ШАҢҒЫШЫЛАРЫМЫЗ ШАҢ ҚАБУДА

ШАҢҒЫШЫЛАРЫМЫЗ ШАҢ ҚАБУДА

ШАҢҒЫШЫЛАРЫМЫЗ ШАҢ ҚАБУДА
ашық дереккөзі
243

ВАНКУВЕРДЕГI АЛҒАШҚЫ КҮН

Алматы әуежайынан ұшаққа отырып, Франкфуртке дейiн 7 сағат ұшып бардық. Бес адамбыз — 4 журналист, 1 фототiлшi. Ванкуверге бет алған бiз ғана емес екенбiз. Алып лайнерге 2011 жылғы Азия ойындарының ұйымдастырушылары да отырды. Нақтырақ айтқанда, Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов, Алматы қалалық Спорт және дене тәрбиесi басқармасының басшысы Хайырболат Хайдаров, VII Азия ойындарының Алматы қалалық ұйымдастыру комитетiнiң басшысы Сұлтанмахмұт Шоқпытов тәжiрибе алмасу мақсатында Ақ Олимпиадаға жол тартып барады екен. Сонымен қатар, Қырғызстан делегациясы да әсем Алматы арқылы ұшты. Ванкуверде бақ сынау құқығына ие болған 2 спортшының жанында 2 жаттықтырушы мен 2 басшысы бар. Барлығы 6 адам.

Немiс жерiнде Канадаға жол тартқан соңғы көшке қосылдық. Ресей, Украина, Литва, Латвия, Бельгия, Польша, Италия және басқа де елдердiң бiрлi-жарым спортшылары мен жаттықтырушылары да бiзбен бiрге Калгариге ұшатын алып лайнерге отырды. Өкiнiшке қарай, ұшақ уақытынан сәл кешiгiп, Калгариге белгiлi уақытынан бiраз кешеуiлдетiп жеттiк. Тiптi өзiмiз отыратын ұшақтан қалып қойып, басқа рейске отырдық. Бiрақ Калгариден Ванкуверге лезде жетiп бардық. Калгариге дейiн 10 сағаттан астам уақыт ұшқандықтан болар, Ванкуверге дейiн ұшқан 1 сағат сүт пiсiрiм уақыттай да болмаған секiлдi көрiндi, бәрiмiзге. Осылайша, ереуiл ұшаққа «ер салып», еңку-еңку жер шалып, Атлант мұхитының үстiмен Солтүстiк Америка құрлығына жеттiк… «Үйеңкi жапырақтылар» елiне табанымыз тигенде, жаңбыр сiркiреп жауып тұрған. Уистлердегi Олимпиада қалашығына дейiн 3 сағаттай жүрiп бардық. Түн iшiнде өзiмiз жататын коттедждi әзер тауып, орналастық.

АҚ ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ

Таңертең шаңғымен тұғырдан секiрушiлер сайысқа түсiп жатқан «Олимпик парк» спорт кешенiне тарттық. Қанша тықыршысақ та, автобус асығар емес. Тау етегiнде бiр автобустан екiншiсiне ауысып отырып, шаңғымен тұғырдан секiрушiлер сынға түсiп жатқан жерге де жеттiк. Келсек, Алексей Королев та, Николай Карпенко да секiрiп кетiптi. Екеуiн қанша iздесек те таппай, зыр қағып жүргенде ҚР Ұлттық Олимпиада комитетiнiң вице-президентi П.Новиковтi кездестiрдiк. Ақ Олимпиаданың алғашқы сыны аяқталған бетте Павел Максимович бiз тұрған жерге Королев пен Карпенконы ертiп әкелдi. Тек iштей «осы екеуiмен бiрге немесе осы екеуiнiң орнында Радик Жапаров болғанда ғой, әттең» деп, ойға баттым.

Алексей Королев, шаңғымен тұғырдан секiру спортынан Қазақстан құрамасының мүшесi:

— Ванкувер Олимпиадасында Қазақстан спортшылары iшiнен бiрiншi болып сынға түстiм. Осыдан болар, бiраз толқыдым да. Кеше жаттығу өткiзiп, осы тұғырдан секiрiп көргенбiз. Жаңбыр жауып, күн бұзылып кетiп, берекемiз кеткен едi. Ал бүгiн ауа-райы тамаша болды.

Николай Карпенко, шаңғымен тұғырдан секiру спортынан Қазақстан құрамасының мүшесi:

— Қардың сапасы да көңiлдегiдей. Мен негiзi бұдан да биiк тұғырдан секiргендi ұнатамын. Әйтсе де, «бүгiн сенiмдi ақтау керек» деп, тырысып бақтым. Бiрiншi електен өтiп, алғашқы сынды ойдағыдай аяқтағанымызға қуаныштымын.

Бұдан соң Павел Новиков бiзге екi спортшымыздың да Ақ Олимпиададағы алғашқы өнерлерiне көңiлi толатындығын тiлге тиек еттi. «Бiздiң спортшылар тұғырдан секiргенде, аздаған жел болды. Соған қобалжыдым. Бiрақ екеуi де өз мүмкiндiктерiн жақсы орындады. Жерге қонақтағанда, ешқандай да қателiк жiберген жоқ. Тек тым алысқа қалықтап ұшпады демесеңiздер, бәрiн де сауатты орындады» деп, өз пiкiрiн бiлдiрдi. Қазақстан спортшыларының алғашқы сыны осылай аяқталды. Екеуi де 97 метрдi еңсерiп, Королев – 29-орынға, Карпенко – 31-орынға орналасты. Бiрiншi күнi сынға түскен 61 спортшының 40-ы ғана екiншi күнгi сайыста бақ сынау құқығына ие болғандығын ескерсек, онша жаман көрсеткiш емес.

ХРУСТАЛЕВА ЖАРАП ТҰР

Арлы-берлi өткен сайын Ванкувердегi баспасөз орталығында басқа жарыстардың қалай өтiп жатқандығы мен аяқталғандығына ерiксiз назар аударамыз. Биатлоншы қыздар арасындағы қысқа қашықтықтағы сында негiзiнен көпшiлiкке аса танымал емес спортшылардың бағы жанды. Бұл бiрiншi кезекте ауа-райының қолайсыздығынан, әрине. Солардың арасында бiздiң елдiң намысын қорғайтын Елена Хрусталева да бар. Ресейдiң Красноярск қаласының тумасы, кезiнде Беларусь елiнiң де намысын қорғаған Хрусталева 7,5 шақырымдық бәйгеде бесiншi орын алып, көпшiлiктi сүйсiндiрдi.

АУА-РАЙЫ БИАТЛОНҒА АЯУСЫЗ ӘСЕРIН ТИГIЗДI

Қазақстан халқы «ертең жұмыс» деп ұйқыға жатқанда, «Үйеңкi жапырақтылар» елiндегi Ақ Олимпиадада екiншi жарыс күнi басталды. Бұл күнi бiздiң елдiң спортшылары екi жерде додаға түстi. Уистлерде биатлоншы жiгiттерiмiз бәйгеге түссе, Ванкуверде фристайлшы екi спортшымыз бақ сынады. Сондықтан бiз екiге бөлiндiк. Мен Ванкувер Олимпиадасының ашылу салтанатында қазақтың көк байрағын көтерiп шыққан Диас Кенешевпен тiлдесу үшiн биатлоншылар жарысқа түсiп жатқан тау етегiне тарттым. Бұл жерге де автобус жарты сағаттан артық жүредi. Биатлоншылар сайысы басталған бетте жаңбыр себелеп, бiраз уақыттан соң жауын күшейiп, арты қарға айналды. Жарыс жолына шыққан алғашқы он шақты спортшының ғана жоғары нәтиже көрсету мүмкiндiктерi болды. Жүлделi орындарды солар бөлiстi де. Ал тәжiрибелi тарландардың көбiсi, олардың арасында әйгiлi Оле Эйнар Бьёрндален де бар, толассыз жауған жауын астында өз қабiлеттерiн жүзеге асыра алмай, пұшайман болды. Бiздiң биатлоншылар да жарыс жолына ауа-райының бұзылған кезiнде шығып, аса жоғары нәтиже көрсете алмады. Қазақстан құрамасының жаттықтырушыларының бiрi Виктор Смирнов та ауа-райының қолайсыздығы керi әсерiн тигiзгендiгiн айтып, қынжылды. Бұл күнi фристайлшы жас талантымыз Дмитрий Рейхардтың да бағы жанбады. Електiк сында алғашқы ондыққа iлiккенiмен, финалда сенiмдi ақтай алмады.

Нұрғазы САСАЕВ

Серіктес жаңалықтары