Айтыс сахнасында жарқ етіп көрініп, кейіннен көпшілік көзіне сирек түсе бастаған ақын Сара Тоқтамысова Динара Сәтжанның сұхбат алаңында өзінің ұзақ үзілісінің шынайы себебін алғаш рет бүкпесіз баяндады, деп хабарлады turkystan.kz.
Ақынның айтуынша, барлығы жеті жыл бұрын Қарағандыда өткен бір ауқымды айтыстан кейін басталған.
"Сол айтыс кезінде Жүрсін аға екеуіміздің арасында түсініспеушіліктер орын алды. Қазір ойласам, балаң көңілмен жасаған реніш болған секілді. Ол кезде ол кісі жағдайдың бар мән-жайын білмеген де шығар. Кейінірек бір телебағдарламада мен туралы: «Сара жүлдеге ілікпей қалғанына ренжіп, айтысты тастап кетті» деп айтыпты", — дейді ол.
Сол жолы финалға Сара мен Жансая Мусина қатар шыққан. Екеуінің ұпайы тең болған.
"Ішімнен финалға шықпайтын шығармын деп тұрғанмын. Сөйтсем, Жүрсін аға келіп: «Жансая, сен финалға өттің, дайындала бер. Сара, сен көйлегіңді ауыстыр да, отыра бер» деді. Сол сәтте көңілім құлазып, көкірегіме өксік тығылып, көзім жасаурап кетті. Бұрын-соңды ондай сөз естімеп едім", — деп еске алды Сара.
Осы жағдайдан соң сахнада тұрғанда-ақ Жүрсін Ерман оның көңіліне қарағандай болып: «Келесі айтыс – Кейкі батырға арналады, соған дайындал» деген. Алайда Сара бұл кезде ішкі шешімін қабылдап үлгерген.
"Оған дейін де айтыстардан тыс қалып жүргенмін. Сол сәтте: «Жүрсін аға, мен енді айтысқа оралмаймын, мен үшін бұл аяқталды» дедім де, грим бөлмесіне барып ұзақ жыладым", — дейді ақын.
Осы оқиғадан кейін сахнадан шеттеп, кәсіпкерлікке ден қойған ақын араға жеті жыл салып Қызылордада өткен айтыста қайта бой көрсетті. Сол жерде жүрегін босатқан бір жырын Жүрсін Ерманға арнаған.
"Қызылордада өткен сол айтысқа ол кісі келе алмады. Егер қатысса, шын көңілден өнер көрсетіп, бұрынғы өкпемнің қалмағанын білдіргім келетін. Бірақ ол кісі жоқ болғандықтан, арнайы жырым арқылы ішкі жүгімді жеңілдеттім. Айтыс болардан шамамен бір жыл бұрын Жүрсін аға қатты сырқаттанып қалған еді. Жолдасым екеуміз халін сұрауға бардық. Ол: «Айтыстан неге алшақтап кеттің, мен сені шеттетпедім. Сен сияқты адамдар сол ортада жүруі керек қой», – деді. Мен болсам: «Біз тек сіздің жағдайыңызды білуге келдік, аман-есен жүрсеңіз болды» деп жауап бердім. Сол кездесуде айтылған әңгіме – осы ғана", — деп түйіндеді Сара Тоқтамысова.