ҚОЖАНАСЫР ТIРI...

ҚОЖАНАСЫР ТIРI...

ҚОЖАНАСЫР ТIРI...
ашық дереккөзі
Оны көргiңiз келсе, театрға барыңыз
 

Театрда тағы жаңа премьера. Сиыр жылымен қоштасып, барыс табалдырық аттағалы тұрған уақытта, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Қожанасыр тiрi екен» пьесасының желiсiнде жаңа қойылымды сахнаға алып шықты.

Атынан көрiнiп тұрғанындай, бұл – комедия. Спектакльдiң өн бойының өзi күлкiге құралған. Күлкi тудыру арқылы бүгiнгi қоғамның келеңсiз көрiнiсiн көрсеткiсi келген сияқты драматург. Өйткенi, Қожанасыр түркi әлемiне ортақ тұлға. Сол ортақ тұлға арқылы түркi әлемiнiң бүгiнгi проблемасын көрсетудi мақсат тұтып отыр спектакль. Қожанасыр әпендi туралы талай аңыз әңгiмелердi оқығанбыз. «Қожанасыр айтыпты» деген әңгiмелер де сан алуан. Оқырманының езуiне ерiксiз күлкi ұялататын Қожанасырдың әпендi қылықтары бiр қарағанда, күлкiлi болуы мүмкiн, екiншi жағынан қоғамның өткiр, күрделi мәселелерiн жеткiзуде таптырмас бейне… Сондықтан болар, Қожанасырдың аузымен қоғамның өткiр мәселелерiн көтерудi жөн санапты драматург. Күлкi тудырып отырып, жанымызды ауыртатын мәселелердi шымшып өтедi. Әңгiменi басынан бастайықшы, 799-ға келген әпендiмiз өлмептi. Тiрi екен. Тiрi болғанда да, нақ Алматыда өмiр сүретiн көрiнедi. Сол әпендiнi пайдаланып, бүгiнгiнiң нарығына пiсiп-жетiлген қу коммерсанттар байығысы келедi. Сөйтедi де, интернетiңiз бар, газет-журналыңыз бар, әртүрлi шетелдiк агенттiктер бар, Қожекеңнiң жарнамасын берiп жiберуi мұң екен, Қожакеңдi кiм бiлмейдi, барлық мұсылман әлемi Қожанасырын даулап кеп берсiн. Бiрi Арабиядан, ендi бiрi – Мысырдан, бiрi – Түрiктердiң отаны – Стамбулдан жетiптi. Өзбек пен қырғыз, түркiменiңiз де құр қалмапты, олар да Қожекесiн даулап, Алматыға ат арытып жетпей ме! Қожекең де пәле! Оңайлықпен сыр алдыра қоятын әпендiң бұл емес. Өткiр тiлiн кезеп-кезеп қойып, келгеннiң де, кеткеннiң де сыбағасын берiп жатыр. Әуелi Қожекеңнiң атақ-даңқын пайдаланғысы келiп, оппозиционер «тәтей» жеткен. Бiрақ, оны да Қожекең оңдырмады. Айтарын айтып, жеткiзетiнiн жетесiне жеткiзiп, құр қол қайтарды. Одан кейiнгi кезек, Қожекеңнiң әр жылдары отау тiккен сүйiктi жұбайларына келдi. Алыстан ат арытып жеткен шығыс аруларының Қожекеңдi iздегенiне де көп болыпты. Қожекеңнiң 799-ге келгенiн ескерсек, әпендiнiң «сүйiктiлерi» де бiраз жасты еңсерген сұлулар болуы тиiс. Жасын қайдам, әйтеуiр, бiрiнен-бiрi өткен жас сылқымдар әпендiнi iздеп, жер түбiнен оңтүстiк шаһарға арнайы келiптi. Оқиғаны өзiңiз де аңдаған боларсыз. Идея жаман емес. Қожекеңнiң көзiмен көрсету арқылы бүгiнгi қоғамның келеңсiздiктерiн әжуалау жағынан, пьеса авторы да, қойылымды сахналаған режиссер де көп нәрсенi ұтыпты. Қожекеңнiң бейнесiн сомдаған Бекжан Тұрыс, Әмина – Күнсұлу, Зулейха – Ләззат ролi спектакльдiң көп жүгiн көтерiп кеттi. Әсiресе, Бекжан-Қожанасырға көрермендердiң көбi тәнтi боп қайтты. Бiрақ…. Iшек-сiлемiз қатып, езуiмiз