«ҮШ ҚОҢЫРДЫҢ» ҚҰЖАТСЫЗ ҚОЖАЙЫНДАРЫ

«ҮШ ҚОҢЫРДЫҢ» ҚҰЖАТСЫЗ ҚОЖАЙЫНДАРЫ

«ҮШ ҚОҢЫРДЫҢ» ҚҰЖАТСЫЗ ҚОЖАЙЫНДАРЫ
ашық дереккөзі
235

"Үш қоңыр" терминалының алғашқы кiрпiшi қаланғаннан берi басынан жанжал арылмады. Әсiлi, халықаралық автовокзалдың айдаладан орын тебуi, жалпы құрылысы халық көңiлiнен шыға қоймаған-ды. Аталмыш ғимараттың кезектi дауының басында кәсiпкерлер тұр.

Мәселе қалыптаспаған халықаралық терминалдың бой көтеруi төңiрегiнде өрбiдi. Автовокзал нағыз қаржы көзi болады деп сенген кәсiпкерлер 2007 жылы сауда орындарын үстi-үстiне топырлатып сатып ала бастайды. Нәтижесiнде, ақшасы төленген жекеменшiк орынға бiрде-бiр құжат рәсiмделмептi. Нелiктен? Алданған кәсiпкерлердiң салған ақшасын, иә құжатын қайтара алмай жүргенiне мiне, үш жыл болды. Сонда салық төлеушi ретiнде тiркелмеген, толық құжаты жоқ "Үш қоңыр" автовокзалының басшылығына ешбiр дәлелдемесiз бәленбай мың соманы көздi жұмып қалай бердi?

– Көшеде жарқыраған даңғаза жарнамалар елiмiзде халықаралық терминалдың ашылатынын асыға-аптыға жариялап жатты. Оның үстiне беделдi шенеунiктiң есiмi аталған соң, сөз жоқ сендiк, – дейдi кәсiпкер Кенжеғұлова Тұрархан. Қолда бар құжаты – бiр жапырақ қағаз басшылықтан берiлген. Басшылық демекшi, ғимарат 2009 жылы сауда орталығы болып қайта тiркелдi. Халықаралық терминал басшылығы қазiр атымен жоқ. Ал "Үш қоңыр" сауда орталығы алданған кәсiпкерлердiң меншiктi сауда орындарының бар екенiн жоққа шығарып отырған жоқ. Алайда, олардың қолында да пәлендей құжат табылмапты. Бұрынғы басшыларды тiптi көрiп-бiлмегенiн айтып, мiз бақтырмайды. – "Үш қоңырдың сыртына – Сауда орталығы –деп бадырайтып жазып қойған. Үш жыл iшiнде басшылық үш рет ауысты. Бiрiн-бiрi бiлмейдi, танымайды. Келiңдер де, сатып алған жерлерiңде тып-тыныш саудаларыңды жасай берiңдер дейдi. Мұндай сауда орталықтары қаланың iшiнде де толып тұр емес пе? Айдаладан көкөнiстi кiм алады? – дейдi кәсiпкер Данияр Дәулетяров. Бастапқыда автовокзал болып құрылды. Халықтың жапа-тармағай сол жерге тырмысуының да себебiн осымен түсiндiруге болады. Сондықтан кәсiпкерлер Қордай жолының бойында жемiс-жидек сатудан бас тартып отыр. Оған қоса халықаралық терминалдың ашылуын үш жыл күткен кәсiпкерлердiң кәсiппен айналысуға да құлқы жоқ. Өз кезегiнде бұл вокзалда керемет пайдаға кенелетiнiне сенген қарапайым халық бiрi несие алып, бiрi көлiгiн сатып қолы жеткен сауда орнын иемденедi.

Десе де кәсiпкерлерден қаймығып отырған ешкiм жоқ. Қарасай аудандық сотына жүгiнген 13 кәсiпкер "Үш қоңыр" автовокзалының басшысы Камал Құрманғалиевтың жауапкершiлiк танытуын күтiп отыр. Негiзiнен 67 адам сауда орындарының құжатсыз қожайындары. Олар ғимарат iшiндегi әртүрлi қабаттан сауда орнын алу үшiн 20 000 – 45 000 АҚШ доллар көлемiндегi соманы жұмсаған. Бiрақ бұрынғы басшыларды құрықтауда құқық қорғау органдары мен прокуратура дәрменсiздiк танытуда. Кәсiпкерлердiң айтуынша, жұмбақ қожайын ешбiр сот процесiне қатыспаған.

Сот билiгiнен пәлендей көмек көрмеген кәсiпкерлер мәселенi түпкiлiктi шешу мақсатымен өткен аптада баспасөз-конференциясын ұйымдастырды. Бұл iстi қолға алған қорғаушы Үсенова Рита сот процесiнде әдiлетсiздiктiң алдын орағанын айтады: "Бұған дейiн де аталмыш дау бойынша бiр кәсiпкер өз бетiнше сотқа жүгiнiп, тiптi жеңiп те шыққан. Алайда, бiршама уақыт өткен соң сот үкiмiн қайта өзгертiптi", – деп отыр қорғаушы. Неге? Кiмнiң ықпалы тидi? Ол жағы беймәлiм. Дегенмен бiр дәлелдiң бары анық. Ұшты-күйлi жоғалған К.Құрманалиевтың хатшысы Зәуре Үсенова сот барысында аталмыш соманы өз қолымен алып, бастығына тапсырғанын жоққа шығармайды. "Мен 2008 жылы Құрманалиевпен телефон арқылы сөйлестiм. Ол ақшаны алып, өз кезегiнде тағы бiреуге берiптi. Сондай-ақ, өзiнде бiр тиын қалмағанын айтып, ендiгәрi хабарласпауын өтiндi", – дейдi Тұрархан Кенжеғұлова.

Амалы таусылған кәсiпкерлер бұдан былай да бiрнеше шараларды ұйымдастырмақшы.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары