ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ МӘРТЕБЕСI ӨСЕТIН ЕМЕС

ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ МӘРТЕБЕСI ӨСЕТIН ЕМЕС

ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ  МӘРТЕБЕСI ӨСЕТIН ЕМЕС
ашық дереккөзі
513

Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев Алматы қаласына ат басын бұрып, зиялы қауым өкiлдерiмен кездестi. Елiмiздiң ұлттық бiлiм жүйесiндегi мемлекеттiк тiлдiң жай-күйi талқыланған кеңесте жиырма бiр жылда жеткен жетiстiктерiмiз бен кемшiн тұстарымыз сөз етiлдi.

Министрдiң сөзiне қарағанда, соңғы кезде бiлiм саласында қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеруде айтарлықтай шаралар жасалып жатқан көрiнедi. Ол, әсiресе мемлекеттiк тiлдt тәлiм-тәрбие беретiн балабақшалар мен мектептердiң саны өсiп келе жатқанын мәлiмдедi. Мәселен, 1991 жылы 8146 мектептiң 2768-i ғана қазақ мектебi болса, қазiр 7576 мектептiң 3811-i — қазақ мектебi. Яғни, қазақ мектептерiнiң саны 50,3 пайызға жетсе, аралас мектептердегi қазақ балаларының үлесiн қосқанда 77,9 пайыз. Ал мектепке дейiнгi мекемелерге келсек, 1999 жылдан 2009 жылға дейiн 648 қазақ тiлiндегi балабақша iске қосылған. Сол сияқты қазақ тiлiн оқыту сағаттары көбейтiлiп, басқа тiлде жұмыс iстейтiн балабақшаларда 2-3 сағаттан тiл үйретуге арнайы сағаттар бөлiнiптi. Қысқасы, "Қазақ тiлдi емес оқу орындарында да мемлекеттiк тiлдiң оқытылу мәселесi күшейтiледi",— деген Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев болашақта қазақ тiлi барлық бiлiм ордаларында алдыңғы қатарға шығатынын жеткiздi. Осыған орай қазақ тiлдi оқу құралдарының көрмесi ұйымдастырылып, отандық анимациялық фильмдер көрсетiлдi. Елiмiздегi оқушылар электрондық оқулықтармен бiлiм алуы тиiс. Орта және жоғарғы оқу орындарындағы оқу әдебиеттерi мен кiтаптар таяу арада балама оқу құралдарымен толықтырылмақ екен. Бұл бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қол жеткен табыстары.

Алайда, ақын, қоғам қайраткерi Мұхтар Шаханов бұл статистикалық көрсеткiштерге қарсы шықты. "Қазiр қазақ тiлiнде 648 балабақша бар деп жүрмiз. 1991 жылы елiмiзде 8881 балабақша болған. Кейбiр дерек бойынша, соның 930-ы, ендiгi бiр мәлiмет бойынша 1100-i ғана қалдырылып, қалғаны мардымсыз ақшаға қалталы адамдарға сатылып кеттi. Мұны ешкiм жоққа шығара алмайды. Қазақ тiлiнде 4734 балабақша болса, қазiр бұл — 648 ғана. Осы да жетiстiк пе?! Егер осы өгiз аяңмен жүретiн болсақ, бұрынғы балабақша санына жету үшiн бiзге 400 жыл уақыт керек екен!" деп ашынса, "Нұр Отан" партиясының хатшысы Ерлан Қарин: "Ұлттық саясатқа жүйелi көзқарас қажет", – дейдi. Ол өз ойын: "Статистика бойынша бәрi дұрыс! Қазақ тiлiндегi мекемелер санының көбейгенiмен, бiлiм беру жүйесiнiң, оқыту бағдарламасының сапасы ойлантады. Бiр жағынан ғылымның қазақ тiлiнде дамуы тек қана тарихшылар мен филологтарға қатысты сияқты. Тiптi, қазақ мектептерiнде кейбiр пәндер бойынша үй тапсырмасы орыс тiлiндегi кiтаптар бойынша берiледi. Бұл қалай?" –деп мәселенi төтесiнен қойды. Ал белгiлi жазушы Смағұл Елубай: "Өкiнiшке қарай, ұлттық мәселе, тiл мәселесi адам жыларлық күйде. Жиырма жыл бұрын мемлекеттiк тiл қабылданған кезде мектеп мәселесi қолға алынған болса, бүгiн бұл мәселе туындамаған болар едi. Дәл осы қарқынмен кете берсек, әлi жиырма жылдан кейiн де осы қалпымызбен отыра беретiн түрiмiз бар" – деп сөзiн сабақтай түстi.

Тiл жанашырлары мен ұлт зиялыларының ашық пiкiрiн көңiлiне түйген Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев мұндай басқосуды жылына екi рет өткiзiп тұруға уәде бердi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары