ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ АҚСАҚАЛЫ
ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ АҚСАҚАЛЫ
Бұл адам туралы көп айтуға болады – бәрiбiр тыңдаушысы жалықпас едi.
Бұл адам туралы ештеңе айтпай-ақ, оның камерасынан туған ғажайып дүниелерге зер сала қараудың өзi де жеткiлiктi.
Бұл адам туралы аңыз тәрiздi әңгiмелер де көп – бiр ғажабы осы аңыз ақиқатпен астасып жатыр.
Әлi есiмде, Москва Мемлекеттiк тарих-архив институтында оқып жүрген кезiм болатын, қолыма 1927 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан қалың кiтап түстi. Бұл – “Икд әл-Жұман” (“Iнжу алқа”) деп аталатын мақалалар жинағы екен. Жинақтың негiзгi атынан соң: “В. В. Бартольдке – түркiстандық достарынан, шәкiрттерiнен, талантын құрметтеушiлерден” деген арнау сөз жазылыпты. Мен осы кiтаптан “Жұт жылы” деп аталатын мақаланы оқығаным бар, бiрақ мақала авторының кiм екенiн анықтау мүмкiн болмады.
Арада көп жыл өттi. Мен “Қазақфильм” киностудиясының сценарий бөлiмiне редактор болып келдiм. Деректi киноның мамандарымен тез-ақ достасып кеттiм.
Әдеттегiдей жұмыс күндерiнiң бiрi едi. Есiгiнде “Шоқан Уәлиханов” фильмiнiң аты жазылған тақтайшасы бар бөлмеден Мәжит Бегалинмен бiрге ұзын бойлы, тығыршықтай денелi, жинақы, ширақ қимылды жiгiт шықты. Мәжит менi оған таныстырды:
– Бұл жiгiт – менiң жерлесiм. Жақында Құрманғазы туралы сценарий жазды, – дедi ол.
– Қайдағы жiгiт, шикi жас емес пе? Тым ерте бастаған жоқсың ба, шырақ? – деп ұзын бойлы адам маған сенiмсiздеу қарады.
Шынын айтсам, бұл кiсi маған онша ұнаған жоқ. Мен есiктегi тақтайшаға қарадым да, сөзiмдi жiбергiм келмей:
– Мүмкiн… Бiрақ менiң де уақытым келер, – дедiм. Бұл сөздi айтқан кезде тақтайшадағы жазуға қараған себебiм – онда “Шоқан Уәлиханов” фильмi, “Оның уақыты келедi” деп жазылған болатын. Кейiнiрек бiлсем, ол кiсi – осы Шоқан Уәлиханов туралы фильмге операторлыққа бекiтiлген екен.
Менiң архивтi зерттеушi тарихшы екенiмдi бiлген Ескендiр аға бiр күнi маған “Шыңғыс хан тұсындағы газ соғысы” деген мақала әкелдi. Мақалада сонау баяғы өткен ғасырлардағы газ соғысы туралы қызық-қызық мәлiметтер бар-ды. Алматыға келгеннен кейiн мен “Икд әл-Жұман” кiтабын тағы да кездестiрдiм, бұл жолы осы жинақтағы “Жұт жылы” атты мақаланың авторы кiм екенiне де көз жеткiздiм. Мақала авторы – бүгiнгi той иесi Ескендiр ағаның әкесi екен. Осыдан соң менiң қолыма 1926 жылы шыққан “XVII – XVIII ғасырлардағы қырғыз-қазақтар” деген кiтаптың фотокөшiрмесi түстi. Осы бiр сирек кездесетiн кiтаптың авторы да бiздiң Ескендiр ағаның әкесi екен. Кейiнiрек бiлсем, ол кiсiнiң көптеген еңбектерiн, мақалаларын тарихшылар мен өлкетанушылар мол пайдаланған көрiнедi.
Ойлап отырсақ, Ескендiр ағаның ес бiлгеннен бергi саналы өмiрi осындай ортада – тарих шежiресi iспеттi, өлкетану сырларын ашатын сирек кездесетiн кiтаптардың ортасында өтiптi; белгiлi ақындардың жыр-дастандарын да ол бала кезден құлаққа кұйып өскен. Қазақстанның өнерi мен мәдениетiнiң болашақ қайраткерлерi де осы үйге жақын жүрер едi.
