595
БҰЛ ДА БIР ҚАРА ШАҢЫРАҚ
БҰЛ ДА БIР ҚАРА ШАҢЫРАҚ
Бүгiнгi Қазақ елiнiң жаңа дәуiрiнде мәдени ошағының тамызығын туындатар қайраткерлер тәрбиесiн ҚазМУ тәрiздi оқу ордаларын ұлттық санаттағы бiлiмнiң қара шаңырағы деп дәрiптелетiндiгi әрине тегiн емес. Бұлардың санатындағы қазақтың техникалық зиялылар Қара шаңырағы деп аталып жүрген Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнiң iрге тепкенiне биыл 75 жылға аяқ басқан екен.
Әдетте өз iсiнiң майталманы, небiр дүлдүл инженерлердi технар тобына қосамыз ғой. Бiрақ бұл iргелi ғылыммен суарылатын инженерлер арасынан да зиялы деген атауды ақтайтындай тұлғалар болмайды деген пiкiр туындатпаса керек. Бұған мысал үшiн өзiмiз бiлiм алған техника саласының мамандарын даралап жатқан бiлiм ордасы Қазақ ҰТУ-дiң 75 жылдық мерейтойына арналатын лебiзiмiздiң тақырыбын «Қара шаңырақ киесi» атап техникалық сауатының нәтижесiнде ғана зиялылық заңғарына көтерiлген тұлғалар жайлы қалам тартуды парызымызға баладық. Сол топтың бас сардары Ақжан Машанидiң көп томдық мұрасының 10 кiтабы «Шаңырақ» («Алатау», 2008), кiтабындағы ғұламаның Қара шаңырақ қасиетiнiң ғылыми, дiни тұрғыда ұлы бабамыз әл-Фараби қағидаларына сабақтастырар толғауынан үзiндi келтiруiмiз де кездейсоқтық емес-тiн. Егер ғалым А.Машанидiң бiр ғана техника саласы емес, бүтiн қауым үшiн дараланатын зиялылық тұлғасы қандай деген сауалға берiлер жауап мынадан басталары талассыз. Ол – кешегi қазақта тарих жоқ, жабайы далалық мәдениетте ғасырлар бойы қалып қойған халықтың ұлттық өркендеуiне Қазан төңкерiсi ғана жол ашты деп құлдық психология дәнiн сепкен коммунистiк қасаң идеология дәуiрлеп тұрғанда мыңжылдық тарих тұңғиығынан әл-Фараби сенiң бабаң, ол қазақ деп жарсалған (А. Машани) едi ғой! Саналы ғұмырының 60 жылдан астам мерзiмiн өзi бiтiрген оқу ордасында инженерлер даярлауға бағыштаған ұстаз, жарты ғасырлық уақытын үзiлiссiз әл-Фараби мұрасын зерделеуге бағыштады. Осының нәтижесiнде ұлы бабасының ғылыми өмiрбаянына арналған «Әл-Фараби және бүгiнгi ғылым» зерттеуiн бердi. Ал, «Әл-Фараби және Абай» монографиясы қазақ ұлтының рухани тұтастығының көкжиегiн 1000 жылға кеңейтiп едi және Абайтанудың тыңнан ренессанстық жолын салған-ды. Ал, қазақ әдебиетiнде ғылыми-фантастика жанрының қадасын қазақты дегiзетiн шығармалар жазған қаламгердiң «Әл-Фараби» (1970) романы ұлы бабасының көркем бейнесiнiң тұңғыш сомдалған дүние болып тарихқа енген-дi. Осы ретте ХХ ғасырдың 40-жылдары ғалымның қаламынан туындаған техникалық сөздiктер мен қазақ тiлiнде жазылған инженерлiк пәндер оқулығы әлi де өз мәртебесiне көтерiле алмай тайғақты бұралаң жолда малтығып келе жатқан қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мүдденi атқаруға қауқарының молдығын да дәлелдеген дүниелер едi. Мұның бәрiн адам бойындағы табиғат сыйлаған талаппен техникалық бiлiмiнiң кiрiккен кезде зиялы iстiң шаңырағына жататын құдыреттi құбылыс деу керек. Осы ретте келесi аталар есiм, құлдық сананы оятуда өлшеусiз әрекет тудырған «Қаһар» тәрiздi кесек-кесек тарихи романдар берген ҚазҰТУ түлегi – Iлияс Есенберлин. Университет түлектерiнен шыққан қаламгерлер легiнде «Қаныш Сәтбаев» эссе-романының авторы Медеу Сәрсекеннiң Москвадан ҰТӨ сериясынан шыққан «Е.Бөкетов» зерттеуiн атар едiк. Себебi Е.Бөкетов та университеттiң сегiз қырлы түлегiнiң бiрегейi. Аты берiлген Қарағанды МУ алдына қойылған еңселi Е.Бөкетов ескерткiшiнiң алдынан өткен сайын, кезiнде ғалымдығымен қатар қиын жанр театр-сыншысы атанған, тұлғамен кездесе жүрiп Есенин, Маяковский жырларын машығына келтiрiп жатқа оқитын ағаның бүгiнде тастан қашалған еңселi тұлғасынан Қара шаңырақ киесiн сезiнгендей ерекше әсерде боламын. Ал, қазақ поэзиясына өзiндiк леб әкелген машина жасау және кен iсi мамандығын алған ақындар Қасымхан Бегманов пен Иранбек Оразбаев, сатира жанрының еңбекторысы атанған марқұм Таңдай Кенеевтер және осылардан кейiнгi тiзiмдегi: Қайырбек Лұқманов, Бауыржан Қарабеков, Әлiбек Файзоллаұлдарының легi жалғаса берерi хақ. Кешегi 37-нiң зұлматына ұшыраған қазақ көсемдерiнiң бiрi –»Сұлтанбек Қожанов» қорын құрған ақын Қ.Бегманов пен жұртшылыққа Иран-Ғайып бүркеншiк атымен таныс Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi ақын әрi драматруг И.Оразбаевтар студент әрiптесi Ұлықпан Сыдықов құрған «Бәйшешек» үйiрме мүшелерi болатын. Университеттiң күрделi учаскесi оқу және тәрбие iсiн басқаратын проректоры Ұ.Сыдықов бүгiнгi университет көркемөнер деңгейiнен Қазақ эстрадасына айналған «Дос-Мұқасан» ансамблiнiң ұйымдастыруға өзiндiк үлес қосқан қайраткер. Ансамбль репертуарынан берiк орын алған өлеңдердiң әнi мен сөзiн жазған қаламгер. Ұ.Сыдықовтың техникалық жоғары бiлiмiмен философиядан ғылыми атақтар қорғауы көп нәрсенi аңғартса керек. Алла Тағала адам баласын әр қырынан танытар дарын-бейiмдiлiктен кенде еткен емес. Егер адамның бiрi тумысынан iсмерлiкке, басқа да құрылымдардың сыры мен құпиясына қанығуға, түрлi кәсiби iске бейiмдi болса, анық сол саланың мамандығын игеруге әрекет етерi табиғи iзденiс. Бiрақ ондай жандардың бойындағы өнерге деген құштарлығын ұштап ұмтылыс жасауы диалектика заңы. Әрине ол үшiн табиғат тартуы талант көшiн ашып, дамытар ортаның болуы шарт. Мәселен, «Дос-Мұқасан» ансамблiнiң студент өнерпаздар үйiрмесiнен бастау алуы осыған дәлел. Себебi қазақтың техникалық зиялылар қарашаңырағында қалыптасқан осындай ортаның дәстүрлiк сипат алуына өзiм куәгер болған мына жәйттi айтсам да жеткiлiктi. Ол кезде бүгiнгi университеттiң Қазақ кен металлургия институты деп аталатын ұжымды Өмiрхан Байқоңыров басқаратын. Мен директордың студенттермен өткiзген арнайы мәжiлiсiне қатыстым. Мәжiлiс әдеттегiдей студенттердiң үлгерiмiне емес, көркемөнерпаздар үйiрмесiн ұйымдастыруға арналды. Сол кезде институттың көркем өнерпаздар үйiрмесiн басқаруға атақты домбырашы Жантiлеуов пен халық әртiсi С.Телғараевтың келуi сол жиналыстың нәтижесi едi. Өндiрiске геолог, кен iсi және металлургия саласына даярланатын инженерлер, Құрманғазы атындағы оркестрге, не болмаса драма театрларының кадрлерi емес қой, «көркемөнерпаздар үшiн атышулы өнер қайраткерлерiнiң қажетi қандай?» деген сауалдың қазiр де қойылуы ғажап емес. Мұның жауабын халық үрдiсiнен шығатын бiлiктi кәсiби мамандарды даярлауда ықылым заманнан шаңырақ астында қалыптасқан ұлттық тәрбиемен сәйкестендiру нәтижесiнде ғана азаматтық iс-әрекетке балауға болатындығын жүрегiмен сезген Байқоңыровтың ұстанымынан табуға болар едi. Ө.Байқоңыровтың 1952 жылы институтқа директор болып келген кезеңде ұжымда қазақ ұлтының не бәрi бес-ақ өкiлi болыпты. Оның бесiншiсi хатшы қызметiн атқарған. Қалған төртеуi ғана оқытушы. Сол кезеңнен берi күнi кешеге дейiн инженерлер тәрбиесiне белсене араласқан университет дамуына үлес қосқан, тiптен Қазақстан жоғары бiлiм тарихының жылнамашысы атанған марқұм профессор Мүштай Батырбеков ағамыздың айтуынша, қазақ студент контингентiнiң өсуiне де және бүгiнгi университетiмiздiң ұлттық мәртебесiн алуға негiз болған Қазақ политехникалық институт болып ұйымдасуына мұрындық болған Байқоңыровтың қайраткерлiгi баршаға өнегелiлiгiмен даралануға тиiстi емес пе?! Дей тұрсақ та, бұл кезең Қара шаңырақ киесiнiң қалыптасуындағы белгiлi бiр асуы болды. Түптей айтсақ, сөз етiп отырған киелiлiк нышаны инженерлер ордасының алғаш iрге тепкен сонау 1934 жылдан қаланса керек. Жер қойнауында химиялық элементтер түгелдей кездесетiн, әрi қоры жөнiнде өндiрiстiк маңыз алатын елде құрылған тұңғыш техникалық жоғары оқу орнында кен табатын геологтар, табылған кендi кәдеге асыру үшiн алдымен оны қазатын кен инженерлерi, сосын қазылған кен тасынан металл ағызатын металлургтер даярлануы заңды ғой. Мiне, осы мамандық түрiн институттың тұңғыш директоры Әшiрбек Бүркiтбаевтың алғашқы түлектерiн шығаруға шыдатпай үш жылдан соң 1937 жылдың нәубатында коммунизмнiң құрбандығына шалынуы көп нәрсенi аңғартса керек. 75 жылдық тарихы бар Қара шаңырақтың табалдырығын аттаған жас өркендердiң мұны әркез есiне ұстағаны да абзал. 1926 жылы өндiрiс салалары азамат соғысынан әбден тұралаған кешегi КСРО түстi металлургиясының тарихы Қарсақпай зауытында қара мыс ағызудан басталды емес пе?! Сол жылдары жас геолог Қаныш Сәтбаевтың да еңбек жолының алғаш соқпағы да Ұлытау-Жезқазған – Қарсақпай өңiрiнде салынды. Жезқазған мыс кенiнiң қорының мол екендiгiн дәлелдеген инженер Қ.Сәтбаевтың пәтерi да сол кезде Қарсақпайда болуы және болашақ ғалымның алғаш Қарсақпай мысын ағызуға бiлек түрiп кiрiскендiгiнен де хабардармыз. Сол кезде жас жiгiт Әшiрбек Бүркiтбаев та қазақ даласындағы тұңғыш мыс зауытының iске қосылуына қатысты – Қарсақпай зауытында токорь болып еңбек жолын бастап қана қойған жоқ, Қаныш дананың қолдауымен зауд жастарының жұмыскер мамандығын игеруге ұйытқы болды, Қазақстан астанасы Қызылорда құрылып жатқан жастар ұйымына араласады. Университеттiң алғашқы басшылығына келген Әшiрбек Жанәлiұлы Бүркiтбаевтың өмiр жолы Қарсақпайдан Ресейдегi кен-металлургия саласының сол кезде орталығына айналған Орал өңiрiнiң бас қаласындағы өндiрiстiк академиясынан басталып едi. Бұл жерде бiз он екi де бiр нұсқасы жоқ, жаңа техникалық ЖОО ұйымдастырудағы 28 жастағы Әшiрбектiң сол қиындықты қалай жеңе бiлетiндiгiн баяндауға орынның тарлығынан, сол қиын кездiң өзiнде Қара шаңыраққа ғана тәнтi боларлық санада егiлген киелiлiктiң алғашқы дәнiнен мысал келтiрудi дұрыс көрдiк. Мұндай iстiң бiрi институттың математика кафедрасының меңгерушiлiк қызметiне Алаш көсемдерiнiң бiрi, Томдағы политехникалық институтын кен iсi саласынан тамамдаған Әлiмхан Ермековтың шақырылуы және 37-нiң қара бұлты қоюлана бастағанда Әшiрбектiң оны Ресей қалаларына қоныс аудартуы дер едiк. Қаныштың Том қаласына барып, геологиялық мамандықты таңдауына да, тiптен өзi тұрған пәтерге орналастырған да Ә.Ермеков екендiгiн бiреу бiледi, бiреу бiлмейдi. Әшiрбектiң келесi бiр әрекетi өзiмен түйедей құрдас, бiрақ студентi А.Машани бойындағы талантты тани бiлiп, оған қазақ ауылынан келген талапкерлерге көмек болсын деп геология пәнiнiң оқулықтарын қазақшаға аудартуға мүмкiндiк туғызғандығы дер едiм. Қолжазба күйiндегi И.В.Мушкетовтың, Н.Потемкин бастаған ғалымдардың және академик В.А.Обручев жазған геология iлiмiне арналған оқулықтары А.Машани аудармасымен оқу үдерiсiнде пайдалануы және 1940 жылы баспадан да шықты. Бiрақ мұны көруге Әшiрбекке тағдыр сараңдық жасап едi. Осы тұста Ә.Бүркiтбаев тәрiздi Ө.Байқоңыровтың да еңбек жолы Қарсақпайдан басталуы, оның да сол зауд жанындағы ФЗО (фабрика-зауд оқуы) бiтiрген соң Қаныштың қазығын қағып жүрiп, өмiр бойы ұстазы саналған инженердiң азаматтық iсiнiң тәлiмiн қоғамға бере бiлген кiсiлiгiн айта отырып, осынау қарашаңырақтың Қ.Сәтбаев атын тағынуының сол киелiлiк қасиетке қалайша баламассың!. Осындай киелiлiктi танытатын iстердiң нышандары Қара шаңырақ тiзгiнiн ұстаған «Дос-Мұқасан» ансамбiлiн құрған белсендiсi әрi жетекшiсi Досым Сүлеев iс-әрекетiнен болашақ инженер жастарды жандандырар жалғасын табуы ғанибет дер едiк. Бұл ретте ғұлама А.