“ОЙПЫРМАЙ” КОМЕДИЯ МА, ӘЛДЕ ТРАГЕДИЯ МА?!

“ОЙПЫРМАЙ” КОМЕДИЯ МА, ӘЛДЕ ТРАГЕДИЯ МА?!

“ОЙПЫРМАЙ” КОМЕДИЯ МА, ӘЛДЕ ТРАГЕДИЯ МА?!
ашық дереккөзі
224

Бұл фильмнен режиссер не ұтты?

Бiз бүгiн, қазiргi күндi айтам, жүдә, кино түсiргiш болып алдық. Камераны қолға алып, қалаған музыканы таңдап, сосын бiр оқиғаның негiзiнде фильм түсiруге кiрiсiп-ақ кетесiз. Iшiне бiр-екi кейiпкер қойып, арасында “эротика” жасалса, тiптен қатып кетедi. Осылайша, режиссерлiк деген кәсiптiң бел ортасына ендiңiз де кеттiңiз. Сосын, кинотеатрмен келiсiп, көрермендi жинасаңыз, айналасы бес-алты айдың iшiнде атыңыз дүркiреп шыға келедi.

Бұрын фильм түсiру үшiн кәдiмгiдей көп уақыт, соншама күш-жiгер жұмсаушы едi. Ақылдастар алқасы, көркемдiк кеңес дегендер болатын. Оның маңайында елге танымал тұлғалар жүретiн. Музыкасын талантты композитор жазса, сценарийiн мықты қаламгер дайындап, режиссурасында қазақ кино өнерiне жаны ашитын азаматтар жүретiн едi. Қазiр тiптен оңай, бұрынғыға мүлдем ұқсамайды. Ең бастысы, идея болса жетiп жатыр. Қолыңызға қаламыңызды аласыз да, әуелi қағазға түсiресiз. Сосын, сол сценарийдiң желiсiнде киноңызды түсiрiп те шығасыз. Әрi оған сонша көркемдiк те қажет емес. Қирайын деп тұрған үй немесе бiр жатақхана тауып аласыз да, сосын сол үйге ескi-құсқы кереует пен төсек-жабдық апарып қойсаңыз, қатып кетедi. Әрi көз алдыңызға ауылда осылай күн кешiп жатқан ауылдастарыңызды елестетiп қойыңыз. Тұп-тура сол көрiнiстi сiздiң фильмiңiздегi кейiпкерлерiңiз түк те қиналмастан ойнап бередi. Оған актерлiк шеберлiк аса қажет емес. Сосын, әдемi сөйлеп те қиналмайды. Тiлiн қойыртпақтатып, орысша мен қазақшаны араластыра сөйлей берсе болды. “Мәдениеттен түк хабары жоқ, өркениеттiң ауылынан адыра қалған” ауылдастарыңыздың бейнесi өз-өзiнен шыға келедi.

Мүмкiн, бұл сөздерге ренжитiн де шығарсыз. Бiрақ, бiздiң бүгiнгi режиссерлерiмiз үшiн ауылдағы қазақтың тiрлiгi жоғарыдағыдай. Тоз-тозы шыққан, қираған ауылдың сүреңсiз көрiнiсi, арақ iшiп, маскүнемдiкке салынған жастар, ар-ұяттан кеткен әйел, мәдениеттен жұрдай жерлестерiмiз, “этика мен эстетиканың” мұрнына исi бармайтын ауылдастарымыз олар үшiн пәлсапа соғуға таптырмайтын құралға айналды. Мұны сiз бүгiнгi күнi түсiрiлiп жатқан көптеген фильмнен кездестiре аласыз.

“Ойпырмайды” “Тақиялы перiштемен” салыстырғандар да табылды

Соның бiрi – “Ойпырмай немесе менiң қадiрлi балаларым” атты лирикалық комедия. Авторы Жанна Исабаева. Журналистикадан режиссерлiкке ауысқан Жаннаның бұл комедия екiншi төл туындысы. Әуелгi фильмi “Қарой” төңiрегiнде басылым беттерiнде бiраз пiкiр-талас туындаған болатын. Соған қарағанда, режиссер драмада жолы болмаған соң, комедияда бақ сынап көрейiн деген болуы керек. Әйтеуiр, бас-аяғы 22 күннiң iшiнде комедия фильм ретiнде дайын болған. Фильмге 750 мың АҚШ доллары жұмсалыпты.

Комедияны көргендер оны “Тақиялы перiште” фильмiмен салыстырып үлгерiптi. “Тақиялы перiштеде” ана баласын үйлендiру үшiн, “қыз iздеудiң” сапарына аттанушы едi ғой, мұндағы ана бесiншi ұлын үйлендiрем деп, ақша жинауға шығады. Екеуiнiң ұқсастығы, үйленуде жатқандықтан ба, орыстiлдi баспасөз екi туындыны бiр-бiрiне жақындатып қойыпты. Бiрақ, “Тақиялы перiштедегi” Тана апамыздың ролi аңғал, ақкөңiл, баладай сенгiш, жалғыз ұлының жолында жанын қиюға дайын ананың бейнесi едi ғой. Мұндағы ана қазiргi тiлмен айтқанда, “современный” апа. Балалары үшiн жан қимақ түгiлi, ауыл-елдiң, ағайынның өсегiне қалмаудың жолында жан қимақ.

Режиссердiң тiлiмен айтқанда, бұл комедиядағы оқиғаның бәрi “өз өмiрiмiзде болып жатқан нәрселерден” алынып отыр. Айтпақшы, премьера болмас бұрын режиссер аталмыш фильмiн орыс, немiс, италияндық ұлт өкiлдерiне көрсетiп алыпты. Фильмдi көргеннен кейiн, италияндықтардың бiрi: “Ой, мынау, бiз туралы фильм” деп, режиссерге көпшiк те қойып жiберген. Тiптi, 60 жастағы италияндыққа анасы әлi күнге ескерту жасайтын көрiнедi. Демек, мұндай нәрсе, италияндықтардың да өмiрiне жат емес сияқты. Әлде, италияндықтарға Алматының көшесiнде би билеп, өз өмiрiне разы болған ана мен баланың уайым-қайғысыз түр-тұлғасы ұнады ма екен. Би билеп, мәз-мәйрам көңiлдерiне қарағанда, оларға тiптi, үлкен ұлдың балаларымен көшiп-қонып жүрген жадағай тiрлiгi де әсер етпеген сияқты. Жағасы жайлауда, қам-қарекетсiз секеңдеп жүр. Баласының қайғысына қабырғасы қайысқан ана жоқ. Ендеше, режиссер: “Балаларының тағдырына алаңдаған қамкөңiл ананың бейнесiн жасағым келдi” деп неге айтады?

Анаға – Әлихан Ыдырысоваға (басты рольдi сомдайтын актриса.- Г.Б.) ең бастысы ақша керек. Рет-ретiмен жүйелеп, бөлiп қойған қағаздағы ақшаны тапса жетiп жатыр. Балалары қайдан тапса да, тiптен несиеге алсын, әйтеуiр тойға ақша табу керек. Сосын, режиссер жанрларды ауыстырып алған ба, әлде ажырата алмай ма, онысын бiз ұқпадық. Бiрде кәдiмгiдей, қаладағы қиын өмiрдi көрiп, мұңайып отырасыз да, ендi бiрде шат-шадыман күлкiге көмiлесiз. Бiрде драма, ендi бiрде комедия. Ендi бiрде трагедия. (Сол фильмдi көргендердiң арасынан режиссер айтқандай “столынан” құлап жатып, күлген ешкiмдi байқамадық. — Г.Б. ) Бiр отбасынан тараған бес баланың бес түрлi тағдыры бар. Ешқайсысының “қағанағы қарқ, сағанағы сарқ” емес. Бiрi пәтерден-пәтерге көшiп жүрсе, ендi бiрi шұжық шығаратын зауыттан шұжық ұрлап сатумен күнелтiп жүр. Тұратын жерi –жатақхана, екi баланың нәсiбiн шұжықтан тауып жүрген әйелдiң жолдасы тастап кетiптi. Үшiншi ұлдың тағдырын айтсаңызшы. Бiрақ, бәрiнен ақылдысы да, мәдениеттiсi де – сол. Базар жағалап, арба айдаса да, сөзi орнықты, әдептi, тiлi де “удай” ащы емес. Өзiнде жоқ болса да, анасының қамын ойлап отыр. Оның тапқан табысы жалдаған пәтерi мен базардағы базаркомнан аспаса да, келешекке деген үмiтi зор. Аяғынан тұруды ойлайды. Бұл трагедия емей, немене?!

Нұржанның “Ойпырмай” әнi фильмге негiз болғандай…

Музыка ұлтқа, ұлысқа бөлiнбейдi. Режиссер бұл фильмiнде Чайковскийдi пайдаланған екен. Сосын, Болливудтың сарыны да жоқ емес. Той басталып, ел әбiгерге түсiп жатқанда, бәрi мәз-мәйрам, анасынан баласына дейiн би билеп жүр. Болливудтың фильмдерiнде қайғырып тұрса да, қуанып тұрса да, ғашық болса да, музыканың тiлiмен жеткiзетiнi бар емес пе? Мұнда да режиссер тойдың қызығымен шыжығын музыканың тiлiмен, актерлердiң биiмен жеткiзуге тырысыпты. Айтпақшы, осы көрiнiстi күнi кеше ғана бiрнеше Оскарды иемденген “Миллионер из трущоб” фильмiмен салыстырып жатқандар да жоқ емес. Бiрақ, бұған режиссер “екi фильмнiң де бiр уақытта шыққаны қандай жақсы болды, әйтпесе идеяны ұрлап алды деп айтатын едiңiздер” деп жауап қайырыпты.