Той иесiнiң өмiрiндегi бiр құпия жайды айтуға тура келiп отыр. Ленинград (Сант-Петербург-ред.) политехникалық институтының электромеханика факультетiнiң студенттерi сол жылы жазғы демалысқа шықпаған болса… Егер сол жылы, 1929-дың жазында, “Шығыскино” фирмасының қазақ бөлiмiнiң (ол кезде қырғыз бөлiмi аталатын) басшысы Iлияс Жансүгiровтың өзi қолқа салмаса, бұл күнде қазақ киносында Ескендiр Тынышбаев сынды тамаша шебер болар ма едi, болмас па едi. Қазақ киносы ендi ғана шаңырақ көтерiп, алғашқы уықтарын шаншып жатқан кезде, осындай үлкен iстiң басында Iлияс Жансүгiров сынды қазақ әдебиетiнiң алыбы болғаны қандай жақсы едi десеңiзшi!
Бiздiң бәрiмiз де “Ұлы Отан соғысы” атты деректi киноэпопеяны үлкен ынтамен тамашаладық. Фильмнiң көркемдiк жетекшiсi әлемге әйгiлi кинематоргаф, деректi лентаның шеберi, Роман Кармен болатын. Сонау отызыншы жылдардың басында-ақ Роман Кармен мен Ескендiр Тынышбаев екеуi бiрiгiп, “Алыстағы Шығыста” атты фильм түсiрген-дi.
Кинематорафистердiң туысқан елдердегi өз әрiптестерiнен шын ықыласты көмегiн аямайтынын еске алсақ, оларды нағыз интернационалистер деп айтуға болады. Ескендiр Тынышбаевтың осыдан жарты ғасыр бұрын Түрксiб құрылысынан түсiрген сирек кадрларын, осы кинокөрiнiстердегi халықаралық деңгейдегi көрнектi қайраткерлердiң сақталып қалған жарқын бейнелерiн тек бiздiң кинематографистерiмiз ғана емес, шетел киносының шеберлерi де пайдаланып жүр. Ескендiр аға Бурят-Монғолияның еңбекшiлерi туралы алғашқы көркемсуреттi фильмдi жасауға қатысты. Фильм “Батыстағы киiз үйден шыққан қыз” деп аталатын. Қырқыншы жылдары ол өзбек кинематорафистерiмен бiрiгiп, “Қожанасыр Бұхарада”, “Қожанасырдың хикаялары”, “Тахир мен Зухра” тәрiздi тамаша ленталарды жасауға қатысты.
Кинооператор Е. Тынышбаевтың творчестволық қоржынында отыздан астам деректi фильм, жиырма шақты телевизиялық фильм, он мыңнан астам “Советтiк Қазақстан” киножурналының сюжетi бар. (Бұл – 1961 ж. дейiн – Ред) Ол – “Дала қызы”, “Түнгi оқиға”, “Ана мен бала”, “Ақ қайыңды алқап”, “Шоқан Уәлиханов” фильмдерiн жасауға қатысты. Осылардың iшiнен мен бүгiнгi той иесiнiң “Бiз – Жетiсуданбыз” фильмiндегi жұмысын ерекше бөлiп атар едiм. Осы фильмдегi көптеген күрделi де қызықты көрiнiстердi түсiруде картинаның бас операторы Ескендiр Тынышбаевқа көп жылдық өмiр тәжiрибесi, бала кезгi ұмытылмас әсерлерi кемекке келдi. Өз өмiрбаянының есте қалған деректерi бала кезден-ақ iс-әрекетi, мiнез-болмысымен көңiлде жатталған адамдар, Жетiсудың ғажайып әсем келбетi – осы фильмде осылайша көркемдiк шешiмiн тапқан едi. Е. Тынышбаев өзiнiң қай туындыларында да туған даласының жыршысы ретiнде көрiнедi. Iле Алатауының ақ басты шыңдарын, Жетiсудың жасыл алқабын оператор поэзия тiлiмен сөйлетедi. Ертiс бойындағы Абай мекенi туралы сегiз минуттық лентаны алыңыз. Оператордың туған жер келбетiн ерекше сүйiспеншiлiкпен жырлай алатынына тағы бiр көз жеткiзесiз.
