан жұмыстан қуылса, бұл ол кiсiнiң алашордашылдығына берiлген жаза болатын. Неге десеңiз, Торайғыров қатардағы адам емес, "Алаш ұранын" жазған адам. Ол ертерек өмiрден өтiп, комунистiк партияның қылышынан құтылып кеткен. Ал, Кенжебайұлы оны қоймай "тiрiлтедi". Сұлтанмахмұттан айрылып қалмауды ойлайды. Сұлтанмахмұттың басына өлiдей талай рет бұлт үйiрiледi. Кенжебайұлы түрлi бағытта трактовка жасап, Торайғыровты коммунистiк партияның жазалауына бермейдi. 1962 жылы Сұлтанмахмұттың екi томдық шығармалар жинағын шығарған. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы М.С.Соломонцев бастаған топ ол кiтапты түгелiмен туратып жiберген. Неге? Бейсекең екi томдыққа Әлiмхан Ермековтың естелiгiн бiлдiрмей қосып жiберiптi… Бiр көргiш қазақ көрiп қойған. Көрiп қойған да дереу Орталық Комитетке сыбырлай қойған… Мақсаты – Бейсекеңдi құрту! Ол аз десеңiз, Кенжебайұлының Сұлтанмахмұт туралы жазған кандидаттық диссертациясы арнайы қаулымен жыртылып тасталған. Неге Кенжебайұлы Сұлтанмахмұтты қызғыштай қорғаған? Себебi, Сұлтанмаұхмұт бүгiнгi ұрпақ пен Алаш зиялыларын байланыстырып тұрған – алтын арқау. Егер, Сұлтанмахмұт оқулықтан сызылып тасталса, бүгiнге Алаш рухы жетпей қалады. Бейсекең содан қорқады… Алаш рухын түсiнбеген ұрпақ – мәңгүрт ұрпақ!

Бiр қарағанда жетiм өскен, Кеңес үкiметiнiң арқасында жетiлген, Ленин орденiн алған, профессор болған Бейсекең Кеңестiк қоғамды жақсы көруге тиiстi сияқты. Соған қарамастан, Кенжебайұлы Кеңестiк қоғамды қабылдай алмады. Неге? Әкесiндей Әлихан, Ахмет, Мәскеуде үйiнде жүрiп оқыған ұстазы – Мағжан, "Еңбекшi қазақта" бiр бөлмеде отырып жұмыс iстеген Мiржақыптан тартып, Совет өкiметiнiң ту ұстаушылары болған Сәкен, Iлияс, Бейiмбеттерге дейiн, бәрiн сыпырып атып жiберген қоғамды Бейсембай Кенжебайұлы қалай қабылдайды, жарқыным-ау? "Профессорлығы" – өз еңбегi, "Ленин орденiне" құл болатын кiсiң – Бейсембай Кенжебайұлы емес. Ол – ұлтшыл Алаш тәрбиесiн алған ұлтшыл тұлға едi. Ұлттық болмысынан айнымай, жеке басына жақсылық жасаған Кеңестiк идеологияны қабылдай алмай өттi өмiрден. Қанша ғұмыр кештi, қазақ үшiн кештi, қанша қызмет еттi, не iстедi Кенжебайұлы, бәрiн қазақ ұлты үшiн iстедi. Сөйттi де, ақ-адал өлiп кеттi…

– “Алматы зиялылар ордасы” деймiз. Неге өзiңiздi зиялы етiп қалыптастырған ортадан аяқастынан кетiп қалдыңыз?

– Алматы – бiздiң астанамыз. Алматы – бiздiң көз алдымызда өстi. Бiз Алматының көз алдында өстiк. Алматы бiздi бiлiм бесiгiнде тербеттi. Алматыда алғаш қызға ғашық болдық. Алматыда алғаш қолға қалам алып, шығарма жаздық. Қанаттас қаламгерлерден дос таптық. Алматыда жүргенде жазған-сызғандарым күнде жарияланып жатты, екi-үш мекемеде қатар жұмыс iстедiм. Сырқаттандым. Сәбит Мұқановты зерттеймiн деп, архивке көп бардым жастай. Санкт-Петербург пен Москваны iшке ала айтқанда, Балтық жағалауы елдерiнен Кяхтаға (Бурятия) дейiн мен жаяу-жалпы араламаған жер, мұрағатын ашпаған ел аз. Қазiр сол мұрағаттар есiгiн тарс бекiтiп алған, тек ақшаға ашады. Ал мен кезiнде ол архивтерден көп материал көшiрiп алғанмын. Менде Мұхтар Әуезовтың ешқайда жарияланбаған эпистолярлық жазбалары бар. Сол мұрағаттағы қағаздардың шаңынан қолым қотыр болды, қолқам "демiкпе" сырқатына ұшырады. Дәрiгерлер "қоныс аудармасаң болмайды" деген соң, қазақ үшiн ғана емес, күллi түрiк дүниесi үшiн – қастерлi Түркiстанға қоныс аудардым. 1992 жылдан бастап халықарлық Қазақ-түрiк университетiнде қызмет iстеймiн. Арасында облыста орта деңгейлi шенеунiк болып қызмет атқардым. Абай да болыстыққа "таласқан". Әр деңгейдегi депутаттыққа таласып, құладым. Аз өмiрдi азапқа салдым. Бәрi бекершiлiк екен…

– Өткен жылы бiраз шаруа тындырған сияқтысыз…

– Өткен – 2009 жылдан бастап қарайған көңiлдi қинап ағартып, қаламмен қайта шұғылдана бастадым. Әдебиетке қайтадан оралып келемiн-ау, сiрә! Әдебиет дегенiмiздiң өзi спорт секiлдi, одан бiр ажырап қалсаң, қайта кiре алмай қор боласың. Болмаса, нөлден бастап, өзiңнiң бұрынғы жүрiп өткен жолыңды қайта жүруiңе тура келедi. Жазу да солай. Жалпы шыққаны бар, шықпағаны бар, жиырмадан астам кiтап жазыппын. Жарияланбаған нәрселерiм көп, жас кезiмде романист те болғым келген. Бiрақ, бұйырғаны – сыншылық! Өткен жылы жасаған жұмысыма ептеп көңiлiм көншидi. Көншитiнi – 36 мақала жазыппын. Өзбек тiлiнде кiтабым шықты. Ең бастысы – Түркiстан қаласынан рухани әкем Бейсекеңе арнап "Бейсембай Кенжебайұлының түрiктану музейiн" аштық. Қолқабыс жасаған Серiк Пiрәлиевке өте ризамын…

– Ол мұражайда не бар?

– Мен Москвада "Музейтанудың" арнайы оқуын бiтiрген адаммын. "Мұражай" демейiк, Жадыра. Ол қазаққа сiңбейтiн сөз деп бiлемiн. Әлемнiң барлық тiлiнде "музей" сөзi сол дыбысталған қалпы. Бейсекең қазақ әдебиетiнiң тарихын күллi түрiк жұрағатына ортақ қағанаттың "руна" жазуларынан бастау керек деп алғаш бастама көтерген көреген ғалым ғой. Соған орай "Бейсембай Кенжебайұлының түрiктану музейi" болып қазақша аталатын бұл музей – дүниежүзiндегi тұңғыш түркологиялық музей болып тұр. Онда Бейсембай Кенжебайұлының балалық шағынан бастап, Алаш жұртына еткен қызметi, қазақ әдебиетi тарихына сiңiрген еңбегi Томсен, Радлов, Бичурин, Ш.Уәлиханов, Катанов, Ахундов, Ататүрiк, Маржани, Гаспаралы, Потанин, Диваев, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан т.т. өнегелi өмiрiмен тығыз байланыста, өзара сабақтастықта экспозицияланады. Көзiнiң тiрiсiнде "Бұлардың да түрiк едi арғы заты, Тiтiреткен жер-дүниенi салтанаты", – деп Сұлтанмахмұттың өлеңiн ыңылдап айтып отыратын, өмiр бойы түрiктiк тұтастыққа ұмтылумен өткен Бейсекең өмiрiн – сол жалпы түрiктiк аяда көрсеттiк.

– "Түркiтiлдес халықтардың кiтапханасын" да ашыпсыз… Бүгiнгiдей нарықтық қоғамда ол кiтапхананың оқырманы бар ма?

– Менде 20 мыңдай кiтап бар. Олар қайдан, қалай жиналған? Алматыда көне, сирек кiтаптар сататын "Букинист" аталатын дүкенде Мұхтар Мағауин, Өтежан Нұрғалиевпен, "Сарыарқа" кинотеатры арқа жағында "қара базар" аталатын жасырын кiтап жаймасында Қадыр Мырзалиевпен жиi кездесiп қалушы едiм. Ол екi "дүкенге" кiтап ауруымен ауырғандар ғана барады. Жастай кiтап ауруымен ауырдық. Ол жазылмайтын сырқат. Кiтап сатып аламыз, алмастырып аламыз. Сөйтiп жүрiп "Бүкiлодақтық кiтапқұмарлар қоғамымен" байланыстым. Ш.Айтматовтың "Литературная газетада" жарияланған ең соңғы мақаласы – кiтапқұмар Евгений Осетров туралы ғой. Демек, Шыңғыс та кiтапқұмар. Бәлкiм, аталмыш қоғамға ол да мүше болған. Алматыға келген соң алғашқы қаламақыны 1972 жылдан бастап ала бастадым. Содан бергi күнiм – кiтап сатып алумен өтiп келедi. Қаламақының жарымы, тiптi көбi осындай кiтап алуға жұмсалады! Бiр деңiз. Екiншiден, әдебиет тарихшысы – Б.Кенжебайұлының, фольклорист К.Сейдехановтың, балалар ақыны – Ө.Тұрманжановтың, тiл бiлiмi академигi М.Балақаевтың, түрколог – Ғ.Садуақасовтың (ұйғыр), жазушы Н.Фазыловтың (өзбек), Намық Кемал Зейбектiң (түркие), этнолог Ө.Жәнiбектiң, театр қайраткерi Р.Сейтметовтың жеке кiтапханалары не түгелдей, не жартылай – менде! Ендеше менiң кiтапханам бай болмағанда кiмнiң кiтапханасы бай болуы керек?!..

Ол кiтапхананың сапасы қандай? Кезiнде Санкт Петербургте "Түркiстан институты" жұмыс iстеген. Онда тамаша кiтаптар басылған. Түрiк халықтарына, шығыс этнологиясына байланысты кiтаптар. Солардан менде 1873-1904 жылдар аралығында басылған көн-былғарымен қапталған бiрсыпыра кiтап бар. 1873 жылғы кiтап – "Түркiстан хайуанаттарын тiгiнен және көлбей жiктеу" деп аталады. Северцевтiң ғылыми еңбегi. Северцев атында бұл күнде Москвада институт жұмыс iстейдi. Оны бiлесiздер. 1904 жылғы кiтап – Ш.Уәлихановтың Веселовскийдiң алғысөзiмен басылған атақты кiтабы. Қазақта С.Мұқановта, Ә.Марғұланда, Б.Кенжебаевта, бәлкiм Шота ағада ғана болған кiтап… Брокгауз, Эфронь, Южаков, Гранат… ХIХ ғасырда басылған энциклопедиялар… Москвада қазақ бiлiмпазы, тұңғыш елшi Н.Төреқұловтың басқаруымен "Шығыс халықтарының кiндiк баспасы" жұмыс iстегенiн, оның түрiк халықтары тiлдерiнде кiтап бастырғаны туралы хабардарсыздар. Олардан да бар.

Олардан өзге татар, башқұрт, өзбек, қырғыз, түркмен, қарақалпақ, хакас, алтай, шор, қарашай, құмық, қарайым дегендей әлденеше түркiтiлдес халықтар кiтаптары. Сөйтiп-сөйтiп мендегi кiтаптар саны жиырма мыңға жетiптi. Оны не iстеу керек? Ойлана келе кiтапхана ашуды жөн деп шештiм. Онда отыздан аса түркiтiлдес халықтың кiтаптары сол тiлде сақталады. Оған оқырман қайдан табылады дейсiз? Қазақ-түрiк университетiнде алтай, хакас, тува, чуваш, гагауз, балгар, шор, башқұрт, татар, қырғыз, әзербайжан, түрiк секiлдi 32-ден аса ұлт өкiлдерi жер-жерден келiп оқиды. Солар туған елiн сағынғанда осы кiтапхананың есiгiн ашады, туған тiлiнде кiтаппен табысып мауқын басады…

– Аға, ақыры ұлт турасында сөз қозғадық қой. Әңгiме тiзгiнiн өткен күндер елесiне қайта бұрсақ. Сiз Сәбит Мұқановтың, Әбдiлдә Тәжiбаевтың шығармашылық мұрасын зерттеушiсiз. Ол кiсiлердiң шығармашылығы өз алдына, алайда, азаматтық ұстанымдарына келгенде, түрлi пiкiр қайшылықтары туады. Артында қалған мұрасын тiрнектеп жинап, көз майыңызды тауыса жазып жүрген осы ағаларымызды әлi де болса тани алмай жүрмiз. Қарапайым халық тұрмақ, кейбiр зиялы деп жүргендерiмiздiң өзiне, шыны керек, дәл қазiр Мұқанов пен Тәжiбаевтың жазғанынан гөрi, сол бiр қатерлi, қаһарлы нәубет жылдарындағы азаматтық ұстанымы, пендешiлiгi қызығырақ. Ащырақ айтар болсақ, "Алашордашыларды сатқан" деген сыңаржақ пiкiрмен бағалаушылар да бар. Екеуi де сiздiң тақырыбыңыз ғой. Тақырып болғанда да, даулы тақырып. Сiздiңше, келер ұрпаққа Мұқанов пен Тәжiбаев кiм болып қалуы керек?

– Естi сұрақ және көптен берi жұрттың көкейiн жайлап алған сұрақ. Ал осыған бiз шамамыз келгенше жауап берiп келе жатырмыз. Өз басым "Заманы аялаған"(С.Мұқанов), "Заманы аямаған" (Ә.Тәжiбаев), "Заманқапа" (Б.Кенжебаев) аталатын үштаған кiтаптi аяқтау үстiндемiн. Осы үшеуi арқылы қазақ зиялылырының кеңес дәуiрi кезеңiндегi өмiрiн жинақтап беремiн. Адам трагедиясы ашылады. Сол кездегi қоғамға, әлеумет өмiрiне деген көзқарас, сол кездегi қазақ зиялыларының бiр-бiрiмен қарым-қатынасы, жетiстiгi де, кемшiлiгi де нақты деректермен, ащы дәйектермен көрсетiледi. Сонда сенiң сұрағыңа толық жауап берiледi, Жадыра қызым! Бұл үштағанды қуанып, жадырап отырып жазбадым, жылап отырып, күйiнiп отырып жаздым!

Сәбит Мұқановты бала күннен оқып өстiк. Мұқановты оқымай, әдебиетке келген жазушы жоқ бiзде. Кезiндегi оқулықтарды қарап отырсақ, қазақ-кеңес әдебиетi Сәбит Мұқановпен басталған. "Сәбит Мұқанов негiзiн салған қазақ-совет әдебиетi" деп сөз саптаған әдебиет сыншылары. Сәкен, Iлияс, Бейiмбеттi айтқызбайды ол кезде. "Халық жауы". Мұхтар Әуезовтi айтайын десе, оның жазған шығармалары кеңестiк саясатқа келiңкiремейдi. Сосын қазақ-совет әдебиетiн Сәбиттен бастайды. Мұқанов өзi жетiм өскен, соның да зардабы бар шығар. Оның үстiне өмiрлiк ұсақтардан басқа, дүниетаным деген пәле бар. Мысалы, Горький соншалықты кедей болмаған. Ол сонау Еуропадан Кеңес әдебиетiн қалыптастыру үшiн "заказбен" келген. Сол сияқты Сәбит Мұқанов та қазақ-кеңес әдебиетi идеологиясын жасақтаушы тұлға. Ол бастаған қазақ-кеңес әдебиетi Кеңес үкiметiнiң Қазақстандағы идеологиясының жалаугерiне айналған. Соның зардабы Мұқановтың өзiнен бастап, күнi кешеге дейiн келдi. Бiз де Кеңес үкiметi идеологиясының шарпуынан аман қалмаған ұрпақпыз. Мұқановтың бар шығармасы кеңестiк ұстаныммен жазылған. Ол көп қателескен адам. Алашорда туралы "Есею жылдары" деген мемуарында: "Байтұрсыновтың 50-жылдығын Орынборда картошка лақтырып тойлатпай тастадық" дейдi. Мен кәрiқұлақтармен сөйлесiп көргем, "Онда Сәбит әсiрелеп жазып жiберген. Өйткенi, Байтұрсынов ұлттың ұстазы болған адам. Оған студенттердiң картошка лақтыруы мүмкiн емес едi" дейдi олар. Байтұрсыновты жамандау, қаралау ол ұсталғаннан бастап, атылып кеткеннен кейiн ғана басталған. Сол секiлдi 1935 жылы басылған "Темiртас" аталатын романы бар Сәбең жарықтықтың. Оның iшiнде Смағұл Сәдуақасовтарды өте нашар көрсетедi. "Өсу жылдарымыз" деп аталатын мақалалар жинағы бар, онда да Байтұрсыновты, Дулатовты, Бөкейхановты, Сәдуақасовты ұнамсыз кейiпте сипаттайды. Атақты "Адасқандар" ("Мөлдiр махаббат") романында да Алашордашыларды Мауытбаев (Ж.Аймауытов), Жақыпбек Дәуiтов (Мiржақып Дулатов) т.б. деп алып көрсетедi. Бұл кiтап болып жарық көрiп, бiрнеше дүркiн жарияланған шығармалары. Ал кезiнде мақалада, публицистикалық дүниелерде бұдан да зәрлi жазылғандары бар. Бiрақ, Мұқановтың осы тiрлiктерiнiң бәрi Қазақстанның iшiнде болған. Яки iштей сынасу. Ол бергi жағы екен. Бiзде, масқара болғанда, Алашорданы құрту жөнiнде Сталинге хат жазған iрi-iрi тұлғаларымыз да болыпты.

– Олар кiмдер?

– Мысалы, Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хаттары табылып жатыр қазiр. Сәкен Сейфуллиннiң де хаты бар екен. Оның iшiнде "Алаш өкiлдерi" аты аталып, түсi түстелiп, олар түгел жойылмай, "Түркiстан республикасы Кеңестiк республикаға айналмайды" деген рухта айқын жазылған.

Зерттей келе көзiм жеткенi – Сәбит Мұқанов та, Әбдiлда Тәжiбаев та осы тұрғыдан алғанда қателескен тұлғалар. Осы үшеуiнiң iшiнде коммунистiк қоғамды қабылдамағаны, сосын 30-жылдары айдалып, атылып кеткен Алаш ардақтыларын еш ұмытпағаны, өзiн солардың рухани шәкiртi санағаны және кеңестiк кезеңнiң қытымыр саясатына қарамай соларды iздеумен жылап өткенi – Бейсембай Кенжебайұлы.

– Алашордашылар ақтала бастаған "жылымық" кезеңiнде Мұқанов өз қателiгiн сезiнген бе, құрығанда?