Қалай десек те, түсiрiлетiн фильм түсiрiлдi. “Ең бастысы, бiз “Ойпырмайдан” өзiмiздi, туысқандарымызды, кәдiмгi көршiлерiмiздi, күнделiктi тiршiлiгiмiздi айна-қатесiз көрдiк” дейдi кейбiр басылымдар. Онда күнде есiгiмiздiң алдында, күнделiктi күйбiң тiрлiкте көрiп жүрген нәрсенi экраннан көрiп, несiне әуре боламыз? Әрi оны көркем өнерге айналдырудың қажетi қанша? Таңертең ұйқыдан тұрыңыз да, айналаңызға зер салып, өмiрдегi оқиғаны кино ретiнде қалағаныңызша тамашалай берiңiз. Қанша көргiңiз келсе де, өз еркiңiз. Онда фильмдi көркем туынды деп, айғайлатудың қажетi шамалы сияқты.

Атынан көрiнiп тұрғанындай, фильм “Шаншар” әзiл-сықақ театрының актерi Нұржан Төлендиев айтатын “Ойпырмай” әнiмен басталады. Әзiлге құрылған ән болған соң, әзiл осылай болады деп ойлаған болуы керек режиссер. Айтпақшы, Жанна Исабаева жуырда “Хит ТВ” арнасында сұхбат берiптi. Сол сұхбатты көрген кейбiр жастарымыз ғаламтордың бетiнде пiкiр бiлдiрген екен. Сол пiкiрлердiң бiр парасын сол қалпында оқырманға ұсынып көрелiк.

Қараңыз…

“Иә, сөздерiнен қазаққа деген жеккөру мен жиiркенiштi байқадым…”

* * *

“Ауылда сондай деп қояды. Барсаң тонап, зорлап, өлтiрiп тастайды дегендей әңгiме айтып отыр”.

* * *

“Комедия болғанда да сондай көңiлсiз комедия”…

* * *

“..Осы сценалардың барлығы бiр комедиямен ұштасады, режиссер сол арқылы қазақтың кейбiр кемiстiктерiн оны мазақ ету арқылы көрсеткiсi келе ме? Бiр қарасаң, соның барлығы кездесетiн жағдайлар. Бiрақ соларды бiз осылай фильм арқылы ашып, бүкiл жұртқа көрсетсек, бiр нәрсе түзелер ме екен? Адамдардың көзi ашылады ма? Барлық олқылықтарды осындай драмалар жасап көрсетемiз бе?”.

* * *

“.. Ойпырмай” менiң пайымдауымша, комедия жанрында түсiрiле отырып, күйкi тiрлiктiң шет-жағасын паш етуге талпынған. Бiлуiмше, елдегi көрсетiлiмнен кейiн iле-шала әлемдiк аренаға сапар шегетiн ұқсайды. Ендеше, осы фильм аясында шетелдiк аудитория тағы бiр мәрте қазақтар мен олардың болмыс-бiтiмi туралы дерекке қанықпақ. Бұл өзi үрдiс болып келедi осындай”…

Осылай жалғасып кете бередi. Айтпақшы, кинотеатрға барғанымда фильмдi көруге жиналғандардың көпшiлiгi мектеп жасындағы балалар екен. Солардың бiрi фильмнен соң: “Бұл фильмдi шет елге апара ма екен. Апарса, олар бұл фильмдi түсiнбейтiн болар” деп күйзелiп жатты. Мектеп жасындағы бала фильмнiң идеясын түсiнбей тұрса, өзгелер қайтедi. Асанәлi Әшiмов бұл фильмнiң көрсетiлуiне де мүлдем қарсы болыпты. Ал, Сатыбалды Нарымбетов фильмдi бетiн басып, ұялғанынан әзер көргенiн айтады. Бiрақ, солай десе де, фильм елiмiздiң кинотеатрларында көрсетiлiп жатыр. Елiмiз ғана емес, күнi ертең шетелдiктер де көруi мүмкiн ғой. Сонда олар қазақтың өмiрi осындай екен деп тағы бiр таңдай қағатын болды-ау деп iштей қынжыламыз. Әлде, бiздiң белгiлi бiр режиссердiң тiлiмен айтқанда “кино көретiн мәдениетiмiз қалыптаспаған шығар, кейiн қалып қойған шығар, ә”. Олай дейiн десек, әлемнiң не бiр үздiк фильмдерiн көрiп, разы болып жатамыз. Оны көруге мәдениетiмiз жетедi, бiрақ, қазақтың бүгiнгi режиссерлерi түсiрген фильмдерге “мәдениетiмiз” жетпей қалады. Онысы несi екен, ә?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары