ШЫМЫР ЖАҢҒАҚ...

ШЫМЫР ЖАҢҒАҚ...

ШЫМЫР ЖАҢҒАҚ...
ашық дереккөзі

1973 жылы ма, әлде 1974 жылы ма, әйтеуiр бiздiң курсқа «Абайтану» мен «Қазақ сатирасы» арнаулы курсы қос-қабат келдi. Әдебиетшiлер тобы тағы екi жарылатын болдық. Әлгi арнаулы курстың бiрiн профессор Ханғали Сүйiншәлиев, екiншiсiн Темiрбек Қожакеев жүргiзедi. Бiздiң әулетке әуелден күлкi түстенiп аттанған. Бiр ауыл түгел ойқы-шойқы сөйлеп, бiрiн-бiрi мүйiздеп, әзiлмен түлкi сойғызып, қалжыңмен қасқыр алдырып жүредi. Содан ба, әйтеуiр сатираға жанымыз жақын. Кейде ащы әжуалап, кейде жұмсақ қалжыңдап жүру – бiзге сүйексiңдi әдет. Жаныма жақын сатираға бөлiндiм.

Аудиторияда отырмыз.

Маңдайы жарқырап, басқан жерi шақ-шақ етiп, нақ-нақ қадаммен кiрдi Темкең аудиторияға. Аз-кем түгендедi де, дәрiсiне кiрiстi. Сөзi тiрi, лекция арасына әзiл-қалжың араластырып та қояды. Сатирадан дәрiс оқып өзi қалжыңнан тысқары тұрса қызық та болмас. Алғашқы сабақ – «Сатираның қоғамдағы мәнiне, алатын орнына» арналды. Обалы қане, тақырыбын тануы мен танытуы, жанрдың жай-күйi, өткенi мен болашағы дейсiз бе – бәр-бәрiн бiлiп, тауып, шешен сөйлеп жеткiзiп тұр. Бiрiншi жартысы жақсы өткен сабақтың екiншi жарымы жеттi менiң түбiме. Үзiлiске шығып қайтып келгенбiз. Түнде ұйықтамағанның әсерi ме, дәрiс тыңдап отырып көзiм iлiнiп кетiптi. Бiр «құс ұйқы» деген қараңқалғыр бар едi менде. Сол қысып кетсе бола ма? Ол – өзi бiреу бiлiп, бiреу бiлмей қалатын бiр-екi минөтке жетер-жетпес ұйқы жобасы. Кiрпiгiң айқасып үлгере ме, жоқ па, әйтеуiр тыңайып шыға келесiң. Оның үстiне кешкi ақшам уақыты. Күндiзгi ыңыранған лекторлар дәрiсi ыңыршағымызды айналдырып жiберсе керек. Әйтеуiр көзiм iлiнiп кетiптi.

– Әй, Ергөбеков, тұр орныңнан!

Темкеңнiң даусы саңқ ете қалды.

Құдайдың төбемнен қосқолдап ұрғанын бiлдiм. Үрпиiп тұру орнына жымиып көтерiлдiм орнымнан. «Не де болса – болары болды. Тәуекел!…»

– Не қарабасты сенi? Түнiмен қыз қудың ба? Жын қудың ба? Ұйықтау үшiн келдiң бе? Тыңдау үшiн келдiң бе?

Темкең бiраз шаңқытты. Онысы жөн. Студенттер iшiнен демалады. «Не деу керек? Бiрдеңе деу керек шығар.» Мiңгiрледiм:

– Бiр қазықты айнала берсе, кiм де болса қалғып кетуi мүмкiн ғой…

– Не дейдi-әй, мынау. Бiр қазығың не сенiң? Менiң лекциямды сен солай бағалайсың. Ана Кенжебаев, Нұртазин, Шалабаевтардың лекциясын қалай қабылдап жүрсiң-ей, сен? Сен немене, мына балалардан артықсың ба? Сен туғанда шешең қалжа жептi де, мына балалар туғанда шешесi қалжа жемеп пе?

Өкiртiп ұрысты Темкең. Мен жынды адамға ұқсап ыржың-ыржың күле берсем керек. Аузыма әрқилы сөз келiп-ақ қалады. Бiрақ, айыпты өзiм. «Бiр елi ауызға – төрт елi қақпақ..» Әрi қарай тыңдамадым. Ұстаз сөзiнiң ырғағы таныс.

– Отыр. Көремiн сенi сынақта!

Сылқ ете түстiм.

Менiң атақты Темiрбек Қожакеевтен дәрiс тыңдауым осымен тамам.

Келесi сабақта мiнезi жұмсақ ағайымыз Ханекең – Сүйiншәлиевке бардым.

– Мен сатираға адасып барыппын. Бiле-бiлсек Абай да сатирик емес пе?! Абай даналығынан сусындайын деп. Сiзге келдiм.

– Дұ-р-ы-с айт -а -сың. Әу -ел бастан Абайды таң -дау-ың ке-рек едi. Мiне, азамат! Абайдан бiрiншi баяндаманы сен жасайсың. Жарай ма?

Сөйтiп аяқ астынан «абайтанушы» болып шыға келдiм.

Дәл осы сәтте келесi аудиторияда «Ергөбеков Құлбек! Әй, ол қайда? Ә, Құлбек: «құрымай тұрғанда құтылайын» деп қашып кетiптi ғой. Бiз де құтылдық деп есептеймiз» – деп лекiте күлiп алып, әрi қарай лекциясын оқи жөнелiптi Темкең.

