«БҰЛБҰЛ ЕДI, ДҮЛДҮЛ ЕДI КЕНЕКЕҢ»

«БҰЛБҰЛ ЕДI, ДҮЛДҮЛ ЕДI КЕНЕКЕҢ»

«БҰЛБҰЛ ЕДI, ДҮЛДҮЛ ЕДI КЕНЕКЕҢ»
ашық дереккөзі

Жуырда Қазақстан Республикасының Президенттiк мәдениет орталығында халық композиторы, жыршы, әншi Кенен Әзiрбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Бұлбұл едi, дүлдүл едi Кенекең» атты салтанатты кеш өттi.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң ұйымдастыруымен өткiзiлетiн салтанатты кеште көрермендерге сал-серiнiң соңы, қазақ заманының үнi, ғажайып әншi, Кенен Әзiрбаев туралы бейнекөрiнiс көрсетiлдi. Кененнiң өзiнiң орындауында үнтаспаға жазылып алынған «Бозторғай» әнi мен бейнетаспадан «Туған жер» әнi берiлдi.

Қазақ жерi әлiмсақтан берi ән мен жырдың, шешендiк пен көсемдiктiң кенiшi, қайнар көзi, алтын бастауы. Осы бiр ұлан-ғайыр байтақ далада не бiр даналар келген өмiрге. Аты аңызға айналған сондай тұлғалардың бiрi – Кенен Әзiрбаев.

Ақан серi, Бiржан сал, Жаяу Мұса, Үкiлi Ыбырай, Мәди, Мұхит сынды қазақтың сал-серiлерi қандай болғанын бүгiнгi ұрпағы Кенен Әзiрбаев арқылы көз алдына елестете алады. Кенекең сөз өнерiн бәрiнен ұлық тұтып, бүкiл өмiрiн ән мен жырға арнаған. Өзiнiң бүкiл тағдырында өнердiң қадiрмендi ақсақалы, батагөй атасы, өмiрдiң де, өнердiң де жолын, жөнiн көрсететiн ғұлама, сұңғыла шешенi болды.

Кенен – өмiрде де, өнерде де қайталана бермейтiн ғажайып құбылыс, тал бойында табиғат дарытқан алуан сырлы, сан қырлы өнерiмен туған халқына қалтқысыз қызмет еткен аса көрнектi өнерпаз, Жамбыл дәстүрiн жаңғыртушы, тұсауын кескен жорғадай, бұрауы келген домбырадай жосылған ақындардың бiрi де, бiрегейi. Оның туған халқын жарқын өмiрге, еркiндiкке үндеп, шақырғаны, жыр-дүрмекте ойқастап, iнжу сөзден кесте түзгенi, бұлбұлдай сайрағаны, кезiнде Мәскеуде өткен қазақ әдебиетi мен өнерiнiң онкүндiгiне қатысып, жыр алыбы Жамбылмен бiрге жүргенi, жарты ғасырдай жолдасы болғаны… Барлық өнегелi ғұмыры тарихқа айналған өнер иесi.

Салтанатты кештiң құрметтi қонағы композитордың ұрпағы – үлкен қызы Төрткен, ұлы Бақытжан, қыздары Ақтамақ, Ақбiлек, келiнi Дина Әзiрбаева, немерелерi Мұхит, Мұхтар және халқымыздың аса көрнектi суреткерi, Кененнiң күйеу баласы Шерхан Мұртаза. Кештi ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед сөз сөйлеп ашты. Кештi белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi, ф.ғ.д, профессор Мырзатай Жолдасбеков жүргiздi.

Мерейтойлық кештiң барысында Кенен мұрасын халық арасында насихаттап жүрген өнер шеберлерi – ҚР Халық әртiсi Алтынбек Қоразбаев, ҚР еңбек сiңiрген әртiсi Бекболат Тiлеухан, ҚР еңбек сiңiрген қайраткерлерi Рамазан Стамғазиев, Ержан Қосбармақов, республикалық конкурстардың лауреаттары Шолпан Даржанова, Ахан Әбдуалиев, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Қазбек Адыкеев, Жазгүл Данылбаева, Дүйсенбек Өмiралиев, Перизат Тұрарова және Қырғызстаннан арнайы шақырылған Амантай Құтманалиев – жыр дүлдүлiнiң халыққа кең тараған шығармаларын орындады.

Гүлжаһан ОТАР