Машанидiң 100 жылдығы қарсаңында Орталығын құрып, Халықаралық конференция өткiзу мысалын айта кету ләзiм. Университеттiң жаңа басшысы – өз түлегi Жексенбек Әдiловтың Қара шаңырақтың киелiлiк дәстүрiн одан әрi жалғастырудағы iсi құптарлық. Мәселен, Машани Орталығы жанынан құрылған АБЖаД клубы Шәкәрiмнiң 150 жылдығыа арнап ақынның 70 өлеңiн жатқа айтатын студенттер арасында өткiзген байқауы соның дәлелi. Бiр шетi Атырау университетiнен келген студенттер ақын өленiнiң мән-мағынасын ашатын интелектiк тақырыптарды таңдай бiлетiндiгiн танытты. Ашып айтсақ, бұл Қазақстан тәуелсiздiгiнiң тiрегi маман бiлiктiгiнiң тұздығы-ұлттық құндылықтарды игерудi қажет ететiн уақыт талабының оқу-тәрбие делiнетiн қос мағыналы сөздiң үрдiсiнен шығудағы атқарылар нақты шаралардың бiрi деп айтуға болады. Ұлы бабамыз әл-Фарабидiң бiлiм мен тәрбие қатар берiлмеген жерде жастарды идеологиялық апатқа соқтырады деген өсиетiн берiк ұстанған университеттiң оқу-тәрбие iсiнiң жауапкершiлiгi жүктелген өз түлегi Ұлықпан iзденiсiнен сонылық лебiнiң үнемi сезiлуi үзiлiссiз iзденiсiнiң нәтижесiнiң көрсеткiшiне айналуымен қуантады. Бұл ректор Ж. Әдiловтың Қара шаңырақ киелiлiгiн дамытудың жалғасын тапқан басты нышаны дегiмiз келедi. Қара шаңырақ мерейтойына арналған мақалада университеттiң интеллектiк потенциалын сөз ете тұрып, Қазақстаннан әр тарапқа кеткен инженерлер қауымды тәрбиелеуде ұйытқы болған ғалымдар есiмiн еске алмау мүмкiн емес. Мұндайда ауызға iлiнер есiмнiң басында студент А.Машанидiң жетекшiсi, әрi жаңа ғылым геомеханиканың тууына қатысқан П.А.Рыжовтқа, Евней Букетов сынды қайраткерлердiң тәрбиелеген академик В.Д.Пономаревқа, мемлекет қайраткерi Д.Қонаевтың ғылыми жетекшiсi академик А.С.Поповқа, Г.Ц.Медоев сынды ғалымдарға қазақтың ғылымы риясыз алғысын әркез бiлдiрерi күмәнсiз. Осы ғалымдар ұстаханасында шыңдаған академик Ш.Есеновтың 1968 жылы ҚР ҰҒА жоспарына әл-Фараби мұрасын зерттеудi енгiзуi оның мемлекеттiк iстерiнде бұрын ауызға алынар азаматтық әрекетiнiң бiрегейi дер едiк. Егер бұл тiзiмдi жалғастырар болсақ қатты мұқабамен көмкерiлген кiтап шығар едi… Осы себепен «Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» дегендей осынау iргелi ғылым ордасының тек қана интеллектiк қырын танытатын есiмдердi атай отырып, олардың даралануына жол ашқан ғалымдар қауымына деген ерекше iлтипатымды бiлдiре кетудi борышыма санаймын. Жуырда «Қазақ әдебиетi» оқушылары үшiн Қара шаңырақ тарихына қатысты мағлұматы бiр тоға көтерiлген деңгейiне қарап, қатардағы профессор әрiптесiмнiң мұрағатты деректердi жинап жүргенiне риза болдым. Бiрақ ұжым басшылары құзырына ғана тәнтi университеттiң бiткен iстерi мен ертеңгi даму бағытын анықтайтын-бүгiннен бастау алатын iс-шаралар жайлы, әсiресе Қара шаңырақ киелiгiн қалыптастыруға өлшеусiз үлес қосқан ұлағатты ұстаздар есiмдерiнiң қадау-қадау тiзiлген тiзiмiнен автордың бұл мәселедегi құзыретсiздiгiн аңғартар: «ондай тiзiмде бәленше неге аталмады?» дегiзетiндей, тек жеке көзқарастың таразысы аясында тураушыдан да болсын танысың принципiнiң шыға алмағаны «әттегенай» дегiздi. Мәселен, мақаладағы «Қазақ ҰТУ бiлiктiлiктiң ұясы еткен патриоттық мәртебесi берiлген тiзiмде 1500 астам ғалым-профессор арасынан ауызға iлккен жиырма шақты есiмдерден басталып тағы басқаларымен тамамдалатын тiзбектегi тұлғалардың үштен бiрi 13 институттың бiрi санатында автор еңбек ететiн ұжым өкiлiнiң үлесiне еншiленуi бұл қалай деген сауалды туғызары шүбасыз. Мәселе мұнда да емес, мынада: 75 жылдық бiлiм ордасының тарихымен қатар құрылған кезiнде академиктер А.С.Папов, Ө. А. Байқоңыров, П. Шолақовтар жетекшiлiк еткен заманда оқу-тәрбие iсi жөнiнен университетте ерен табысымен үлгi етерлiк «Жерасты кен қазу» кафедрасының ұйып отырған қауымының соңғы 2-3 жылдан берi моральдық-психологиялық ахуалын күрт төмендетiп, дағдарысқа ұшырауына «мұрындық» болған ғалымның патриоттар қатарында аталуы өкiнiштi-ақ. Егер мұндай жәйттердi жаба тоқылатын жаманға айналдырсақ оның тигiзген кесапатын мадақтау болып шықпайды емес пе бұл?! Осы ретте V ғасырдың 60 жылдары тоғыз құмалақ ойынының жүлдегерi бола жүрiп, ұлттық дәстүрдi тiрiлтуге ат салысқан, университеттiң екншi легiнде бiтiрген түлегi, Украина кен өндiрiсiнде жиырма жылдай инженерлiк қызмет атқарған, ғалым болып қалыптасып, қалған ғұмырын Қара шаңырақта ұстаздық еткен әдебиеттiң жанашыры, әрi қазақ тiлiнде алғаш оқулық жазған, кен iсi терминдерiнiң сөздiгiн түзеуде өзiндiк қолтаңбасымен дараланатын студент кезiнде курстасы I.Есенберлинмен әдебиет үйiрмесiнiң ұйтқысы болған Шаймерден Ибраев ағамыздың көзден кетсе де көңiлде жүретiн азаматтығы сол мақалада есiмi аталуы керек-ақ едi. Бiрақ… Осы мақала шыққан күнi дәл осындай тақырыппен аға газетiмiз «Егемен Қазақстанда» да Қара шаңырақтың өсiп-өркендеуiне жарты ғасырдай куә болған академик Д. Кiшiбековтың көлемi жағынан екi еседей аз болсада мағына-мәнiн саз етiп берген шолуының Қаз ҰТУ киелiлiк ерекшелiгiн аңғартар жүйелi баяндауымен тамсандырғанын айта кету ләзiм. Инженерлiк төл iсiн атқара жүрiп, бойындағы табиғат талантымен ұлтының құндылықтарын таныту, «ондай болмай қайда» дептi айтқызбай тындай азаматтардың өз ортасында iзгi ықпал жасайтын ғанибет қасиеттерi арнайы тапсырыспен де оңай орындалмайтын iс демекпiз. Ал, бойдағы табиғат сыйын менiң кәсiби мiндетiме жатпайды деп тежеу, болмаса оны дамыту мәнiн ескермей маман бойына қажет имандылықтың егiлмеуi де үлкен өнiм тудырары даусыз. Бұл ретте тәрбиесiз берiлген бiлiм жастарды апатқа ұшыратады деген бабамыз әл-Фараби өсиетi техникалық зиялылар ұясы деп аталып кеткен бiлiм ордасында студенттерге бiлiктiлiк берудегi игi ұстанымға айналуы осынау Қара шаңырақ мәртебесiн көтерудегi үлесiнiң дәлелi жүрекке әркез жылылық құяды.
Шамшиден АБДРАМАН, профессор