Дүйсенбі, 28 Қараша, 2022

АТЫРАУДА КӨПIР ҚҰЛАДЫ...

Соңғы уақытта төбеңнен жай түсiретiндей оқиғалар көбейiп кеттi, тiптi. Телеарнаны ашсаңыз да, баспасөздi парақтасаңыз да, көретiнiңiз “сұмдық” оқиғалар… Құлаған, қираған, жарылған, өртенген…

Сондай сұмдықтың бiрi өткен аптада Атырауда болды. Бұл жолы салынып жатқан көпiр құлапты. Оқиға қыркүйек айының 11-күнi кешкiлiк сағат 7-лер шамасында болды. Жайық өзенi үстiнен салынып жатқан көпiрдiң ұзындығы 106, енi 18 метр болатын бiр бөлiгi суға құлаған. Негiзiнен көпiрдiң жұмысы өткен жылы басталып, биыл пайдалануға берiлуi тиiс екен. Апат болған кезде көпiр құрылысында жұмысшы болыпты. Оның үшеуi дер кезiнде құтқарылған да, қалған сегiзi iз-түзсiз жоғалып кетедi. Алғашқы iздестiру нәтижелерiнiң арқасында бес адамның мүрдесi су астынан табылды. Қалған үшеуiнiң әлi де белгiсiз екендiгiн айтады баспасөз беттерiнде.

Жалпы, көпiрдiң екi жағын қосу үшiн 30-ақ см. қалған екен. Мұнда жұмыс iстеп жатқандардың бәрi Алматы, Қызылорда облыстарынан келiптi. “Трансстроймост” компаниясы салып жатқан көпiрдiң не себептi құлағанын қазiр анықтау үстiнде.

Кейбiр деректерге сүйенсек, көпiрдiң құлауының екi түрлi себебi болған сияқты. Оның бiрiн құрылыс технологиясының бұзылуынан iздейдi. Ал, облыстық ТЖД-нiң бастығы Жасұлан Жұмашев: “алдын ала белгiлi болған мәлiметтер бойынша, көпiрдiң ортаңғы бөлiгi жылжымалы тiрекке бекiтiлген домкраттардан тайып кетiп, соның салдарынан көпiрдiң орта тұсы ауыр салмақты көтере алмай құлап түскен” дегендей болжам айтады.

Әзiрше, iздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жергiлiктi билiк марқұмдардың үйiне хабарласып, жерлеу рәсiмiне көмектi өз мойындарына алуда. Өзеннiң бойындағы және оның айналасындағы қозғалыс түгелдей тоқтап тұр. Апат болған жердi полиция қызметкерлерi тұтастай бақылауға алған.

Елбасы аталмыш оқиғаға байланысты үкiметке, Атырау облысының әкiмiне зардап шеккендердiң отбасыларына материалдық көмек пен қолдау көрсетудi тапсырды.

Гүлзина Бектасова

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button