Обалы не, Темкең жақсы лектор болатын. Менiкi балалық. Қалса шалалық.

Сол балалық пен шалалықтан менiң сатира жайындағы бiлiмiм шала болып қалды. Немере ағам Көпен Әмiрбекке әңгiме арасында айтып едiм, ол алдымен состиып тұрды-тұрды да қарқылдап күлдi. Сабасына түсiп, «Дұрыс жасамапсың. Бiздiң журналистикадағы iлiп-алар лекторымыз ғой Темкең. Ой, ол кiсi қазақ сатирасын жақсы бiледi. Сатира жайында мақала жазсаң керек болатын едi. Бекер болыпты» – дедi сосын өкiнiш бiлдiрiп.

Осы бiр қолайсыз кездесуден менiң көңiлiмде «қап, бекер болды-ау» дегеннен басқа ешқандай бөтен ой, тосаң пiкiр қалған жоқ. Темкең көңiлiнде сыз қалмаған секiлдi. Өйткенi, өмiрдiң кейiнгi белеңдерiнде жылы амандасып, жақсы араласуымыз соның көрiнiсi.

1982 жылдың наурызы. Қай күнi екенi есте жоқ.

Сәбит Мұқановтың музей-үйiнде жұмыс iстеп отырғанмын.

Телефон шылдырады. Таныс дауыс. Телефонда бұйырғандай өктем сөйледi.

– Сен мына Бейсекеңнiң үйiне келiп кет! Жарай ма?

– Тап қазiр ме?

– Тап қазiр. Кел!

Сәбең жарықтық пен Бейсембай Кенжебайұлы үйi бiр көшеде. Бiр көше ғана емес, бiр квартал дейтiн, арасы жақын.

Жетiп бардым. Бұрын да барып, Бейсекеңнiң халiн бiлiп кетiп жүретiнмiн. Шынымды айтсам, «ақсақалға бiрдеңе болып қалды ма?» – деген күдiк алды-артыма қаратпай қуып әкелдi.

Барсам, Бейсекең: «сорлы болдым ғой» – деп кемсеңдейдi. Мәскен апай Сармурзина: «Күйеуiм қол көтерген емес. Әкем үшiн мына иттен..» – деп қояды. Филология, журналистика кафедралары ұстаздары отыр. Темкең екi белiн таянған. Ашулы.

– Әй, сен аяғың аспаннан салбырап түстi ме? Жоқ, мына шал сияқты, шалдан жаралып, анадан тудың ба? Сен итте жүрек жоқ екен ғой. Мына Бейсекең саған әке болайын дейдi. Сен көнбейсiң. Бейсекең сен түгiлi бiздiң әкемiз. Көрмейсiң бе, әкемiз үшiн таяқ жеп, қырылып қала жаздадық. Менi қойшы. Мына Мастура Ғайсақызына қол көтерiп, оңбаған. Ұят болды. Өзiмiз-ақ бағар едiк, Бейсекеңдi. Жан деп бағар едiк. Бiрақ, бiздiң өзiмiз шалмыз. Кемпiрiмiз аяғын сүйретiп зорға жүредi. Өзiмiздi бағатын кiсi керек. Өзiңдi бiлемiз. Келiн қазақы бала дейдi. Нелерiң кетедi? Бағыңдар мына әкемiздi. Бала болыңдар. Қалап отыр. Ана маскүнемдi қойыңдар. Бүгiн көшiп кел! Жарай ма? Кергiме. Бейсекең айтса кергитiн көрiнесiң.

Ашуын iшiне бүккен Темкең төгiлдi. Ара-арасында «Жарай ма?» – деп қоятыны болмаса, сөзiнiң бәрi бұйрық.

«Келiншегiммен ақылдасып көрiп едiм: «Үдесiнен шыға алмасақ ұят болады. Үлкен кiсi..» – деп отыр. Негiзiнен кiр-қоңын жуатын әйел. Ол жаңағыдай дейдi.

– Әйел. Әйел. Кiмнiң әйелi ол?

– Менiң әйелiм деп жүрмiн ғой… – Әзiлге шаптырдым.

– Сенiкi болса, көндiрмей қара басты ма сенi?, – Әрi қарай Темкең де қалжыңға басып жiбердi. Жұрттың жүзiне шырай жүгiрдi.

«Құлбек көндiредi ғой», «Келiн қазақы бала болса көнедi ғой», «Бейсекең өзi жүрiп-тұрады. Ауыртпалық сала қоймас». Бiреуi төндiрiп айтады. Бiреуi көндiрiп айтады. «Сорлы болдым ғой» – деп Бейсекең күңiренедi. «Сүйт, сүйт, қарағым, сүйт». Әйелдер жағы жинала бастады. «Болды. Келiстiк!». Тағы да Темкең. Нығырлап жатыр. «Бейсеке, Сiзге, қартайғанда бала құтты болсын! Саған әке құтты болсын!», «Хабарласып тұрамыз. Саған сендiк Құлбек». Бәрi бiртiндеп есiкке беттедi. Менiң лепесiм «ендi…» деуден әрi аспай, жолдан қиылып кетiп жатыр. Тыңдайтын ешкiмдi көрiп тұрғаным жоқ.

Шошайып Бейсекең екеумiз екi жерде отырмыз. Люда жеңгей күйеуiн милицияға айдатып жiберген зиялы топты оқты көзiмен атып шығарып салды.

Кiшкентай Шыңғыс пен Фархад даладан ойыннан кiрдi. Олардың ештеңемен шаруасы жоқ. Бейсекең «аһлеп, уһлеп» қояды. «Меңжамал бақытты екен. Алдымен кеткен. Менi тастап кеттi. Уәдемiз бұлай емес едi» – дейдi үзiп-үзiп. «Сорлы болдым ғой» – дейдi тағы да. Кiсi аярлық. Жары – Меңжамал (Минкамал Мұхамедиярқызы ) анамыз қайтыс болғалы көрiп келе жатқаны – осы. Бiрге тұруға шәкiртi – Бисенғалиев Зинолды шақырған. Жамал екеуi ақылдаса келе бас тартты. Ұлы Шыңғыс – Асқар есiмдi суретшi жiгiттi алып келiп, үйiнде тұрғызған. Өзi: «Әкейге серiк боларсыңдар» – деп алып келген баланы өзi шығарып жiбердi. Тұрақтамады. Жиi хабарласып, келiп халiн бiлiп тұратын мен бұл жайлардың бәрiнен хабардармын. Аузы iшкiлiктен құрғамайтын ұлдан қайыр жоқ. Бiрiншi әйелден ажырасқан. Бiр ұл, бiр қыз онда кеттi. Ендi екiншi әйелмен тұрады. Шыңғыс, Фархад есiмдi екi ұл өсiп келедi. Тәрбие жоқ. Екi сәбиде жазық жоқ. Негiзiнен Бейсекеңнiң ұлы бөлек тұрады. Пастерь және Фурманов көшелерiнiң қиылысында жақсы пәтерлерi бар. Жазушы Сәуiрбек Бақбергеновпен көршi. Оқта-текте әкесiнiң үйiне келедi. Келгендегi жағдай осындаймен аяқталып жатады.

Бiрсыпыра уақыт отырып, әңгiмелесiп, көңiлiн аулаған болдым. Бейсекең: «Кел. Көшiп кел. Менi балам болып бақ. Ақырғы сапарға сенiң қолыңнан кетейiн…» – деген өлердегi сөзiн айтып қалды. Хоштасып қайттым.

Ертеңiне тағы телефон. Темкең. Қандай шешiмге келгенiмдi сұрайды. Мен қиқаңдаймын. Ол қоқаңдайды…

Тағы телефон. Көтерсем Бейсекең.

– Құлбек, келiп кетшi, – дейдi. Үнi жалынышты.

Жақын жер. Жеделдетiп жетiп бардым.

Бейсекең төрде. Қасында Шыңғыс аға. Ванна қабылдаған ба, сүртiнiп отыр. Люда жеңгей, балалар көрiнбейдi.

Әке балаға қарады. Бала басын қасып отырып маған өтiнiш айтты.

– Құлбек, сен келiн екеуiң келiп осында тұрыңдар. Папама қараңдар. Люда балалар үйге кеттi. Бiз ендi мұнда келмеймiз. Кеше папамның шәкiрттерi менi он бес күндiкке жiбере жаздады. Зорға шықтым. Суға түстiм. Күнәмдi жудым. Құлбек сөйт. Жарай ма?

– Бiз Шыңғыс екеумiз осылай келiстiк – дейдi әке байқұс. – Осы соңғы сөз. Мен тiрiде табалдырығымнан аттама деп отырмын, Шыңғысқа!

Қысқасы, бiз наурыздатып келiншегiм Баян екеумiз бiр чемоданмен Бейсекеңнiң босағасын аттадық. Бiрiмiз – бала, бiрiмiз – келiн болып.

Әрине, Бейсекеңе бала болу маған, келiн болу Баянға оңай болған жоқ. Ресейге «өз еркiмен» қосылған қазақ елiнiң, орысша тәрбие алған аға буынның тағдыры аса оңай болған жоқ. Ұрпақ урбанизацияға ұшырап туды. Әке мен бала бiрiн-бiрi түсiнбейтiн халде тiршiлiк кештi. Басы жақсы басталған өмiрдiң аяғы осылай ырың-жырың болып аяқталып жатты. Қазақ халқының қадiрмендi ғалымы – Бейсекең де соның бiрi едi.

Қалай болғанда да жұрт өз әке-шешесiн бағудан бойын аулақ салып, ат-тонын ала қашып жатқан сол бiр тұста жарынан айырылып, жар соғып қалған Бейсекеңе тумасақ та туғандай бала бола алғанымыз үшiн өзiмiздi бақытты санаймыз. Бiз жарымыз екеумiз Бейсекеңдi бiздiң ғана әкемiз емес, халықтың, елдiң әкесi деп ұқтық. Жастық шақта қызметiмiздi солай ойлап Бейсекеңдей ақсақалға аямай арнадық. Әсiресе, миға қан құйылу салдарынан жылдап төсек тартып жатып қалған кездерi қиын-ақ болды. Кiм бiлсiн?! Темiр емес, адамбыз ғой. Талай қажыдық. Талай торықтық. Дегенде, осы бiр ауыр мiндеттi абыроймен атқарып шықтық деп өзiмiз тәуба етемiз. Кезiнде бiздiң бұл еңбегiмiздi жазушылық ортаның рухани ерлiкке балаған, аңызға айналдырған кезi де бар.

Мiне, сол Бейсекеңе бала болуды бiзге ерекше мiндеттеген жарықтық – Темкең едi.

Кейiн бiлдiм. Темкең Бейсекеңе шәкiрт десе – шәкiрт, бала десе – бала екен. Шәкiртiн баласындай көретiн Бейсекең әдетi. Оның үстiне, неге екенiн, Бейсекең шәкiрттерi ылғи қиналып жүрiп қорғайды. Бұл – бiрiншiден, Бейсекеңнiң шәкiрттерiне бейсауыт жеңiл-желпi тақырып бермей, ылғи бiр қиынға салатынынан. Сонымен қатар, Бейсекеңмен ғылымда айтысқан ғалым мiндеттi түрде оның шәкiрттерi жолын бөгеуге тырысады. Бұл – Бейсекеңнiң концепция ғалымы екенiнен. Бейсекең шәкiрттерi қорғаса – ұстазының концепциясы орныға бередi, белең алып, бедел алып кетедi. Шамасы, осыны ойлаған әрiптестерi Бейсекең шәкiрттерiне қарсы шығып қала бередi. Әйтпесе, олар да обал-сауапты бiлетiн жандар. Темкең де қазақ сатирасы жайлауын бiр өзi иемденiп, соның жетiстiгi мен кемшiлiгiн, жанрлық табиғаты мен жаратылу тарихын бiр кiсiдей жазып, ғылымға айналдыра талдай айтып жүруiне қарамастан Қазақстанда қорғай алмай қорлық көрiптi. Бейсекең шәкiртiн жетелеп Қырғызстанға апарады. Онда ескiкөз достары Қарасаевтар бар. Беделдi ғалым. Шолпан қызын ұзатқан құдандалы ел. Олар қарсы емес. Қайта құшақ жая қарсы алады. Жеме-жемге келгенде Темкең iзiне түсушiлер, жұдырық түюшiлердiң аяғы онда да жетедi. Аяғы жеткен соң қазақ қоя ма, таяғы тиедi. Жап-жақсы басталған iс Қырғызстанда да жүзеге аса қоймайды. Тауы шағылатын кiсiң Бейсекең бе? «Қорғамасаң – қорғамассың. Сенiң осы жүрiсiң, жазған еңбегiң шын ғалымға тән жағдай. Бiр жанрдың табиғатын аштың. Одан артық не керек?»-дейдi. Одан әрi жiгерлендiрiп, тонның iшкi бауындай шәкiртiн Оғыздар елiне – Әзiрбайжанға алып барып бәйгеге қосады. Бағы жанады. Он шақты жыл шәкiртiмен бiрге мұңайып, бiрге күлiп, өмiрдiң еңiсi мен биiгiн бiрге алып жүрген ұстазын иманды шәкiрт «әкем» демегенде не дейдi?! Темiрбек Қожакеев – Бейсекеңдi әкесiндей жақсы көредi екен. Өмiр болған соң бiреумен жақсы, бiреумен жаман, бiреумен жүз жарастырып, бiреумен жүз шайысып қалу кiмде болмас?! Темкеңде де болды ғой. Бiрақ, Темкеңнiң Бейсекеңдей ұстазына адалдығының жөнi бөлек едi. Оған бiз сол жылдары әбден көз жеткiздiк.

Аптасына бiр-екi рет арнайы келiп Бейсекеңнiң көңiлiн сұрау – Темкеңнiң бұлжымас шарты. Ондайда, Темкең екеулеп «ауызбен» Бейсекеңе кемпiр де әперемiз, тойын да жасаймыз.

Мереке сайын дәл сол күнi таңертең почта жәшiгiнде Темкеңнiң құттықтау хаты құлқынсәрiден түсiп жатады. Оны көбiне ұлы әкелiп жәшiкке салып кетедi. Қиғаштай жазылған құттықтауда толайым жақсы тiлек толғанып, соңына таман «Құдай бұйыртса бiр сары қарын бәйбiшенi Сiзге ұйғарып жүрмiн. Той болар күн алыс емес» – деген әзiл де аралас жүредi. Әкелiп, ашып Бейсекеңе оқып беремiн. Бейсекең езуiн тартып әлсiз күледi. «Айналайын!» – дейдi әлсiз ғана.

Бiреуге ойын керек, бiреуге өлiм керек дегендей, өзiн-өзi зорға алып жүрiп келе жатқан Бейсекеңе елден өтiнiш арқалап келушiлер бар. Олар не балаларын оқуға түсiрудi сұрайды. Немесе, өз бетiмен оқуға келедi тағдыр айдап. Қолынан келгенiнше Бейсекең оларға жәрдем еткiсi келедi.

Бiрде балдызымның сыныптасы келдi. Жетiм қыз екен. Онсыз да барар жерi жоқ қызға «Бағын сынап көрер. Үйде тұра берсiн» – дедiк Баян екеумiз. Әлгi қыз балаға бiрте-бiрте жанымыз аши келе оқуға түсуiне тiлек қосқымыз, ықпал еткiмiз келдi. Бейсекеңдi артық қинағымыз келмейдi. Өзi төсек тартып жатып «оқуға бала түсiр» деп өтiнiш айтқызу ауыр. Кiсiлiкке жатпайды. Бейсекеңнiң халiн бiлу, көңiлiн сұрау үшiн Темкең келдi әдетiнше. Әзiл-қалжың әңгiме арасында Темкең қыздың жайын сұрай қалсын. Мен дәнекершi болып Бейсекең шәкiртiне тапсырма берiп кеп жiбердi.

– Темiрбек, мен жетiм өскенмiн. Жетiм бала көрсем жаным ашып тұрады. Мына қыз бала әке-шешесi жоқ, аға-жеңгесiнiң қолына қараған жетiм екен. Аға-жеңге менде де болған. Әке-шешедей қайдан болсын?! Жазатыны бар дейдi Құлбек. Осы бала оқуға түсетiн болсын, Темiрбек.

– Болды Бейсеке! Әңгiме бар ма?! Келiн, мына қыз бала Бейсекеңнiң көрпе-төсегiн жуысуға жәрдем ете ме? Жәрдем етсiн. Еңбек бiр жағы өзiне тәрбие. Студентпiн десiн.

Ой, қыз баланың қуанғанын көрсең.

Бейсекеңнiң бiр ауыз сөзiмен оқуға түстi . Оқуға түсiп қана қойған жоқ. Бес жыл бойына қаһарлы декан Темiрбек Қожакеевтiң қамқорлығында болды. Сөйтiп Меңдiгүл Шыңдалиева Бейсекеңнiң батасымен бақытын тапқандай болған.

Бiрде үйге Бейсекеңнiң туған жерi – Шымкент облысы, Бөген ауданынан аудандық газеттiң бас редакторы, ақын ағамыз Нармахан Бегалиев келдi баласын алып. Онжылдықты бiтiрген баланың талабы – журналистика.

Негiзi – Бейсекең кiндiгiн туған жерден үзiп алған кiсi. Оқта-текте ағасының қызы – Тәш апай болмаса, ешкiм хабарласып жатпайды, ешкiм елден келе бермейдi. Осындай жағдайда, Нармахан аға Бейсекеңнiң елмен байланыстырушы дәнекер азамат. Нармахан келгенде Бейсекең мiндетiн кiсiге артып, төсек тартып жатып қалған. Есi бiрде кiредi, бiрде шығады дейтiн жағдай. Өзiне келген бiр сәтте Нармаханды таныстырып, келген жұмысын айттым. Басын изедi Бейсекең. Күрмелген тiлiмен «Темiрбекке айт» дегендi ишара аралас бiлдiрдi. Уақыт, жағдай талғамай келiп Бейсекең көңiлiн сұрайтын Темкең уақыт, сағатында кiрдi үйге. Хал сұрады. Бейсекеңнiң жатысына налыды. «Академиктердiң келiншектерiнiң ықыласын аударған қайран Бейсекең!» – дейдi ишаралап. Оны Бейсекеңмен екеуi ғана түсiнiп жатса керек. Усанович па, Құдай-ау, бiреудiң атын атайды. «Еврейдiң профессорын тоқсанға келгенде трибунадан зорға түсiрiп, пенсияға зорлап жiбердiк. Кетпей бәле болды. «Лекция оқимын» дейдi. Өзi жүрiп тұрады. Ал, бiздiң қазақ профессорларының жатысы мынау. Сексеннен жаңа асқанда алшаңдай басып барып университетте лекция оқу орнына, қап, Құдай-ай! Бiздi де қорғайтын, қолдайтын аға керек. Жүрмiн ғой, мыңмен жалғыз алысып»!

Темкең шабыттана сөйлеп отыр. Бiрде торығады. Ондайда көзiне жас та үйiрiледi. Бiрде, айқай қалжың айтып, бөлменi басына көтерiп, қарқылдап кеп күледi. Бейсекең Темкеңдей сүйiктi шәкiртi айтқан әңгiмеге iштей iлесiп бiрде көзiне жас алып, бiрде езу тартып, жымиып қойып төсекте жатыр. Тезегiн өзi тастай алмай жатқан адамды Темкең екеумiз екеулеп ауызбен қыз көрсетiп, үйлендiрiп, тойын да жасап қоямыз.

Әңгiме арасында маған ымдады. Бөлмеге кiрген Дидар баланы – Бегалиевтi нұсқады.

– Не айтады? – дейдi Темкең маған қарап.

– Мына бала Бейсекеңдi туған жерiмен байланыстырып тұрған жалғыз жiп – аудандық газеттiң бас редакторының баласы. Осы баланы оқуға түсiрсiн – дейдi Бейсекең.

– Бiзге ме?

– Иә. Журфакқа!

– Кәне берi қарашы-ей, бала. Болатын бала ма, жоқ па? Атың кiм?

Бөлмеден Бейсекеңнiң шелегiн алып сыртқа шығуға беттеген бала жұмсақ үнмен өзiн таныстыра бастайды.

– Болды Бейсеке. Сiз айтқан соң, бiзде не тұрыс бар?! Тапсырмаңыз орындалады, Бейсеке! Шелек-шелек боқты төге бер, бала! Бейсекеңнiң боғы да дәрi, қарағым. Әлi шелек-шелек боқ төккенiң тарихқа айналады.

Бейсекеңнiң айтқанын бұлжытпай орындар едi Темкең. Жас ұлғайып, шау тартқан шақта адам баласы тұғырдан түседi. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин айтпақшы тауық та қолыңда жемiң болса шырқ айналады. Бейсекең қолында дән түгiлi дәнеңе де жоқ. Кеше Бейсекеңнiң көлеңкесiн сағалаған көп кiсi сырттап кеткен. Ал, шәкiрттерi адал. Мұхтар Мағауин жүр, «Бейсекеңнiң қолжазбасын қашан әкелесiң? Қаражатын дайындатып қойдым. Тезiрек қолжазбасын әкелiп, ақшасын алып кет. Бейсекең қисайып қалса – қиналып қаласың, бала!» – деп. Темкең жүр, төсекте жатқан ұстазының тiлсiз жүзiне телмiрiп. Менi тiлмәш етiп, тапсырмасын алып. Шынайы ұстаздықтың бiр көрiнiсi мiне, осындай едi.

«Асыл адам айнымас!» – деп Абай айтқандай, Бейсекеңдей ұстазы дегенде айнымаған, айну туралы ойламаған асыл шәкiрттiң бiрi – жарықтық Темкең, Темiрбек Қожакеев! Темкең ұстазға деген махаббатын, ыстық ықыласын, шәкiрттiк қызметiн қашан Бейсекең жарық жалғаннан өткенше бұлжытпай бойында адал сақтап өттi. Сол үшiн де Темкеңдi бiз үй-iшiмiзбен жүрегiмiзге терең ұялатқан едiк. Екi дүние арасында жатқан қарт адам бiрде әрi, бiрде берi болып қалады. Соның қайсысында да Темкеңе тез хабарласып отырар едiк. Бейне Темкең бiз үшiн бiр «жедел жәрдем» секiлдi.

Темкең ұлық тұтқан ұстазы соңғы демi бiтiп Ана – Жер-Ана қойнына бiржолата кеткен соң да ол кiсiнiң рухына адалдығын танытты. Сирек те болса «Амансыңдар ма?» – деп телефон шалатын. Дүние құбылып кеткен бiр заман болды емес пе? Темкеңнiң өз басына да бұлт үйiрiлдi емес пе? Партиядан шығарылып, қызметтен қуылып, көрмеген құқайды көрдi. Мойыған Темкеңдi көргенiм жоқ. А.С.Пушкин атындағы (қазiргi Ұлттық кiтапхана) кiтапханаға барып, «Ақ жол» секiлдi сотталған сөздердi ашып, қазақтың небiр қасқа мен жайсаң азаматтарын қайраткер ғана емес, қаламгер райында да қара тiзiмнен арашалап алып, қайта тұлғалап, халқына қайта таныстырып жатты. «Жыл құсы», «Көксеңгiрлер» кiтаптары солай келдi өмiрге. Сол кiтаптарды, ондағы журналистiк қырынан ашылып, қайраткерлiк биiгiне барып сабақтасатын шығармашылық портреттердi бас алмай, шөлiркей оқып отырып, Темкеңнiң өзге әрiптестерi секiлдi «мынау алыс, мынау жақын» деп бұра тартпай, беделге салмай, барынша әдiл бағалап жазғанына куә болдым. Аға – ағаламаған, бедел жағаламаған, турасын айтқан да қарап тұрған. Бұл – бiр жағы өзi де жалған жала жабылып, қолдан ұйымдастырылған қуғын зардабын көрген адамның 1937 жылы нақақтан-нақақ күйiп атылып кеткен жандардың тағдырын терең түсiнуi, қайта құруға байланысты ақтаңлақтарды ашуға өз тарапынан қолғабыс жасауы, қаламгер ретiнде үлесiн қосуы! Сонымен қатар, ұстазы Бейсекеңмен тiзе қоса еңбектенiп жазған қазақ баспасөзi тарихын зерттеудi заңды түрде одан әрi ұластыру. Бұл да кезiнде ұстаз ұсынған, тапсырған тақырыпқа адалдықтың куәсiндей. Темiрбек Қожакеевтiң сол екi кiтабында қазақтың небiр қасқа мен жайсаң азаматтары рухани ақталды, тарих толқыны аумалы-төкпелi күй кешiп, қазақ ұлты тәуелсiз ел боламыз деген ұлы ұмтылысқа түскен ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы талай аптал азаматтың ұлтын сүю, халқын құрметтеу, өз мүддесiнен халық мүддесiн жоғары қоя сөйлеген сөзiн тасқа басқан талай газеттiң өмiр-тарихын шын талқылап жазып, шынайы методологиялық жiтiлiкпен хатқа түсiрiп кеткен Темкең. Соның жуан ортасында өмiр сүрген уақытына орай журналист Бейсембай Кенжебайұлының шығармашылық портретi. Онда Бейсекең, қазақ баспасөзiне 20-шы жылдары келiп араласып, жаңа газеттердi негiздеушi, сөйтiп ұлт журналистикасын қалыптаушылардың қатарында, қазақ баспасөзiнiң тарихын ұлттық тұрғыдан зерттеушi, онымен шектелмей қазақ журналистикасы теориясын жасаушыларды бiрi болғанын әдiл айтып бередi. Бейсекеңдей ұстаздың ұстаздығын, оның әдебиет тарихы саласындағы реформаторлығын да жеткiзiп зерттеп, жетелi баяндаушы да – Темiрбек Қожакеев!

1994 жылы Бейсембай Кенжебайұлының туғанына 90 жыл толды.

Тәуелсiздiкке қол жеткiзген елiмiз қуана тойлап, қол соғатын бiр әдемi сәт деп ойлағанбыз. Олай болмады. Бiр жағы өмiр бойы сыртта өсiп, сырттап қызмет iстеп туған ауыл, облысымен байланысты ойламаған фидайылық әсерi шығар, бiр жағы қасиеттi перзентi қадiрiн бiле бермейтiн марғау пейiлдiң самарқаулығы болар, әйтпесе атасын тексерiп ала қоятын өңiрдiң суықбауырлығы ма, әйтеуiр, Бейсекең тойы баспасөз бетiнде қаншама жазып, мәселе көтерiп жатқанымызға қарамастан алға бiр жылжымай қойды. Бейсекең туған өңiр, жылы жақтан үп еткен жылы самал еспедi. Амалсыз сол кезгi Мемлекеттiк хатшы, халқымыздың дана перзентi, кiсi қадiрiн бiлетiн Әбiш аға Кекiлбайұлына хабар жеткiздiк, мәнсiз жайды аңғарттық. Өзi де Бейсекеңдей ой шешенiнiң шәкiртiмiн деп есептейтiн Мемлекеттiк хатшы бiлек сыбанып кiрiстi де мәселе оң шешiлдi. Туған жерiнде Бейсекеңдей әзiз ұстаз, ғажайып табанды ұлтшыл ғалымды елiмен, туған жерiмен қайта қауыштырар той жоспарланды. Комиссия жауапты хатшысы ретiнде делегация құрамын жасақтауға атсалыстық. Әрбiр шәкiртiн туған баласындай көретiн ұстаз тойына кешегi бала бүгiнгi бас сөздi айтып жүрген шәкiрттерiн алаламай-бөлмей iрiктеп қостық. Жуан ортасында – Темiрбек Қожакеев.

Тұтас бiр вагонды алып оңтүстiкке беттеген қонақтар арасында гу-гу әңгiме, бейресми сұхбат. Қарсы алдында отырған Рымғали Нұрғалиұлы қайдағы сұрақтарды қойып, Темкеңдi сөйлетiп отыр.

– Сонда не дейдi бұлар Сiзге, Темке? Коммунист болса – Сiздей-ақ болсын, декан болса – Сiздей-ақ болсын. Не iстемедiң дейдi бұлар Сiзге?

– Бiр сөзбен айтайын ба?

– Өз еркiңiз. Бейсекең туған Бөгенге жеткенше екi құлағым Сiздiкi…

– Бiр сөзбен айтсам «Өлтiремiз» – дейдi.

– Сiз өлмей қала бересiз. Қазақтың «бессмертный Кощейi».

– Ей, неге өлейiн? Оларға қор қылғанда өлмей қала беремiн. Және ештеңе болмағандай жүремiн. Жауларымның жыны келедi. Ең болмаса ерi мойнына кетiп, ұнжырғасы түсiп, мұрнынан боғы ағып жүрсе дейдi. Мен өйтпеймiн. «Кесiп ал» – деп қарап тұрамын. Ол жаналғыштарыма ұнамайды. Ұнамаса қайтейiн? Ұстазымыз Бейсекең өнегесi. Басыңа iс түссе, бұқпа! Басыңды көтерiп жүр. Дұшпаныңның мысы басылады» – деп үйреткен. Есiңде ме, доктор боламыз деп Бейсекең екеумiздiң қырғыз баратынымыз, одан iз тастап Әзiрбайжан өтiп кететiнiмiз. Қожакеев көрген құқай бiр бұл емес…

Әңгiме ауаны Бейсекеңе ауысады.

Расында Темiрбек Қожакеевтiң Желтоқсан оқиғасының алдындағы «қоғамды Андроповтық тазалау» мен Колбиндiк кейiнгi құйында көрмегенi жоқ. Партиядан шығарылды. Жұмыстан қуылды. Тiптi, аспирантурада оқып жүрген ұлы – Мәдеттi де оқудан шығарып жiбердi. Шаш ал десе бас алатын әпербақандықтың әсерi. Кейiн партиялылығы қалпына келген соң жұрт уақыт ауанына қарай партбилетiн өздерi тапсырып жатқанда Темкең былқ еткен жоқ, партбилетiн қалпына келтiрумен жүрдi, өмiрден коммунистiк партия мүшесi болып өттi. Мiне, қайсар қазақ!

Бейсембай Кенжебайұлының туғанына 90 жыл толуы облыста жақсы аталып өттi. Шәкiрттерi ақжарылып сөйлеп, ақтарылып сыр айтты. Ұстаз ұлылығы, талант тұғырлылығы, ол қозғаған тарих тұңғиықтығы соның бәрiн ұлттың көркеюiне қалтқысыз жұмсаған Бейсекең данышпандығы тiлге тиек етiлдi. Мемлекеттiк хатшының бағалауға толы құттықтау хаты оқылды. Мiне, осы тойда «бiрiншi», «екiншi», «үшiншi», «төртiншi» деп ұстаз ерлiгi мен өрлiгiн саусақпен санап, қолмен қойғандай етiп сөз сөйлеген ақадал шәкiртiнiң бiрi – Темкең – қайтпас қайсар қазақ Темiрбек Қожакеев болды.

Той тарқады.

Ауыл-ауылымызға қайттық. Өмiр бойы ой кешiп өткен ойлы адамның тойынан ой кешiп қайттық. Мен ол кезде Түркiстанда – Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнде доцентпiн. Түркiстанға қарай жол тарттым. Қонақтар Алматыға аттанды. Көзiммен шығарып салып, Алматыға деген қимастығым сағынышқа айналып туған Түркiстанға қайттым.

Ауылдың алыстап кетуiнен шығар, әйтеуiр Бейсекеңнiң өзге шәкiрттерi секiлдi Темкеңмен де байланысым сиредi. Түркiстаннан Шымкент ауысып, облыстық әкiмдiкте бiраз жыл қызмет атқарып қара орын – қара шаңырақ – Түркiстанға 2003 жылы қайта оралдым. Бұл жолғы қызметiмнiң түрi – Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң вице-президентi. Қызмет еткен жерiңнiң мүддесiн алдымен ойлайсың. Ол заңды. Қызмет соңынан кетiп бiраз жыл суыған қалам iсiмен бiрге, жаныңа жақын жақсылығын көп көрген қимас жандарды да iздей бастайсың. Сол iздеген қимас ағалардың бiрi тағы да Темiрбек Қожакеев болыпты. Жақсы лектор, бiр жанрдың бiлгiрi тұтып Түркiстанға қызметке шақырыппын. Сол бiр сәттi күнделiкке былай түсiрген екенмiн:

«ТЕМIРБЕК ҚОЖАКЕЕВ

Жақында Темкеңмен телефон арқылы сөйлестiм. Кәдiмгi профессор Темiрбек Қожакеев.

Барлық жерден шеттетiлген, содан да жетiмкөңiл болып жүр екен. Телефондағаныма қуанып қалды. Алғысын жаудырып жатыр. Рас шеттетiлген. Темағаңның өзiнен де бар. Мiнезi жайсыз. Жүрген ортасына сыйымсыз. Өзiмде кемшiлiк бар-ау, менiкi қате-ау деп сiрә да ойламайды. Тек «алға!» Ұстаған жерде тырнағы, тiстеген жерде тiсi қалады. Бала-шаға, кәрi-құртаң, алыс-жақын деген ұғым жоқ ол кiсiде.

Бiрақ, осы кiсiде бiр жақсы мiнез бар. Өз көңiлi жеткен жерге – адал. Бiрiншi – сатира жанрына адал. Қазақ сатирасының барын бағалап, жоғын жоқтап, тарихынан тартып бүгiнiне дейiн желiлеп алып келген осы кiсi. Сатира теориясы дейсiз бе, тарихы дейсiз бе, Темiрбек Қожакеев еңбектерiнен табасыз. Бұл сатира саласында ол – мектеп.

Содан соң, осы кiсi ұстазы Бейсекеңе (Кенжебайұлы) мейлiнше адал болды. Ол кезде Темкең декан болып дүрiлдеп тұр едi. Бейсекең төсек тартып жатып қалған. Темкең аптасына екi-үш рет арнайы келiп Бейсекеңнiң көңiлiн сұрап тұрды. Мереке сайын өз қолымен ашық хат (открытка) жазып, құттықтаудан бiр жаңылған, жазған емес. Бейсекең ауырып жатып Темiрбекке тапсырма беретiн. «Мына баланы оқуға түсiр»-дейдi. Өтiнiш формасында емес, бұйрық формасында айтады. Айтқаны орындалады. Қалай риза болмассың?!

Асылы, кiсi дүниеден жақсылық iздей бiлуi керек. Кiм болғанда да кiсi бойынан жақсы мiнез, жайсаң қасиеттер iздеуi керек. Iздесе – табады. Темiрбек Қожакеев ағамыз бойынан мен жақсылық iздеймiн. Сол жақсылықты табамын. Содан хабарластым. Қуанып қалды. «Менi де iздейтiн кiсi бар екен ғой»-деп қалжыңдап қояды.

Хабарласқан себебiм:

1. Бiздiң журналистика кафедрасына келiп, дәрiс берсе.

2. «Бейсембай Кенжебайұлының кабинетiн ашып едiм. Облысқа қызметке кетсем, жаңа басшылық кабинеттi жауып, әрiптес бiр ағамыз iшiндегi кiтаптарын алып кетiптi. «Кабинет ашқаның жақсы екен. Тапа-талтүсте үптеп кеткен кiм? Масқара!» – дедi ол. Соған кабинеттi қалпына келтiру үшiн өзiңiздiң жеке кiтапханаңыздан кiтап берсеңiз. Айта алмай тұрмын, тiптi кiтапханаңызды түгел бiзге берсеңiз. Тiзiмдеп алып, өз атыңыздан қояр едiк. «Беремiн кiтап, беремiн. Бейсекеңнен бөлектейтiн не бар? Бейсекеңдi бас етiңдер. Шәкiрттерiнiң кiтапханасын сонда қойып төбесiне бiр-бiр сурет iлсеңдер жетiп жатыр.»

Екi өтiнiшiммен де келiстi. Қанша айтқанда ескi кадр. Журналистер: «Темiрбек Қожакеевтi көрген едiк, тыңдаған едiк, бiлiм алған едiк» – деген сөздiң өзi не тұрады?!

20 шiлде, 2003 жыл».

Иә, күнделiгiме осылай деп жазыппын.

Бiрақ, Темкең Түркiстанға келе алмады, халықаралық университет студенттерi оның дидарын көрiп, шебер оқылар дәрiсiн тыңдай алмады. Екеуара әңгiмеде денсаулығы жөнiнде тiс жарып ештеңе айтқан жоқ едi. Сөйтсек, соңғы кезде денсаулығы сыр берiп жүредi екен. Бiраз уақыт өткен соң Темкеңнiң дүние салғанын естiдiк. Ұлы Мәдет хабарлады. Жылап тұр. Ата-ана баланы өлгенiмде жыласын деп табатын болуы керек. Барып топырақ салғым келдi-ақ. Ретi келмедi. Түркiстанда тұратын замандас досы Рахаң – Рахманқұл Бердiбайды жарақтап жолға дайындадық. Маған Темкең жарықтық оңайлықпен шағылмайтын шымыр жаңғақ секiлдi елестейтiн. Кеңестiк қоғамда шағылмаған «шымыр жаңғақты» ажал шiркiн шақты… Кiмдi, ненi шақпаған ажал! Аптал азамат жалғасы бар. Соңында қалған iз бар. Одан берi бiрсыпыра жылдар өттi. Азат жеңгей де қайтыс болды. Жақсы жандар едi. Салған бiр уыс топырағымыз, оқытқан дұғамыз осы, естелiк болсын! 14 қыркүйек, Түркiстан қаласы

Құлбек ЕРГӨБЕК