– Ол кiсi Алашордашылардың ақтала бастаған кезеңiне жетпей өмiрден өтiп кеттi. 1973 жылы 18-сәуiрде дүниеден өттi. Бiрақ, ол кiсi Сәкен, Iлияс, Бейiмбеттердiң ақталғанын, олардың жазған мұраларының қатарға қосылғанын көзбен көрдi. Оның iшiнде Iлияспен де айтысқан Сәбең. Осыған қарап, Бейiмбеттердiң ақталғанын көрген Мұқанов түптiң-түбiнде Алашордашылардың да ақталатындығын пайымдады деп ойлаймын. Ол: “Шәкәрiмдi ақтайық!” деп мәселе көтерген адам. Арменияда дашняктар деген болған, олар Арменияның коммунистiк бағытта дамуына қарсы шығып, қолдарына қару алып күрескен. Мұқанов: "Туманян – армян әдебиетiнiң классигi. Ол дашняктардың қатарында болған. Соны да армян әдебиетiнiң классигi деп жүрмiз ғой. Оның қасында Шәкәрiм Кеңес үкiметiне қарсы оқ атпаған, Шәкәрiмдi ақтасақ жарасар едi" деп жазады.

– Ел аузында Жансүгiровтiң ащы айтылған өлеңi бар ғой, Тәжiбаев жайында…

– Бар. Бiрақ, соны Iлияс шығарды дегенге күмәнiм бар. Мүмкiн шығарса, шығарған болар. Алашорданың қайнаған ортасында жүрген, ұйымның "кiшi хатшысы" болған ұлы М.Әуезовтiң өзi 1949 жылы, 1958 жылғы ғылыми-теориялық конференцияда бiр кездерi өзiне аға болған, ұстаз болған алашордашыларды сынаған. 1961 жылы Мұқаң дүниеден өтетiннен бес-алты ай бұрын "Октябрь өркенi" деген мақала жазып, бүкiл "байшыл-ұлтшыл" жазушыларымызды дымын қоймай сынапты. Мұның бәрi сол кездегi солақай саясаттың iсi. Тәжiбаев 40-жылдардың аяғында "Бiз де қазақпыз" деген поэмалық драма жазған. Онда бiр тайпаны "қазақ" деп алып, күн көзiн көрсетпей, қараңғылықта ұстайды. Оларды Бура (кейiпкер) басқарады. Ол Бураның түптұлғасы – Сталин. Санасында саңылауы бар адамдар: "Бiз күн көзiн көрейiк те" деп жарыққа, күн-күнеске ұмтылады. Бура аузынан жыны ағып, құтырынады.. Ақыры Бураны жығып, күн көзiн көредi қараңғыдағы халық. Мiне, бұл сол кездегi Сталиндiк режимге Тәжiбаевтың қарсылығын көрсетедi. Сол кезде бұл ұлы ерлiк едi. Бұл пьесаны қоюға Мәскеу қол қойған. Қазақстан, Өзбекстан театрларында сахнаға дайындалып жатқанда, өзiмiздiң қазақтар құлатқан. Дәлiрек айтсақ, Әбдiлдәнiң өзi аға, ұстаз тұтып жүрген Сәбит Мұқанов "Бұл қоғамға қарсы шығарма ғой" деп, шұқып көрсетiп берген. Осыдан соң, Тәжiбаев арнайы қаулымен қараланған. Тiптi атылып кете жаздаған. Әбдiлдә бiрiншiден, Кеңестiк қоғамнан зәбiр көрген, екiншiден, өзi аға тұтқан, бiр майданда, бiр идеологиялық ұстанымда жүрген ағалары Әуезов пен Мұқановтан таяқ жеген. Оларға Сталиндi сынағаны үшiн жақпады. Сөйте тұра, екi ағасын да өмiр бойы жақсы көрiп өттi. Тәжiбаев 80 жасына дейiн өзiне комунистiк қоғамның жемiсi ретiнде қараған. Қараңызшы, не деген қарама-қайшылық?!

Бұл кiсi 50-жылдардың аяғында жасы ұлғайған кезде Мәскеудегi Горький атындағы әдебиет институтына түседi. Бұл Хрущев басқарған кездегi "жылымық" кезеңi едi. Осы кезде Тәжiбаев бiраз дүниелер оқып, көзi ашылады, жаңа бiлiммен қаруланады. Тәжiбаев өзi көп оқымаған. Кейiн Б.Кенжебайұлы Әбекеңдi журфакқа оқуға түсiрiп, шал Әбдiлдәға диплом әперген.

