“КҮМIС АЛҚА” ЖӘНЕ САНСЫЗ ҚҰЖАТ

“КҮМIС АЛҚА” ЖӘНЕ САНСЫЗ ҚҰЖАТ

“КҮМIС АЛҚА” ЖӘНЕ САНСЫЗ ҚҰЖАТ
ашық дереккөзі
5489

— Тiлшiмiн де… — Көлiк жүргiзушiсiнiң алғашқы әңгiмесi осылай басталды.

— Тiлшiмiн. Сұрақ қойып, жауап алу бiздiң кәсiбiмiзге тән едi, мына кiсiнiң бiрден сұрақтың астына алғанына таңданып мен отырмын. Қырық бестердi алқымдап қалған жiгiт ағасы бiр нәрсе сұрағысы келген болуы керек, бiр-екi жөткiрiнiп алды да, қайта маған бұрылып: — Сендер газеттерiңе шындықты жазасыңдар ма? — деп, тағы бiр қайырды. — Менiң алты балам бар. Кiшкенемiз жақында үш айға толды. Алты бала туған анаға "Күмiс алқа" беремiз деген едi. Өткенде әйелiм құжаттарын апарып тапсырып едi: "Балаңыз бiр жастан асқаннан кейiн келiңiз" деп, құжат тапсыратын жердегi қыз жөндi жауап бермей қойыпты. Осы құжат қабылдайтын жерлерде жұмыс iстейтiн адамдардан шашымыз ағарып бiтетiн болды. Не дұрыс жауап қайтармайды, не жөн-жосығын түсiндiрмейдi. "Күмiс алқа" қай кезде берiледi? Оны алу үшiн не iстеу керек? Соны бiлгiм келедi. Кiмнен сұрарымды бiлмей, дал болып жүрмiн", — деп ағам ағынан жарылды. — Өзiңiз қалада тұрасыз ба? — деп, керi сауал тастадым. — Қала болғанда, Қарасай ауданына қараймыз. Өзiм Шығыс Қазақстанда туылғам. Бiрақ, осында тұрғаныма бiраз уақыт болып қалды. Алты баламен қалада өмiр сүру де қиын екен. Қазiр жұмысым да жоқ. Балаларымның нәпақасын таксист болып тауып жүрмiн. Жолдасым кiшкентайлармен үйде отыр. Ең құрыса, үкiметтен алты балаға берiлетiн жеңiлдiктер жоқ па? Соны бiлгiм келедi, — дейдi Жайдархан аға. Алты бала туған анаға "Күмiс алқа" берiлу қажеттiгi туралы естiгенiмдi, оның қай уақыттан бастап берiлетiнiн және қандай құжаттар қажет екендiгiн анықтап берейiн деп, Жайдархан ағаға уәдемдi бердiм. Бiр жақсылық болса, тiлшi қауымнан болар деп ойлады ма екен, кiм бiлсiн, әйтеуiр Жайдархан аға байланыс телефондарымды жазып алды. "Бiр қиындықтар болып жатса, сiзге хабарлассам бола ма?" дейдi. "Жарайды" деп келiссем де, iштей бiздiң қолымыздан жазудан басқа не келетiн едi деп ойладым. Бiрақ, "қырықтың бiрiн Қыдыр санаған" қазақтың бiрi болған соң, әрi қамкөңiл ағаға "көмектеспеймiн" деп, қалай айтарсың?! Редакцияға келген соң, "Күмiс алқаға" қатысты бiраз ақпараттар iздестiрiп көрдiм. "ҚР Мемлекеттiк сыйлықтары туралы" Заңының "Көпбалалы аналарға сыйлықтар" тарауының 27-бабында "Күмiс алқа" белгiсiмен алты бала туып, өсiрген, кенжесi бiр жасқа толған және барлық балалары тiрi аналар марапатталады" делiнген екен. Неге бiр жас? Неге екi-үш ай емес? Әлде бiр жасқа дейiнгi балалар бала болып есептелмей ме? Демек, Жайдархан ағаның жолдасына "Күмiс алқаны" тағынуы үшiн әлi бес-алты ай уақыт керек сияқты. Заңды сақтаған да жөн шығар. Бiрақ, қалалық жерде алты баланы асырау оңай шаруа емес. Оның үстiне, жұмыссыз отырған адамдар үшiн тiптен қиын. Демографиялық ахуал туралы жиi жазып жатамыз. Демографияға өз үлесiн қосып жатқан алты баланың әке-шешесi ендеше неге тарлық көрiп жүр? Әлде, құр сөзбен жұбатып қана қою, алты балаға ас болады деп ойлай ма? Жұбату демекшi, "Күмiс алқаның" анаға берер пайдасы бар ма? Көмегi болса қандай? Қазiр көп балалы аналарға жәрдемақы табысына қарай есептеледi деген пiкiрлер де бар. Айлық табысын отбасына шаққанда жететiн болса, онда ол отбасына жәрдемақы берiлмейдi екен дегендi де айтады. Сонда қалай? Отағасының айлық табысы алты балаға жететiн болса, "Күмiс алқаның" иегерiне ешқандай жәрдемақы берiлмей ме? Көкейiмiздi мазалаған алуан сауалға жауап iздеп, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне телефон шалдық. Бiздiң сауалымызға министрлiктiң бақылау және әлеуметтiк қорғау комитетiнiң төрағасының орынбасары Гүлнәр Мүсiлiмқызы жауап бердi. — Гүлнәр апай, бiз сiздерге оқырмандарымыздың өтiнiшiмен хабарласып отырмыз. "Алтын алқа" мен "Күмiс алқаның" берiлу заңдылықтарын айтып берсеңiз. Көп бала туған Ана аталмыш марапатқа ие болу үшiн не iстеу керек? — Биылғы жылға дейiн, яғни 2010 жылға дейiн он баласы бар аналарға ғана "Алтын алқа" беретiн. "Алтын алқа" алқасымен марапаттау осы ананың жетiншi баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте жүргiзiледi. "Күмiс алқа" алқасымен алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алтыншы баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте марапатталады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы 1995 жылғы 12-желтоқсандағы "Мемлекеттiк марапаттау туралы" Заңының 28-бабында көрсетiлген шарттардың барлығы ескерiлуi тиiс. Әр облыстарда арнайы бөлiмдер жұмыс iстейдi. Олар марапаттауға байланысты құжаттарды сонда тапсырады. Ол бөлiм құжаттарды жинайды да, Президент әкiмшiлiгiне жiбередi. Ең бастысы, жоғарыда айтылған заңдылықтарға сәйкес келуi керек. — "Алтын алқа" мен "Күмiс алқа" алған Аналарымызға жәрдемақы мөлшерi қандай? — Жоғарыда аталған алқалармен марапатталған аналарымыздың жәрдемақы мөлшерi бiрдей, ол 8 478 теңгенi құрайды. Осы жерде айта кетейiн дегенiм, 1999 жылдан бастап төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы тағайындалады.Бүгiнгi күнi жәрдемақы мөлшерi 5 511 теңгенi құрайды. — Демек, анаға балалары он сегiз жасқа толғанға дейiн жәрдемақы берiледi дейсiз ғой. — Иә, әрине. — Егер де жанұяда алты баласы болып, кiшкентай баласы үш айдан асқан болса қандай жәрдемақы мөлшерi төленедi? — Бiрiншiден, жанұядағы алтыншы балаға туғанына берiлетiн бiр жолғы жәрдемақы төленедi. Егер бала биыл туса, оның мөлшерi 70 650 теңге (50 АЕК), егер бала 2009 жылы туса оның мөлшерi 38 880 теңге (30 АЕК) болады. Екiншiден, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмi бойынша ай сайын жәрдемақы алады. Оның мөлшерi биылғы жылдан бастап 12011 теңге болады, ал 2009 жылы оның мөлшерi 9 720 теңге болады. — "Күмiс алқаны" алған Ананың жәрдемақыны алуы үшiн айлық жалақысы есептеле ме? "Жалақысы жететiн болса, жәрдемақы берiлмейдi" деген де әңгiмелер бар. — "Алтын алқа" мен "Күмiс алқа" иегерлерiне төленетiн жәрдемақы мөлшерi отбасының табысын есепке алмай тағайындалады. Жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлiк шегiнен және азық-түлiк себетi құнынан төмен болған жағдайда мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек және 18 жасқа дейiн балаларға төленетiн жәрдемақы тағайындалады. — "Күмiс алқа" мен "Алтын алқа" белгiсiн иемдену үшiн қандай құжаттар жинау керек? — Барлық құжаттарды жинақтаумен жергiлiктi атқарушы (әкiмшiлiк) органдары айналысады. Мемлекетiмiздiң көп балалы отбасыларға беретiн жәрдемақының бағасы жоғарыдай. Әйтеуiр, көп балалы отбасыларымыздың ай сайын мемлекеттен арнайы жәрдемақы алатынын көңiлге жұбаныш тұттық. Бiрақ, күн сайын қымбаттап бара жатқан тауарлардың бағасына көз жүгiртсек, әлгi жәрдемақы жыртыққа жамау болмай қалады-ау деген қорқынышымыз да жоқ емес. Әсiресе, жұмыссыз отырған отбасыларымыз үшiн сегiз жарым мың теңгемен бала-шағаны асырау мүмкiн емес. Тым құрыса, әр балаға сегiз жарым мың теңгеден болсашы деп армандадық. Бiздiкi тек қиял ғана, ал оны орындау мемлекеттiң құзырындағы нәрсе…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары