«ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕР» ТЕАТРЫ ОҢТҮСТIК ӨҢIРГЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ АТТАНДЫ

«ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕР» ТЕАТРЫ ОҢТҮСТIК ӨҢIРГЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ АТТАНДЫ

«ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕР» ТЕАТРЫ ОҢТҮСТIК ӨҢIРГЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ АТТАНДЫ
ашық дереккөзі

Ұлттық өнер барда – ұлт бар. Ата-бабаларымыз сонау ықылым замандардан ұлттық өнердi биiк деңгейге көтерiп, ұрпағының қолына ұстатқан. Құшағына өнердiң сан түрiн сыйдырған қазақ ұлттық өнерiнiң өрлеуiне атсалысушылар бүгiн де көптеп табылады. Солардың бiрi – «Ұлттық дәстүрлер» театры. Қарашаның 23-жұлдызында ҚР Президенттiк мәдениет орталығы «Ұлттық дәстүрлер» театрының Оңтүстiк Қазақстанға тұңғыш гастрольдiк сапары басталды.

Ұлттық өнер мен дәстүр жанашырына айналған театр тарих пен мәдениеттi, ұлттық дәстүрлердi насихаттау, қазақ мемлекеттiлiгiнiң сан ғасырлық жалғастығын көрсету, театр өнерi арқылы ұлттық сана-сезiмдi қалыптастыру үшiн игiлiктi әрi тиiмдi шаралар өткiзу мақсатында дүниеге келген. 2006 жылы Президенттiк мәдениет орталығының жанынан «Ұлттық дәстүрлер театры» болып құрылды. «Ұлттық дәстүрлер» театры — атына заты сай мәдениет ошағы. Себебi мұнда байырғы қазақ ұлты және басқа да ұлт өкiлдерiнiң мәдениетi, ел мен жер тарихы, сондай-ақ ұлттық өнердiң қалыптасуына әсер еткен тарихи тұлғалардың өмiрiне құрылған халық аңыздары мен әфсаналары, эпостары негiзiнде дүниеге келген «Ұлбике», «Алпамыс», «Әсет пен Дәнеш», «Бәйтерек», «Абаймен сырласу» және «Алпамыс» секiлдi сахналық қойылымдары бар.

Аталмыш театрдың Оңтүстiк өңiрлерге сапарының арнайы бағдарламасы жасалды. Осыған дейiн халықтың көзайымына айналып үлгерген «Алпамыс» қойылымын Жетiсай қаласының тұрғындары 23-қарашада тамашалады. Ал келесi күнi халықтың назарына «Ұлбике» музыка-драмалық қойылымы ұсынылды. Жоғарыда аталған қойылымдар театр репертуарына кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Ұлттық өнер тарихында өзiндiк орнын қалдырған бұл есiмдердi халыққа көрсету, таныту мақсатында таңдалған басты кейiпкерлер. Солардың бiрi «Ұлбике» музыкалық-драмалық қойылымы. Авторлары – белгiлi ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен ақын Несiпбек Айтұлы. Ал қоюшы-режиссерi Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Сәулебек Асылханұлы болса, композиторы Қазақстанның Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев сынды әрқайсысы қазақ өнерi үшiн еңбек сiңiрген өнер қайраткерлерi. Ұлбике – өмiрi мен өнерi шендескен ақын. Ұлбике ақын туралы Мәшһүр Жүсiп Көпеев, Әбубәкiр Диваев сынды фольклоршылар жылы лебiздi пiкiрлерiн қалдырған болатын. Басты кейiпкер Ұлбике болғандықтан оның махаббаты, өмiрiндегi қиыншылықтары көркем суреттелiп, Күдерiқожа Көшекұлымен айтысы, спектакльдегi түрлi сюжеттер бiр-бiрiмен үйлесiм тапқан. Бұл қойылым алғаш сахналанғанда режиссерi Сәулебек Асылханұлы драма жайында былай деген едi: «Бiз келешекте де осы тақылеттес тағдырлардың бейнесiне бет бұрып отырмыз. Ұлбикедей айтыс ақынының өмiрi нағыз осы театрдың үнiмен үйлесiп тұр. Бұл спектакль синтездiк өнерге дөп келедi. Ал, халқымызда ашылмай жатқан мұндай қаншама жандар бар?! Ұлттық дәстүрлер театрын құрғандағы ойымыз, осының бәрiн лезде игерiп тастамасақ та шетiнен шертiп таныстыра беру».

Бағдарламаның келесi көркi ерлiк, елдiк намысты насихаттайтын – «Алпамыс» қойылымы. Алтай халықтарының барлығына ортақ эпостық жырлар жетерлiк. Мәселен, «Алпамыс» жырының өзi өзбек, қарақалпақ, башқұрт, татар халықтарында кеңiнен таралған, яғни Алпомыш, Алпамша, Баршын-Хыллу және Алып-Манаш жырлары соның дәлелi. Алпамыс батыр жайындағы жыр алғаш рет «Қисса-и Алфамыш» деген атпен 1899 жылы Қазанда Жүсiпбек Шейхулисламовтың жариялауымен жарық көрдi. Кейiннен еш өзгерiске ұшырамастан осы қалада бiрнеше жыл қатарынан қайтара басылып шықты.

Ұлттық мұраны жаңғыртып, халыққа қайта ұсынуда «Мәдени мұра» бағдарламасының маңызы зор. Осы бағдарлама аясында ҚР Президенттiк «Ұлттық Дәстүрлер» театрының еңбегiмен «Алпамыс» музыкалық драма дастаны дүниеге келдi. Аталмыш жырдың желiсi бойынша сахналанған қойылымның режиссерi – Сәулебек Асылханұлы. Музыкалық жетекшiсi ақын Несiпбек Айтұлы, композиторы – Ермұрат Үсенов. Жыршылар – Қазақстанның Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, Эльмира Жаңабергенова, Перизат Тұрарова және Еркебұлан Қайназаров.

Кейiнiрек қазақ жазушылары мен зерттеушiлерi аталмыш жырды жүйелеуде елеулi еңбек еттi. Ал жырдың ең толық, әрi анық нұсқасын эпикалық жырлардың шеберi, ақын Майкөт Сандыбаев жасап бердi. Сонымен қатар жырдың көркемдiк суреттеулерi мен эпостық құндылықтарына көңiл бөлiп, ұлттық батырлар жырының қатарына қосуда С.Торайғыров, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев және Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин сынды ұлт қайраткерлерiнiң үлесi зор болды. Эпостың өз бағасы мен зерттеушiлерiнiң еңбегi жайында айтуға үлкен себеп бар: Кеңес үкiметi тұсында жыр – таптық көзқарасты жақтайды деген айып тағылып, жырды оқуға тыйым салынған болатын. Бiрақ театр сахнасынан жарық көрген дастан халық назарынан тыс қалмас.

Ұлттық дәстүрдi жаңғыртуда театр ұжымының таңдаған кейiпкерлерi мен қойылымдары қазақ халқының бай мәдениетiн асқақтатып тұрғаны анық.

Бұдан әрi бағдарламаға сәйкес Мақтарал ауданының халқы «Тәуелсiздiк тағылымы» деген атпен ұйымдастырылған кеште Қазақстанның өнер қайраткерлерiмен кездестi.

Ақниет ОСПАНБАЙ