ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ КӨМIРСУТЕГIГЕ ТӘУЕЛДI

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ КӨМIРСУТЕГIГЕ ТӘУЕЛДI

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ КӨМIРСУТЕГIГЕ ТӘУЕЛДI
ашық дереккөзі

Қазақ Президентiнiң Түркияға жасаған iссапары барысында көмiрсутегi тасымалына қатысты жоспарлар алғы орынға шықты. Астана, Анкара, Рим мен Мәскеу бiрiгiп салатын жаңа мұнай мен газ құбырлары арқылы әлемдiк энергетикалық нарықтан сүбелi үлесiн алуды көздейдi.

«САУДА АЙНАЛЫМЫНА ЕРЕКШЕ ҚАРҚЫН КЕРЕК»

ҚР Президентi Н.Назарбаев өткен аптаның ортасында Түркияға жасаған 3 күндiк iссапары барысында түрiктердiң президентi Абдулла Гүлмен, премьер Реджеп Тайип Ердоғанмен, Ұлттық Мәжiлiс жетекшiсi Әли Шахинмен, бiрқатар саяси партия өкiлдерiмен, кәсiпкерлермен кездестi. Осының алдында Бакудегi ресми кездесуде атасы бiр бауырлас елдердiң басшыларына Түркi мемлекеттерiнiң кеңесi мен Түркi академиясын құруға ұсыныс бiлдiрген болатын. Осыны көлденең тартқан Абдулла Гүл Назарбаевқа «түркi әлемiнiң көсемiсiң» дедi және Қазақстанды тәуелсiз ел ретiнде ең алғаш Түркияның танығанын мақтан ететiнiн айтты. Ресми деректерге сүйенсек, бүгiнде елiмiзде түрiктердiң 1400-ден астам компаниясы құрылыс, ауыл шаруашылығы, металлургия, мұнай-газ өндiрiсi, тамақ өнеркәсiбi т.б. салаларда тер төгуде. ҚР Ұлттық банкiнiң есебiнше, 1993 жылдың басы мен 2009 жылдың наурызы аралығында Түркия Республикасынан Қазақстанға тартылған тiкелей инвестиция көлемi 808 млн. АҚШ долларынан асып түскен. Үстiмiздегi жылы екi ел арасындағы сауда айналымы миллиард долларға артқан. Анкарадағы кездесуде Н.Назарбаев қазақтардың сауда айналымын Ресеймен – 20 млрд. доллар, Еуропалық Одақпен – 25 млрд. доллар, Қытаймен 10 млрд. долларға жеткiзгенiн айта келе, түрiктермен арадағы сауда айналымына қатысты көрсеткiштi 5 млрд. долларға дейiн өсiруге ұсыныс айтты. Гуманитарлық-мәдени серiктестiкке келсек, қазiргi кезде Қазақстанда Қожа Ахмет Йассауи мен Сүлеймен Демирел атындағы 2 Қазақ-Түрiк университетi мен 24 қазақ-түрiк лицейi бар. Жуырда Астана қаласынан түрiктердiң көсемi — Мұстафа Кемал Ататүрiкке ескерткiш қойылды. Жыл сайын 200 мың қазақстандық Антальяға демалуға сапар шегедi.

ТҮРIК ПЕН ОРЫСҚА «ҚАРА АЛТЫН» ҚЫЗЫҚ

Анкарадағы ресми кездесулер барысында Н.Назарбаев қазақтың мұнайы мен газын кәрi құрлыққа түрiктер жерi арқылы тасымалдау екi елге де тиiмдi болатынын жеткiзе келе, Самсун-Жейхан мұнай құбырының құрылысына Қазақстанның да қатысатынын айтты. «Қазақ мұнайы Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы ағып келiп, Жейханнан халықаралық нарыққа жол тартады. Бiз сондай-ақ, Қазақстанның «Nabucco» жобасында қызығушылық танытуына ризамыз. Газ саласында да тиiмдi ынтымақтастық орнататынымызға сенемiн», – деп қазақ әрiптесiне ризашылығын бiлдiрдi Абдулла Гүл. Тасымал мәселесiнде орталықазиялық аймаққа тиесiлi көмiрсутегiлердi әлемдiк нарыққа жеткiзуде белсендiлiк танытуға мүдделi Ресей сырт қалмады. Назарбаевтан бұрын Анкараны бетке алған РФ премьерi Путин түрiктерге тиесiлi Самсун-Жейхан мұнай құбыры жобасына қатысудан Ресейдiң де сырт қалмайтынын, энергетикалық серiктестiкке мүдделi екендiгiн ашық айтты. Ал Анкара «Оңтүстiк ағын» газ құбырын Түркия арқылы өткiзуге орыстарға келiсiм берiп отыр. «Оңтүстiк ағын» – «Газпром» мен итальяндық Eni компанияларының Болгариямен бiрлесiп салғалы отырған құбыры. Сонымен, Самсун-Жейхан мұнай құбырына Ресеймен бiрге Қазақстан да қатысатын болды. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары iшкi күрделi саясатымен әлек болған Мәскеу Ресейдi айналып өтетiн Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының құрылысына кедергi жасауға дәрменсiз едi. Орыс саясаткерлерi әлi күнге «қолын мезгiлiнен кеш сермеген» Кремльдi кiнәлайды. Бүгiнде АҚШ пен Батыстың өзiн шеткерi ысыруға тырысқан барлық жобаларына барынша қарсылық танытуға талпынатын Ресей энергетикалық қауiпсiздiгiне алаңдаған кәрi құрлықтың қарсылығына қарамастан, еуропалық нарыққа монополия орнатуға мүдделi: «Менiңше, Еуропадағы энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және әлемдiк энергетикалық нарықтағы ахуалды жақсарту бiздiң (Қазақстан, Түркия, Ресей – Н.Ж.) қолымыздан келетiн сияқты» (В.Путин). Жақын күндерi Ердоған мен Путин «Оңтүстiк ағын» мен «Көгiлдiр отын» құбырының жалғасы саналатын әрi Израиль, Сирия, Ливанға дейiн тартылатын «Көгiлдiр ағын-2» жобасын талқыға салмақ. Ресейдiң халықаралық нарықты жаулап алуға ұмтылған тағы бiр жобасы – Бургас-Александруполис құбыры. Бiрақ «Оңтүстiк ағынға» қосылуға келiскен болғарлар Бургас-Александруполис құбырын жүзеге асыруға әзiр құлықсыз. Есесiне, Қазақстан егер аталған жоба жүзеге асырылатын болса, жыл сайын осы құбыр арқылы 17-18 млн. тонна мұнайын экспорттауға уәде бердi. Ал, София кәрi құрлықтың орталықазиялық көмiрсутегiнi әлемдiк нарыққа тартуға талпынған жобасы Nabucco құбырына қатысуға келiсiм бердi. Ресейдi айналып өтетiн бұл құбырды салуға Анкара да кетары емес. Өйткенi, iшкi нарықты көмiрсутегiмен қамтамасыз ету әрi транзиттiк ел ретiнде пайда табу оған тиiмдi. Түрiктердiң түркiмендер мен қазақтарды Nabucco-ға қатысуға үздiксiз үгiт-насихат жүргiзуi сондықтан. Алайда, Қазақстан кесiмдi жауабын әзiр берген жоқ. Өйткенi, Брюссель де, Анкара да аталған жобаның Қазақстанға қаншалықты тиiмдi екенiн дәлелдей алмай отыр. Оның үстiне, құбырды толтыратын шикiзаттың қайдан және қалай алынатыны, қаржыландыру мәселесi, тараптардың келiсiмге келуi де түбегейлi шешiлген жоқ.

ҚҰБЫРЛАР БАҒЫТЫ – БАТЫСҚА

Ресми деректерге сүйенсек, көмiрсутегi қорының көлемi жағынан алғанда, дүние жүзi бойынша алғашқы ондыққа кiретiн Қазақстанда 4,8 млрд. тоннаға жуық мұнай қоры бар. Бұл әлемдiк мұнай қорының 3 пайызына тең. 2008 жылы елiмiзде 70 млн. тонна мұнай мен газ өндiрiлiп, оның 62 млн. тоннасы, яғни, 88 пайызы экспортталған. Халықаралық нарықтағы мұнай мен газды өндiру көлемi тұрғысынан қарастырсақ, Қазақстан Жер шарында 18-орынды иемденедi. Үстiмiздегi жылдың соңына дейiн 75 млн. тонна көмiрсутегi өндiру көзделуде (бұл бүкiл әлемде өндiрiлген энергетикалық қордың 1,8 пайызына жуық), ал 2020 жылы аталған көрсеткiш екi есеге көбейтiлмек. Табиғи ресурстарды экспорттау көлемiмен бiрге оны тасымалдау жолдарын көбейту мәселесi де күн тәртiбiне шықты. Жуырда IV Еуразиялық энергетикалық форумда ҚР Энергетика және минералды ресрустар министрi Сауат Мыңбаев қазақ мұнайының 80 пайызы Орталық, Оңтүстiк және Шығыс Еуропаға, сондай-ақ, Солтүстiк-Батыс Еуропаға экспортталатынын айтты. Қазiргi кезде жыл сайын 17 млн. тонна мұнай тасымалдауға қауқарлы Атырау-Самара құбыры, жылына 26 млн. тонна мұнай эспорттайтын Каспийлiк мұнай құбыры консорциумы (КТК) экспорттық жүйесi, жыл сайын 5 млн. тонна (жалпы көлемi – 6 млн.) көмiрсутегiнi аспанасты елiне жеткiзетiн Атасу-Алашанькоу құбыры, сонымен қатар 9 млн. тонна мұнай мен мұнай өнiмдерiн сыртқа таситын Каспий жағалауындағы ақтаулық халықаралық теңiз-сауда порты секiлдi жалпы көлемi 60 млн. тонна қазақтың «қара алтынын» тасымалдайтын басты құбырлар болып табылады. Өзен-Атырау-Самара мұнай құбыры арқылы экспортталатын энергоқор Ресей арқылы «Транснефть» АҚ-ға тиесiлi мұнай құбырының бойымен Одессаға, Гданьск, Словакия, Приморск, Новороссийскiге жеткiзiледi. Былтыр қазақстандық және ресейлiк мұнай компанияларының арасында Атырау-Самара құбырының тасымалдық қуатын 16,5 млн. тоннаға дейiн жеткiзуге қатысты келiсiмге қол қойылды. «ҚазТрансОйл» таратқан деректерге сүйенсек, үстiмiздегi жылдың алғашқы 7 айында Ресей, Украина, Белоруссияға тиесiлi мұнай құбырларының желiсi арқылы 10 млн. 140 мың тонна «қара алтын» тасымалданған. Бұл былтырғы осы мерзiм аралығындағы көрсеткiштермен салыстырғанда, 555 мың тоннаға көп. 2009 жылдың қаңтар-қыркүйегi аралығында КТК әлемдiк нарыққа 25,797 млн. тонна мұнай шикiзаты тасымалданған. Бұл былтырғы осы мерзiммен салыстырғанда, 12,7 пайызға артық. Теңiз-Новороссийск КТК мұнай құбыры Теңiздегi ең iрi кен орнын Қара теңiз жағалауымен байланыстырады. Бұрынғы КСРО аумағындағы жалғыз мұнай құбыры саналатын Каспийлiк мұнай құбыры консорциумының ұзындығы 1, 58 мың шақырымға жуық. Қазiргi таңда халықаралық нарықта қытайлық инвесторлардың белсендiлiгi күн сайын артып келе жатқаны мәлiм. Қазақтармен «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан аспанасты елi қазақстандық экономикаға, әсiресе, мұнай-газ саласына инвестиция құюда тым белсендi. Бұл қытайлардың iшкi нарықтағы энергетикалық қорлар тапшылығын жоюға ұмтылған әрекетiнен. 2003 жылы 448,8 шақырымға созылатын Кеңқияқ-Атырау құбыры бүгiнде 12 млн. тоннаға дейiн мұнай тасымалдауға қауқарлы. Ал 2006 жылы iске қосылған Атасу-Алашанькоу арқылы жыл сайын 6 млн. тонна көмiрсутегi Қытайға экспортталады. Үстiмiздегi жылы Кеңқияқ-Құмкөл аумағындағы жыл сайын 10 млн. тонна энергоқор тасымалдайтын 773 мың шақырымдық тағы бiр құбырдың құрылысы аяқталды. Қазақстан-Қытай мұнай құбырына Қызылорда мен Ақтөбе облыстарындағы кен орындарынан мұнай тартылмақшы. Келешекте Батыс Қазақстан облысы мен Каспий теңiзiне тиесiлi мұнайды да тасымалдау жоспарлануда. Ал Ақтау портында қазақ мұнайы Каспий арқылы Баку портына, Махачкала мен Некаға (Иран) жеткiзiледi. Бакуден темiр жол арқылы Батуми портына, одан әрi Қара теңiз нарығына жол тартатын қазақтың «қара алтыны» Махачкаладан Новороссийскiге жөнелтiледi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