БIР ТIЛIМ НАН

БIР ТIЛIМ НАН

БIР ТIЛIМ НАН
ашық дереккөзі
275

БIР УЫС БИДАЙ

Қой қораланар кезде абыр-сабыр басылды. Үш күннен берi жанымыздан шықпаған етжақын-ау деген жандар да бәсең қоштасып, шығып-шығып кетiсiп жатты.

Шаршап жүрген қарындастарым әп-сәтте ұйықтап кеттi. Солардың қасына қисайып, қанша көзiмдi жұмсам да қане ұйқы келсешi. Күнi кеше ғана тiрi жүрген шешемнiң бейнесi көз алдымнан кетпейдi. Есiме қай-қайдағы жайлар түсiп, кемiрген ойлар қамалап, жүрегiмдi өкiнiш тырналайды. Қайран әзиз анам, неге ерте үзiлдiң? Мына соңыңда қалған жетiмектерiң қалай күн көредi? Әне ауызғы үйде уһiлеп, төсегiн сықырлатып әкем де ояу жатыр. Ендi көрер күнiмiз не болады?..

Кiрпiгiм жасқа шыланып, үнiмдi қанша шығармауға тырыссам да болмады, булығып, қыстыға өксiп-өксiп жыладым кеп. Үш күн бойы дауыс сап, жоқтап келгендерге қосыла қайысқанымда, көз жасым суалған болар, тостағым босаған болар-ау деген едiм… Жоқ, әлi ағыл-тегiл, ебiл-себiл… Жан ана сенiң даусыңды сағынып, жүрек елжiретер мейiрiмiңдi аңсап, мына қарындастарым да, анау соғыс мүгедегi әкем де оңашада әлi тала-талай көз жастарын сығып алар… Қайран, шешем-ай, бұ фәниден не жақсылық көрдiң десеңшi, бәрiмiздi өсiремiн, жеткiземiн деп жүрушi ең, мiне, өзiңнен айырылып қалдық-ау…

Әкем арқамнан қағып жатыр.

— Саған не болды, жаным?.. Сен үлкен жiгiт емеспiсiң?.. Қойшы-қойшы қарағым…

Өзiнiң даусы да қарлығып, жылап жiберуге шақ-шақ тұр. Аттың о жағына бiр, бұ жағына бiр түсiп, шайқалып жүретiн серi сиыршы, мiне, үш-ақ күнде мүлде бүкшиiп, мүсәпiр болып, ендi не iстерiн бiлмей дал. Ауызғы үйге шам жағып, әкем пешке шай қойды. Мен түрегеп жас айғыздаған бет-аузымды жудым. Әкемнiң де, менiң де көзiмiздiң айналасы қызарған, iсiңкi.

Дөңгелек кiшкентай үстелдiң жанында шошайып екеуара шай iшкен болдық. Түк батпайды, тек әйтеуiр мына жабайы қараңғы түнде жалғыз қалып жабырқаудан қашып, азапты ойлардан құтылуға ермек iздеген тiрлiгiмiз бұл. Әкем жалпы әңгiмеге шорқақ. Тiптi өз өмiрi жөнiнде айтуға сараң. Төбесiнен тоқ еткiзiп айтып қалады да, қарап отырады. Әкем жөнiнде бар бiлетiнiм: әке-шешесi қабат өлген соң жетiм қалып, Балалар үйiнде болған, соғысқа қатысқан…Ал, шешем әңгiменi майын тамызып айтатын, ертегi, аңызды да көп бiлетiн-дi.

Сол түнгi әңгiме әлi жадымда: әкемнiң салыңқы қабағы, көзi шүңiрейiп, ұрты суалып қалғаны, қайратты бурыл шашы түп-түгел ағарғаны, кәдiмгiдей жөнi түзiк сөз бастағаны, бәрi-бәрi есiмде. Дөңгелек үстел жанында дiрiлдеген қолымен шай құйып берiп отырып, ол өзiнiң тұңғыш ұлына беймәлiм болып келген ғұмыры, ондағы талай-талай қилы кезеңдерi туралы бәрiн ақтарып салды. Оған дейiн де, одан кейiн де әкем дәл сол түндегiдей шешiлiп, әңгiмешiл болған емес-тi. Есiмде қаймағы бұзылмай сақталған, сары таңға дейiн айтылған сол әңгiменiң бiр бөлiгi едi бұл.

* * *

— “Жұт жетi ағайынды” деген рас па деймiн. Алты ай жаз аспаннан жаңбыр тамбай, көгерiп шықанның бәрi қурап, кеуiп, ұшып кеттi. Өңкей былғары киiнген өкiл дегендерiң үстi-үстiне қаптап, мал бiткендi түк қалдырмай сыпырып ала бастады. Әуелi несiн айтасың, өлген, сойылған малдардың мүйiз, тұяқтарына дейiн жинатып, салық сап, әбден титықтатты. "Көмген ұраң бар ма, тыққан астығың бар ма?" деп жердi пiскiлеп, үйдi тiнтiп, бiр қора жан талшық қылып отырған азын-аулақ ұн, талқанның бәрiн сыпырып әкеткеннен кейiн, әкем әбден ашуланып, қалған малын қырғыз асырып әкетпек болды. Он екi жасар менi ертiп, Қастектiң асуы арқылы жолға шықты. Елдiң алды жалқынданып аштықтан жаппай қырыла бастаған, күздiң қақаған қара суық шалған шағы. Тоз-тоз болған ауыл, жол-жөнекей көмусiз қалған жұрт. Бiр елдiң бетке ұстары болған екi үйiр жылқысын алдыға сап, ел жоқ-ау деген жерлермен түнделете айдап, Ақтастыға жеткенiмiзде алдымыздан:

— Қане, қолдарыңды көтерiңдер! Қашсаңдар атамыз! — деген айқай шықты. Әне-мiне дегенше өңкей суық жүздi бес-алты қарулы адам қоршап алды.

— Әп, бәлем, өкiметке мал бермей, қашып барамын деңдер! — деп былғары тон киген бiреуi әкеме шұқшиды.

— Ау, жарқындарым, мына Ақтастының арғы бетiндегi күнгейдегi қырғыздарда мамыражай тiрлiк дейдi. Соған жан сауғалайық деп бара жатырмыз, — дедi әкем саспай.

— Байлаңдар мынаның қолын. Қане аттан түс! Ал, мына малды өкiметке тапсырамыз, өзiң абақтыда шiрисiң!, — деп бастығы тепсiнiп едi, бәрi жапа-тармағай әкемдi бас салды. "Тимеңдер, тимеңдершi" деген менi қалпақтай ұшырып түсiрдi. Әкемдi алдарына салып, жаяулатып айдады да кеттi. Соңдарында шырқырап мен жүгiрiп келем. Онда аудан орталығы — Қарақыстақта, сол жерге әкеп қамады. Содан қайтып әкемдi көрмедiм. Аш-жалаңаш, азып-тозып, өлмешi халде Қарғалыдағы үйiмiзге әзер жетсем, саған өтiрiк, маған шын, менi шешем емес тiрi әруақ қарсы алды. Иә, құр саудыраған сүйек, бұрын шешемiз етжеңдi толық адам едi. Шошып кеттiм, даусы мен көзiнен ғана таныдым.

Бiз малды ұнға айырбастаймыз, не болмаса жағдайды көрiп келiп, үйiмiздi қырғызға көшiрiп әкетемiз деп кеткен болатынбыз.

Ауызға салар түйiр ас болмай, екi күннен кейiн шешем де күп iсiндi де, үшiншi күнi жатқан орнында тiсi ақсиып, жүрiп кеттi. Екi iнiмнiң құр сүлделерiн ертiп, Қарғалыдағы поселкеге алып түстiм. Бауырларымның қайда қалғанын қайдам, әйтеуiр көшеде қоқыс шұқылап, тентiреп қалған менi комсомолдар ұстап алып кеттi. Не көп, қаңғып қайыр тiлеп жүрген жетiм бала көп. Екi өгiз жеккен ырдуан арбаның үстi мына Қарақыстаққа жеткенше шүпiрлеген қылқи мойын арық балаларға лық толды.

Тәукеден бiзге үш бала қосылды. Бiреуi туған нағашымның баласы — Сәду. Былтыр көргенiмде екi бетiнен қызылы тамған сап-сары пысық шымыр бала едi, арбаға әрең көтерiп салды. Бетi қалқыңқы iсiк, көзi шүңiрейiп, iшiне түсiп кеткен. Тыриған арық, үстiнде лыпа жоқ. Қабысқан қарнына жабысқан қабырғасын санап алуға болады.

— Сәдумiсiң?..

Ол, "иә" дегендей басын изедi. Амандық-саулық сұраудың орнына: "Нан бар ма?"деп, қылдай жiңiшкерген қолын созып, алақанын жайды. Қолы қалтылдап, дiр-дiр етедi. Аштық өзегiме түсiп, көзiм қарауытып, басым айналып, өзiм әзер отырмын.

— Шыдаңдар балалар. Қазiр бәрi де болады, — деп, бiздi апара жатқан кетiк тiс шал жұбатып, бар ашуын өгiзден алып, бишiктерiн ысқыртып, шықпырта сабайды. Оған мыңқ ететiн өгiздер жоқ, көндерiн сүйретiп, iлби басады.

Аш өгiзде қайбiр әл болсын, қайта-қайта қап-қара тер көмiп, ырсылдай демiгiп тұрып қалады. Әйтеуiр ертесiне таң ата бiздi Қарақыстаққа жеткiздi-ау. Мойынтұрығын ағытып жатқанда бiреуi гүрс етiп құлап түсiп едi, қайта тұра алмай пышаққа iлiндi жануар.

Үлкен-үлкен екi қызыл кiрпiш үйдiң төңiрегi түгел шуылдаған бала. Ауланың бiр бұрышында үш тайқазанның астында қаратiкен лапылдай жанады. Тәттi тамақтың иiсi мұрынды жарып барады.

Дереу әрқайсымызға жарты тостақтан ыстық көже бердi. Аузымыздың күйгенiне қарамай сiмiре сап, қыңқылдап тағы да сұрауға кiрiстiк. Әсiресе Сәду сарқып iштi де, кiр-кiр қолымен тостақ iшiн жалады. Сосын "тағы берiңдершi" деп, жалына бастады.

— Болды, артық ас берiлмейдi. Тұрыңдар!

Алдымен бәрiмiздiң шашымызды тықырлап сыпырып тастап, моншасына жуындырып, жаңадан киiм киiндiрдi. Кейiн бiлдiк, алғаш келгенге әдейi көженi там-тұмдап бередi екен. Әйтпесе, аштық әбден дiңкелеткен бiздер аш-өзегiмiзге түсiп, өлiп кетуiмiз мүмкiн көрiнедi.

Сәду екеумiздiң төсегiмiз қатар. Бiр жұмадан кейiн оның домбиған iсiгi қайтып, көзi тiрiлiп, әр кiре бастады. Қыс түсе зыр қағып жүгiрiп кеттi.

Есiмiздi жинап, тамағымызға тойған соң, ауылды сағына бастадық. Екеумiз оңашада отыра қалысып, таныс-бiлiстердi, өткен-кеткендердi шүлдiрлеп әңгiме етемiз.

Бiр қора жанды аман сақтаймын деп қолға түсiп қалған қайран әкем, аманбысың? Былтыр осы Тәукеге ұзатылған Рысжан әпкем қайда жүрсiң, бiр хабар неге бермейсiң? Екеумiз тетелес боп, жиi-жиi өкпелете берушi ем, ол менiң саған еркелегенiм ғой. Қарғалының көшесiнде қаңғып қалған қос iнiм, сендер де мен сияқты Балалар үйiндесiңдер ме, қайда ғана жүр екенсiңдер?! Сағындым-ау сендердi.

Ешқайсынан тырс еткен хабар болсашы.

Бiздi ежiктетiп оқыта бастады. Оқуға келгенде тақ-тұқ еткен Сәду жүйрiк, әсiресе есепке жұқпайды дейсiң.

Қыс өтiп, көктем шығар кезде, “бiздi қалаға ауыстырады екен” деген қауесет тарады. Бiрде осы Қарақыстаққа Жандосов деген өкiмет келiп, бiздiң жатын-жайымызды аралап көргелi аузымыз аққа тиiп, сорпамыздың бетiне шымшықкөзденген май жүгiре бастады. Тамағымыз қоюланып, ептеп нан беретiн болды. Егер бiздi қалаға алып кететiн болса, онда бауырларымды, әпкемдi мүлде көре алмайтын болдым ғой. Әр жұма сайын Қарақыстақтың түбiндегi ескi қамба жанында жұма базары болады. Ақырын жасырынып барып, дiрдек қағып жүрiп, таныс-бiлiс бiреу-мiреу кездесiп қалмас па екен деп, көрiнгенге тесiлiп жүргенiм. Жүзтаныс бiр жан көрiнбейдi.

Шынында да қауесет расқа айналды. Қар етегi түрiле бiздi көшiре бастады. Бiз тұрған бұл үйлер ендi аурухана болмақшы. Ертең көшемiз деген түнi Сәду екеумiз түнi бойы ұйықтай алмай шықтық. Бiр-бiрiмiзге көрсетпей көз жасымызды сығып та аламыз.

Түске таман жүктердi арбаларға тиеп жатқанымызда бiр бала ентiгiп жүгiрiп келдi:

— Екеуiңдi бiреулер шақырып жатыр!

Қақпаға қарай құстай ұштық. "Кiм болды екен? Мына төбесi көрiнген ауылдан қос жетiмдi әдейi iздеп келген кiм екен?"

Екi өкпемiздi қолымызға алып, ентiгiп жетiп барсақ:

Әпкем Рысжан мен оның абысыны Әйтей. Құшақтасып көрiсiп жатырмыз, әпке байғұс бетiмнен шөпiлдетiп сүйiп жатыр, жылап жатырмыз. Әбден сағынсақ керек, сөз айта алмай, көздерiмiзден жас саулай ұмар-жұмар өксiп-өксiп жылаймыз кеп.

Әбден мауқымыз басылған соң бiр-бiрiмiздiң бас-аяғымызға қарастық. Рысжан мен Әйтейдiң үстi-бастары өрiм-өрiм, жамау-жамау. Көктемнiң қара суығы әлi кетпесе де екеуi де жалаң аяқ. Башпайлары қызарып, тобарсып тұр.

— Қандай шырттай киiнiп алғансыңдар, ей!

— Тура нәшәндiк сияқтысыңдар! — деп олар бiздiң киiмiмiзге сұқтанады.

Қырық құрақ жамаудан көрiнбейтiн көйлектерiнен басқа ештеңесi жоқ олардың түрiнен қорындық. Төңiректеген балалардан ұят-ай десеңшi…

— Мынаны сендерге әкелдiк, — деп, Рысжан әпкем менiң етегiме бiр уыстай дән төктi. Көбiсi көгерiп, бұзыла бастаған бидай дәнi.

— Жол-жөнекей сабан қағып, әдейi терiп әкелдiк. Құр қол келгенше деп. Үйде ешнәрсенiң ыңғайы болмай… — деп Әйтей күмiлжiдi. Өздерi әлгi менiң етегiме төккен дәнге қарап шұбырған сiлекейлерiн тартып қояды. Қол-аяғы жеңiл Сәду бөлмемiзге жүгiрiп кеткен, лезде бiр дорба көтерiп қайта келдi.

— Мә, алыңдар. Мұны сухари дейдi. Кепкен нан ғой кәдiмгi, – деп тақылдап аналарға дорбасын ашып көрсеттi.

— Нан! Ұрлап алдың ба, осыншама нанды! — деп, аналар шошына сұрады.

— Жо-жоқ, — деп, Сәду мәштендi. — Әдейi бiздi бiреу iздеп келсе берейiкшi деп, Қапаш екеумiз өз үлесiмiзден бөлiп ап сақтап, жинап жүрдiк. Мә, ала қойыңдар, үйлерiңе апарыңдар.

Олар сенер-сенбесiн бiлмедi. Бiр-бiр тiлiмiн алып, бiр-бiрiне сүйсiне қарап, қатырлата түйiр қоқымына дейiн қалдырмай жеп қойды.

Бiз тоқ екенiмiздi айтып жатып, дорбадағы нан мен бiр уыс бидайларын қайырып бердiк. Қартаң тәрбиешiмiз бiздi iздеп келген туыстарымыздың түр-сықпытын көрiп екеуiне бiраз киiлгенiмен жыртығы жоқ таза екi көйлек кигiздi. Жаңа көйлек киiп, бiр дорба нанға ие болған әпкем мен оның абысыны қуанғаннан жылап жiберiстi.

— Бiз де колхозға кiрдiк. Колхоздың атын Қызыләскер деп қойдық Қызыл әскерлер қыстай бiздiң ауылға қостарын тiгiп, бандыларды қуып ұстады ғой.

— Ендi тоқшылық болатын шығар, колхозға өкiмет тұқым бередi дейдi. Ендi аз күнде төл туып, аққа да аузымыз iлiгер-ау.

Рысжан мен Әйтей екеуi жамырай ауылындағы жаңалықтарын айтады, күйеулерi Иса мен Қиса екеуi де колхоздың белдi мүшелерi, қазiр жер жыртып жүрген көрiнедi.

Қайтарларында Рысжан әпкем оңаша шығарып алып, былай дедi:

— Ана, Сәдуге айтуға аузымыз барар емес, естiрте алар емеспiз. Байғұстың әке-шешесi қыста қайтыс боп кеттi. Алтын нағашыекем маған көп көз боп жүрушi едi, — деп, даусы тарғылданып, жеңiмен көзiн сүрткiштеп, менi бауырына басып, сықсыңдап тұрып алды. Анадай жерде Әйтей де Сәдудi құшақтай, басынан сипай жыламсырап бiрдеңе деп тұр.

Көз жастарын сыға-сыға олар қимай қоштасты. Бiздiң көңiлiмiз ел көшкен жайлаудай қоңылтақсып қалды. Бiр дорба нан – ауылда бiр жыл әңгiме болар ендi. Үкiмет баққан балалардың қалай жақсы тұратыны жөнiнде аңыз тарайтын шығар.

Сол күнi бiздi қалаға Балалар үйiне көшiрдi.

Сәдуге әке-шешесi өлiп, тұлдыр жетiм қалғандығын естiртуге дәтiм бармай, бiр жыл жүрдiм. Осындай қасiрет хабарын iште сыр ғып сақтап жүру қияметтiң қияметi екен. Сәду де ылғи маған мұңдана қарайтын боп алды.

Өмiр бар жерде қилы-қилы оқиғалар болып тұрады ғой. Бiзден үш жас үлкен Коля деген бұзық бала бiрде Сәдудi шырқыратып ұрып жатыр. Сәду де шақар, тiлiн тартпайды. Жүгiрiп кеп, долдана мен де Сәдуге жақ болып, Коляның мойнынан қылқындыра ұстап, шалқасынан түсiрдiм. Екеулей жабылып, жақсылап ұрып алып:

— Ендiгiәрi бiреуге тиiссең көрсетемiз! — деп, кiжiне кетiп қалдық. Арықтағы суға мұрнының қанын жуып жатқан Сәду кенет өкiрiп жылай менi құшақтай алғаны.

— Қапаш, сен жалғыз қалдың. Сенiң атаң да, iнiлерiң де жоқ. Бәрi бұл дүниеде жоқ, — дейдi менi қапсыра құшақтап.

— Мүмкiн емес. Өтiрiк. Өтiрiк дешi, — деймiн есiм шыға.

— Шын Қапаш, шын. Былтыр Әйтей жеңешем айтқан. Екеуi де өлген…

Мең-зеңмiн, көз алдым түгел жалындап, қара жердi бауырлай жатып, ыстық жасты ағыл да тегiл жiберiп, әй бiр боздадым дерсiң. Боздап жатып маған басу айтқан Сәдуге де әке-шешесiнiң хабарын естiрттiм. Қос мұңлық қалың қара ағаш көмкерген арықтың жағасында еңiреп, дөңгеледiк те қалдық.

Бiр апта бойы көзi-басымыз қызарып, қабағымыздан қар жауып жүргеннен қауiптендi-ау деймiн, бұзық Коля училищеге ауысты. Сәду екеумiздiң арамыз бұрынғыдан да жақын, ыстық болып кеттi.

* * *

Әкемнiң бұл әңгiмесiн естiгелi де талай өткен. Биыл қыста ол кiсiнiң өзiн де ақ арулап, шешемнiң артынан аттандырып салғанбыз.

Әкемнiң аманатына орай, қайтыс болғанда Сәду ағаға әдейiлеп хабар берсек те, шаруадан қол босамайды деп әйелiн жiберiптi. Сәду аға ол кезде — Буырлыда қоймашы. Сонау бiр жоқ-жiтiк күндерде бiр тiлiм нанды бөлiп жеген әкемнiң ең жақын серiгi, ең соңғы сапарында топырақ та салуға жарамағанына iшiм мұздап, қатты өкпеледiм.

Ол бұл әңгiменi бiлмейдi-ау деп ойладым, сiрә?..

Егiн орағы басталысымен бiр-бiр шаруашылыққа өкiл боп аттанамыз. Төрт жыл бойы қатарынан қуаңшылық боп, ал ендi биыл егiннiң ырғын шыққанын айтпа. Сонау төмендегi Жартасты, Серектастың төңiрегi баяғыда мал жайылымы едi, кейiн көп шу-дүрмекпен соқалап жыртып тастады да, жердiң бетi тыртықтанды да қалды. Осындай берекелi жылы ғана өнiм бередi де, қалған кезде сепкен тұқымыңды да жинай алмай қаласың.

Буырлыдағы қырманда жал-жал үйiлген қызыл астық. Алдымнан басына ақ кепкi киген Сәду нағашым ұшырай кеттi. Қасында аудандық атком преседателiнiң орынбасары Көшкiнбай бар.

Шұрқыраса амандасып жатыр. Сәду аға қанша дегенмен қартайып-ақ қалыпты. Әкемдi көргендей көзiме жылы ұшырады. Осы қырманның меңгерушiсi көрiнедi, жеңiл машина сатып алыпты. Жұқалап, сипақтап маған көңiл айтты.

— Үйге жүр, тамақ же. Көшеке, мынау менiң жиенiмнiң баласы. Өз күшiмен оқып, жетiлген баланың бiреуi осы. Үйге жүрiңдер, қой сояйын, — деп, бәйек болды.

— Әй, Сәду, сен неменеге мәймөңкелейсiң. Бұл қазiр бiр ауданның бiлдей басшысының бiрi. Қазiр кез келген үйге барса қой емес, түйе сойып қонақ қылады. Ат-шапан айыбың сенiң мойныңда. Бұл тiрлiкте шаруа деген бiтпейдi, ал сен егер туғаныңа барып, көңiл айтуға жарамасаң, сенен не үмiт, не қайыр…

— Көшеке, жығылдым, жығылдым. Сiздiкi дұрыс, бәрi дұрыс. Мiне, жақында пенсияға шығып, той жасамақпын. Соған шақырамын бұл баланы.

Көңiлiм қоңылтақсып, сыр бермей, қайтуға асықтым.

— Қапекеңнiң баласы, зәуiмнен бiр кеп қапсың. Онда мә, қалтаңа қос уыс бидай сала баршы. Келiн қуырып берсiн, молшылықтың кеусенi ғой,- дедi қоштасарда әзiл-шыны аралас.

Қырманға бармақтай-бармақтай қызыл дән тиеген машиналар толассыз келiп жатыр. Көздерiне орамалдарын түсiре тартып алған кiлең әдемi қырманшы қыздар дән сапырып жатып, ыңылдап өлең айтады. "Ақ бидай — бүгiн шырқар әннiң аты…"

Көптен естiмеген ән.

Көптен көрмеген молшылық, береке…

Мен үйге биылғы егiннiң бiр уыс бидайын алып қайттым…

Сәду нағашым берген дән…

ЖАРТЫ ДОРБА ҰН

Әкем фермада сиыршы, шешем сауыншы, жыл он екi ай көшiп-қонып жүремiз. Жайлауға шыққанда бiр рахаттанамыз. Тұмса бұлағы жыпырлаған Тәуке сайының iшiнде, мына шомбал таулардың балағында сиырлы ауыл отырады. Соның шеткi үйi бiздiкi. Сиырлы ауылда асты ең дәмдi пiсiретiн, айранды кiлегейдей тәттi ұйытатын – менiң шешем. Ең май татыған сап-сары құрт та бiздiң өредегi шиде кептiрiлiп тұрады.

Түсте керегенiң көлеңке жағын түрiп қойып, шай iшемiз. Шешем көбiнесе сүзбе кеспе iстейдi. Кеспесi қылдай, жiп-жiңiшке, бөлек-бөлек, бiр-бiрiне жабысқан бiр талы жоқ-ау.

Ал иiсi бұрқыраған көмбе наны ше?!.. Бетiне жұмыртқа жағып пiсiрген күн түстес, қып-қызыл таба нан iргедегi сандықтың үстiнде тiзiлiп тұрар едi. Келген сайын интернатта жатқан қарындасым екеумiзге бiр-бiрден көтертiп жiберетiн.

Иә, түсте шай iшкенде шешемнiң алдымен мұрнының үстi жiпсидi, сосын маңдайынан жыпырлап тер үзiледi, алдында жатқан сүлгiмен анда-мұнда сүртiнiп тастап, қаймақ қатқан бөрте шайды баппен ұзақ iшедi. Шөлi басылғанда, жазылып, көңiлi көтерiлiп, кейде өткендi еске түсiретiнi бар. Сондай кездердiң бiрiнде айтқан едi бұл әңгiменi:

— Соғыс кезi. Бiз бiр үйде төрт жанбыз. Нiлжан жеңешем тауыққа перме, апам қырманда iстейдi. Жанат кiшкентай, мектепте. Жетi класс бiтiрген бiздерге бiр-бiр гектардан темекi бөлiп берген. Өрiмдей жас қыздармыз. Күнi бойы белiмiз үзiлгенше жұмыс iстеймiз. Түсте құрғақ шай iшемiз, кешке де сол. Талқанның өзi көзден бұлбұл ұшады, көктемге салым әр үйдiң қабы қағылып, ел тақ-тұқ әрең-әрең күн кешiп жатқан шақ.

Егiске қи шашып, парниктi күтемiз. Қар ерiр-ерiмес шақта ауылда үлкен жаңалық болды. Соғысқа кеткендерден тұңғыш рет ауылға Сайын келдi. Ол бiзбен бiрге iстейтiн Күлғайшаның жалғыз ағасы.

Кешке бәрiмiз үйiне кiрiп шықтық. Күлғайшада ес жоқ, безек қағып жүгiрiп жүр, бiзге қайнаған ақ су бердi. Дастарқанға үш-төрт түйiр құрт тастады. Нiлжан жеңешем Сайынды көргенде жылап жiбердi. Менi ылғи еркелетiп отыратын, жуас мiнездi Тағайбай ағамды керемет сағынып жүрген менiң көзiмнен де екi түйiр жас ыршып кеттi. "Хат-хабар, жоқ, қайда ғана жүр екенсiң жан аға, мына жеңешемдi, күнде құмалақ ашудан жалықпайтын апамды ойлап, аяп хат жаза салсаң, қайтер едi" — деп ойлаймын.

Ертесiне түсте қыста өлiп қалған ақ ешкiнiң жетiм қалған лағын сойып, шал-кемпiрлердiң батасын алыпты да, Сайын басқармаға барып жұмыс сұрапты. Ертеңнен бастап арбакеш болмақшы көрiнедi.

Дәл сол күнi Гүләйiм:

— Ертең Күлғайшаның үйiне барып, бастаңғы жасайықшы, — деп ұсыныс тастағаны.

— Байғұстың ағасы келгенi жаңа, үйiнде түйiр дәнi жоқ.

— Ештеңе етпейдi, бiр амалын табармыз.

Ақылдаса келiп төрт қыз түнi бойы қырман жанына үйiлген маяға барып, сабан қақтық. Көбiсi бос қауыз. Күлғайша ұялғаны ма, жоқ риза болғаны ма, әйтеуiр ертеңгiлiк бiр-бiр уыс бидайды етегiне саудыратып салып бергенде, бетiмiзден шөп-шөп сүйдi-ай кеп.

Бiздiң үйде қол диiрмен бар. Соған тартқанда жарты дорба ұн түстi. Кешке жұмыстан соң әлгi төрт қыз және бiзбен iстейтiн екi-үш келiншек Күлғайшаның үйiне бардық. Сайын тым жүдеу, өзi госпитальда ұзақ жатып, жаңа емделiп шығыпты.

Күлғайша нан илеп, кеспе жасағалы жатыр. Үйдi-үйiмiзден талқан әкелгенбiз тағы.

Iшегiмiз шұрылдап тұрса да, дастарқандағы талқанға кеспе дайын болғанша ауыз тигiзбедiк. Ол кездегi ән шетiнен зарлы, көбiсiн келiншектер өздерi жанынан шығарып алған. Әсiресе, Зейнәдiл деген ауылдас ағайымыз соғыстан бiр дәптер өлең жiберiптi. Ол өте алғыр, бiлiмпаз, көп оқыған талантты жiгiт болатын. Өзi маған жақын ағайын. Соны жапа-тармағай көшiрiп, жаттап алғанбыз.

Алматы мен Қарғалы,

Хат тоқтады барғалы.

Жылап-сықтап жүрмiз-ау,

Аман келсең болғаны.

Шерлi әндердi бастайтын келiншектер, оларға сыңсып қыздар қосылады. Кейде ән айтып отырып, пора-пора жылап та алатынымыз бар.

Тауда ойнайды таутеке,

Бiздiң ауыл Тәукеде.

Жалғыз ғана бауырым,

Хабар берсең қайтедi?

Соғыста әр үйдiң адамы бар. "Қызыләскер колхозынан 56 адам соғыста қан кешiп жүр" — дейтiн жиналыс сайын сөйлегендер. Қазiр 46 адам дейтiн болды. Тоғызынан қарақағаз келген, мiне аман-сау оралғаны жалғыз Сайын ғана.

Дастарқанға бөртiп пiскен қып-қызыл қос күлше қойылды, дәу шараға кеспе сүзiп әкелiндi. Үй iшiн жаңа пiскен нан иiсi мен бұрқыраған тамақтың буы алып барады. Қысыла қымтырыла дастарқанға жақындадық.

— Ал, ас алыңыздар! — дейдi Сайын.

— Ұялмаңдар, жеңдер! — деп Күлғайша көбелек болып жүр.

Дәл осы кезде есiк шалқасынан ашылды, аппақ буды арқалап Бименде бригадир кiрiп келгенi.

— Жұмыс iстеудiң орнына той-тойлап отырсыңдар ғой, неғып бұлар ертеңгiсiн ұйықтап қалады десем…

Өмiрi ұйқы-күлкiнi бiлмейтiн өте ашушаң, шақар шал едi.

— Келiңiз ақсақал, төрлетiңiз… — Бiз дүркiрей көтерiлiп кеттiк.

— Әй, Күлғайша, осыдан бiр ай бұрын ұным бiттi деп арызданып жүргенiң қайда? Мынаны қайдан алдың, а? — деп, шолтаңдаған қамшысымен дастарқанды нұсқады.

— Ақсақал, тiзе бүксеңiзшi.

— Ұрлық қылып жүрсiңдер, сенi ме! — деп, ол Күлғайшаға қамшысын шолтаңдатып тепсiне бастаған едi, ағасы шыдай алмады:

— Әй, көртышқан сияқты сығыраңдамай жоғал, шырықты бұзба!

— Ә, солай дедiң ғой… солай дедiң ғой…

Сары шалдың иегi секiрiп, бетi қараталақтанып, мұрты жыбырлап кеттi. Кенет керемет жылдамдықпен дастарқан үстiндегi қос күлшенi iлiп алып, мойнынан тастамайтын сөмкесiне сала қойды.

— Әй, көртышқан! — деп, Сайын қутиған шалды бас салды.

Бименде соятын текеше бақылдап қалды, қыз-келiншектер у-шу, Сайынды әрең ажыратып алдық. Ентiгiп күп-күрең боп кеткен Сайын қалшылдап тұр, бригадир зыта жөнелген.

Бастаңғының шырқы бұзылды. Күлғайшаның көзi жасқа көмiлдi. Қорланған Сайын күрсiнедi, бұрыштағы кереуетте жатқан ауру шешесi кеудесiн жара үһiлейдi. Бiз үн-түнсiз тарай бастадық.

Сол қос күлше Күлғайшаға бәлекет болып жабысты.

Бименде оны “қырманнан астық ұрлады” деп жала жауып, жер аудартты. Мектепте сот болды. Ағасы Сайын екеуi: "Егер бiрiгiп қырманда сабан қақтық десеңдер, бәрiңдi де жауапқа тартады" деген соң үндемедiк. Әлi шетiне тiс тимеген топ-томпақ екi күлшенi сот куәға тартты. Бiз Күлғайшамен жылап айырылыстық.

Сол көктемде Бимендi топыраққа тоймаған қарақұрт шағып, жер барып жамандамағыр марқұм қаракүйе қарайып, көп қиналып өлдi.

— Қазiр Күлғайша қайда, апа? — деп, сұраушы едiм мен.

— Қарағанды облысында тұрмыста. Тұңғышы Шубай сенiмен түйдей жасты екен, былтыр жазда келiп кеткен. Ал, баяғыдағы өледiге жорыған шешесi құлан-таза жазылып кеттi ғой. “Балам, нанды ешқашан қорлама, оның қадiр-қасиетiн бiл!” — деушi едi шешем марқұм кең дастарқанына қызыл-күрең бөртiп пiскен таба нанды мол ғып турап жатып.

Нағашыбек Қапалбекұлы

Серіктес жаңалықтары