күлкiден жиырылмады десек те, қойылымда «әттеген-айлар» жетерлiк. Алматының базарларын Алдар көсе мен Тазша баланың аралайтын тұсы бар. Алдар көсемiз де, Тазшамыз да Қожекеңнен кем түспейтiн тұлғалар. Солай бола тұра, мифтiк тұлғаларымызды сомдаған актерлерiмiздiң ойыны табиғи шықпады. Базарлардағы қайыр сұрап отырған қайыршылар, ұрлық-зомбылық, алдау-арбау сияқты көрiнiстердi бергiсi келiптi, бiрақ тым шұбалаңқы. Көрерменiн сендiре алған жоқ. Спектакльдiң ең ұтымды тұсы, әпендiнiң үш әйелiнiң таласқан сәтi. Мұнда әзiл-қалжың көбiректеу, әрi өткiр әжуа бар. Бiрiнен бiрi өткен аруларымызды сомдаған үш актрисаның да ойынында шынайылық басым. Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар және балалар театрының сахнасындағы «Көгiлдiр такси» спектаклiндегi бейнесiмен көрерменнiң сүйiктiсiне айналған Күнсұлу Шаяхметованың Әмина ролi үлкен театрдағы алғашқы кейiпкерi. Ешкiмге ұқсамайтын үнiмен ерекшеленетiн актрисаның Әминасы да осал шықпапты. Әсем дауысына сүйкiмдi қылығы жарасым тауып, әпендiнiң айлакер әйелiнiң образын сәттi сомдап шыққан. Зулейха мен Фарзана бейнесi де Әминадан кем түспеген. Қожекеңе таласып жүрген үш бикештiң бейнесiнен бүгiнгi қоғамның бай, коммерсант, гендерлiк саясаттың жолында жүрген әйелдерiнiң образын көрдiк. Барлығын да ақшамен шешкiсi келетiн, шешуге тырысатын қоғамның бейнесiн көрдiк бiз ол әйелдерден… Спектакльде созылып кеткен тағы бiр тұсы бар. Ол түркi әлемiнiң өкiлдерi бас қосып, Қожекеңдi даулайтын сәтi. Түркi әлемiнiң ортақ бейнесiн, яғни Қожекеңдi бөлiскiсi келгенi жөн-ау, бiрақ, сол бейнелердi сомдаған актерлерiмiздiң ойынында жасандылық басым. Режиссердiң қателiгi ме, әлде актерлер жеткiзе алмады ма, әйтеуiр, спектакльдiң екiншi бөлiмiнде көпiрме сөз басымырақ болды. Түркiмен – Азамат Сұрапбаев, қырғыз – Жалғас Толғанбай, өзбек – Бақтияр Қожа, түрiк – Ж.Мақанов бейнелептi. Актерлерiмiз тойдан асығып келiп, сахнаға шыға салғандай әсер еттi бiзге. Спектакльге жиналған көрермен сахнадан нағыз актерлiк ойынды көремiз деп келедi. Бiрақ, бiздiң актерлерiмiзде iзденiс жоқ. Құр айғай, орынсыз шыңғыру көрермендi жалықтырып жiберетiнiн ұмытып кете беретiн сияқты. Бiзге нағыз актерлiк қойылым керек, олар тойда немесе мерекелiк кештерде жүрген жоқ. Бұл бiр ғана спектакльге айтылатын сын емес. Соңғы уақыттарда театрға барсаңыз, осындай сұрқай көрiнiстерден шаршайсыз. “Тазарғың келсе, театрға бар” демейтiн бе едi. Бiз театрға демалу үшiн барғымыз келедi. Бiз олардан шынайы өнердi талап етемiз. Жасандылықпен өрге шыға алмаймыз. Драматургия жоқ емес, бар. Сол бар драматургияны көрсете бiлмеймiз. Бiр кездегi буын, яғни Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаев, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Фарида Шәрiпова және т.б. аға-апаларымыз биiкке көтерген театр бұл. Өнерге сондай биiктiк ғана жарасатынын бүгiнгi буын ұмытып кете беретiн сияқты.

Гүлзина Бектасова