Тәжiбаев Ахат Құдайбердиевтен әкесi Шәкәрiмнiң бiр топ өлеңiн алып, "Қазақ әдебиетiне" басып жiбередi. Егер, ол қызметiн, мансабын ойласа, Шәкәрiм өлеңiн газетке шығармас едi. Осыдан кейiн сол кезгi КГБ бастығы, Қазақстан Компартиясының идеологиялық жөнiндегi хатшысы Нұрымбек Жандiлдин шақырып алып, Әбекеңдi әбден талқылайды. Тәжiбаев бой бермейдi. Орнынан атып тұрып Әбекең: "Сендер отызыншы жылды қайта шақырып отырсыңдар ма? Керек болса, Компартияға көлеңке түсiрген сендер. Қазiр, “Шәкәрiм ондай болған, мұндай болған” дейтiн уақыт емес. Қажет болса, қызметтерiңдi алыңдар!" деп балдағымен үстелдi бiр қойып, ақсаңдай басып шығып кеткен. Ақыры оны "Қазақ әдебиетi" газетi бас редакторы және Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығынан алып тастайды. Мiне, азаматтық! Әбекеңдi осыдан кейiн қалай жақсы көрмейсiң?! Қазiр бiздiң арамызда осындай тұлғалар бар ма?

80-жылдардың аяғында Тәжiбаев арылу, кешiрiм сұрау рухында керемет өлеңдер жазды. "Алашордашыларды ақтайық" деп, қазақ зиялыларының алдына түсiп, Мәскеудегi КГБ-ның бастығы Чебриковқа дейiн хат жазған. Осы тiрлiктерiнен кейiн Әбекеңдi қайта жақсы көрiп кетесiң.

Мен осы ғылыми үш тағанды жазу арқылы – Кеңес үкiметiнiң "жаназасын" шығарам ба деп ойлаймын.

– Кезiнде Өзбекәлi Жәнiбеков ағамыздың сiзге деген көзқарасы тәуiр болған көрiнедi. Тiптi, сiзге қызмет те ұсынған деседi. Неге ұсынған қызметке бармадыңыз?

– Неге екенiн айта отырып, Өзекең туралы сөздi бүгiнгi уақытпен салыстырып айтқым келедi. ҚазМУ-дың журфагының деканы болған профессор Тауман Амандосов: "Бiздiң сырттай оқитын студенттерiмiз сабақ оқып, дайындалудың орнына, "қытай тiлiнен емтихан болады" десең, "қай аудиторияда?" деп, еш ойланбастан кiрiп баруға дайын" дейтiн. Сол сияқты қазiргi президентiмiздiң айналысында, үкiметте жүрген жас мансапқорлар Тауман ағамыз айтқан сырттай оқитын студенттер секiлдi көрiнедi маған. "Көкелерi" көтередi. Олар ойланбай бара бередi. Жастарды қазiр қызметке қабiлетiне қарай ұсынбайтын болды. "Бiр биiк бар жорғалап жылан да шығады, қалықтап қыран да шығады" дегендей, әркiм билiкке әртүрлi жолмен жетедi. Оның iшiнде, рулық, жүздiк, жершiлдiк секiлдi неше түрлi құрылымдар араласып кететiн болды. Бұл – қазақтық бiртұтастығымызға, елдiгiмiзге, тiптi мемлекеттiгiмiзге сын! Өзi тұтаса алмаған ұлт – өзге ұлт өкiлдерiне қалай тұтқа болады? Өзi iштей "сиырдың бүйрегiндей" бөлшек-бөлшек ұлт – мемлекет құраушы ұлтқа қалай айналады?

Ал Өзбекәлi Жәнiбек жасырары жоқ, менiң туыс ағам едi. Ол кiсiнiң қарамағында 1977 жылдан 1980 жылға дейiн жұмыс iстедiм. Ол кезде ол кiсi менi танымайтын, туыс екенiмдi бiлмейтiн, бiлсе, Құдай бiледi – жұмыстан шығарып жiберер едi. Мен де айтқан емеспiн. Жәнiбек– белгiлi бiр рудың азаматы емес, ол алты Алаштың азаматы. Баяғы Алаш арыстарының рухын бойына сақтап қалған асылдың сынығы едi ол. Қазақтың қолданбалы өнерiн тiрiлткен, ұлттық саз аспаптары музейiнен бастап Қазақстанда музей iсiн көтерген, яғни, қазақ мәдениетiн жаңғырту арқылы – ұлттық өремiздi өсiрген қайталанбас қайраткер тұлға едi Өзағаң. С.Мұқановтың музейiн жасақтауда, ол кiсiнiң керемет iскерлiгiн көрдiк. Музейдiң экспозициялық жоспарын филологиялық бiлiмi бар бiз жазып баратынбыз. Ал тарихи бiлiмi бар Жәнiбеков быт-шытын шығарып түзейдi. Сенбi-жексенбi күндерi бiздiң жазған-сызғандарымызды түзеп-күзеп отырады. Өзағаңның редакциясынан өтпеген Қазақстанда бiрде-бiр музейдiң экспозициялық, тақырыптық жоспары жоқ шығар.

Орталық Комитеттiң бiрiншi хатшысы Г.С.Колбин консерватор болды. Сол Колбиндi жазушылар, Қазақстан Жазушылар одағына шақырып алып, "Ұлт мүддесiмен үндесiп жататын қазақ тiлiн неге бiлмейсiң?" деген мәселе қояды. Ол кiсi: "Мен үйренемiн", тiптi, "Менiң итiмнiң өзi қазақша үйренiп жатыр" дегенге дейiн айтып жол табады. Бұған жазушылар қорланып, дүрсе қоя берген сәттер болған. Осындай тайталаста идеологиялық хатшы болып тұрған Өзағаң бiрде менi шақырып алып: "Сен маған көмекшi болып келуге қалай қарайсың? Колбиндi Жазушылар одағы қыспақтап бара жатыр. Маған Жазушылар одағымен жұмыс iстейтiн жәрдемшi керек" дедi. Мен қан туыстығын пайдаланып, мансапты бола қалғым келмедi. Менiң мансабымнан ұлт мүддесi қымбат едi. Өзекеңдi сөзге қалдырғым келмедi. Өзi жетiм болып, ағайыннан жырақ өскен. Кiм ұлттың досы – ол сол жағында болатын. Сондықтан да, Өзағаңның азаматтық ұстанымына кесiрiмдi тигiзгiм келмедi, сөйтiп, ұсынған қызметiнен бас тарттым.

– Сонда сiздi трайбализм симптомынан аулақ адам деп айта аламыз ба?

– Ендi ауырып қалуым мүмкiн. Өйткенi, күнделiктi жүрген ортам, күнбе-күнгi сырттай-iштей қақтығысқа түсетiн проблемаларымның көбiсi трайбалистiк бағытта өршiп тұрғандықтан, солардан қорғану үшiн трайбалист болып кетемiн бе деп қорыққан кездерiм бар. Бiрақ, мен трайбалист болмадым. Шамам келгенше, қазақты тұтас сүюге тырыстым. Трайбалист болмауға менiң жетiм өсуiм де себепшi болған шығар.

Өзағаң жөнiндегi әңгiмемiзге қайта оралсақ. Күндердiң күнiнде ол кiсi зейнеткерлiкке шықты, айықпас дертке шалдықты (өкпесi күйiп кеткен). Содан менi шақырып алып: "Мен бiр мемуар жазайын деп едiм. Көрген-бiлгенiмдi айтайын, сен хатқа түсiрiп берсең, мен өңдесем" дедi. Мен бұл тапсырманы орындаудан тағы да бас тарттым. "Мен жазсам, кiтап шығады, төбесiнде Өзбекәлi Жәнiбек аты тұрады, iшi "Құлбек Ергөбек" болады. Мен өз жазу мәнерiме т

Серіктес жаңалықтары