ҚАЗАҚТАР КЕЛIСIМНЕН БАС ТАРТТЫ

ҚАЗАҚТАР КЕЛIСIМНЕН БАС ТАРТТЫ

ҚАЗАҚТАР КЕЛIСIМНЕН БАС ТАРТТЫ
ашық дереккөзі
368

Прагадағы саммитте қазақ, өзбек, түркiмен Nabucco жобасын 2009 жылдың маусымында жүзеге асыруға мiндеттейтiн деклорацияға қол қоюдан бас тартты. Нақты мiндеттердi айқындап барып, iске кiрiсудi жөн санайтын посткеңестiк елдердi көндiру оңайға соқпасы анық. Әрi Ресей орталықазиялық мемлекеттердi Еуроодақпен серiктестiк орнатудан бас тартуға ықпал етуге жанталасуда. Сонымен, мүдделер қақтығысына жол берген екi жоба бар: кәрi құрлық тарапынан – Nabucco, ал орыстардан – “Оңтүстiк ағын”.

Ресейлiк көмiрсутегiлерге деген тәуелдiлiктен құтылуға құлшынған Еуропалық Одақ 8 мамыр күнi Прагада кәрi құрлықтың ең iрi жобасы – Nabucco газ құбырының тағдырын талқыға салатын жиын өткiздi. Еуропалық Одақ, Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы елдердiң өкiлдерi бас қосқан бұл саммитке АҚШ, Украина, Ресей бақылаушы ретiнде шақырылды. Әзiрбайжан, Египет, Грузия мен Түркия қуана қол қойған құбыр құрылысын салуға қатысты деклорациядан Қазақстан, Түркiменстан, Ирак пен Өзбекстан бас тартты. Ассошейтед Пресс агенттiгiне берген сұхбатында “Орталықазиялық елдер деклорацияға қол қоюдан қауiптенедi. Олар тек нақты мiндеттер жүктелетiн келiсiм-шарттарды ғана қабылдауды қалайды” деп мәлiмдеген АҚШ-тың Орталық Азиядағы энергетика мәселесi жөнiндегi өкiлi Ричард Морнингстар көмiрсутегiлерге бай посткеңестiк елдердiң жоғары дәрежелi шенеунiктерiнiң прагалық саммитке ат басын бұруының өзi көңiлге үмiт оятатынын айтады.

Бастапқыда жалпы құны шамамен 7,9 млрд. еуро болады деп жоспарланған еуропалық құбырға қазiр мамандар 10 млрд. еуро қажет деп отыр. Оның 4 млрд. еуросын бөлуге Еуропалық комиссия екi апта бұрын шешiм шығарып қойды. Құбырдың тасымалдау қуаты – жылына 31 млрд. текше метр. Ресми мәлiметтеге сүйенсек, Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы елдерге тиесiлi табиғи газдың жалпы көлемi бүгiнде 82 трлн. текше метрге тең. Бiрақ балама жолдарды салу экономикалықтан гөрi саяси кедергiлерге толы. Әрине, әрбiр елдiң алдымен ұлттық мүдделердi жоғары қоятынын ескерсек, кез келген мәселенi өз пайдасына шешiп алуға ұмтылуы щаңды. Мысалы, Прагадағы жиында Nabucco жобасына 1-2 айдың көлемiнде қол қоюға уәде берген түрiктер кәрi 40 жылдан астам уақыттан берi келе жатқан Еуроодаққа мүшелiкке өтуге қатысты дауды шешiп алуға талпынуда: “сен – маған, мен – саған”. Ал ядролық бағдарламасының кесiрiнен әлемдiң қауымдастықтың қаһарына ұшыраған Иран АҚШ пен Батыстың көңiлiн Nabucco арқылы жiбiтсем дейдi. Әзiрге Вашингтон мен Брюссель Тегеранға жылы қабақ танытып отырған жоқ. Оның үстiне, Иран ЕО-мен жақындасқан күннiң өзiнде БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнде Пекинмен бiрге Тегеранды қызғыштай қорып жүрген Мәскеу ирандықтардың Еуропаға қарай ұмтылған талпынысын құптай қоймасы анық. Әрине, энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету шараларына көңiлдерi толмайтын ЕО мүшелерi ресейлiк газға байланып қалған тәуелдiлiктен құтылудың балама жолдарын табуға мүдделi. Мысалы, Еуропалық Одақтың алдында Nabucco құбырынан басқа Түркия, Италия мен Грекия жерiн жалғастыратын газ құбыры мен гүржiлер жерiнен кәрi құрлыққа жол тартатын “Ақ ағын” тұр. Алайда, батыстық сарапшыларды алаңдатқан мәселе бар: өзге мемлекеттерге өктем сөйлеп, қысым жасауға етi үйренiп кеткен Ресей өз жобасы – “Оңтүстiк ағынды” iске қосу үшiн Қазақстан, Түркiменстан, Өзбекстанға тиесiлi “көгiлдiр отынды” тек өзiне ғана сатуға мәжбүрлеуi мүмкiн. Астана, Ашхабад, Тәшкеннiң әлi де Мәскеудiң көңiлiне қарап, жалпақтаудан арыла алмай жүргенiн ескерсек, еуропалықтарды түсiнуге болады. Оның үстiне, бiрталай жылға “азық” болған Nabucco газ құбырының “жыры” әлi бiтер емес. Егер посткеңестiк елдер Ресейдiң ықпалынан шыға алмаса, энергоқорларды уысында ұстаған Мәскеудiң кесiрiнен еуропалық нарықтағы табиғи газ құны қымбатқа түседi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары