АҚША ЖӘНЕ АДАМГЕРШIЛIК

АҚША ЖӘНЕ АДАМГЕРШIЛIК

АҚША ЖӘНЕ АДАМГЕРШIЛIК
ашық дереккөзі
404

Министрге майлы ет жеуге бола ма?

Қоғамымызда жалпы мемлекеттiк қызметкерлердiң, әсiресе бiрсыпыра жоғары лауазымды шенеунiктердiң абырой-беделi аса төмен екендiгi екiнiң бiрiне аян. Соңғы кездерi жүргiзiлген әлеуметтiк зерттеулердiң нәтижелерi бұған еш күмән қалдырмайды. Қазақстанда түрлi салаларда жиi қолға алынып, сынақ түрiнде үстемелеп жүргiзiлiп келе жатқан сан алуан әлеуметтiк-экономикалық, саяси реформалардың оңтайлы түрде жүзеге асырылып, табысты орындалуына тұсау — елiмiздегi саны өрескел көп мемлекеттiк қызметкерлердiң кәсiби бiлiгiнiң тым төмендiгi, енжарлығы мен көптеген құзырлы мекемелердiң "балабақшаға айналуы" және бiрсыпыра лауазымды тұлғалардың оралымсыздығы екендiгi айқындалып отыр. Бұған жұртшылықтың етi үйренiп алғандығы сонша, қалыптасқан сорақы жағдайды "Баяғы жартас — бiр жартас…" деумен ғана шектелiп келедi.

Дәп қазiргiдей күрделi жағдай, әлемдiк қаржы, экономикалық ауыр дағдарыстың үрейi мен елесi қоғамда қатты алаңдаушылық туғызып отырған өлiара кезеңде әрбiр мемлекеттiк қызметкер буырқанған толқындағы жеңiл қайықты шайқаудан абай болатын тiс қаққан теңiзшiдей аса сақтық, ұстамдылық танытуға тиiс екендiгi айдан анық. Әсiресе, жоғары лауазымды шенеунiктер жеке ведомстволық мақсаттан гөрi жалпы мемлекеттiк, қоғамдық мүдденi басты орынға қоюға тиiс. Алайда, елiмiздегi бiрсыпыра биiк лауазымды тұлғалар өздерiнiң күмәндi ұстанымдары мен толық пiспеген ұсыныстарын жан-жақты сарапқа салмастан, дүйiм жұртқа дүмбiлез күйiнде жариялауы соңғы кездерi жиi орын алуы алаңдатпай қоймаса керек. Турасын айтқанда, осындай жағдайлардан соң қоғамда түсiнбестiк, дау-дамай, кикiлжiңдер үнемi бой көрсететiнi аңғарылып жүр. Ең қауiптiсi сол, соңғы уақытта бiртұтас Қазақстандағы барша азаматтарды көпе-көрнеу жiктеп, түрлi әлеуметтiк топтарға қарай орынсыз алалау байқала бастаған сияқты және мұндай келеңсiздiк қоғамдағы алауыздықтарға таптырмайтын желеу болатын қаупi бар.

Денсаулық сақтау министрлiгi 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның жобасын әзiрлеп, оны жұртшылыққа таныстыруды министр Жақсылық Досқалиев мырза өз мойнына алды. Жақында биiк лауазымды мырза Қызылжар өңiрiнде Денсаулық сақтау министрлiгi 2011 жылдан бастап алкогольдiк iшiмдiк пен темекiден зардап шеккен адамдарды тегiн емдеуден бас тартпақшы болып отырғанын асқақ үнмен жеткiзген. Елiмiздiң Бас дәрiгерi: "Зиян әдеттердiң кесiрiнен немесе техника қауiпсiздiгiн сақтамағаннан зардап шеккен адамдар жартылай ақысын төлесiн!" — деп Денсаулық сақтау министрлiгi бұдан былай табан тiрейтiн күмәндi ұстанымның құлағын қылтитқан. Осыған дейiн-ақ қызылжарлық шаш ал десе, бас алуға дайын кейбiр дәрiгерлер iшiмдiктен зардап шеккендерге жедел жәрдем қызметiнен кейiн ақы төлеудi талап етiп те үлгерiптi. Iле-шала елiмiздегi базбiр бұқаралық ақпарат құралдары мен көптеген дәрiгер мамандардың өзi iшiмдiк iшкендерден ақы алу мүмкiн бе, жоқ па дегендi қызу талқыға салып бақсын. Ешқандай заңдық негiзi жоқ мұндай өрескел шараның кездейсоқ жүзеге асырылуы тар ведомстволық жүгенсiздiк, заң тұрғысынан қатаң жазалануға тиiстi қызмет бабын асыра пайдалану екендiгiне ешкiм бас ауыртатын емес, өкiнiшке қарай. Әйтсе де Денсаулық сақтау министрлiгiнiң өрескел ұстанымына жасыл шам жағылып, алдағы жылдары аса сорақы арнайы заң қабылдануы да ықтимал. Тiптi, шылымқорларда көп кездесетiн созылмалы бронхит пен қан тамырының тарылуы (мұндай сырқат түрлерi шылым шекпейтiндерде де кездесетiнi сөзсiз), тағы басқа сырқаттар ақылы түрде емделсiн-ақ. Ал жан-жақты сарапқа салынбаған, қоғамдық талқылаудан өтпеген жарымжан заң өзiн-өзi қаншалықты ақтайды? Адамдарға, қоғамға, мемлекетке қаншалықты пайдалы? Министр мырза айтқан "зиянды әдеттер" дегеннiң астарында қандай құпия жатыр? Мәселен, мұздай балмұздақты сүйетiн әрi көп жейтiн сәбилердiң түрлi сырқатын бұдан былай әлгi "зиянды әдеттерге" жатқызамыз ба, жоқ па?! Әлемдiк дәрiгерлердiң басым бөлiгi кофенi көп iшу де денсаулыққа зор нұқсан келтiретiнiн айтып, жиi дабыл қағуда. Тiптi, шамадан тыс пайдаланған кофе түрлi ауруларға әкелiп соқтыратыны бiржола дәлелдендi деуге де болады. Ендеше, кофеқұмарларды қайтпекпiз?

Сондай-ақ маман дәрiгерлердiң пiкiрiнше, еттi шамадан тыс мөлшерде пайдалану да адам ағзасына елеулi нұқсан келтiрiп, денсаулыққа орны толмас зиян әкелетiн көрiнедi. Әсiресе, шылқа-шылқа майлы ет, семiз қазы-қарта да қауiптi екен. Ешқашан пышағының сабы майдан кеппейтiн түрлi әкiмдер, биiк лауазымды шенеунiктер, депутаттар мен байшiкештер ауырғанда "зиянды әдеттердiң кесiрiнен" зардап шеккендерге жатқызу керек пе, жоқ па?.. Тiзбелей берсек сандаған сауалдар туындайтын сұры бар. Ең сорақысы сол, Денсаулық сақтау министрлiгiнiң техника қауiпсiздiгiн сақтамай, абайсызда бақытсыздыққа ұшырағандарды да ерекше бөлiп алуға ұмтылуы болып тұр. Жаңа ұстанымға қарағанда, табан асты бақытсыздыққа ұшырағандарға бұдан былай қажеттi медициналық көмек көрсетiлмей, адами тағдыры саудаға салынады дегендi бiлдiретiн секiлдi. Бақытсыз жағдайда аяқ-қолынан айрылып, жарымжан болғандар мен ақ халатты дәрiгерлердiң арасында қызу сауда жүргiзiлiп, бақытсыз оқиғаның техника қауiпсiздiгiн сақтау немесе сақтамаудан орын алғандығы жөнiнде дау-дамайға ұласуы мүмкiн. Оған қоса Жақсылық Досқалиев мырза халық емшiлерiне көп баратын қарапайым жұрттан да ақша сауып алуға кет әрi емес. "Осындай науқастар кемiнде медициналық қызметтiң жарты ақысын төлеуi керек", – дейдi ол. Иә, қазiр жұрт дәрiгерлерге онша сенбейдi және сондықтан сырттан ауру жанға көмек iздейдi. Елiмiздегi медицина саласы мүлдем мешеу болса, осы салаға қатысты коррупциялық қылмыстардың шет-шегi көрiнбейтiн болса, ендi қайтпекшi?! Қайта, министр мырзаның халық емшiлерiн түгелдей қапасқа тоғыту керек демегенiне шүкiр! Министр мырза iшiмдiк iшкендер де, кездейсоқ бақытсыз жағдайға ұшыраған жандар да ең әуелi Қазақстанның толыққанды азаматтары және бюджетке адал салық төлеушiлер болып табылатынын естен шығарған секiлдi. Сол салық төлеушiлердiң ақшасынан министрлiктiң көптеген лауазымды тұлғалары нәпақа тауып, елiмiздегi денсаулық сақтау саласының да дамып отырғанын ескермеуi өкiнiштi-ақ. Заң баршаға ортақ болуға тиiс және заң алдында адамдардың бәрi бiрдей жауапты. Елiмiздегi азаматтарды көпе-көрнеу алалау, кейбiреулердi төменгi сортқа жатқызудың түбi жақсылыққа соқтырмауы мүмкiн. Оның үстiне ауыр дағдарыс кезеңi түрлi түсiнiксiз эксперименттер жасайтын, халыққа жiк салатын уақыт емес қой. Әсiресе, қоғамдық тұрақтылыққа керi әсерiн тигiзетiн ағат қадамдар мемлекет үшiн аса қауiптi болмақшы. Өкiнiшке қарай, кейбiр лауазымды басшылар өз құзырындағы ведомстволар үшiн тек қосымша қаржы табуды ғана мемлекеттiк мүддеден жоғары қоятын сыңайлы. Олар үшiн ең бастысы – ақша!..

Осы орайда қазақ ауыз әдебиетiнiң кейбiр нұсқаларында сөз болып:

"Төбел тазға төрт теңге,

Ойма тазға он теңге,

Қырма тазға қырық теңге,

Самай тазға сан теңге", делiнетiн жыр жолдары ерiксiз ойға оралады.

Осындай күмәндi ұстанымдардан өзге салалық ведомстволар да үлгi ала кетiп, бұдан былай төтенше апаттан құтқарушылар да қар астынан қазып алған азаматтардан ақша сұрай бастауы мүмкiн. Өрт сөндiрушiлердiң тiптi қуана беруiне де болады. Әрбiр өрт сөндiрiлген сайын бақытсыз адамдардан олардың да ақша талап етуiне кең жол ашылмақшы.

Бiрақ мемлекет мүддесi бейбақ адамдардан тек қосымша ақша талап етумен, алумен ғана шектелмейдi. Оның ауқымы мүлдем кең. Мемлекеттiң басты мақсаты — адамдардың өмiрiн жайлы ету, әрбiр жеке адамның қоғамға аса қажеттi екендiгiн сезiнуiне жағдай жасау. Адамдардың өмiрiне кепiлдiк берiп, бақытты өмiрiн қамтамасыз ету. Ауру жандар мен мүгедектерге мейлiнше қамқорлық көрсету. Олай болса, базбiреулердi тегiн емдеу, ал адамдардың басқа топтарын түрлi сылтаумен ақылы түрде емдеу түрлi коррупциялық әрекеттерге, жаппай заң бұзушылыққа әкелiп соғуы былай тұрсын, айрандай ұйыған Қазақстан қоғамында алауыздық, орынсыз дүрбелең туғызатыны айтпаса да түсiнiктi. Министр Досқалиевтiң жаңа ұстанымы әлемдiк әдебиет пен терең философияның жауһар жәдiгерi – "Қорқыт Ата кiтабын" ерiксiз еске түсiредi. Мәңгiлiк шығармада бiр заманда асқан ерлiктерiмен аты жайылған оғыздардың әмiршiсi ұлан-асыр той жасап, шақырылған батыр-бағландардың ұлы барына ақ мал сойып, алтын шатырда күткенi, ал қызы барға қара түстi мал сойып, қараша үйде қонақ еткенi туралы сөз болатын. Өз кiндiгiнен тараған ұрпағы жоқ ерлердi менмендiкпен көзге iлмей, еш елеп-ескерусiз қалдырған.

Осыдан соң айрандай ұйыған даңқты оғыздардың арасына iрiткi түсiп, алауыздық пен бақталастық, наразылық өршидi. Бiр ғана дүмбiлез ұстанымның ақыры тарихта терең iз қалдырған қуатты мемлекеттiң бiржола ыдырауына әкелiп соқпаушы ма едi?!

Р.S. Бет қатталып жатқанда "Қазатомпром" ұлттық комиссиясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшевтiң денсаулығы жөнiнде жалған ақпар таратқан белгiлi кардиолог Владимир Боборыкин осыған дейiн өзiнiң кәсiби мiндетiн адал атқармағаны жөнiнде мәлiмдеме жасады. Ол күмәндi құжаттардың негiзiнде жалған қорытынды жасап, жұртшылықты алдауға дейiн барған. Ал Қазақстанның денсаулық сақтау саласында мұндай дәрiгерлердiң саны некен-саяқ деп айту мүмкiн емес. Сiрә, "Алтын көрсе, перiште (дәрiгер) жолдан таятыны" жел сөз емес болғаны ғой…

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары