ӘР СҰРАҚТЫҢ АСТАРЫНДА — БIР-БIР ТАҒДЫР...

ӘР СҰРАҚТЫҢ АСТАРЫНДА — БIР-БIР ТАҒДЫР...

ӘР СҰРАҚТЫҢ АСТАРЫНДА — БIР-БIР ТАҒДЫР...
ашық дереккөзі

Елбасыға 40 мыңнан астам сұрақ жолданды

Айдың айшықты оқиғасы — Елбасының халықпен тiкелей желi арқылы сөйлесуi ойдағыдай өттi. Жоспардағыдан тыс оқыс жайт бола қойған жоқ. Ел Президентiнiң қарапайым азаматтармен тiлдесуi бұған дейiн де ұйымдастырылған, бұл жолы да Үкiметтiң, Президент әкiмшiлiгiнiң, жергiлiктi әкiмдердiң де тыңғылықты дайындалғаны байқалды.

Жалпы, ақпарат құралдары алдын ала хабарлағандай, Президентке сұрақ қойғысы келген азамат телефон арқылы да, өз сауалын интернет арқылы да алдын ала жолдай алатын. Шындығында, Елбасыға өткiр сауал қойғысы келгендердiң бәрi бiрдей көздеген мақсатына жеттi ме, жоқ па – оны бiз айта алмаймыз. Дегенмен, Елбасының назарына ұсынылатын сұрақтарды түгел дерлiк сұрыптау үшiн Әкiмшiлiктегi мамандардың қауырт жұмыс iстегенi белгiлi. Осы орайда, Президентке қойылған сұрақтарға интернет желiсiнде арнайы сайт немесе блог арнаған әлдеқайда өзектiрек едi-ау деген ой келедi. Өйткенi, ресми мәлiмет бойынша, Елбасыға 40 000-нан астам сұрақ келiп түскен.

Санаулы сағаттың iшiнде Президенттiң осыншама көп сұрақтың бәрiне бiрдей жауап берiп, барша халықтың мұң-зарына құлақ салып, үн қатуы мүмкiн емес екенi түсiнiктi ғой. 2 сағат 50 минут iшiнде Нұрсұлтан Назарбаев тiкелей эфирде 50-ден астам сұраққа жауап бердi. Ал тiкелей эфирде айтылмай қалған басқа сұрақтарды жауапсыз қалдырмас үшiн Нұрсұлтан Назарбаев үкiмет мүшелерi мен барлық деңгейдегi әкiмдер арасында Елбасыға жолданған 40 000 сұрақ бойынша мәселе көтерiп, ал бұқаралық ақпарат құралдарына осыны жiтi қадағалап отыруды тапсырды.

Үкiметбасыдан бастап, облыс, аудан, ауыл әкiмдерiне дейiн Президент тапсырмаларын орындауға құлшыныс бiлдiргенде, тек 50 сұрақ-өтiнiштiң аясында шектелiп қалмай, жауап берiп үлгiрмеген мыңдаған сұрақтар төңiрегiнде iзденiп, жұмыс iстеуi ләзiм. Әр сұрақтың астарында бiр адамның, бiр отбасының, бiр ауылдың немесе бiр аймақтың, тiптi тұтас елдiң тағдыры жатқаны даусыз. Сондықтан бұл мәселеге Елбасының айрықша назар аударуы құптарлық.

Президентке жолданған сұрақтарды сұрыптаған сараптамалық орталықтың мәлiметiне жүгiнсек, азаматтарды толғандыратын сұрақтардың көпшiлiгi әлеуметтiк қамсыздандыруға қатысты болса керек. Одан кейiн тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты мәселелер басымдыққа ие. Заң бұзушылықтар мен құқық мәселелерi, бiлiм беру, ғылым мәселелерi одан кейiнгi орындарда. Халықты денсаулық сақтау мәселесiнiң сұрақтары да көбiрек мазалайтын көрiнедi.

Дегенмен, сараптамалық орталықтың бұл жедел зерттеулерi тiкелей желi барысында жарияланған мәлiметтермен шектелiп қалмауы керек. Осы бағытта жасалған жан-жақты, терең талдау бүгiнгi қоғамдық пiкiрдiң шынайы көрiнiсiн сипаттап бере ме деген үмiт бар.

Бiздiңше, әлеуметтi шын толғандыратын мәселелердiң бiрi – бюджеттiк қызметкерлердiң жалақысына байланысты болса керек. Шындығында да, Президент бұл сұрақты айналып өте алмады. Президент биылғы халыққа Жолдауында 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап бюджет саласы қызметкерлерiнiң айлық жалақысын 25 пайызға өсiру керектiгiн айтқан едi. Ал жақында премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бұл өзгерiстi 2010 жылдың екiншi жарты жылдығына қалдыру керектiгiн мәлiмдеген болатын.

Осыдан кейiн-ақ әлеуметтiк сала қызметкерлерi арасында аз-маз таңырқау көңiл-күй қалыптасқанын жасыру қиын-ақ. Президенттiң Жолдау барысында берген тапсырмасын Үкiметбасының жоққа шығарғаны ма? Дегенмен, Елбасы тiкелей желiнi пайдаланып, Үкiметтiң бұл шешiмi де үзiлдi-кесiлдi емес деп атап өттi. Экономикалық ахуалдың қалай қалыптасуына байланысты шешiм қайта өзгеруi мүмкiн деген емеурiн байқатты.

40 000 сұрақтың iшiнен тiкелей желiнi тамашалап отырған көрермендердiң арасында ең көп ықылас тудырған сұрақ аталды: ол — бала бақшадағы кезек мәселесi. Елбасы бұл мәселенiң мемлекеттiң назарынан тыс қалмайтынын айта келiп, бизнес өкiлдерiн осы сұранысты пайдалануға үндедi.

«Сiз кешiрiмдiсiз бе?», «Арманыңыз қандай?» немесе «Отбасымен бiрге болу үшiн мемлекеттiк маңызы бар кездесуге бармай қалған кезiңiз болды ма?», «Компьютердi, интернеттi пайдаланасыз ба?», «Шетелдiк iссапарлар кезiнде күлкiлi жағдайлар болды ма?», «Жас кезiңiздегi достарыңызбен қазiр араласасыз ба? «10 жылдан кейiн Астананы қандай шаһар болады деп елестетесiз?» деген сұрақтарға Елбасы егжей-тегжейлi жауап бердi. Жалпы халық арасынан мұндай сұрақтардың қойылуы заңды.

Нұрсұлтан Назарбаев елiмiздегi әлеуметтiк-экономикалық ахуал, мемлекеттiк бағдарламалар, халықтың әл-ауқаты туралы мәлiметтерге әбден қанық екенiн байқатып, дерек пен дәйек келтiрiп, әлемге аты әйгiлi философтардың сөздерiнен мысал келтiре отырып, әрбiр сұраққа толықтай жауап бердi.

2-сынып оқушысының арман туралы сұрағына жауап бере отырып Президент былай дедi:

— Менiң ендiгi барлық арманым мына сендер — келе жатқан жас ұрпақ, болашақта ата-аналарының үмiтiн ақтап, елiнiң, халқының ойынан шығып, денсаулықтарың мықты болып, бiлiмдi, бiлгiр болып өссеңдер екен, Қазақстанымызды алға қарай алып жүрiп, бiздiң көк байрағымызды әрдайым биiкте ұстасаңдар екен деп армандаймын және сол үшiн қызмет етемiн.

Гүлбиғаш Омарова