Үстiмiздегi жылы ол “Қазақстаным – жерiм менiң”, “Ширек ғасыр” атты толық метражды фильмдердi түсiруге қатысты.
Мен оператордың сергектiгi мен байқағыштығына таң қаламын. Бiрде мен оны Михаил Роммның “Кинорежиссура туралы әңгiмелер” кiтабын ұстап жүрген кезiнде кездестiрдiм.
– Сiзге кинорежиссура неге керек? Оператор емессiз бе? Онан да Урусевский, Андриканис, Кармендi оқысаңызшы…
Ескендiр аға салмақты жүзбен былай деп жауап бердi:
– Мен сенi жеңiл ойлы жiгiт деп ойламаймын. Әлде сен менi әдейi ашуландырғың келiп тұр ма?
– О не дегенiңiз Ес-аға, – дедiм, мен абдыраңқырап.
– Олай болса тыңда. Мұны бiлген саған артық болмайды. Мұнан соң ол Роммның кiтабынан үзiндi оқыды: “Скиф қорғандарының бiрiнен бұғы бейнесi салынған сурет табылыпты. Ол өте таңқаларлық күрделi қалыпта бейнеленген: төрт аяғын жануар iшiне бүгiп алыпты. Көп жылдар бойы осы сурет туралы талас-пiкiрлер жүрдi. Бiреулер: бұғы бейнесi шартты түрде осылай салынған десе, екiншiлерi бұл шыншыл сурет деп қарсы дау айтатын. Шынында да, бұғының осындай ерекше қалыпта бейнелену себебi нелiктен? Тағы да әртүрлi болжамдар айтылды. Бiреулерi: “бұғының бұл жатысы халықтың тұрмыс-дәстүрiне байланысты ерекше салтты ишара етедi” десе, екiншiлерi: “бұғы суретi салынған пластиканың кiшкентайлығы осы бейненi жинақы қалыпта салуға мәжбүр еткен”, – деген қарсы пiкiрде болды. Ал шынына келгенде, бұғының осылай бейнеленуi шындыққа сәйкес болып шықты. Олар секiрген кезде, өзiнiң ең биiгiне жеткен шақта аяқтарының бәрiн бауырына жинап алады екен. Операторлар мұны кино түсiру кезiнде анық аңғарды. Мұндай сәт жай көзге көрiне бермеуi мүмкiн, байқағыш құрал секундтың белгiлi бiр бөлiгiнде олардың осындай қалыпта болатынына көрiнiстi жаймен түсiру кезiнде анық кез жеткiздi”. Мiне, солай, құрметтi менiң архившiм, – дедi Ескендiр аға.
– Сiздiң жанарларыңыз сол скифтер тәрiздi өте байқампаз. Бiздiң шопандар сайын далада жүрген кезде күндiздiң өзiнде көк тұңғиығындағы жұлдыздарды байқай алады деседi. Осы сөз шындық па? – деп сұрадым мен одан.
– Иә, солай екенi рас. Бiздiң данышпан ақсақалдарымыз хайуанаттар мен табиғат тiршiлiгiнен жай көз байқай бермейтiн көптеген сырларды көкiректерiне түйiп алған ғой.
– Көп жасаған адам, әрине, көп түйедi. Ақсақал деген атау бекер берiлген дейсiз бе? – деп мен тағы да қыстырыла қойдым.
– Әй, шырағым-ай, қой басын ұстайтын ақсақалдар да бар, ой басын ұстайтын ақсақалдар да бар. Ақсақалдық адамның жасымен келе ме? – дедi ол.
Мен көптi көрген, сол ғұмырында көкiрегiне көп нәрсенi түйе бiлген ақсақалмен таласудың қиын екенiн мойындадым. Иә, ол қызық та қиын өмiрдi бастан кештi. Ол туралы көп айтуға болар едi, бәрiбiр тыңдаушылары жалықпас едi. Тiптi, бұл адам туралы ештеңе айтпай-ақ, оның камерасынан туған ғажайып дүниелерге зер сала қараудың өзi де жеткiлiктi.
Амантай САТАЕВ